Ардагерлер арасынан әлем чемпионы Асқар ҚҰЛЫШЕВ:
“Әнұран ойналғанда көзіме қуаныштың жасы тұнды”
Сидней Олимпия ойындарының чемпионы, қазақ байрағын екі Олимпиадада көтерген Ермахан Ыбрайымов спорт-интернатта оқығанда үйіне автобуспен қатынап жүреді.
Жаттығудан сілелеп шыққан, ерні қоян жырық қара балаға кім орын береді, арт жағында тұрады да. Автобустағы жұрттың өз жұмысы басынан асады. Біреу мінеді, біреу түседі. Бокс қолғаптары салынған сөмкесін зорға көтеріп тұрған қара балаға назар аударатын ешкім жоқ.
“Осы жұрт қызық,– деп ойлайды қара бала. Алдарында болашақ Олимпия ойындарының чемпионы тұрғанын білмейді ғой, әйтпесе, құрақ ұшып орын ұсынар еді”. Осылай деп қиялданады екен.
Осы әңгімені Ермаханның өз аузынан естіген едім.
Швейцарияның төрінде спорт ардагерлері арасында еркін күрестен қазақ байрағын көтеріп, әнұранын шырқатқан Асқар балуан “Әлем чемпионы болу жас кезімнен бергі арманым еді” дегенде “болып алғаннан кейін айтып отырсың ғой” деп кейбіреулердей күмәнмен қарамағанымыз содан шығар.
Аппақ қар жамылған алып таудың тізесінде отырған Төле би ауданының тумасы Асқар күрес үйірмесінің табалдырығын аттағанда осы ойын әлдилеп, қиял төрінде сақтап жүріпті. Әуелі қала біріншілігінде үздік болды. Облыста топ жарды. Республиканың чемпионы атанды.
Алайда, әлем чемпионаты, Олимпия ойындары секілді ең ірі спорт аламандарына жолы түспеді. Бас жаттықтырушы жеме-жемге келгенде әлі де бір қайнауы ішінде өз бауырларынан гөрі Ресей құрамасына ілінбей қалған, оңай олжа, бас айналдырар жеңіс іздегендерді тартты.
Ренжіді. Сөйтіп жүргенде жас та келіп қалыпты. Жаттықтырушылыққа ауысты. Қазақстан құрамасының сабына Ермек Байдуашевтай, Марс Ерназаровтай саңлақтарды қосты. Облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасында бөлім бастығы болды. Қазір мамандандырылған оқ ату спорт мектебінде директордың орынбасары.
Әйтсе де үлкен күрестен алынбаған несібесі бардай елегізиді-ай. Жаттығу залының тұсынан жай өте алмайды. Шешініп тастап кірісті. Денесінің дел-салы кетіп, қаны ойнап шыға келді. Бәйгеге түсер жарау аттай.
Бұрнағы жылы Анкарада өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына барған. Мұның салмағында 21 балуан белдесті. Еркін күресті ирандықтар өзінің төл күресіндей көреді. Әлемде үздік үштікке кіреді. Азияның алды. 21 балуанның 11-і ирандық болғаннан кейін көз алдыңызға елестете беріңіз белдесулерді.
Осы балуандар ішінен жетінші орынға шықты. Келген соң күреске баяғыдай кірісті. Халықаралық, облыстық жарыстардың дуын көрді. Қазақстан құрамасындағы жігіттермен белдесті. Бірін жығады, бірінен жеңіледі.
Сөйтіп жүргенде оң қолы білек тұсынан сынды. Екі-үш ай жаттығу залы тұсынан көңілі алағызып өтіп жүрді. Ширығып. Шымырқанып. Қолының сынығы жазылғаннан кейін кілемге қайта шыққан. Жарақаттанып қаламын деп оншалықты күш салмады.
Швейцариядағы әлем чемпионаты алдында облыстық спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаевтың алдына келді.
– Асқар, бармай-ақ қойсайшы, – деді ол өзінің әзілқойлығына басып. – Өткенде жетінші орын алдың, бұл жолы оныншы орын аларсың.
– Бөке, дайындығым жақсы. Жүлделі орын үшін күресем. Жолымнан қалдырмаңызшы. Үмітіңізді ақтаймын.
– Шын айтып тұрсың ба?
