20 Тамыз, 2010

Қоңды тауық “Буштың сирағын” ығыстырмақ

744 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
“Агроинтерптица” құс фабри­касы – Арқалық қаласындағы тір­шілікті жандандыра түскен кәсіпорынның бірі. 90-шы жылдары кәсіпорын тұрмақ қала қирап қалғанда, мұндағы құс фаб­рикасының да қанаты қайырыл­ған. Қазір еңсесін қайта көтерген кәсіпорындардың арқасында Ар­қалық тоты құстай түрленіп ке­леді. Арқалық құс фабрикасы қайта іске қосылады дегенде қала­лықтардың өзі сенер-сенбесін білмеген. Өйткені терезесі үңі­рейіп қалған кәсіпорын цехтарын қатарға қайта қосылады деп елес­тетудің өзі қиялы қанша жүйрік адамның өзіне де беймәлім бола­тын. Инновациялық жобалардың қатарына кірген құс фабрикасы екі жылдың ішінде қаланы сары уызы бал татыған жұмыртқадан үй жапқандай етті. Бәрін де мамандар шешеді. Алдымен құрал-жабдық пен тауық тұқымын дұрыстамай, кәсіп­орынға қаржы жұмсау ақшаны желге ұшырғанмен бірдей еді. Германиядан құс шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар алынды. Ал Ресейдің “Свердловский ППЗ” деген құс фабрикасынан “Ро­донит-3” деп аталатын 251 мың тауық балапаны әкелінді. Бұл жұмыртқа беретін тауықтың асыл тұқымының бірі болып табылады. Олар жыл тәулігінде жұмыртқа бере бастады. – Мұндағы жұмыстың бар­лығы да компьютерлендірілген. Кәсіпорынды сумен жабдықтау жұмысында шамалап проблемалар болған. Оның барлығын да шешіп келеміз. Қазір кәсіпорын 16 кор­пустан тұрады. Соның жетеуінде өнім беретін тауықты, үшеуінде енді жетіліп келе жатқан бала­пандарды ұстаймыз. Сонымен қа­тар ет бағытындағы қоңды тауық та өсіреміз, – дейді фабрика директоры Виктор Пац. Биыл құс фабрикасындағы тауықтың саны 2 46 526 болды. Оның 183600-і жұмыртқа беретін мекиен тауық. Жылына фабри­када 90 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Арқалық базары қазір жергілікті кәсіпорын жасаған мол­шылықты сезініп отыр. Жұмыртқа тек Арқалық қаласында ғана қалмайды. Оның дәмін еліміздің оңтүстік өңірі, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау облыстарының тұрғындары да татып үлгерді. Құс фабрикасы мұның сыртында тұрғындарға жылына 9 мың тонна қоңды тауық етін де ұсынады. Әне бір қиын жылдары “Буштың сирағын” сатпаса дүкен біткеннің саудасы қызбайтын. Әріні айтпағанның өзінде 2006-2007 жылдары облысқа 14-15 мың тонна құс еті әкелінген. Ал өткен жылы ол 10 мың тоннаға дейін азайған. Биыл жеті айдың ішінде қостанайлықтар сырттан әкелген 5 мың тонна құс етін пайдаланды. – Жылдың аяғына дейін көп болса 3 мың тоннадай құс еті келуі мүмкін. Ал қыркүйек айын­да Қостанай базарларына 200 тонна қоңды тауық еті түседі. Тұр­ғындар бұл еттің сапасын біл­геннен кейін базарда “Буштың си­рағына” орын табу оңай бол­мас, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің маманы Әлімжан Жүсіпов. Ал бұл 200 тонна қоңды тауық етін базарға алғаш рет Қостанай ауданындағы “Жас қанат” деп аталатын бройлер құс фабрикасы шығарғалы отыр. Облыста үсті­міздегі жылдың бірінші жарты­сында жүзеге асқан алты инвес­тициялық жобаның