08 Қыркүйек, 2010

Азиадаға 144 күн қалды

775 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
АЗИАДА ЖАРШЫСЫ “Егемен Қазақстан” газетінің VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті Тудың қадір-қа­сиетін шетелге шық­­­­­қанда, жат жұртта жүргенде айрықша сезінесің. Сары түс­тер ара­ласқан ашық көк туды көргенде елең ете түсетінің рас. Қай елдің аза­маты болмасын, әй­­теуір кеудесінде оты бар адам басқа елде жүргенде өз отанының туы желбіреп тұрғанын көргенде тұла бойын мақтаныш сезімі кернейтіні жасырын емес. Өйткені, ту – мемлекеттің дербестігін, даралығын айғақтайтын символдың бірі әрі бірегейі. Бір елдің байрағы екінші бір мемлекетте желбіреуіне, әрине, себеп баршылық. Мәселен, мемлекет басшылары ресми сапармен басқа елдерге барғанда міндетті түрде сол елдің байрағы салтанатты түрде көтеріледі. Бұл үрдіс, әрине, саяси тұрғы­дан алып қарағанда маңызы орасан зор. Бұл – бір. Ал екіншіден, бір елдің жалауы екінші мемлекетте салтанатты түрде желбірейтін жер – ол додалы бәсекеде, дүбірге толы жарыста. Еліміздің Астана және Алматы қалаларында өтетін VІІ Қысқы Азия ойындары да күн өткен сайын жақындап келеді. Бұл санаулы күндерден кейін 40-тан астам мемлекеттің байрағы Қазақ елінің көк аспанында желбірейді деген сөз. Сын сағаттарының жақындап келе жатқаны біздің де қан айналысымыз бен жүрек со­­­ғы­сымызды жылдамдата түскендей. Жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орын­дап, жеке-дара мемлекет ретінде өзіміздің кім екендігімізді жаһандық кеңістікте дә­лел­­­дейтін сәт келгені анық. Бұл жолғы ойындардың абы­­­ройлы, сәтті өтуіне бәріміз де бір адамдай жұмылуымыз керек. Ромен Ролланның: “Әр­­бір ержүрек, әрбір шыншыл адам өз отанына абырой әкеледі”, деп айтқанындай, бар­­шамыз елге тек абырой алып келуіміз керек деген мақсатпен дайындалғанымыз абзал. БӘСІРЕЛІ БӘСЕКЕ Кешегі Азиадалар шежіресі Қысқы Азия ойындары спорт шежіресіне 1986 жылдан бастап өз тарихын жаза бастады. Ең алғаш Азиада алауы Жапонияның “Қар музейі” аталып кет­кен Саппоро қаласында тұтанды. Бұл қаланың неге “Қар музейі” атанғанын жұрт жақсы білетін шығар. Жыл сайын Саппоро қаласында халық­аралық деңгейде қардан мүсін жасау фестивалі өтеді. 1973 жылдан бастап қар мерекесіне орай әлемдік деңгейде өткізіліп келе жатқан осы фес­тивальге жыл сайын орташа есеппен 5 тонналық үлкен мәшине­мен 5832 рет тасығанда 29160 текше метр қар кетеді екен. Сап­порода қар әр жылы әрқалай мөлшерде түсе­ді. Егер қар жұқа түссе, 36 км-лік қа­шықтық­тағы қар қалың жауатын таулы аймақ­тар­дан тасы­лады. Қар­дан мүсін жасауға дүние жүзінің түкпір-түкпірінен мүсіншілер келеді. Жасалған мүсіндерден көлемі әжептәуір қалашық салынады. Ал бұл қала­шыққа келетін ту­рис­тердің саны да жетерлік. Оларға арна­лып қардан жасалған түрлі-түрлі дүкендер, ойын-сауық орын­дары қыз­мет көрсетеді. Бір жағы­нан қар ме­рекесі Саппоро қаласының қара қор­жы­­ны­на елеу­лі кірістер де салып кететін көріне­ді. Мі­не­ки, осын­­дай қысы әсем, ауа райы жайлы Сап­поро қала­сында іркес-тіркес екі Азиада өткізілген болатын. Алғашқы Азиадаға Саппоро қаласында жеті мемлекеттің сайыпқырандары спорттың жеті түрінен сынға түскен. 