Елбасы Үкіметке “Балапан” бағдарламасын алғашқы жарты жылдықтан бастап-ақ жүзеге асыруды тапсырғаны мәлім. Мақсат — 2020 жылға дейін еліміздегі барлық бүлдіршін балабақшамен қамтылуы тиіс.
Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыстық білім басқармасына 2015 жылға дейін “Балапан” бағдарламасын толық жүзеге асыруды міндеттеген болатын. Басқарма бастығы Аманғали Құдайбергенов бұл тапсырма Ақтөбе өңірінде небәрі үш жылда атқарылатындығын нық сеніммен айтады:
— Себеп: облыс экономикасы жақсы. Бұл – бір. Екіншіден, біздің облыс балабақшамен қамтуда алдыңғы лекте, яғни Қостанай (90,3 пайыз), Қарағанды (69,6 пайыз) облыстарынан кейінгі орында. Жүйелі және сатылы жұмыстың нәтижесінде, соңғы үш жылда мектепке дейінгі балалар мекемелерінің желісі бес есе ұлғайды. Бұл –бүлдіршіндердің 64,7 пайызы балабақшалармен қамтылды деген сөз. Бүлдіршіндерінің 17, 22 пайызын ғана қамтыған өңірлер бар. 1 пайыз – 500 бала. Ал 500 бала мектепке дейінгі білім беру мекемесіне бару үшін кем дегенде 3 нысан керек, – дейді Аманғали Құдайбергенов. Ол “Балапанды” міндеттелген межеден бұрын бітірудің тағы бір себебі туралы былай дейді:
– Бағдарламаға байланысты бүлдіршіндер 3 жастан бастап балабақшаға алынады (дәл қазір облыста 3-6 жастағы 30 379 бала бар). Мұны есепке алсақ, біз бағдарламаны жыл аяғының өзінде-ақ орындаймыз.
Жыл сайын облыс бойынша бала саны шамамен 7 пайызға (3-4 мың сәби) өседі. Жоспар барысында біз осы демографиялық жағдайды да ескеріп отырмыз, — дейді ол.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда республикалық та, жергілікті де бюджеттерден жеткілікті мөлшерде қаржы бөлінеді. Мысалы, биыл республикалық бюджеттен 5, жергілікті бюджеттен 6 балабақшаның құрылысы басталды. Қаланың өзінде үш балабақшаның құрылысы басталмақ. Облыс орталығындағы екі балабақша ғимараты қайтарылып, пайдалануға беріледі. Жалпы, жыл аяғына дейін облыс бойынша 6 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің нысаны қайтарылады деп жоспарланып отыр.
– Балабақша проблемасының оң шешілуіне мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің құрылысын салуда, пайдалануға беруде нақты талаптар қойылмайтындығы да себеп болып отыр. Мысалы, балабақшаның әр бүлдіршінге есептегендегі шаршы метрі аз болуы мүмкін. Және тұрғын үйлердің төменгі қабатынан шағын балабақшалар ашуға рұқсат етілді. Сондай-ақ пәтерлерден де ашуға болады.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алқа мәжілісінде “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруда бюджет ресурстарына үміт арту – орындалмайтын міндет екендігін айтты. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің, жеке бизнесті балабақшаларды салу мен күтіп-ұстауға тартудың жаңа тетіктерін іздеу қажеттігін тапсырды. Балабақша, шағын орталықтар салу жөнінде өз ұсыныстарын айтқан кәсіпкерлер жоқ емес. Былтыр жыл аяғында Ақтөбе қаласынан жергілікті кәсіпкер шағын балабақша ашқан болатын. Биыл 60 орындық шағын балабақша пайдалануға беріледі, – дейді басқарма бастығы.
Жалпы биыл облыста 86 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылады деп жоспарланып отыр. Оның 21-і Ақтөбе қаласында пайдалануға беріледі. Бұл 2580 балдырған балабақшамен қамтылады деген сөз.
1991 жылы облыс бойынша 438 балабақша болған еді. 1999 жылы бұл көрсеткіш – 68. Қазір 389 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 28619 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бүгінде Ақтөбенің өзінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бармаған балабақша жасындағы 10 мың бүлдіршін бар. Соның 8 мыңы кезек күтіп жүр. Қала тұрғындарының саны өсіп келе жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткіш көбейе түсуі де мүмкін. Соған қарамастан, 2010 жылдың аяғына қарай облыстағы балдырғандардың (1-6 жас) 80 пайызы балабақшамен қамтылатын болады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. Ақтөбе.