03 Қыркүйек, 2010

“Қожайын мен қызметші”

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Классик жазушының осы аттас әңгімесінде қарлы боранда адасып кеткен қожайын мен қызметшінің бір-біріне деген адалдығы, қайғылы қазамен аяқталса да, керемет көр­кемдікпен суреттелген ғой. Ал мына жамбылдық қожайын мен “қызмет­шінің” басынан өткен оқиға мүлде басқаша өрбиді екен. Жамбылдық із кесушілер 14 та­мыз күні Шөлдала ауылының ма­ңын­дағы саяжай көшелеріндегі бос қал­ған ғимараттың бірінен зейнет­кер­дің мәйітін тапты. Көп ұзамай жәбір­ленушінің Талас ауданындағы Қас­қабұлақ ауылының 76 жасар тұрғыны екені анықталды. Егде жас­қа кел­геніне қарамастан, шаруасын сәтті ұйымдастырып келген қария тамыз­дың басында өзінің малшы­сы­мен бірге оншақты қойын сату үшін ба­зарға кеткен сапарынан оралмай­ды. Туыстары “жұмысбасты адам ғой, бір істерімен аялдап қалған шығар, әлі де болса келіп қалар, күтейік” деген үмітпен қарияны іздеуге асықпайды. Жамбыл облысы ІІД криминал­дық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ардақ Мәдімаровтың айтуынша, базарға шығарған қойларын сәтті саудалаған соң, қасында көмектес­кен болып жүрген малшысы қо­жай­ынын Шөлдала ауылында тұратын анасы­ның үйіне ертіп келеді. Жомарт қария Андрейдің анасына деп азды-көпті сыйлықтар мен азық-түлік сатып алады. Ол өзінің малын бағып жүрген Андрейге де әкесіндей қарап, ба­ласындай еркелетіп, бастан-аяқ киіндіреді екен. Андрейдің анасының үйінен шық­қан соң, олар аялдамаға қарай бет түзейді. Бос ғимараттың ма­ңын­да қария кенеттен сүрініп кетіп, қал­тасындағы ақшаларын шашып ала­ды. Сол сәтте жалдамалы малшы жер­де жатқан таспен қарияны демі үзіл­генше басынан қатыгездікпен ұра береді, ұра береді... Сөйтіп, ұрлық пен алаяқтық қылмыстары үшін бұрын 3 рет сотты болған 26 жастағы Андрей өз әкесіндей болып кеткен қо­жайы­нына “алғысын” осылайша білдіреді. Куәгерлердің болмауы себепті орын алған кісі өліміне қатысты қыл­мыстық істі тергеу қиынға түскен. Әйтсе де, күдікті көп ұзамай сауда-сат­тық жасап жүрген жерінен ұста­лады. Алғашында тергеу амалда­рын ша­тастыруға тырысып, жауапкер­ші­ліктен қашпақ болған ол өз қыл­мысын толық мойындайды. Жамбылдық тәртіп сақшылары бүгінге дейін 67 кісі өлімін ашты, оның ішінде бұрын жасалғандары – 12, өткен жылғылары – 6. Мәселен, қазіргі уақытта 35 жасар жүкті әй­елдің өліміне күдікті 29 жастағы қала тұрғынының ісі сот қарауына жібе­рілді. Бірнеше пышақ жарақаты са­лынған мұғалім мәйіті 2005 жылы қа­лалық аурухана маңындағы Дос­тоевский көшесі бойынан табылған болатын. Бұл қылмыстық іс бойынша іздестіру шаралары бес жыл бойы жүргізілді. Соның нәтижесінде по­лицейлер дәлелді айғақтар мен бір­неше куәгерлерді тапты. Олар қыл­мыстық оқиға болған күні жәбір­ленушіге келген жас жігітті жазбай таныған. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.