425 спортшы қатысқан бұл жарыста Жапония бірінші орынды иеленген болатын. Ал арада 4 жыл өткеннен кейін, яғни 1990 жылы 9 наурыз күні он мемлекеттен келген спортшылар тағы да Саппоро қаласында бас қосты. Бұл жолы да 18 алтын, 16 күміс, 13 қола медальді қан­­жығаларына байлаған жапондықтар жалпы­­командалық есепте бірінші орынды ешкімге бере қоймады. Осы жылы алғашқы рет Азиадаға арналған пошта маркасы шығарылды. Содан барып ІІІ Қысқы Азия ойындары 6 жыл өткеннен кейін, 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткізілді. Бұл қаланың да әлем алдында өз беделі, ерекшелігі бар. Қытайдың көне тарихы­нан сыр шертетін көптеген жәдігерлерді осы қала­дан кездестіруге болады. Дүние жүзіне Харбин өзінің “Шығыстың мұз қаласы”, “Шығыстағы Мәс­кеу” деген аттарымен әйгілі. Азиаданың бай­рағы желбіреген Харбин қаласында 16 елден келген 660 спортшы 7 спорт түрінен сайысқа түсті. Дәл осы жылы еліміздің туы алғаш рет қысқы Азия ойындары алаңында желбіреді. Бірінші рет қатысқанымызбен, жүлделі оралғанымыз әлі есімізде. 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль алған отандастарымыз алғашқы додада екінші орынды иеленгені баршамызды қуантқан еді. ІV Азиаданы өткізу мүмкіндігі 1999 жылы Оң­түстік Кореяның Кангвон қаласына бұйырды. Канг­вон – Оңтүстік Кореяның ірі қалаларының бірі. Та­ри­хи маңызы жоғары Кангвон тек тех­никалық өндірісі жағынан ғана емес, таби­­ғатының әсемдігімен де атағы әлемге жайылған, туристер көп келетін жер. Кангвонда 21 мемлекеттің 800-ге тарта спорт қыран­дары бақ сынасты. Қазақстан бұл жолы 10 алтын, 8 күміс, 7 қоланы олжалап Қы­тай, Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші орынға табан тіреді. 2003 жылы V Азиада Жапонияның Аомори қаласында өткізілген болатын. Бұл қала жапон хал­қының тарихын тереңге бойлатады. Жапо­нияның ең алғашқы алма ағашы осыдан 130 жыл бұрын Аомори қаласында отырғызылған. Содан бері Аомори Жапонияның алма өндірісінде орны айқын қала болып есептелінеді. Аомориде өткен V Азиа­даға 29 мемлекет­тен келген мыңнан астам спорт өкілдері жиналды. Біздің еліміз осы жолы төртінші орынды иеленді. Қоржынымызға 7 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль түсті. Ал 2007 жылы Қытайдың Чаньчунь қаласында өткізілген VІ Қысқы Азия ойындарында Қазақстан  6 алтын, 6 күміс, 6 қола медаль иеленіп, тағы да төртінші тұғырға табан тіреді. Мінеки, Азиаданың қысқаша тарихы осындай. Қарап отырсақ, Азияның көптеген елдерінің ішінде Қазақстанның нәтижесі жаман емес екендігі көрі­не­­ді. Алда өзімізде болатын VІІ Қысқы Азия ойын­дары қалай өтер екен деген сұрақ әркімнің де кө­ке­йінде жүргені белгілі. Ал бұл енді уақыт еншісін­де­гі мәселе. Спортшыларымызға тек сәттілік тілейік. Азия Олимпиада кеңесінің шешімі Бұл ойынды өткізуде біздің ұтатын тұстарымыз өте көп. Мәселенки, Азиаданы өткізу барысында Азия құрлығын былай қойғанда, әлем жұртшы­лы­ғы­ның назары бізге ауады. Өзіміздің беделімізді есе­лей көтереміз. “Бораттар” деп ойлап жүрген­дер­дің Қазақстан туралы, қазақ туралы ойлары өзгере­ді, санасы, көзқарастары кеңейеді. Содан кейінгісі, Азиада арқылы туризмімізді дамыта аламыз. Ел танылады, қазақ танылады, ұлттық болмысымыз айшықтала түседі. Бұл бір жағынан бір оқпен бір­неше қоянды атып алғанмен тең нәрсе. VІІ Қысқы Азия ойындарының өту орнын таңдау мәселесіне келсек, 2006 жылы 5 қаңтар күні кезекті Азиаданың астанасы ретінде таңдау Алматы қала­сына түсті. 