06 Тамыз, 2010

Қауіп қайдан демеңіз оның бір аты – жол апаты!

762 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты Аспара ауылы маңында болған екі жүргізуші мен он сегіз жолаушының өмірін қиған жол апаты, біле-білгенге, өте ауыр қаза. Осы қасіретті апаттың алдында ғана 125 миллионнан астам халқы бар Ресей елінің бір облысында жол-көлік оқиғасы орын алып, біраз адамның өмірі үзілгенін естігенбіз. Соны Ресей журналистері “өте үл­­кен жол апаты болып, онда 7 адам қа­за тапты” деп хабарлады. Ал Ас­пара маңында бұдан үш есе көп адам шығыны болды. Демек, бұл небәрі 15-16 миллион халқы бар Қазақстан үшін орны толмас шығын. Көрші Ресейде табиғат апа­тынан немесе шахталардағы тосын жарылыстардан оншақты адам қаза тапса, сол өңір­­дегі ел туы төмен тү­сіріліп, “қаралы күн” жарияланып, ал адам шығы­нына жол берген оқи­ғаның себептері мен салдарлары ел парламентінің залдарында қызу тал­қыға түсіп жатады. Сондықтан Аспара маңын­дағы жиырма адам­ның өмірін қиған жол-көлік оқи­ға­сын баспасөз бри­фингімен нүкте қоя салатын жеңіл-желпі оқиға деп қарауға болмас. Мен бұл оқиғаны Қытай елінің Үрімші қаласынан кел­ген түні, яғни 31 шілдеде естідім. Естідім де өкініштен бармағымды тістедім. Үрімшіден кешқұрым шыққан автобустың жайлы жүрісі тербеп, ұйықтап кетіппін. Бірақ таңғы сағат 4 шамасында оянып кеттім. Орыным автобустың алдыңғы жағына орна­лас­қандықтан бәрін қалт жібермей байқап отырмын, жүргізушінің ал­дындағы бір тетік анда-санда қытай тілінде бірдеңе-бірдеңе деп қояды. Одан соң тақтайдай тегіс жолда келе жатқанына қарамастан автобустың жылдамдығы аса бәсең көрінді. Сосын жүргізуші ұйғыр азаматы екен, қазақшалап: “неге жай жүріп келе жатырсыз?” деп сұрадым. Ол: “жолдың бойына бейнекамералар қойылған, ол бәрін бақылап тұр, сондықтан жылдамдықты рұқсат етілген шектен әсте асыруға бол­майды” деді. “Ал ана қытай тіліндегі дауыс қайта-қайта не деп келеді?”. “Жүргізуші, жол бойындағы ереже­лерге қара, рөліңе уақап бол, жылдамдықты тиісті шектен асырма, қалғып кетпе деп келеді.”. 1 жарым миллиард халқы бар қытай елі әрбір жолаушысының тағдыры үшін осылай алаңдайды екен! Не деген қамқорлық! Тағы бір байқағаным, жол қақ ортасынан те­мір шарбақпен бөлінген. Екі ба­ғы­т­тың жолы екі бөлек. Сондықтан қарсы келе жатқан көліктердің бір-біріне ешқандай қауіп-қатері жоқ. Жолдың шеті де қоршалған. Ол - жан-жануарлар ойда-жоқта жолға шыға келмесін деген қауіптен туын­даған сақтық шарасы екен. Қыс­қасы, әдеттегіден жай жүріп келе жатқандай көрінген жүргізушіге айтарға уәж таппадым. Ал бармағымды тістегенім, елге келген соң осының бәрін жоғарғы жақта тыңдар құлақ, ұғар бас болса майын тамызып жазайыншы деген ем, бірақ ауылға табан тіремей жатып, алдымнан 20 адамның өмірін жалмаған жаманат хабар қарсы алды. Бірақ ештен кеш жақсы, басқа қазақстандықтар мен қазақ елінің қонақтары текке қырылмай тұрғанда Үкімет болып, министрліктер болып, жол апатының алдын алу тұрғы­сын­да кезек күттірмейтін шараларды қолға алған ләзім сияқты. Алматыдан Таразға келе жатып әлгі жол-көлік оқиғасы салдарынан өртеніп кеткен автобус пен жүк мә­шиесінің күйеге оранған қаңқаларын көрдім. Екеуін жолдың екі шетіне шығарып тастапты. Жолдың үсті қап-қара күл. Біздің ойымызша, осы екі көлікті оқиға орын алған жерден қозғамау керек еді. Ал қасынан қаза тапқан­дардың аты-жөні жазылған үлкен ескерткіш орнатса тіпті жақсы. Бұл тірлікті еліміздің ІІМ қолдап, өз мой­нына алса, осы күндері жолға шыққан қазақстандықтардың тағды­ры үшін аса қауіпті қатерге айналып отырған жол-көлік оқиғасының алдын алудағы үлкен жұмыстың бірі болар еді. Өйт­кені, Алматы-Ташкент автожолының Қордай, Меркі, Луговой ай­мақ­та­рында соңғы жыл­­дары жол апаты өте көп тіркелуде. Олардың көбісі адам өлімімен аяқталып жатыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.