Асып-сасып жүріп Ташкентте ұшақ рейсін өткізіп алыпты. Билетін қайта сатып алды. “Басы қатты болса аяғы тәтті болады”деп жақсы ырымға болады. Жарысқа шақырылған мерзімнен үш күн кешігіп келген. 85 кило салмақта күресуі керек. 1,5 кило асып тұр екен. Сол түні нәр сызбай ұйықтады. Ертеңінде салмақ өлшегенге дейін артығынан арылды.
Белдесуге шығар күні көңілін көтеру үшін ұялы телефонына қазақстандық балуандардың тілегін жазып алды. Өз-өзіне сенімі артып, жаны жадырады. Әлем чемпонатына кездейсоқ балуандар қатыстырылмайды. Қарсыластарының тізімімен танысты. Әлемде, Еуропада бәйгенің алдын бермегендер де келіпті.
Жүрегі дір еткен. Бойын тез жиып алды. “Мен мұнда ешкімнен жеңілу үшін келгенім жоқ”.
Алғашқы кездесуін француз балуанымен өткізді. Аңдысуға уақыт қалдырған жоқ. Таудай жау батырын ат сауырына сайып түсірген батыр бабаларындай атой салды. Сүңгіп барып, аяқтан ілді. Лып етіп артына өтті. Аш белінен іліп алып, қайқая лақтырды. Француздан ес кетті. Асқар жеті ұпай олжалап, оған бір ұпай ұстатпай кетті. Екінші кезең басталды. Сары қазақтан мұндай жойқын шабуыл күтпеген француз серіппедей серпіледі. Қарулы екен. Бұл кезеңде ұпай берсе ұтылатынын біледі. Ол да әлем чемпионы болсам деп келген балуан ғой. Алғашқы кезеңде соқыр ұпай алмаған француз аяққа өтіп, бір ұпай еншілеп кетті. Бұл ширықты. Екі ұпай олжалады. Денеден артық су шықпай қолы сілелеп қалыпты.
Екі дүркін әлем чемпионы грек балуаны ирандықпен белдесті. Жеңгені мұнымен күреседі. Ирандық гректен бір ұпай артық олжалап, жартылай финалға өтті.
Беттескенде байқады. Иран балуаны салмақ көп қуған. Бойы ұзын, денесі шомбалдай. Қара күшке мықты екен. Дедектетіп, бір-екі рет шөкесінен түсіре жаздады. Қалай, қандай әдіс жасағаны есінде жоқ, бір ұпай алып кетті. Бұл жиналды. Сары қазақтың оңай жігіт емес екенін байқаған иран айлаға көшті. Төрешінің көзін ала беріп, баспен ұрып жіберді. Бір-екі рет көзін саусағымен шұқып ала жаздады. Біздің жігіт намысты ер ғой. Өз істегенін өзіне істеді. Бұл да бірер мәрте баспен ұрып жіберді. Есін жидырмай аяқтан ілді де, оң жағына салақтатып аударып тастады. Екі әдіс үш ұпайға бағаланады. Ирандық ойбайлап жата кетті. Көзін басып. Төрешіге “мынау мені ұрды” деп, дәрігер шақыртты. Қабағы жарылыпты. Төрешілер жарысты тоқтатып, таспаны кері аударып әлек. Қайта көріп жатыр. Бұл да састы. Бұл ұрды болып есептелсе, ирандыққа ұпай жазылады. Ішінен Аллаға жалбарынып тұр. Төрешілер шешім шығарды. Бұл ақ екен. Әдісі таза. Ұпайлары күмәнсіз. Кілемде бір жарым минөт жатып, тыңайып алған ирандық тұра ұмтылды. Реті келсе баспен ұруын қоймады. Бұл да ұрса екен деп қақпанға түсіргісі келеді. Асқар арбауға түспеді.
Екінші кезең алапат айқаспен басталды. Ирандық Сурекхезари Реза бұл кездесуде таразы басын өзіне аудармаса финалға шыға алмайтынын әбден біледі. Баспен ұруды қарсыласының қолын тұсаған секілді болып тоқтатпады. Аңдысқан екеу бір-біріне ұпай бермеді. Уақыт бітті. Төреші белсенділеу болған Асқарға қалтадан шар суыруды ұсынды. Қызыл шар суырса кезек қазақтікі. Көк шар суырса қарсыласы күш алады.
