25 Тамыз, 2010

Кәсіби маман және уақыт талабы

1108 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты биылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында дайын­дал­ған Қазақстан Республика­сында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту үшін білім мазмұнын түбегейлі жаңғырта отырып, білім саласында кезек күттірмей тұрған мәселелерді шешуге оң ықпал ететіні сөзсіз. Бағдарлама мазмұнындағы сындарлы саясат пен тың бастамалар мемлекетіміздің интеллектуалды қорын құру жолында нәтижелі еңбегі бар М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледж ұжымының тыныс-тіршілігімен үндеседі. Себебі, колледждің әрбір оқу жылындағы мақсаты – кәсіби мамандар даярлауды халықаралық инновациялық жобаларға негіздеп, болашақ маманның кәсіби құзыр­лығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып отыр. Бағдарламаның түйінді бағыт­тары­ның бірі – кәсіптік білім беру сапасын арттыру үшін оның маз­мұнын, материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымын жаң­ғырту керек делінген. Бұл, бірінші кезекте, барлық мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары, оқу әдебиеті, оқу құралдары және оқу-әдістемелік кешендер қорының болуы. Бұл көкейкесті мақсатқа колледж алғашқылардың бірі болып мән берді. 1991 жылдан бастап кол­ледж базасындағы республика­лық оқу-әдістемелік топ жұмыс жасай­ды. Оқытушылардан құралған ав­тор­лық ұжым әр мамандықтағы ар­найы және кәсіптік пәндер бо­йынша білім мазмұнын толық­тырып, тереңдету мақсатында оқу-әдістемелік талда­маларды, бағдар­ла­малар мен оқу құрал­дарын дайын­дау­мен айна­лысады. Республикалық баспадан 25 оқу-әдістемелік құрал жарық көрді. Қазіргі уақытта кол­ледж оқытушы­ларынан құрал­ған шығармашылық топ мүшелері “Өмір қауіпсіздігі және валеология” мамандығының мемлекеттік білім беру стандарты­ның жаңа жобасын жасады, ол халықаралық сарап­тамадан өтті. Колледж базасында “Кәсіптік білім берудің жаңа маз­мұны: мәселелер мен шешу жол­­дары” тақырыбында республикалық әдіс­темелік семинар-кеңес ұйым­дастырылды. Болашақ мамандардың сабақта және сабақтан тыс уақытта өз бетінше ізденіп-зерттеулеріне, кәсіби дамуы мен қалыптасуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Колледж базасындағы жалпы қоры – 97588 дана болатын кітапхана мен заманауи құралдармен жабдық­талған электронды оқу залы, 4 ин­терактивті және 2 мультимедиялық кабинет, 12 компьютерлік кабинет, электронды тест орталығы 2 ауысымда оқушыларға қызмет етеді. Кәсіптік білім беру сапасын өр­кениетті елдерге жақындату – кәсіби білімді әлемдік білім дең­гейіне кіріктіру халықаралық жобалар мен тәжірибелерді үйрену талабын қояды. Ол үшін өзіміздегі бар нәрсені заманауи технология­лар­мен ұштастырудың ұшан-теңіз тиімділігі бар. Болашақ мамандарды жоғары деңгейдегі білім сапасымен қам­тама­сыз ету – техникалық және кәсіптік білім беру кадрларының бәсекеге қабілеттілігін көтеріп отыру­ды, әсіресе шетелдік іс-сапарларға жіберуді, халықаралық озат тәжірибелерді әріптестермен бөлісуді қажет етеді. Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың қолдауымен білікті мамандарды шет мемлекеттерге іссапарларға жіберіп, халықаралық жобалармен толық танысуына мүмкіндіктер жасалуда. Шетелде іссапарда болу мүмкіндігіне колледж директоры және бірқатар білікті оқытушылар – Ж.Кулетов, М.Мүкеев, Н.Арқабаевтар ие болды. Дұрыс бағыт алған әлеуметтік әріптестік пен халықаралық ынтымақтастықтың арқасында колледж оқытушыларының шетел­дік іссапары оқушылар мен оқытушылардың ІТ технология­ларын инновациялық тұрғыда меңгеруіне көмектесті. Германия мемлекетінде кәсіби біліктілігін көтерген оқытушы Ж.