Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапония Парламенті Өкілдер палатасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мунеэ Судзуки бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Достық кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы парламенттік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мәжіліс Төрағасы жапондық әріптестеріне 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғанда Жапония алғашқылардың бірі болып құттықтағанын мәлімдеді. Содан бері екі арадағы экономикалық, саяси және гуманитарлық байланыстар кең қанат жайып келе жатыр. Екі жақ та әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік, тұрақтылыққа бірлесе ұмтылып, экстремизм мен лаңкестікке, жаппай қырып-жою қаруларына бірлесе қарсы тұруда.
Осыған орай биылдан бастап, Қазақстан Президентінің ұсынысымен 29 тамыз БҰҰ-ның қарарымен Ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп белгіленді. Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге бастама көтеріп, оны Астанада үшінші рет өткізіп, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасайтын болады.
2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, аталған халықаралық ұйым беделінің одан әрі арта түсуіне бар күшін салуда. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті алдағы желтоқсанда араға түскен 11 жыл үзілістен кейін Астанада өткізілгелі отырғаны хабарланды.
Жапондық мейман елінің Қазақстанмен әріптестік байланысының келешегі зор болатынына сенім білдірді. Оның маңызды бір саласы екі ел арасындағы парламенттік байланыста жатыр деп есептейді жапондық лауазым иесі. Қорытындысында әріптестерімен делегация алмасып, тәжірибе жалғастыруды екі жақ жөн көретіндіктерін білдірді.
* * *
Бұл кездесуге Жапония Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшелері Әмзебек Жолшыбеков, Сәт Тоқпақбаев, Людмила Хочиева және Нұртай Сабильянов қатысты.