04 Қыркүйек, 2010

“Дәулет” күрес кешені ашылуына облыс әкімі Б.Сапарбаев, Ер Дәулет, Олимпиада жұлдыздары қатысты

657 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
...Көкпекті ауданының әкі­мі, көрші Жарманы тоғыз жыл бойы үздіксіз басқарып, ау­дан­ның мәдниеті мен спортын көш ілгері шығарып, экономиканы ілгері шығарып, экономиканы ілгері жылжытқаны үшін “Құр­мет” орденімен марапатталған, баяғының батырларындай зор денелі, иықты Дүйсенғазы Ма­ғауияұлы Мусин мұның ал­дын­да бір апта бұрын хабарласып, Ата Заңымыздың күні қарса­ңында ауылдарында көп жа­ңа­лықтардың болатынын айтқан еді. Шынында да келіп, көрге­німізде Көкпектіде көзге бірден түсетін әдемі ғимараттар мен спорт кешендерінің пайдала­нуға берілгенін байқадық. Енді бір айдан кейін көкпектіліктер ауданның 80 жылдық торқалы тойын атап өтуге әзірленуде. Қос Олимпиаданың екі дүр­кін жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін, Әлемнің, Азияның бір­неше дүркін чемпионы, ФИЛА-ның бюро мүшесі Дәулет Бо­лат­ұлының атасы Тұрлыхан Қа­сенұлы 1931 жылы Көкпектіде аудандық білім бөлімі мен ау­дандық газетті бірге басқа­рып­ты. Әлі күнге дейін көненің көзі қариялар Тұрлыханның балуан, әрі әнші, күйші болғанын тұрғындар арасында беделді болғанын айтады. Енді, міне, немересі Дәулет “Туған жерге тағзым” акциясы бойынша жақын арада мерейтойларын атап өтетін Көкпектіге атбасын бұрыпты. Жалғыз келген жоқ, жанында ұстазы, халықтың сүй­ікті ұлдарының бірі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпі­ров, Юрий Мельниченко бар. Өскеменнен тікұшақпен жеткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келген соң қонақтар “Дәулет” күрес кешеніне қарай бұрылды. “Дәулет” күрес кешенінің құ­рылысы биылғы сәуірде бас­талыпты. Оған бюджеттен 16 мил­лион 646 мың теңге бө­лін­ген. Қалған үш миллион теңгені демеушілер берген. Есімі беріл­ген кешенге Дәулет Болатұлы “Газель” автокөлігін, күрес кі­лемдері мен тренажерлік, те­ле­ди­дар, басқа да оқу құралдарын ала келіпті. Дәулет Тұрлыханов атында­ғы спорт кешенінің ашылу сал­танатында өңір басшысы Бер­ді­бек Мәшбекұлы жинал­ған тұрғындардың алдында сөз алды: – Құрметті көкпектіліктер, сіздердің ауылға қуанышты бір­ге бөлісуге келіп тұрмыз. Ел­басы Н. Назарбаев спорттың бұ­қаралылығын арттыру жай­ын­да үнемі айтып келеді. Ол үшін кез келген адам жат әре­кеттерден аулақ болып, дене тәр­биесі мен ой, еңбекті қатар алып жүрулері тиіс. Еліміздің қа­лаулы ұлы Ер Дәулеттің есі­мімен спорт кешенін атау жө­нін­дегі бастамаларыңыз қуан­та­ды. Осы спорт кешенінен Дәу­лет сияқты мықты азаматтар­дың шығуына тілектеспін, – деді өңір басшысы. Олимпиада чемпиондары Ж.Үшкемпіров, Ю.Мельни­чен­ко осындай маңызы бар ке­шен­ді салып берген облыс әкімі Б. Сапарбаевқа алғысын білдірді. Дәулет Болатұлы болса “Спорт­тың арқасында талай елдерді араладым, спорт саң­лақ­тарымен таныстым. Олар­дың барлығы Қазақстанның керемет қар­қынмен дамып келе жатқанын, Арқаның төрінде әсем Аста­наның бой көтер­ге­нін, Н.