Талдықорған облысы Қызылағаш ауылын бұзып-жарып өткен су тасқынынан кейін, небәрі бірнеше ай өткенде жаңа дәрігерлік емхана іске қосылды.
Қайғылы жағдай орын алғанға дейін, бұл емхана қабырғасы құлағалы тұрған, едені шіріген, терезе жиектері қисайған, тек бір ғана қабаты пайдалануға жарайтын, қос қабатты ескі ғимарат болатын. Аз мерзім ішінде ол толығымен “Рахат” компаниясының күшімен жаңғыртылды. Бүгінде бұл ғимарат кең, жарық, жақсы жабдықталған, қазіргі заманғы корпус санатында.
Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері Әшімғали Жұмагелдіұлының айтуынша, құрылысшылардың атқарған жұмысы орасан. Байланыстың барлық желісі жүргізілді, жылу, қуат көздері, жарық беру, өрт және күзет бойынша дабыл беру жүйесі жөнделіп, іске қосылды. Су жылытатын құрылғылар сатып алынып, орнатылды және медициналық жабдықтарды монтаждау жүргізілді.
Емхана қайта тұрғызылғанға дейін, бүкіл “дәрігерлік бөлім” палаткаларға орналастырылды. Біреуінде ем-шаралар қолданылып жатса, екіншісінде қабылдау жүргізіліп жатты, ал үшіншісінде дәріхана жұмыс істеді. Төртіншісі “күтпеген жағдайлар бола қалса” деген оймен резервте тұрды.
Қазіргі кезде емхана дәрігерлері науқастарды қабылдап, алдын ала тексерулер жүргізеді, қаладағыдай қолайлы жағдайларда тұрғындарға екпе жасайды. Күндізгі стационар ашылған, зертхана жұмыс істейді. Емделушілердің физиологиялық тұрғыда ем-шараларды толығынан алу мүмкіндігі бар. Жас ана мектебі және ана мен бала кабинеті келушілерге есігін айқара ашты.
Тұрғындар өмірдің қалыпты ырғағы басталғанына, әсіресе, ауыл үшін маңызы зор дәрігерлік мекеменің ісі жолға қойылғанына риза. Ал қызылағаштық емхана ”рахаттықтар” үшін құрылысы аяқталған нысан болып қана қоймай, шыдамдылықты шыңдаған, әлеумет алдында табысты тапсырылған маңызы зор емтихан болды.
Қызылағаш ауылындағы дәрігерлік емхана қайырымдылық көмек ретінде көрсетілген “Рахат” АҚ-тың жеке қаражаты есебінен және Алматы кондитер фабрикасы жұмыскерлерінің күшімен жаңғыртылып, қайта салынды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.