Жазылған жайдың жаңғырығы
(“Егемен Қазақстан” 2010, 25 тамыз) “Егемен Қазақстан” газетінде 25 тамызда тілші Б.Тайжанның “Кадр мен қадірдің арасындағы өлшем” атты мақаласы жарық көрді. Біздер, Қызылорда облысының бір топ ардагерлері, ол мақаламен танысқаннан кейін, өз ойымызды жеткізуді жөн көрдік. Осы толғандыратын тақырыпқа негіз ойлы ақсақалдың газет қосынына телефон шалып: “Шымкенттің ажарын кіргізіп отырған, көп тірліктің басын қайырған облыс басшысы А.Мырзахметовтің соңғы кездері кадр ауыстыруды жиілетіп, кейбір іскер жігіттерге қиянат болып жатқан жоқ па?” деген сұрағы болған екен. Өнегелі өмір қашанда өміршең. Ел жақсы мен жайсаңды қалың топтан жаңылмай танып, еңбегінің әділ бағасын беріп отырады. Деңгейі биік, дәрежесі дара азаматтарын замандастары кейінгі ұрпаққа әрдайым ұлағат тұтады. Өйткені, халықтың айрықша ықыласын иеленген айдыны тұнық азаматтың тұғыры қашанда берік, еңсесі қашанда биік болмақ. Кадрлар тұрақтанбай қоғамда экономикалық және әлеуметтік тұрақтану болмайды. Қазіргі таңда кадр саясатын жүргізуге Елбасымыздың өзі үлкен мән беріп отыр. Кадр іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу мәселелерін жүйелендіру қажет. Оның үстіне тәжірибелі кадрлармен қатар жас, жігерлі, нарыққа бейімделген кадрлар арасында үйлесімділік саясатын жүргізген жөн. Егер білім мен теорияны тез арада үйренуге болатындығын, ал практикалық тәжірибе ондаған жылдар бойы жиналатындығын және оның ішінде ұйымдастырушылық қабілет жүздеген кадрлардың арасында санаулысында ғана кездесетінін ескерсек, жоғары мемлекеттік қызметтерге тарту үшін кадрларды іріктегенде төменнен жоғары қызметтерді басынан өткерген, тауқыметін көріп, қыр-сырын меңгергендердің ішінен таңдап, үлкен мекемелер мен кәсіпорындардың, басқармалардың, аудандар мен облыстардың басқару жүйесін сеніп тапсырса, барынша аз қателескен болар еді. Елбасының тарапынан ескертулер болғанымен, өз командасын жасақтау, небір тәжірибелі, өнегелі, іскер кадрлардың ретсіз, жөнсіз босатылуы, ауыстырылуы азаймай келеді. Егер орнына барған кадрлардың іскерлігі жоғары болып жатса, сөз жоқ, ал екі сөздің басын құрай алмай, өздерінің қосары аз, жоғарының берген тапсырмаларына ғана бас шұлғып отырғандарының жиі кездесетіні, артында қолдаушысы барлардың ғана ауыспай, иә деңгейлес қызметке ауысу немесе қызметтері жоғарылайтындары да жоқ емес. “Кадр бәрін шешеді” деген темірдей тегеурінді қағида ешуақытта да мәнін жоймақ емес. Қазіргі Қазақстанның қалыптасуына жасампаздық жұмыс жасалып жатқан кезеңде бізді тек жоқтан бар жасайтын талантты, білікті (жердің көгін көктейтіндей), қабілетті, қасиетті және жаны да, ары да таза кадрлар ғана ілгерілете алады. Олар жеке басының жүріс-тұрысы, сөзі, тұрмысы, жұмыс істеу мәдениетімен, ізденуімен, жаңашылдығымен жұртқа өнеге болып, ешбір оқшауланбай, өз халқымен бірге күліп, бірге қиналуы тиіс. Тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елге айналдыру жолындағы қажырлы істе ежелгі жұрт – қазақ халқына, оның көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарына зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр. Тілші Б.Тайжан қоғамда орын алып отырған кадр мәселесіндегі жетістіктер мен олқылықтарды көкейге қонымды дөп басып көрсеткен. Оңтүстік Қазақстан облысындағы игі істердің негізгі ұйытқысы, өзегі болып жүрген бірқатар аудан әкімдеріне лайықты баға берілген. Әсіресе, И.Әбішев, С.Әбдіқұлов, Б.Сыздықов туралы білдірген лебіздері бізге қатты ұнады. “Жақсы лебіз жан семіртер” деген даналыққа ден қойып, әрбір салада атқарылған ақ та адал істі дер кезінде ел, халық алдында орнымен бағалап, осыған орай қошемет-құрмет жасалуы әділеттілік болмақ. Сонымен қатар, тілші кейбір басшыларға сын көзбен қарап, ой елегінен өткізген. Біздің Қызылорда облысы – Оңтүстік Қазақстан облысымен шекаралас, қойы қоралас, қатар жатқан, кадрлары өте таныс, проблемалары ұқсас облыс. Сондықтан да аталған мақаламен таныса отырып, азды-көпті өмірдің ащы-тұщысын көргеніміз бар, өз пікірлерімізді білдіруді жөн көрдік. Әділ шешімге ешкімнің реніші бола бермейді, ал кадрға ретсіз, әділетсіз, қиянатпен атына, абыройына нұқсан келтірілсе, елдің арасында зәбірленген емес, зәбір берген басшының аты айтылып жүреді. Ондай облыс басшылары да болған. Басшыға парасаттылық, кемеңгерлік белгісі – кішіпейілділік, кеңдік, сабырлылық, ақылмен басқару жарасады. Лайым басшыларымыз соған лайық болғай. С.