4 наурызда Кувейтте Азия Олим­пиада кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах, еліміздің Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Тимур Досымбетов және Алматы қала­сының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағам­бетов үш жақты келісім құжаттарына қол қойған болатын. Одан кейін 2007 жылы қаңтардың 28-і мен ақпан­ның 3-і аралығында Қытайдың Чаньчунь қаласында VІІ Қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтетіні белгілі болып, жарыстың жабылуынан кейін Азиаданың жалауы салтанатпен Алматы қаласына табысталды. Одан кейін барып дәл сол жылы, дәлірек айтқанда, 29 қазанда Макаода өткен Азия Олимпиада кеңесінің 51-сессиясында осы ұйымның атқарушы комитет мүшелері Азиаданы Алматы қаласымен бірге Астанада өткізу туралы Қазақстан тарапының өтінішін мақұл көріп, VІІ Қысқы Азия ойындары Астана және Алматы қалаларында өтетін болып ұйғарылды. Жалпы, мұның барлығын айтып отырған себебіміз, Азиаданы өткізу құқығының бізге оңайшылықпен келмегендігін назарға салу. Талқы барысында қызу айтыстың да болғанын көз алды­мызға елестете аламыз. Сөйтіп, 2011 жылы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана мен Ал­маты­да өтетін VІІ Азиада Қазақстанның тарихында аса маңызды спорттық оқиға ретінде қалатынына, бұл күннің қазақ шежіресінде алтын әріптермен жазылатынына еш күмән жоқ. Дүбірлі додаға дайындық Азиада жақындаған сайын Туризм және спорт министрлігі журналистермен көптеген кездесулер өткізіп келеді. Діттегендері, әрине, БАҚ арқылы ха­лық­қа Азиадаға дайындық барысын таныстыру. Азиадаға байланысты мақалалар да, сұхбаттар да, телерадио хабарлар да мейлінше көбейіп келеді. Бұл – қуануға тұрарлық нәрсе. Азиадаға тікелей жауапты ведомство басшыларының мәлімдеуі бойынша, осыған дейінгі VІІ Қысқы Азия ойын­дарына байла­нысты атқарылған жұмыстар айтарлықтай көрінеді. “Міндет дегеніміз – сынау мен таңдау” деп француз философы Жиль Делездың айтқанындай, басымызға түскен жауапкершілікті мейлінше тиянақты, жинақы, сәтті өткізуге тиіспіз. Өйткені, Азиадаға мемлекет жеткілікті қаржы бөліп отыр. Азиаданың кезекті ойындары Алматыда өтетіндігі белгілі бола бастаған сәттен бастап-ақ, Үкімет бас­шы­сы К.Мәсімов төрағалық ететін ұйымдастыру комитеті құрылды. Содан бастап Азиадаға дайын­дық мәселесі ел Үкіметінің күн тәртібіндегі маңыз­ды мәселелердің біріне айналды. Сондай-ақ қызу дайындықты неғұрлым ерте бастаса, елімізге соғұр­лым пайдалы екендігін білген Туризм және спорт министрлігі де барлық жұмыстарға белсене арала­сып кетті. Оның жанынан құрылған Қысқы Азия ойындары дирекциясы және оның Алматы қала­сындағы филиалы жұмыс істейді. Астана және Алматы әкімдіктері де көптеген шаруаларға бас-көз болатын болып ұйғарылды. Қысқы Азия ойындары дегенде, бірінші орында тұрған мәселе жарысқа қажетті спорттық нысан­дардың құрылысын әлемдік спорт кешендерінің талабына сай сапалы етіп салып, оны өз уақытында аяқтау болып отыр. Жаңғыртуды қажет ететін нысандардың жұмысын да дер кезінде тиянақтап, қолданысқа енгізу қажет. Осы мәселеге байланыс­ты спорт нысандарының жай-күйін баяндап өт­кенді жөн көріп отырмыз. Азиаданы жоғары дең­гей­де өткізу үшін Астана қаласында 30 мың адамға арналған жабық