“Алла тағала, қолдай гөр”. Құдайын ұмытпайтын, құлшылық қылып, жыл сайын оразасын ұстайтын жігіт іштей жалбарынды. Қолында екі тас. Бірін суырды. Қызыл. Өзінікі.
– Қай аяқ? – деп сұрады төреші.
– Оң аяқ. Оң аяқтан бір ілсе тастай қатып жібермейтінін өзі біледі.
Солай болды. Салақтатып апарып, кілем шетіне жамбасынан отырғызды. Реза әккі балуан, лып етіп мұның үстіне шығып кетті. Тағы да айқай. Тағы да таспаға жүгіну.
Резаның секунданты әлем чемпионатын 8 рет ұтқан жампоз еді. Асқар сырттай жақсы білетін. Әділ жігіт. Сырбаздығын жасады. Мұның қолын қысты. Жеңдің деді.
Финал. Соңғы айқас. Асқар күрес кілемінің шетінде жатыр. “Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген...” Ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне ән жазған Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы әнді ұялы телефонынан тыңдауда. Баяғы жас шағы емес. Күші сарқылыпты. Іштей “екінші орын да аз емес” деген әзәзіл ой да келеді. “Әлем чемпионы болам деген арманым қайда? Ауыл-аймақ, дос-жаран, отбасы “Әлем чемпионы бол” деп алқалап шығарып салғаны қайда? Өзін үлкен тірек көретін жары Данаға не дейді.
Енесі, Оңтүстікте хан қызындай Ханбибі атанған, өзі де, өлеңі де қиғыр қылыштай өткір Ханбибі Есенқарақызы да “Балам, мен саған сенемін. Бұл жолы әлем чемпионы болып келесің” деген еді. Сол тілегі құлағына келгендей болады. Өз анасы да құдайдан тілеуін тілеп отырған шығар.
Қарсыласы Вацлав Силовски – кілем иесі. Өз тобынан жеңіл шықты. Демек, күші бойында.
Қой, Асқар, босама. Әрі-бері жүгіріп бой қыздырды. Тер шықпайды. Қаттырақ жүгіріп, дене қимылымен айналысайын десе өзі де аз күшті мүлде сарқып алуы мүмкін. Бір орнында тұрып, жүгіріп көрді. Әлден уақытта маңдайы тершіген. Денесі жеңіл тартып сала берді. Қақсап ауырғандары кетті. Қарсыласы мықты. Бірақ, Асқардай жылдам емес. Бұл оңтайын тауып аяқтан ілді. Зу етіп артына өтіп кетті. Екі ұпай олжалады. Силовски ышқынып жүріп, бір ұпай алды.
Бірінші кезеңді өз пайдасына жазды. Екінші кезең. Оңай жан бермек жоқ. Вацлав қолынан келсе мұны жерден жұлып алып, жауырынын жаншуға тырысып жүр. Сары қазақ оңай қазақ емес. Белін ұстатып не көрініпті. Аяғына өтті. Көтеріп көрген. Вацлав мұның үстіне құлау әрекетінде. Күшті. Асқар белі бүгіліп, шалқалап құлап бара жатқандай сезінді. Жандәрмен бұлт етіп оң жағына шығып, басып қалды. Үш ұпай олжалады. Күмәнсіз жеңіс.
Әлем чемпионатының финалында Шымкенттің сары баласы қарсыласына бір ұпай ұстатпады-ay.
Жеңіс тұғырында – қазақ балуаны. Алып сарайды “Менің Қазақстаным” сазы ұйытып барады. Аспан түстес қазақ байрағы әуелейді. Асқардың көзіне жас тұнды.
“Ақыры арманына жеттім-ау. Еліме пайдам тиді. Қазақ баласының қайратын әлем таныды. Аллаға мың алғыс”.
Далаға шыққан. Кеудесін қара таспен бастырып қойғандай еңсесі түсе береді. Сыртқа айналды. Кеудесі жалын атып, арыстандай ақырды дейсің. Біреулер ошарылып тұрып қарайды. Қарай берсін. Қысылған жоқ. Денесі жеңілдеп қалды. Басы жеп-жеңіл. Бойы сергек. Қанаты болса Қазақстанына ойланбай ұшуға бар.
Әлем бәйгесін олжалаған балуан тілеуқор жұртына асығулы. Әлемде Қазақстаннан артық Отан, алаш баласынан артық жанашыры жоқ екенін біледі. Ұлтының мерейін өсіргеніне қуанады.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.