Қазақстан халқының достығы мен татулығын әрдайым Елбасының салиқалы саясатымен байланыстырған жөн. Еліміздегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісім нәтижесінде экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық саладағы табыстарымыз қомақтана түсіп келеді. Десек те, елімізді мекен еткен түрлі этностардың тілі мен салт-дәстүрін насихаттау бағытындағы жұмыстарды қалт жібермеудің маңызы ерекше.
Бүгінде Жетісу жерін 103 ұлттың өкілі мекендейді. Олар 23 облыстық, 38 аудандық, 10 қалалық этномәдени бірлестік арқылы бірігіп отырса, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы бар жұмысты ортақ шаңырақ – “Достық” үйінде өткізуді дәстүрге айналдырған. Осындай ізгі істі алға апарған “Татулығым — байлығым” атты конференция жұмысы сәтті өтіп, онда пікір қосқан облыстық “Азаматтық альянс” бірлестігінің президенті А.Ақымбеков, Көксу ауданындағы славян этномәдени бірлестігінің төрағасы В.Молодцов, тағы басқалар мемлекет іргесінің берік болуы ұлтаралық, дінаралық түсіністікке байланысты екенін атап көрсетті.
Жастар тәрбиесіне этномәдени бірлестік мүшелері мен “Ұлағат” ақсақалдар кеңесінің белсене қатысуы арқасында өңірдегі тіркеуден өткен 41 қоғамдық бірлестіктермен байланыс жақсы жолға қойылған. Осылайша аға ұрпақ пен жастар бірлігі жарасқан елдің бақыты кемел болатынына көз жеткізілуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.