На­зарбаев сияқты ке­мең­гер, ақ­ыл­ды басшысы бар елдің алдағы уақытта да тамаша табыстарға жете беретініне ау­ыздарының суы құрып әңг­і­мелейді. Елі­міздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі, биыл желтоқ­санда ЕҚЫҰ Саммитінің 56 мемлекет бас­шы­ларының қаты­суы­мен Ас­танада өтетінінің өзі Қазақ елі­нің болашағын біл­дірсе керек. Не айтамын, маған құрмет көрсеткен жерлестеріме, өңір басшысы, Бердібек Мәш­бек­ұлына, аудан әкімі Дүйсен­ға­зы Мусин мырзаларға алғы­сым шексіз. Келешекте ауру­ха­налар емес, осындай зәулім спорт ғимараттары салынса, көк байрағымыз шетелдердің аспанында самғай беретіні сөзсіз” – деп ағынан жарылды. Бұдан кейін облыс әкімі Б.Сапарбаев, Олимпиада жұл­дыздары лентаны қиып, ішке енді. Кешенде спортшыларға арналған жуыну кабиналары, күрес кілемі, 2 көпфунк­цио­нал­ды тренежер, басқа да бөлмелер бар. Қонақтар аралап көріп, са­па­сына разы болды. Бұдан кей­ін грек-рим күресінен облыс­тық жарыс басталды. Өскемен, Семей қалалары, Үржар, Аягөз, Жарма, Көк­пек­ті аудандары­ның балуан­да­ры 8 салмақ бой­ынша жеңім­паз­дарды анық­та­ды. Бұл сай­ыста семейліктер мен Жарма, Көкпекті, Үржар ау­дан­да­ры­ның шеберлері көзге түсті. Алматы, Астана және Өс­ке­меннен келген қонақтар бұдан кейін Құмар Раев атындағы жетім балалар үйіне келді. Дәу­лет ағалары балалар үйінің жет­кіншектеріне саз аспаптарынан, бильярд, волейбол, гандбол, фут­бол доптарын тарту етті. Ау­дан әкімі Д. Мусин өз сөзінде Дәулет Болатұлының спорттағы жетістіктері, оның атасы Тұр­лы­хан қарияның осыдан 80 жыл бұрын Көкпектіде екі бірдей аудандық білім бөлімі мен аудандық газетті басқар­ға­нын, демек, бұл жолғы сапар­дың ерекше екеніне балалардың назарын аударды. Жақсылық пен Юра өздерінің қалай же­ңіске жеткендері жайлы әңгі­мелеп берді. Ал Дәулетпен бірге келген еліміздің белгілі ән­ші­лері Жеңіс Сейдолла мен Медеу Арынбаев балаларға ән салып берді. Көңілдері жабырқау жандардың мерейлері өсіп, әнші ағаларына қосылып ән шырқағандары әсерге бөледі. Көкпектідегі жаңа мектеп­те де осындай әсерлі кездесу өт­кізілді. Бұл мектептің тү­лек­тері арасынан талай жүл­де­герлер шығыпты. Олимпиада чемпи­он­дары Жақсылық пен Юрий, Дәулет оқушылардың сауалда­ры­на жауап қайтарса, Жеңіс пен Медеу әннен сәлем жолдады. “Қалбатау” асыл тұқымды мал зауытының атақ-даңқы бүкіл елге таныс. Бұдан 80 жыл бұрын құрылған Қалбатауда салмағы 1430 келі “Брусок” де­ген асыл тұқымды бұқа КСРО-ның халық шаруашылығы көр­месінде сан мәрте бірінші ор­ын­ды жеңіп алған. Қазір Жа­рық ауылында 2700 ірі қара, 1100 жылқы бар. Салмағы 440 келі 220 тайынша етке өткі­зілуге әзір тұр. Қожалық иесі М.Ибраев пен ауыл әкімі Мұрат Жұмағазинов келешекте де асыл тұқымды мал басын кө­бейте беретіндерін айтты. Об­лыс әкімі бастаған топ спорт мек­тебінде, сосын осындағы ор­та мектепке келіп, кездесу өт­кізді. “Мен Жарыққа келе ал­май жүр едім. Дәулет жерлес­те­ріңізді ертіп келдім. Мектеп пен клуб үйі тозып тұр екен. Келер жылы “Жол картасы” бағдар­ла­масына енгізуге тырысамыз”. Ауыл тұрғындары Бердібек Мәшбекұлына атқарып жатқан оң істеріне алғыстарын айтты. Сол күні өңір басшысы Қал­батау ауылындағы жаңа фут­бол алаңының ашылуына қа­тысып, “Жол картасы” бой­ынша сапа­лы бой түзеген аудандық мә­дениет үйін көрді. Жарма ау­данының әкімі Те­мір­бек Қа­сымжанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бө­лі­мінің бас­тығы Аманжол Дәуі­тов атқарып жатқан істерімен таныстырды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті-Жарма аудандары. Суретте: Көкпектідегі Дәу­лет Тұрлыханов атындағы спорт кешені; лента қию рәсімі;  Қал­батаудағы жаңа футбол алаңы.