30 тамызда елімізде Конституция күні кеңінен аталып өтті. Осы мерекеге орай көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның ішіндегі басты оқиға Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Қазақ елі” монументі жанындағы алаңда өткен Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери шеру болды
Шеру басталар алдында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, отандастарымызды Конституция күнімен құттықтады. Мерекелік іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы қазақ тарихында Ата Заңның алатын орны, оның қазіргі мемлекеттілігіміздің дамуына қосып келе жатқан үлесі, Конституцияның тарихи мән-маңызы туралы айта келіп, елімізде тәуелсіздігімізді жариялаған кезден бері атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталып өтті. Осы ретте Конституцияның 15 жылдығы аталып жатқан күннің мемлекетіміз үшін мерейлі меже, айрықша маңызды күн болып саналатыны, Ата Заңымыздың еліміздің арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары екені, ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары болып саналатыны атап көрсетілді. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев тарихымызға қысқаша тоқталып, сол бір ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сыртқы жауларымен соғыс жүргізген кездері билік басындағы хан мен билердің, сұлтан мен датқалардың халықтың басын біріктіруде ата дәстүрімізге негізделген түрлі заңдық, құқықтық күші бар ережелер мен жарғыларды қабылдағандарын атап айтты және бес саусақты біріктіру жолында Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрғандарын жеткізді. Бұл орайда заңды басшылыққа алғанының арқасында халқымыздың бірлігі нығая түскенін, соның нәтижесінде сол тұстағы еңселі елдіктің ереже белгілері қалыптасқанын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте қазақ халқы өз тарихында тұңғыш рет төл Конституциясына қол жеткізгенін, қазір ол бүкіл халықтың талқысынан өтіп, елдің игіліне айналып, мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып табылатынын көлденең тартты. Кеңескен ерде кемшілік болмайды, келелі істі халық қолдайды, деді Елбасы осы орайда. Сын сағатта тәуелсіздігіміздің кепілі болған қастерлі Ата Заңымыз – ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналды. Біз бірлігімізді бекемдеген бәтуалы байламмен тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік, тұрақтылық пен тұтастықты сақтап, дегенімізге жеттік. Біз жүретін жолымыздың жаңылмас жосығы, талғам-таңдауымыздың таразысы болған Конституция арқылы іргелі саяси-экономикалық реформаларды іске асырдық. Осылай дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Конституцияның кепілдік етуімен түрлі этнос өкілдерінің уыздай ұйыған ұлысына айналған Қазақстанның өнегесі бүгінде бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылып жатқанын, қазір біздің дүниені дүрліктірген қиындықтарды еңсергенімізді, соның бәрін қатулықпен емес, татулықпен шешкенімізді атап өтті.
Біз қол жетпес қиянда көрінген биік белестерді бағындырдық. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып саналатын аз уақыттың ішінде ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық. Біз Сарыарқаның сайын даласында салтанаты жарасқан, зәулім ғимараттары көкпен таласқан асқақ Астананы салдық. Біз жасампаз жарғымен төрт құбыламыз теңеліп, қатарымыздан төрге оздық. Төрткүл дүниеге төрелік айтып, төбе биге қол создық, дей келіп, Елбасы биыл Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп жатқанына, таяу арада елімізде осы беделі биік ұйымға мүше мемлекет басшыларының Саммиті өтетініне, мұндай мәртебеге Қазақ елі бұрын қол жеткізбегеніне назар аударды. Одан әрі Президент: Конституцияны қастерлеу – түптеп келгенде –мемлекетті құрметтеу деген сөз! Ендеше, біз баршамызға өнегелі қағидаттар ұсынатын ұстынымыз, жасампаз жарғымыз – Ата Заңды айрықша құрметтеуіміз керек, деді.
Астананың бас алаңында самұрығы тұғырына қонған “Қазақ елі” монументі мен Тәуелсіздік сарайының алдында былтырдан бері осымен екінші рет өткізілген әскери шеру алдында Мемлекет басшысы Конституцияның, оның құрметіне жасалып жатқан осынау мерекенің мән-маңызы жөніндегі сөзін төмендегіше жалғастырды. Келелі Конституциямыз – дауға қалдырмайтын амалымыз, айбарлы армиямыз – жауға қалдырмайтын қамалымыз. Оқтан қағар ақберен сауытымыз – ұлттық әскеріміз тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды қас қақпай күзетіп тұр. Тасқа басылған тарихымыздың жарқын тұстары бізді елдік пен ерлікке шақырады. Ежелден ер деген даңқы шыққан батыр бабаларымыз күрең мініп, қоңыраулы найза қолға алып, жауға бөрідей тиген. Киелі атамекен, туған жер үшін жан беріскен баһадүрлер қашанда арын жанынан биік бағалаған, Отан үшін от кешіп, ел-жұртын қорғап қалған. Есіл ерлердің ғұмыры ат үстінде өткен, осылайша, бізге құс ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы аманат еткен. Осы аманатты көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі батырлардың қастерлі борышы, ұлттық армияның ұлы міндеті. Сап түзеген сардарлар мен сарбаздар үшін бұдан асқан мұрат, бұдан асқан абырой болмайды. Ендеше, еліміздің абыройы асқақтап, ұлттық әскеріміздің даңқы арта берсін!