футбол стадионы 2009 жылы елор­даның туған күні мерекесіне орай ашыл­ғандығы белгілі. Бұл нысанда Азиаданың салтанатты ашылу рәсімі жоспарланып отыр. Одан кейінгісі 10 мың адамға арналған жабық мұз айдыны стадионы. Мұны конькимен сырғанау жабық стадионы деп те атайды. Бұл стадион – VІІ Қысқы Азия ойын­дарын өткізетін екінші жаңа нысанның бірі. Бұл жерде конькимен жарысу, шорт-трек, хоккей, тұғыр­дан секіру, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерінен дода өткізуге болады. Конус тәріздес аталмыш ғимаратта стадионнан басқа қонақ үй мен фитнес қызметі жұмыс істейді. “Қазақстан” спорт сарайы ешкімге де таңсық бола қоймас. Осыған дейін көптеген халықаралық спорт ойындарын өткізген бұл спорт кешенінде жаңарту, қайта жабдықтау сынды жұмыстар да аяқталуға жақын. Ал енді Алматыдағы нысандарға кезек берсек, Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін бұл жерде әйелдер арасындағы шайбалы хоккей бойынша жарыс өткізіледі. “Медеу” биік тау спорт кешеніне тоқталсақ, мұнда да күрделі жөндеу жұмыстары жан-жақты, толық жүргізілді. Мәселен, бұрынғы пайдаланылмайтын жерлерге бокс, күрес, баскетбол, мини-футбол, жаттығуға ар­­налған залдар салынды. Басқа да қоғамдық орын­­дар, жаппай сырғанау вестибюлі, мұражай қайта жасалынып, қалпына келтірілді. Көрермен­дерге арналған мінбердегі орындықтар жаңасына ауыстырылды. Кешенді жылыту, желдету, сумен қамтамасыз ету және канализация жолдары да қал­пына келтірілді. Мұз айдыны да заман талабына сай құралдармен – жарық түсіру, күзет, бейне­­бақы­­лау, электрондық табло, телеви­зиялық, фото жүйе­лер, сағаттандыру, дыбыс беру сынды қосымша құрылғылармен жабдықталды. Одан кейінгі нысан – Шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені. Бұл жерде балаларға арналған жаттығу алаңдарынан бастап, стадион, медиа орта­лық, жас секірушілерді даярлайтын мектеп, 25 метрлік жабық жолды бассейн, аспалы жол, мін­берлерге апаратын жол айрығына дейін қамтылған. Кешен Алматы қаласының оңтүстік бөлігіне қарай орналасқан. “Шымбұлақ” тау шаңғысы базасына келсек, мұнда тау шаңғысы мен фристайл бойын­ша жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл жерде тау шаңғысы трасса­ларында қар төмпешіктері орнатылып, аспалы жол арқандарын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Азиадаға бай­ланысты сондай-ақ шаңғы-биатлон стадионын­да ойындар жүргізіледі. Мұнда биатлон, шаңғыда спорт­тық бейімделу сияқты жарыстар өтетін бола­ды. Мінеки, бұл нысандардың толық аяқталуына да аз уақыт қалды. Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ерме­гияев Азиаданың да­йын­­дығына арнап берген бір есебінде: “2011 жылы елімізде өтетін Қысқы Азия ойындары нысан­дарының жоспарланған жөндеу жұмыстары­ның 60 пайызы орындалды. Аталған жұмыстарға 48 млрд.теңге жұмсалса, 2010 жылы 33 млрд. тең­гені игеру көзделіп отыр. Біз Азиаданың негізгі нысан­дарын биыл­ғы жыл­дың шілде айында тап­сыр­дық. Осы­ған орай таяу күндері қыс­қы ойын­­дар нысан­дары­ның бар­лы­ғы бойынша тестілік жарыс­тардың тіз­бесі жа­са­лады. Осы тестілік жа­рыс­­тар өт­кізу дайындық шең­берін­де спорт фе­дера­ция­лары­мен, төре­шілер бри­­гада­сы­мен және жа­рыс­­тың халық­аралық мене­джер­лерімен тия­нақ­ты жұмыс­тар жүр­гізіл­мек”, – деп нақ­ты атап өткен