Табыстарға бастаған жол
Бүгінгі Қазақстанның қарқынды даму үрдісін мұнай-газ саласының үлесінсіз елестету мүмкін емес. Сол сияқты бұл саланың ірі компаниясы – “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” (“ҚМГ БӨ”) акционерлік қоғамынсыз еліміздің мұнай-газ саласының жетістіктерін де көз алдымызға әкелу қиын.
Журналистер арасында “экономикаға қосқан үлесі өлшеусіз” деген қанатты сөз бар. Міне, нақ осы қағиданы “ҚМГ БӨ” АҚ-ға қаратып айтуға әбден болады. Алайда экономикаға қосылған үлес нақты цифрлармен анықталады. Осы орайдан келгенде “ҚМГ БӨ” АҚ еліміздегі ең ірі салық төлеуші болып саналады. Тек соңғы төрт жыл ішінде бұл компания еліміздің бюджетіне 700 миллиард теңге қаржы құйған.
Сонымен бірге компания тұрақты түрде табысқа жетіп өз акционерлерінің діттеген жерінен шығып келе жатыр. Компания акционерлері жыл сайын табыстың 20 пайызынан астамын девидент ретінде алып отырады. “ҚМГ БӨ” АҚ-ның негізгі акционері “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы арқылы (компания акциясының 60 пайызы) мемлекет болып есептелетінін ескеретін болсақ, компания тапқан табыстың да қомақты бөлігі мемлекет үлесіне тиесілі. 2006 жылы компанияның ІРО сәтінен бері мемлекеттік акция пакетінің құны 350 миллиард теңгеге өсті. Осы мерзім ішінде “ҚМГ БӨ” АҚ-ның акцияларының мемлекеттік пакетінен алынған девиденттер мөлшері 85 миллиард теңгені құрады.
Компания қызметінің тиімділігі көп ретте осы компанияның акцияларын ұстаушылар болып табылатын отандық зейнетақы қорларының салымшылары ретіндегі қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруымен сипатталса керек. Компания акциялары көптен бері инвестиция салу үшін ең тиімді құралға айналған. Ол Қазақстан қор рыногында шешуші рөл атқарып, “көгілдір фишка” атауына ие болған. Қазақстандықтар компания акцияларын иемденуге толық мүмкіндігі бар. Оның бергі жағында компания таяуда тағы бір тиімді тетік – артықшылықты акцияларды рынокқа шығарды. Сөйтіп, “ҚМГ БӨ” АҚ Елбасы алға қойған келелі міндеттерді шешу мақсатында еліміздің қор рыногын дамытуға белсенді үлес қосып келеді.
Әлем экономикасын дағдарысқа тіреген қаржы дағдарысы кезінде компанияның артықшылығы ерекше танылды. Сол бір кезеңде ел Үкіметі еліміздің банк жүйесін тұрақтандыруға ерекше күш жұмсады. Сонда басқа компаниялар сияқты емес “ҚМГ БӨ” АҚ өзінің барлық қаржы қорын қазақстандық банктердің депозитінде ұстады. Бұл қазақстандық қаржы банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосқан ұтымды шара екендігі сөзсіз.
“ҚМГ БӨ” АҚ-ның жетістіктерінің уақытша ғана емес, стратегиялық сипатта екендігінің маңызы зор. Компания менеджментті жақсарту, тәуекелді басқару саясатын жетілдіру бағытында мақсатты жұмыс жасап, заманауи стандарттарға басымдық береді. Компанияның “Қазгермұнай”, “Қаражамбасмұнай” және “ПетроҚазақстан” компанияларының акцияларына салған үлесі өте табысты болды. Ал шілде айында компания тағы да үш – “Қазақойл – Ақтөбе”, “Қазақтүрікмұнай” және “Маңғыстаумұнайгаз” компанияларының үлесін сатып алғандығы туралы жариялады. Бұл “ҚМГ БӨ” АҚ-ның еліміздің экономикасындағы беделінің артып келе жатқандығын көрсетсе керек.
Халықаралық рейтинг агенттіктері де компания қызметіне жоғары баға беруде. “ҚМГ БӨ” халықаралық сарапшылар берген баға бойынша, Қазақстандағы ең ашық құрылым ретінде танылды. Осы орайда компанияның еліміздегі ең ірі жұмыс беруші және өзі қызмет атқаратын өңірлердегі әлеуметтік бағдарламалардың демеушісі екендігін атап өткен жөн. Бұл компания қызметкерлерінің жалақысы өңірлерде жұмыс істейтін басқа компаниялармен салыстырғанда ең жоғары деңгейде болып отыр. Компания өз еңбеккерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға қомақты қаржы бөледі. Басқа қандай компанияда тегін медициналық сақтандыру жүйесі бар? Ал “ҚМГ БӨ” АҚ-да бұл жүйе дәстүрлі жұмыс істейді. Басқа қандай компания жұмысшылардың оқушы балаларын чартерлік ұшақтар мен сауықтыру лагерлеріне апарады? Ал “ҚМГ БӨ” АҚ-да бұл тұрақты дәстүрге айналған.
“ҚМГ БӨ” АҚ өзінің филиалдары орналасқан өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға қомақты қаржы жұмсайды. Биыл компания Атырау және Маңғыстау облыстарында әлеуметтік мәселелерді шешуге 2,7 миллиард теңге бөлді. Бұдан бұрын компания Атырау қаласында жабық жүзу бассейнін, Жаңаөзен қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешенін және стадионын, Каспий теңізінің жағасындағы “Кендірлі демалыс” аймағын пайдалануға берді.
Қорыта айтқанда “ҚМГ БӨ” АҚ-ның еліміздің экономикасын дамытуға қосып отырған игі үлесі өлшеусіз. “ҚМГ БӨ” мұнай компаниясы сияқты іргелі құрылымдардың арқасында біздің еліміз қарқынды даму үрдісімен келеді, халқымыздың әл-ауқаты артуда.
Марат ЖҰМАШЕВ.