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, елімізде азаттығымыздың ақ таңы арайлап атқан күннен осы кезге дейін елдігімізді, тәуелсіздігімізді нығайтуда атқарылған қыруар жұмыстар туралы да баяндады. Соңғы 10 жылда білім беру және денсаулық сақтау салаларына жұмсалған қаржы 8 есе өскеніне, жақында Астанада жаңа университеттің ашылғанына, білім беру, жастардың жан-жақты білікті де білімді болуы үшін мемлекет одан әрі жұмыс істей беретініне, осыған байланысты елімізде интеллектуалды мектептердің желісі салынып жатқанына тоқталды. Осы орайда Елбасы мен ХХІ ғасырда қазақстандықтар барынша оқымысты, білімді және бәсекеге қабілетті ұлт болатынына сенімдімін, дей келіп, экономика саласында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты биылғы жылы жалпы құны 800 млрд. теңгеден асатын 140 индустриялық нысанның құрылысы аяқталатынын, сөйтіп, 20 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын қаперге салып өтті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде біз экономикалық жағынан мықты әрі табысты, саяси жағынан тұрақты мемлекет құрдық. Оны бүкіл әлем бағалайды және құрметтейді, деді Президент.
Астананың ашық аспаны астында биыл екінші мәрте өткізілген шеруге офицерлер, келісім-шарт бойынша қызмет етіп жатқан әскери қызметкерлер, әскери оқу орындарының курсанттары мен сарбаздардан тұратын 2200 адамды құрайтын жауынгерлік есептоптар, 150-ден астам қару-жарақ пен әскери техника және 66 авиациялық техника қатысты. Шеруде алаңда сап түзеп жүріп өткен жауынгерлік топтар екі ай бойы Астананың маңындағы Қырқыншы стансадағы 68 665 әскери бөлім аумағында жасақталған далалық лагерьде дайындалды. Олардың арасында болған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы “Жас ұлан” республикалық мектебінің жас барабаншылары мен 80 адамнан тұратын нәзік жандылар есептобы биыл алғаш рет шеруге қатысса, жаяу әскерлер жауынгерлік мәшинелері (БМП), танктер алаңнан жүріп өтті. Осылардың бәрін алаңға ертемен жинала бастаған мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары, араларында шетелдіктер де бар, шеру біткенше қызыға тамашалап отырды.
Мерекелік парадты жауынгерлік есептоптар ішінен “Жас ұлан” республикалық мектебінің жас барабаншылары ашты. Одан соң Қорғаныс министрлігі Орталық аппараты мен Құрлық әскерлері офицерлері, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы, Әскери-теңіз күштерінің құрама ротасы салтанатты саппен жүріп өтті.
Осыдан кейін шеруді “соғыс құдайы” атанған Ракета әскерлері және артиллерия жалғастырса, олардан соң “Батыс” өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен биыл 10 жылдық мерейтойын атап өткен “көгілдір беретті” десантшылар сап түзеді. Қанатты ұландардан соң алаңда Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауыл ротасы көрінді. Олар 9 мамырда Мәскеуде өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің атынан қатысып қайтқан болатын.
Одан әрі шеруге Құрлық әскерлері Әскери институтының, Радиоэлектроника, байланыс және әскери инженерлік институтының, сондай-ақ Әуе қорғаныс күштерінің екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының курсанттары шықты. Осы жерде Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Майкеевтің жетекшілігімен парадқа қатысушылар 5 шілдеден бастап осынау мерекелік шараға дайындық жүргізгендерін, ал офицердің өзі Отанға адал қызметінің арқасында “Айбын” сияқты бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталғанын атап өту жөн. Биыл Құрлық әскерлерінің Әскери институты құрылғанына 40 жыл толмақ.
Шеруде болашақ офицерлердің соңын ала Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының ротасы сап түзеп шықты. Биылғы парадқа Отан қорғау жолындағы жауынгерлік тапсырмаларды ерлермен бірге орындап жүрген әскери әйелдерден құралған есептоп тұңғыш рет қатысты. Жауынгер бойжеткендердің шерулік есептобы оңтүстік және шығыс өңірде қызмет ететін қыздардан құралыпты. Алаңда олардың әскери киімі өздеріне жарасып тұрды. Шеруде бойжеткен әскерилер ерлерден қалыспай өз міндеттерін тиісті деңгейде атқарып шықты. Бойжеткендердің есептобынан соң алаңда Қарулы Күштер Әскери полициясының офицерлері көрінді. Олардан кейін салтанатты шеруді еліміздің оңтүстік және шығыс аумағын қорғап жүрген шекарашылар – Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің және Республикалық ұланның бөлімшелері жалғастырды.
Шерудің тағы бір қаумалаған жұртшылық үшін қызықты жері әскери қызметшілердің есептоптарынан соң жауынгерлік техника үлгілерінің жүріп, әскери авиацияның Астана аспанында қалықтап көрсеткен өнері болды. Мұнда алдымен бас алаңда Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік туларымен “Лэнд Роверлер” өтті. Олардың ізін ала Қарулы Күштердегі Т-72Б танкісі мен БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік мәшинелері жүрді. Әскери техникалар қозғалысын “Стрела-10М” зенитті-зымыранды кешені жалғастырды. Осыдан кейін алаңда өздігінен жүретін танкіге қарсы ракеталық “Штурм-С” кешені көрінді. Бұл техника қозғалатын және қозғалмайтын бронды нысандарға және жасырынып жатқан жау әскерлерін жоюға арналған. Шеруде әскери техникалар қатарынан алғаш рет десантты шабуылдаушы бригада мен Қазақстан бітімгершілік батальонының туларын көтерген “Хаммер” автокөліктері мен қазіргі заманға сай жетілдірілген БТР-80А колоннасы шықты. Одан әрі жауынгерлік мүмкіндігі зор жылжымалы “Цикада” радиокедергі стансасы, БРДМ-2, 122 мм-лік Д-30 гаубицасын ұсынған біріккен зымыранды-артиллериялық полктің механикаландырылған колоннасы жүріп өтті. Бұл қару түрі өзінің жауынгерлік сипаты жағынан тірі күштерді және қарсыластың бронды техникасын кез келген уақытта жоя алады. Ол сол үшін аса қауіпті және барлық елдер қызығатын қару түрі болып саналады. Осыдан соң 152 мм “Мста-Б” гаубицасы бар артиллериялық батарея сап түзеді. Бұл қару түрінің мүмкіндігі минөтіне жеті рет оқ ата алады. Шеруді КамАЗ автокөлігіне қондырылған “Град”, “Ураган” сынды дүркіндеп оқ ату реактивті жүйелері жалғастырды. Артиллериялық және ракеталық қарулар сапында “Смерч”, “Точка-У” сияқты қуатты қарулар бар.
Жауынгерлік техниканың ізін баса Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштерінің мақтанышы, әуе шабуылынан қорғаныс жүйесінің ең сенімді қарулары С-125, С-200, С-300 азулы зенитті-зымыранды кешендер шықты. Одан соң әскери-әуе парадын мемлекеттің және әскер тектерінің жалауларын желбіретіп МИ-17, МИ-24, МИ-17, МИ-26 тікұшақтары жалғастырды. Ал әуе күштерінің қаумалаған жұрт қызыға көретіндей көрсеткен көрінісі төрт Су-27 жауынгерлік ұшақтарының сүйемелдеуімен екі Ил-76 әскери көліктік ауыр ұшақтары көрсеткен әуе шеруі болды. Оларға Л-39 оқу-жаттығу ұшақтарының қоршауындағы екі Ан-26, Су-25, Су-27, МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 сияқты шабуылдаушы, бомбалаушы ұшақтар да қосылды.
Әскери парад құрамында Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі, Ішкі әскерлердің орталық оркестрі мен министрлік бөлімдерінің және әскери-оқу орындарының оркестрлері бар есептоптың шеруімен аяқталды.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Алматы мереке құшағында
30 тамыз ерекше болып тұрды. Жаз да алматылықтармен қоштасқысы келмегендей шуағын шашып-ақ бақты. Мұндайда мерекеге сән беретін ақбас Алатау өзінің қоңыр самалымен желпуін де ұмытпаған. Қаланың Астана алаңына ағылған жұрт көлеңкені көп іздемегендей.
Астана алаңы Астанаға көз тікті. Алып экрандарда әскери парад, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды құттықтау сөздері. Ал алаңда Қазақстан елінің аспан түстес туларының теңіз толқыны. Үндесіп жатқан, үйлесіп жатқан ақ тілектер.
Бұл мерекенің алматылықтарға қымбатырақ болатын бір жөні бар, ол – Ата Заңымыз қабылданғанда Алматы астана еді. Бүгінгі күні халық 15 жылдық мерекесін тойлап отырған Конституциямыз өмірге осы қаладан бастау алған. Қашанда солай ғой – жұрт жақсыны иемденгісі келеді.
Ата Заңымызды мерекелеушілер қатарынан ақбасты ардагерлеріміз көзге көбірек шалынады. Оның да жөні бар. Астана Арқаға көшкенде ағалар жағы жастарға ақ баталарын беріп, жаңа ордаға шығарып салып, өздері осында қалған. Сөйтсе де, олар шет қалған жоқ, ардагерлерге қашанда құрмет дайын – бүгін де оларды мерекелік салтанаттың төріне шығарды.
Өнер саңлақтары да жұрттың ортасында, олардың қуанышын бөлісіп жүрді. Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжановпен дидарласып қана қоймай, олардың жақыннан лебізін естіген халық ойын-сауықты да бірге тамашалады. Ал ойын-сауық күні бойы Астана алаңында бір сәт те толастаған жоқ, жастар жағы оны ұзын кешке дейін созды.
Сірә, осынау шат-шадыман мерекенің өзін Ата Заңымыздың салтанат құруының бір көрінісі десе болғандай-ау.
“Егемен-ақпарат”.