Сіз не дейсіз?
Биылғы жылғы жерді қуырған аптап ыстық пен қуаңшылық әлемнің кейбір аймақтарында төтенше жағдайлар туғызуда. Әсіресе, бізбен көрші қоныс тепкен Ресей елінің ормандары отқа оранып, тілсіз жау елді мекендер мен жасыл желектерді жалмап барады. Осыған байланысты ҚР Үкіметі де селекторлық мәжіліс өткізіп, аймақ басшыларына атам қазақтың “Сақтансаң – сақтармын” деген аталы сөзін қадап айтты.
Сыр аймағында ағымдағы жылы еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда аптап ыстық ерекше күш алған.
“Егемен Қазақстан” газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Еркін Әбіл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асқар ҚОЖАҚОВҚА:
– Сіз не дейсіз?
– Ауа райын болжаушылардың айтуына сенер болсақ, Сыр аймағындағы күн ыстығы қыркүйек айының бел ортасына дейін бармақ. Демек, жоғарыда өзіңіз айтқандай, қамданған жан қапы қалмаса керек. Ағымдағы жыл басында облыс әкімдігі өрт қауіпсіздігін болдырмау шараларын өткізудің кестесін бекітті. Осыған байланысты біздің мекеме ықпалымен “Орман” және “Саяжай” шараларын өткіздік.
Бүгінде облыс аумағында орман және жануарлар әлемін қорғау жөнінде 8 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Егер саралап айтар болсам, біздің аймақта 6519,1 мың гектар орман қоры бар болса, оның 3037 мың гектары жасыл желекке оранған орманды жер. Сондай-ақ, облыстық орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орманды алқабы 3 млн. 738 мың гектарды құрайды. Осыншама жердің қазіргі таңда 4745,5 шақырым жері жыртылып, минералды жолақ жасалды. Сонымен бірге 1036 шақырым жер мен жаңадан жыртылған 174 шақырым жолақ күнделікті бақылауға алынып отыр.
Сөз орайы келгенде айта кетейін, әрбір адам тілсіз жаудан сақ болып, қоршаған ортаны қорғаудағы жауапкершіліктерін сезіне білуге міндетті. Осыны жұртшылықтың жүректеріне жеткізу мақсатында түсіністік, оқу-жаттығу шараларын жоспарлы жүргізудеміз. Біздің мамандар апта сайын саяжай иелері мен тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күнге дейін 471 үйдің егесіне өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде нұсқамалар берілсе, халық көп жиналатын жерлерге 595 дана үнпарақтар ілініп қойылды.
Үстіміздегі жылы кестеге сәйкес өрт-тактикалық жаттығуларын өткізудеміз. Бұл жаттығуларға тек қана өрт сөндірушілер емес, жергілікті тұрғындар, көлік және коммуникация мекемелері, ерікті өрт сөндіру құрылымдары, өрт пойыздары қатысуда. Жақында ғана өткізілген осы жаттығуға 150-ден астам адам мен ондаған техника қатысты.
Біздің Сыр аймағындағы мына бір жәйтті де айтпасқа болмас. Орманды алқаптарды қорғау мақсатында өрт химиялық стансалары өте қажет-ақ. Содан да барлық аудандарда осындай стансаларды ашсақ, құба-құп болар еді.
Сөз соңында айтарым, орманды алқапты, оны айтасыз, саяжай мен тұрғын үйлерді, мемлекеттік ғимараттарды тілсіз жаудан қорғау – баршамызға ортақ міндет екенін естен шығармайық.
Қызылорда.