қатарындағы бұл кәсіпорын шілде айында іске қосылған болатын. Бұл құс фаб­рикасы жыл аяғына дейін 700 тон­на сапалы етті қостанай­лықтарға ұсынатын болады. – Біздің мақсат Қостанай ба­зары сөрелеріндегі молшылықты қамтамасыз ету болып табылады, – дейді “Жас қанат” директоры Ирина Киселева. – Кәсіпорын толық күшіне енгенде жылына 2 мың тоннаға жақын тауық етін өндіретін боламыз. Рудный қаласының іргесінде “Жас қанат-2006” құс фабрикасы жұмыртқа өндіреді. Биыл жазда мерзімінен бұрын іске қосылған инвестициялық жобаның қуаты ауыз толтырып айтарлық. Кәсіп­орын жылына 65 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Мұның құ­рама­жем цехтары да, тауық, ба­лапан тұратын корпустар да тұ­тастай шетелдік озық құралдармен жабдықталған. Микроэле­мент­терден басқа жемнің барлығы да жергілікті бидайдан дайындалады. – Сондықтан біздің фабри­када өндірілетін жұмыртқа сапасы жоғары. Біз негізінен Рудный қаласын, кеншілерді азық-түліктің осы түрімен қамтамасыз етеміз. Одан артылғанын басқа қалаларға шығарамыз,–дейді кәсіпорын директоры Қайрат Майішев. Негізі елімізде жүзеге асып жат­қан инвестициялық жобалар­дың басты мақсаты азық-түлік мол­шылығын жасау және адам­дарға жұмыс орнын ұсыну екені бәріне де түсінікті. Ал құс еті мен жұмыртқа әр үйдің дастарханында күнде болса да артық етпейтін тағам. Қарабалық ауданында қай­тадан қалпына келтіріліп жатқан Комсомол құс фабрикасы да осы бағытты ұстанары анық. Бұрын үйрек өсірген фабрика нарық жылдары қайраңға отырып қалған кемедей тоқтаған болатын. Қазір оның жұмысы қайта жанданып келеді. Мұнда үйректен гөрі тез жетілетін қоңды тауық етін өн­діруге көшу жұмыстары жүр­гізілуде. – Комсомол құс фабрикасы облысымызда шаруашылықтың осы түрін дамытуда ертеден дәстүрі қалыптасқан кәсіпорын. Жасыратыны жоқ, облысымызда дамып келе жатқан құс шаруа­шылығында қазір мамандар жетісе бермейді. Ал білгір, тәжірибелі мамандар осы Комсомол фабрикасында, – дейді Әлімжан Жүсіпов. Негізі бұл кәсіпорында қаз, үйрек, күрке тауық та өсірілген. Бірақ олардың балапаны жетілген­ше 4-5 ай уақыт керек. Алайда табыс айналымын тездету керек болса да, мамандар құстың тауықтан басқа түрлерін де жойып жіберуді қаламайды. Соңғы жылдары кәсіпорында құрал-жабдықтардың біразы жаңаланды. Алдағы уақытта мұнда селекция­лық жұмыстарға басты көңіл бөлінбек. Қысқасы, Комсомол құс фабрикасының рынокта өз бағыты болмақ. Сонымен қатар Таран ауда­нын­дағы “Северптица-1” құс фаб­рикасы қанатты қазынаның асыл тұқымымен айналысады. Олар өндірген құс етін облыс базар­лары­мен қатар Ақтөбеге, Астанаға шығарып отыр. Міне, облыстағы құс шаруашылығы азық-түлік молшылығын жасаудың басты кепілінің бірі болғандай. Дәмі ауыздан кетпейтін, сапалық бел­гісі жоғары құс еті алдағы уақытта экспортқа шығарылады. Ол үшін кәсіпорындарда бүгіннен бастап халықаралық сертификат алу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Са­пасы төмен “Буштың сирағын” қоңды тауықтың қуатын кезі алыс емес. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.