Өткен сенбі күні таңертең Астана қаласының Тәуелсіздік алаңындағы “Қазақ елі” монументі жанында қазақстандық “Астана” кәсіпқой велоклубына қолдау көрсету мен осы команданың капитаны Альберто Контадордың халықаралық беделді “Tour de France” супер көпкүндігіндегі жеңісі құрметіне арналған акция болды. Шара шеңберінде велосипед спорты шеберлері мен әуесқойлары Тәуелсіздік алаңынан Сарайшық-Тұран-Сығанақ көшелері аралығындағы 10 шақырым жерді бойлай өтіп, қайтадан аталмыш алаңға оралды. Бұл символдық веложүгіруге Астана қаласы басшылығынан бастап, дипломатиялық корпустардың өкілдері, елорданың жас велошабандоздары, сондай-ақ спорттың осы түрінің барша әуесқойлары қатысты.
Бұл шараға қарап-ақ біздің елімізде таяуда ғана ақырына жеткен веложарыс қорытындысына қаншалықты мән мен маңыз беріліп жатқанын анық аңғаруға болады. Расында бірнеше күн бойы бүкіл жер-жиһанға Астана қаласының атын әлденеше қайтара таныту арқылы Қазақ елінің де даңқын аспандатып шығарып тұрған айтулы аламанның жөні біздер үшін жүдә бөлек. Егер мұның жайы өзгеше болмаса, сол веломарафон желкілдеп Париждің түбіне жетіп, тоқайласа тоқтай салысымен Францияның Президенті Никола Саркози біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жіберіп, осынау жеңіспен шын жүректен құттықтай қояр ма еді! Әгәрәки, оның мәні мен маңызы ерекше болмасы Испанияның Премьер-Министрі Хосе Луис Сапатеро өз отандасы болып табылатын “Тур де Франстың” жеңімпазы және “Астана” командасының капитаны Альберто Контадорды сол сапардан еліне барған бетінде бірден шақырып алып, өзінде қабылдар ма! Ал бұл кездесуге спортшы да құр қол бара салған жоқ. Ол өңіріне “Астана” аты жазылған жеңімпаздың сары жейдесін жақсы жоралғы ретінде табыс етті. Содан кейін Мадрид қаласының түбіндегі өзі туып-өскен Пинто қалашығына келген оны жерлестері тайлы-тұяғы қалмай таласа күтіп алып, үш күннің түндігін желпілдете тойлады-ай дейсіз!.. Сол тойдың толар шағында Альберто өзі атын жамылып жүрген “Астана” командасының жейдесін жалау етіп желбірете ұстап, қоржынында қалған артықтарын тәбәрік сынды етіп елге таратып қайтты.
Біле білгенге, осының бәрі – біздің Астанамыз үшін нағыз насихат. Бұдан қалды, біздің байтағымыз атын өзімізше көкке көтеріп, мың-сан күн мадақ жырын маздата бергеннен гөрі, оның аламан жолындағы қым-қиғаш қырқалар қылтасында хабар жүргізушілердің аузымен оқтын-оқтын қайталанып айтыла түсуі әлдеқайда өтімді шығатыны тағы ақиқат. Міне, Альберто және оның командасының кешегі аптаның жексенбісінің кешінде бізге сыйлаған жарқын жеңісінің бір құдіреті осында жатыр! Сондықтан көпкүндіктің керуенін бастаған сайыпқыран мен оның осындай табысқа жетуіне жәрдем жасаған жігіттерге қандай қошемет көрсетсең де жарасар еді.
Бұл жерде астаналық команданың бұрыннан келе жатқан тұрғылықты лидері Александр Винокуровтың айрықша еңбегіне де арнайы тоқталып өтпеске болмайды. Мәселе, оның екі жылғы дисквалификациядан кейін үлкен спортқа қайта оралғанында ғана емес.