Шаухаманов, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы; Ж.Шарипов, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттың бақылау комиссиясының төрағасы; Т.Маханов, Қызылорда облысының құрметті азаматы, бұрынғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Ж.Сарбалақов, экономика ғылымдарының докторы, ардагер; Ж.Бодықбаев, бұрын бірнеше аудан басшысы болған ардагер. * * * Белгілі журналист Бақтияр Тайжанның “Кадр мен қадірдің арасындағы өлшем” атты мақаласында кадр тәрбиелеу мен таңдауда орын алған кейбір кемшіліктер жайлы өте орынды жазылған. Соның ішінде Созақ ауданының әкімі туралы білдірілген пікір өте орынды деп білеміз. Созақбай Әбдіқұловтың көп жылдардан бері, оның ішінде соңғы он жылдан астам мерзімде ауданымыздың әкімі ретінде елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге сіңірген еңбегін Созақ елі жақсы біледі және оң бағалайды. Кадрдың еңбегін бағаламай, қызметке кадрды сұраныс немесе тапсырма бойынша тағайындау мүлде қате саясат деп есептейміз. Соның салдары қоғамның даму бағытына зиянын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да кадр мәселесін жоғары деңгейдегі басшылардың аса жауапкершілікпен қарап, халықтық пікірлерді ескере отырып шешкені жөн. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері жан-жақты дамып, экономикалық-әлеуметтік өсу бағытында елеулі жетістіктерге жетіп, халықаралық беделі арта түскені бүкіл әлемге айқын. Әрине, бұл Елбасының жүргізіп отырған парасатты саяси бағытының, бүкіл республиканы мекендейтін барлық ұлт өкілдерінің ынтымағы мен бірлескен жұмысының нәтижесі. Алайда соңғы кезде осы жетістіктерді асыра бағалауға тырысу, тоқмейілсу, басшыны көрінер көзге тым асыра мақтау, жоғарыға көріну үшін толық негізделмеген ақпараттар беру, заңсыз және бітпеген құрылыстарды бітті деп жариялау сияқты фактілер жиі көрініс бере бастады. Тағы бір көпшіліктің көңіліне тікен болып қадалатын мәселе – ол сыбайлас жемқорлық, жең ұшынан жалғасу, парақорлықтың шенеуніктер тарапынан жиі орын ала бастауы. Міне, осыларды ойлана келе сана тәрбиешісі болып саналатын баспасөзде, оның ішінде біздің ақпарат құралымыздың бірегейі “Егемен Қазақстан” газетінің беттерінде жоғарыда айтқанымыздай толғандырар тақырыптардың жиі басылып отыруын қалаймыз. Таралымы жоғары, қоғамның өмірінде алатын орны өте зор бас басылымда алдағы кезде жетістіктермен қатар кемшіліктерді терең талдап, батыл да тиімді мақалалар жарияланады деп сенеміз. Газетте бүкпесіз ойлардың берілгені ләзім. Біздің осы пікіріміздің де басылуын сұранамыз. Қасымжан ӨМІРҰЛЫ, журналист. Аманбек МҰСАБЕКҰЛЫ, еңбек ардагері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған кенті. * * * Редакциядан: Екі хаттың авторлары меншікті тілші мақаласындағы көкейге қонымды ойларға қолдау білдірген екен. Расында да, бұрынғы кеңес кезеңінде кадрлармен жұмыс, оларды іріктеу, тәрбиелеу жөнінде оңды тәжірибе жинақталғаны талас тудырмайды. Ол тұста бөлімше немесе ұжымшар басқарып көрмеген адамның кеңшар директоры бола қалуы, кеңшар деңгейінің мектебінен өтпеген адамның ауданды басқара қалуы, сондай-ақ ауданда, қалада өзін танытпаған кісінің облыста лауазымды тұлғаға қол жеткізе салуы қиын, тіпті мүмкін де емес болатын. Әр нәрсенің өз жолы, өз жөні бар еді. Сонымен қатар, қазіргі заманның жүрдектігін, нарық заңдылықтарын, менеджмент сырларын жас мамандар тез қағып алатынын да ескерген жөн. Жас кадрлардың аяқ астынан жоғарылап жататын жайларының талайы өзін өзі ақтағанын көріп те келеміз. Тегінде, бар мәселе, орысша айтқанда, “золотая серединада”, яғни білім мен тәжірибенің алтын аралығын табуда болса керек. Тілші мақаласы да осы мақсатпен жарияланған, онда облыс басшысының көп тірліктің басын қайырып отырғаны да айтылған. Сонымен бірге, облыс, қала, аудан әкімдері жауапты қызметке тағайындалғанда оларға сол өңірдегі кадр мәселесі де сеніп тапсырылатынын ескермеуге болмайды. Мұның өзі әкім құзіретіне толық жататын мәселе. Мақаладағы жекелеген кадр ауыстыруларға қатысты тілектерге жұмыстың жақсара түсуіне орай айтылған ұсыныс, жанашырлық деп қараған орынды.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше