Облыс орталығының іргесінде орналасқан бұл ауылды орысша Павлодарское, ал жергілікті жұрт қазақша Шәукен деп атап кеткен. Қала аумағына қарайтын ауылда негізінен түрлі ұлт өкілдері бас қосқан 6 мыңдай халық тұрады. Сондықтан да болар, Моңғолия, Ресей жағынан елге қоныс аударып келген бала-шағасы көп оралман ағайындарымыз оларды оқытып-жеткізу үшін екі қолға бір жұмыстың жылдам табыла қоятынына орай қала аумағындағы ауылдарға орнығуда. Бұл ауылда қазір 130-дай оралман ағайындар тұрып жатыр. Кәдімгідей жер алып, өз баспаналарын өздері тұрғызып алды. Айнала бау-бақша, көкөніс егіп, мал бағуға қолайлы-ақ жер. Үйлерін тұрғызып, қора-қопсыларын жайлағанша біраз қиындықтар болды. Электр бағандарын орнатқанша бірнеше жыл жарықсыз, құбырлар тартылғанша ауыз сусыз отырып қалды. Елде болса ерінге тиеді деп, алдағы өмірлеріне үмітпен қарады. Тіпті, ауылдың орысша атына тілдері келе қоймаған соң, Әлхан Амантай, Болат Зауыт сияқты оралмандар жағдайына бас-көз болып жүрген жігіттер арқылы қала әкімдігіне өтініштерін жазып, өздері тұратын көшелерге Шәукен, Отандастар, Сарыарқа, Атажұрт деген атаулардың берілуін сұрады. Қала әкімдігі олардың ұсыныстарын мақұлдап, оң шешім де шығарып берді.
Сөйтіп, ауылға өткен жылы “Жол картасы” бағдарламасы келді. Ауыл әкімінің орынбасары Дайыр Мұстафинның айтуынша, жоғарыда айтылған ауылға қажетті әлеуметтік жағдайлар осы бағдарламалар арқылы жүзеге асуда. Былтыр бөлінген 54 миллион теңгеге балабақша күрделі жөндеуден өткізілген. Ауылішілік жолдарға асфальт төселіпті. Ал биыл жаңа атаулар алған көшелерге электр желілері тартылып, жарық беруді реттейтін арнайы 14 трансформатор орнатылыпты. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша шәукендіктерге биыл тағы да 8 миллион теңге қаражат бөлініпті. Ауылдың шетіндегі жаңа үйлерге де жарық келетін болды. Енді бала-шағасы мектепке, балабақшаға баратын, осы уақытқа дейін сығырайған шаммен күнін көріп келген оралман отбасылары үшін бұл үлкен қуаныш болары анық. Бұл күндері “Манас” ЖШС ауылдың үйлерін су құбырлары желісіне қосып, тұрғындарды ауыз сумен қамтитын құдықтар мен су шығатын мұнаралардың үздіксіз жұмыс жасауын қолға алуда. Автобус аялдамалары да жөнделіп, көшелер бойында гүлзарлар пайда болды. Биыл ауыл ішіне 240 түп ағаш отырғызылыпты. Былтыр жаңа мектеп пайдалануға берілді. Елге оралған ағайындар үшін, олардың бала-шағасының болашағы үшін, міне, осындай жақсы істер жасалуда. Ағайындар өздерінің тыныс-тіршілігінің жақсаруына назар аударған қала әкімі Бақытжан Жоламановқа, ауыл әкімі Ирина Фогельге алғыстарын айтуда. Ауыл шетінде жұртын имандылыққа шақырып, көк күмбезі жарқырап Қасым қажының мешіті тұр.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.