Жұрттың бәріне сүйкімді Вино жай келіп қоя салған жоқ, ол өзінің әлі әлемдегі мықты шабандоздардың қатарында екенін тамаша етіп танытып берді. Біз білетін Винокуров – ең алдымен команданың ортақ табысы үшін өзінің жеке мүддесін құрбан етуге қайыл тұратын көшбасшы. Ол осы жолы да сол мақсаттың үдесінен табылуға ұмтылып бақты. Биыл “Тур де Франс” бәйгесіне жетінші мәрте қатысып қайтқан Сашаның өзіміз сөз етіп отырған турнедегі тағы бір табысы, жалпы есепте Альбертоның жеңіске жетуіне жол ашып беріп қана қоймай, өзі де екі кезеңнің мәресі басынан табыла білді. Жалпы, Винокуровтың осы уақытқа дейін “Астана” командасына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол бұл команданың сапында үлкен өткелекті жолдардан өтумен бірге, оның талай толағай тойының куәсі де болды. Басында велоспорттағы қызметін команданың қолбаласы тақылеттес грегарий болып бастаған ол кейін келе біраз уақыт оның капитандығының да тізгінін ұстады. Ал қазір ойыншы-жаттықтырушы міндетін атқарып жүр.
Енді бірер сөз бас кейіпкер – Альберто Контадор Веласкастың өзі жөнінде. Осымен үшінші рет “Турды” жеңіп алып отырған оның 2007 жылы бұл атаққа алғаш қол жеткізгенін бұдан бұрын айтқанбыз. Ол осы жетістігімен 1991-1995 жылдар аралығында қатарынан 5 рет жеңіске жеткен Мигель Индурайннан кейін сол “Үлкен тұзақтың” тұғырына қонған бірінші испандық атанды. Сонымен бірге 97 жылдық тарихы бар “Турдың” жылнамасында Альберто оның бірде-бір кезеңінде жеңіске жетпей-ақ жалпы есепте бірінші орынға шыққан алтыншы велошабандоз болды. Осының алдында мұндай көрсеткішті тағы бір испандық Оскар Перейро 2006 жылы көрсетіп еді. Бірақ ол бұл жолғы аламанға келмей қалды.
Қазір белгілі болғаны, енді Альберто Контадор өзіне екі рет “Тур де Франсты”, бір-бірден “Джиро” мен “Вуэльтаны” жеңіп алуға көмектескен “Астана” командасымен келісім-шартты маусым соңына қарай үзетінін мәлімдеп отыр. Ол жылдың ақырында Люксембургтің “Saxo Bank” командасының сапынан табылып қалуы әбден ықтимал. Ал бұл командадағы ағайынды Фрэнк және Энди Шлектер Люксембургте өздерінің жеке командасын құрып кетпекші. Сондықтан команданың бас менеджері Бьярне Риис өзі көптен көзін қадап жүрген Контадорды солардың орнын басу үшін алмақшы көрінеді. Ол біздің капитанмен “Турдың” соңғы күндері-ақ бір мәмілеге келіп қойған сияқты. Ал Франция жолдарында жан алысып, жан беріскен шайқас жүріп жатқан күндері Альберто өзінің контрактіні тек “Астанамен” жасасатынын әлденеше мәрте қайталап айтқан да еді-ау! Дегенмен, ендігі жерде мына келісімнің бір бөлігі ретінде “Астана” командасындағы басқа испандар – Бенджамин Новаль, Даниэль Наварро, Дэвид де ла Фуэнте және Хесус Эрнандес – барлығы бірдей Контадор-Риис тандемі қатарына өтіп қалатын түрлері бар. Шолушылар қазіргі күндері сонымен бірге Швейцария командасындағы тағы бір испандық – Фабиан Канчеллараның да осы саптан табылып қалуы мүмкін екенін айтып отыр. Онда бұл команда әп-сәтте бірден Dream Team командаға, яғни жұлдыздар шоғырына айналып шыға келмек!