Кулетов озат тәжірибені тек колледждегі әріптестерімен ғана емес, аудан-ауылдан келген мектеп мұғалімдеріне арнап арнайы компьютерлік курстар, шеберлік шеберханаларын ұйымдастыруда. Нәтижесінде “Кәсіптік білім беру”, “Электронды есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздан­дыру” мамандықтарын ашуға мүм­кіндік туды. Сонымен бірге әріп­тестерінің ақпараттық құзыреттілік деңгейі 85-90 пайызға артуына да әсер етті. Колледждің ақпарат орталығынан 12 жылдық білім беру жағдайына қажетті 11 электронды оқу бағдарламалары дайындалды. Колледж директорының Оңтүстік Кореяда болған іссапары­ның нәтижесінде оқыту үдерісіне ІТ технологияларды толық ендіру жолға қойылды. Электронды оқу залы жабдықталып, РАБИС бағ­дарламасы бойынша жұмыс жүр­гізіле бастады. Соның нәтижесінде оқу пәндері бойынша – 80,5%, ал тәжірибе жинақтау –95,2%-ға артты. Оңтүстік кореялық әріп­тес­термен тәжірибе алмасып қайтқан оқытушы Н.Арқабаев облыстық “Алтын диск” байқауының жүлдегері атанды. Колледж әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу жолына нық қадам басуда. Оқу үрдісіне әлемдік білім беру бағдарламаларын белсенді ендіру үшін Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясымен, көптілділікті меңгерту бағытында волонтерларды жұмысқа тартатын “Бейбітшілік корпусымен” бай­ланыс жүзеге асырылуда. Нәти­жесінде колледж оқушылары ха­лық­аралық, республикалық кон­курс­тар мен фестивальдарға белсене қатысуда. “ACCELS” конкурсының жеңімпаздары Қалиева Сәния мен Искакова Ханзада, Рашидова Мадина Америкада кәсіби білімін жетілдіріп келді. Колледждің “Шет тілі” мамандығының соңғы жетістігі – Көкшетау қаласында өткен 51 халықаралық математикалық олимпиадаға 30 оқушы мен 2 оқытушы республикалық “Дарын” орталығының арнайы шақыруын алуы. Олар шетелдік оқытушылар мен оқушыларға қызмет көрсетіп, арнайы сертификатпен оралды. Қазіргі таңда кәсіби білім мазмұнын арттыру үшін біліктілікті үздіксіз жетілдіруге үлкен мән бері­ліп отыр. Колледжде оқытушы­лардың ғылыми-ізденіс жұмыс­тарына және біліктілігін көтеруіне үлкен назар аударылады, өйткені заман талабы оқытушының білімді де білікті болуын, бір емес бірнеше технологияны кіріктіріп меңгеруін қажет етеді. Өткен оқу жылының өзінде 52 оқытушы “Педагоги­калық өлшемдер теориясы мен әдістеменің негіздері: тестілік бақы­лау жүйесін әзірлеу” бағдарламалық курсынан өтіп, сертификат алды. Соңғы 3 жылда оқытушылардың 97%-ы біліктілігін көтеру курсынан өтті. 28 оқытушы халықаралық және республикалық, 53 облыстық ғы­лыми-практикалық конферен­ция­ларға баяндамаларын жіберіп, өздері де қатысып, тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Жастарға кәсіби білім берумен қатар, олардың интеллектуалды – үйлесімді болып қалыптасуына, білімді өз бетінше зерделеуіне, тех­но­логиялар мен инновация­лардағы жаңалықтарды жүзеге асыра білу бейімдігін қалыптастыруда ұжым еңбегі нәтижесіз емес. Ұжым мемлекеттік бағдарлама мазмұнында анық көрсетілген әлеу­меттік әріптестікті жандандыра оты­рып және халықаралық тәжіри­белерге сүйеніп, мемлекеттік маңызы бар “Балапан” бағдар­ламасының орын­далуына, өндіріс­пен байланысты жан­­дан­дыруға, электронды оқытуды қамтамасыз етуге нәтижелі жұмыс жүр­гізуді көздеуде. Болашақ маман­дардың кәсіби сапалы білікті болуына мән беріліп, өндірісте тәжірибе жинақ­тауды халықаралық жобаларға негіз­деу және бітірушілердің келешекте сол өндірісте жұмысқа қалуын ұйым­дастыру жан-жақты қарас­тырылуда. Жаңа оқу жылында мемлекеттік талап­тармен үндесетін бұл кіріктіріл­ген инновациялық жұмыстар мәселе­лердің оң шешімін табуға ықпал етері сөзсіз. Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж директоры. Қызылорда.