Жасыратын несі бар, Қазақстан велоспорт федерациясы Альберто Контадордың келісім-шартты созудан бас тартатыны туралы хабарды басында оншалықты жайлы қабылдай алған жоқ. “Біздің келісім-шарт бойынша оған ұсынып отырған сомамыз, қазіргі велоспорт өлшемі бойынша, айтарлықтай көлемді”, – дейді осы ретте федерацияның бас хатшысы Валентин Рехерт. Ал бізге жеткен кейбір дереккөздерге қарағанда, Контадордың “Астанадағы” жылдық жалақысы 5 млн. еуроны құрайды екен. Демек, “Saxo Bank” командасының ұсынып отырған жалақысы бұдан да жоғары болуы тиіс. Осы ретте менеджер Риис өз командасы үшін жаңа демеушілерді тапқанын жасырып отырған жоқ. “Бұл келісім-шарттың материалдық жағы Альбертоның менеджері болып табылатын туған бауырын да қанағаттандырып отырған болуы кәдік. Біз мұны толығынан түсінеміз”, – дейді келесі кезекте “Астана” командасының директоры Дмитрий Седун. Ал жаңа шабандоздармен толыққаннан кейін “Saxo Bank” өзінің атауын өзгертетінге ұқсайды.
Осы күндері “Астана” командасының 2011 жылғы құрамындағы спортшылар саны біршама қысқарғалы тұрғаны да белгілі болып қалды. Федерацияның бас хатшысы команданың биылғы сапындағы велошабандоздардың 50 пайызын қазақстандықтар құрағанын, яғни 27 спортшының 13-і жергілікті жастар болғанын айта келіп, келесі жылы бұл мөлшердің бұдан да азая түспегін мәлім етті. Себебі, сырттан тағы 2-3 спортшы алынбақшы екен. Сонымен бірге ол елімізден кетіп жатқан тарландардың орындарын баса алатындай перспективалы жастардың өсіп келе жатқанын да ауызға алды. “Бірақ биылғы жылы оларды команда құрамына тарту жоспарға енбеген, – деді В.Рехерт осы орайда. – Шамасы, бұл жұмыс 2012 жылы қолға алынып қалатын шығар. Әзірге бұл жастар әлі жетіліп-піскен жоқ”. Алайда, бізге бас хатшының енді кімдерге құда түспек ойлары бар екені белгісіз.
Айтатыны жоқ, Париждің Елисей алаңында аттың басын іріккен аламан оның жеңімпаздары мен жүлдегеріне де айтарлықтай көлемде қаржылай табыстар да алып келді. Осы күндері Халықаралық велосипедшілер одағының басшылығы “Үлкен тұзақ-2010” жарысының қорытындысы бойынша командалардың “Турды” ұйымдастырушылардан қаншалықты мөлшерде сыйақы алатындарын жария етті. Мұнда бәрінен де көп табыс тапқаны “Астана” командасы болды. Оның ұжымы осы жетістігі үшін 488 886 еуро ақша алады. Бұдан әрі үштікті түзген “Saxo Bank” және “Rabobank” командаларына тиісінше 292 392 және 192 978 еуро мөлшерінде сыйақы тапсырылады. Командалар арасында осы бәйгеден кейін рейтингісі ең жоғары болғаны да “Астана” болып отыр. Ол тур біткен бойда шығарылған есеп бойынша 884 ұпайға ие болып, өзінің көшбасылық қалпын сақтап қалды.
Алғы күндерге асыққан “Астананың” дәл қазіргі таңдағы ахуалы осындай.
Серік ПІРНАЗАР, Астана.
Елордалықтар әзірше алда
Осы жаздан бастап елімізде алғаш рет Қазақстан бокс федерациясының кубогы жолындағы бәсекелердің өткізіле бастағаны белгілі.
Қазір аталмыш кубок жолындағы жекпе-жектер “Батыс”, “Шығыс”, “Солтүстік” және “Оңтүстік” дивизионы болып бөлінген 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының боксшылары арасында өтіп жатыр. Бұл айқастардың алғашқысы 17 шілде күні Ақтауда, одан кейінгісі Атырау қаласында өткені мәлім. Енді кезек “Шығыс” дивизионына кіретін командаларға келіп отыр.
Сенбі күні соның алғашқысы Астанада жергілікті боксшылар мен Павлодар облысының командалары арасында өтті. Бұл жекпе-жекте астаналықтар Кереку өңірінің боксшыларынан 6:4 есебімен басым түсті. Қорытынды есеп, елордалық команда үшін көңіл көншітерлік десе болады. Дегенмен, команда сапында Лондонға тәжірибе жинақтау үшін кеткен біраз боксшылар болғанында астаналықтар қарсыластарын бұдан да ірі есеппен жеңетін мүмкіндігі болатын еді. Ал жалпы, осылай десек те бұл жекпе-жекте Павлодар облысының командасы жақсы қырынан көрініп, Астана командасымен иық теңестіріп бәсекелесе алатынын көрсетіп берді. Мұнда аса ауыр салмақтағы көптен бері көзге түспей жүрген Дмитрий Готфрид астаналық Ермек Үсеновті 10:3 есебімен ұста, 91 кило салмақтағы спорт шебері, биыл Ақтөбеде С.Қонақбаев атындағы халықаралық турнирде екінші орын алған Сергей Гончаров Юрий Задорожныйды бірінші раундта-ақ құлатып сала жаздады. Есеп – 5:0. Сол сияқты 71 кило салмақтағы 82 кездесу өткізіп, соның 65-де жеңіске жеткен тағы бір керекулік спорт шеберлігінен үміткер Данат Иманбеков астаналық Қайрат Ерсұлтановты 7:5, осы кезге дейін 200 рет жекпе-жекке шығып, соның 160 кездесуінде мерейі үстем болған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Смағұлов (64 кг.) өзінен тәжірибесі аздау Алматбек Ағыбаевты 5:3 есебімен жеңгенін атап өткеніміз жөн. Дегенмен, бұл кездесу Азамат сияқты 2006 жылы Мароккода өткен әлем чемпионатының финалисі үшін оң болған жоқ. Қарсыласынан тәжірибесі аздау болса да Алматбек шаршы алаңда керекулік боксшымен барын салып қолғап түйістірді. Бірақ тәжірибе деген өзін көрсетпей қоймайды екен. Соңғы раундта осыны пайдаланып, Азамат қарсыласын соққыға алып, ақыры дегеніне жетті.
Осы күні 56 кило салмақта өнер көрсеткен Қанат Әбутәліпов те (56 кг.) өзінің тәжірибесін пайдаланып, керекулік Фархат Дүйсебековті ұтса, тағы бір астаналық боксшы Бақытжан Қожабеков (69 кг.) Сергей Скакунды 8:3 есебімен әдемі жеңді. Сонымен бірге осы күні Астана командасының мүшелері Ілияс Сүлейменов (49 кг.), Азат Махметов (52 кг.), Думан Әлімов (60 кг.), Азамат Белгібаев (81 кг.) өз салмақтарында басымдылық танытты. Ал жарыстың соңында екінші раундта қарсыласының қабағын жара жаздаған Думан Әлімов техника жағынан ең үздік боксшы атанса, керекулік Дмитрий Готфрид құрамалық жекпе-жектердің ең үздің боксшы атағына ие болды.
Жарыс кезінде Қазақстан Бокс федерациясының үйлестірушілері Болат Абдрахманов пен Болат Манкенов жекпе-жекке шыққан боксшылардың бәрін марапаттап, сый-сыяпат көрсетті.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Жарыстар күнделігі
Самбо. Қазақстан құрамасы Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін турнирде үштіктің құрамына кірді. Финалда Беларусь елі самбошыларын 7:2 есебімен ұтқан Ресей командасы осымен төртінші рет Кубокты өздерінде қалдырды. Ал біздің жігіттер үшінші орын үшін болған таласта украин балуандарын тізе бүктірді.
Грек-рим күресі. Таиланд астанасы Банкгок қаласында жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатынан Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль алып қайтты. Бірінші орынға Айбек Марданов (42 кг) пен Рашид Кочиев (76 кг), екінші орынға Азамат Дүмбиров (69 кг), үшінші орынға Мейрамбек Айнағұлов (46 кг), Мақсат Айтбеков (54 кг) және Жайдар Дуаштегі (100 кг) көтерілді. Балуандар мұнда он салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды.
Волейбол. Қазақстанның ерлер құрама командасы Иранның Уруми қаласында 7 тамызда басталған ІІ Азия Кубогы үшін турнирге қатысып жатыр. 7 тамызда мәреге жететін жарысқа қатысушы 8 команда екі топқа бөлініп ойнауда. “В” тобына түскен біздің жігіттердің қарсыластары – Жапония, Корея және Австралия волейболшылары. Топтан озған екі команда 5 тамыз күні ширек финалдық, 6 тамызда жартылай финалдық кездесулер өткізеді.
Велоспорт. Қытайда мәреге жеткен “Цинхай көлі турнирінің” қорытындысында үндістандық Хосеин Аскери бас бәйгеге қол жеткізді. Екінші орынға хорват Радослав Рогина шықса, үшінші орын америкалық Кел Рейненге бұйырды. Ал қазақстандықтар ішінен алда болған Александр Шушемоин 15-ші, Руслан Тілеубаев 24-ші орындарға табан тіреді.
Мылтық ату. Павлодарлық Вячеслав Подлесный мылтық атудан Мюнхенде (Германия) өтіп жатқан әлем чемпионатында сенсация жасады. Ол шағын калибрлі пистолеттен 50 метр қашықтықта нысана көздеуден жапон Томоюки Мацуда мен корей Даэ Мун Лиден кейінгі үшінші орынға орналасты. Төрт жылда бір рет өтетін бұл әлемдік бәсекенің жүлдегерлері сонымен бірге 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының лицензиясына да ие болды.
Футбол. Өткен сенбі-жексенбі күндері еліміз Премьер-лигасы 21 турының ойындары өтті. Олар мынадай нәтижелер әкелді: 31 шілде. “Ақтөбе” – “Тараз” 2:1, “Тобыл” (Қостанай) - “Ертіс” (Павлодар) 4:1. 1 тамыз. “Локомотив” (Астана) - “Жетісу” (Талдықорған) 1:0, “Ордабасы” (Шымкент) – “Қайрат” (Алматы) 1:0, “Шахтер” (Қарағанды) – “Атырау” 0:1, “Ақжайық” (Орал) – “Оқжетпес” (Көкшетау) 2:0. Мұның алдындағы 20 турдың 26 шілде күні ойналған “Локомотив” (Астана) – “Ордабасы” (Шымкент) арасындағы матчында алаң иелері 1:0 есебімен ұтты. Сол сияқты “Тараз” - “Шахтер” (Қарағанды) командалары кездесуі, бұрын хабарлағанымыздай, 1:1 емес, 1:5 есебімен аяқталды.
Чемпионаттағы мергендер көшін мына ойыншылар бастап келеді: Нұрбол Жұмасқалиев (Тобыл) – 10, Ұлықбек Бақаев (Тобыл) – 10 (3), Георгий Даскалов (Ертіс) – 9 (1), Игорь Бугаев (Локомотив) – 9 (2), Глеб Мальцев (Ертіс) – 8, Мұрат Тілешов (Ақтөбе) - 7, Мозес Саки (Ақжайық) – 7 (2).
Ауыр атлетика. Талдықорғанда еліміздің ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті чемпионаты басталды. Қыркүйекте өтетін әлем біріншілігі алдындағы басты емтихан болып табылатын бұл додаға барлық аймақтардан 200-ден астам күшті атлет қатысуда. Біріншіліктің бірінші күні 56 килоға дейінгі салмақта ерлер жүлдегерлерді анықтады. Мұнда қоссайыста 247 кг салмақ көтерген Алматы облысының өкілі Виталий Цон чемпион атанды. Күміс медальды алматылық Шыңғыс Жүсіпбаев, қола медальды Ақмола облысының атлеті Дмитрий Шубаба еншіледі.
“Егемен-ақпарат”.