болатын. Құрылыс нысан­дары­нан басқа, тағы да көпте­ген дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Азиа­­да нысандарын элек­тр­­­мен жабдықтау үшін 9 кіші стансалар жаңарты­лып, салы­нып электр та­ра­ту желілері  тартылуда. Дайындық жұмыстары Алматының медицина қызметкерлерінің ара­сын­да да қызу жүріп жа­тыр. Азиа­даға орай ағылшын тілін үйрене бастады. Түсіністік орнығу үшін тіл білудің орны аса маңызды. Сол себепті медицина қызметкерлері 3 айлық оқыту курс­тарына баратын болады. Алматы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі ұйымдас­тыр­ған бұл жобаны Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығы академиясы жүзеге асырады. Азиада – әлем алдында өзінің беделі бар Олим­пиялық ойын болғандықтан, Азия Олимпия кеңесінің де дайындық жұмыстарындағы біраз ұсыныстарына құлақ түрген абзал. Мәселен, аталмыш кеңес Астана дирекциясына қысқы Азиа­да оның тарихында бұрын-соңды болмаған эста­фета алауын өткізуді тапсырып отыр. Жоспар бойынша 2010 жылғы 31 желтоқсаннан 2011 жыл­дың 1 қаңтарына қараған түні Азия Олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейтте олимпиялық эстафетаның алауы жағылады. Бұл салтанатты шара барлық республикалық телеар­налардан тікелей трансляцияланады. Алау 2 қаңтар күні VІ Қысқы Азия ойындары өткен Чаньчунь қаласына жеткізіліп, келесі күні, яғни 3 қаңтарда Алматыға әкелінеді. Эстафета алауын салтанатты қарсы алу шарасы еліміздің басқа да аймақтарына кезекпен жіберіледі. 27 күн бойы алау Қазақстанды аралап, 30 қаңтар күні Астанаға жеткізіледі. Елорда көшелерінен өтіп, “Астана-Арена” стадионында Азиаданың ашылу салтанатында бұл эстафета өз мәресіне жетеді. Азиада алауы эстафета­сына 2030 адам қатысады деген әңгіме бар. Азиадаға келген қонақтарға қызмет көрсету, оларға арналған мәдени іс-шаралар қандай болмақ деген сауалға жауап іздеп көрелік. Ведомство бас­па­сөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Азиада кезінде Астананың өзіне алыс-жақын шетелдерден 2,5 мыңнан астам қонақ келеді екен. Оның 500-ге жуығы ресми қонақтар, 800-і спортшылар, жаттық­тырушылар, спорт төрешілері болуы мүмкін. Сондай-ақ мыңға жуық арнайы тіркеуден өткен шетелдік журналистер мен 300 республикалық және қалалық БАҚ өкілдері болады. Азиаданың баспасөз орталығын “Думан” қонақ үйінде орна­ластыру жоспарланып отыр. Шетелдік журналистер осы қонақ үйде жайғасатын болады. Мәдени шаралардың барлығы “Мәдени Азиада” бағдарламасының аясында өткізіледі. Шетелден келген қонақтарға арнап концерттер, көрмелер, ойын-сауық кештері ұйымдастырылады. Мұз қалашықтар ұлттық болмысымыздан сыр шертетін ою-өрнектермен, ұлттық нақыштағы бейнелермен безендіріледі. Бұл да болса қазақтың мәдени мұралары мен ұлттық құндылықтарын наси­хаттаудағы өте ұтымды жоба болмақ. Елор­да­ның басты әрі көлемі жағынан ірі болып санала­тын мұз қалашығы “Қазақ елі” монументінің алаңын­да жасалады деп күтілуде. Бұл мұз қалашы­ғы “Мұзды алау жалыны” деп аталатын болады. Азиада қарсаңында еліміздің әрбір өңірінде спорт, Азиада тақырыбы аясында көптеген фестивальдер, жарыстар ұйымдастыру көзделуде. Байрақты бәсеке мен мәдени іс-шаралардың тоғысуы келген қонақ­тарға ғана емес, Қазақстан халқына да қайталанбас үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз. Ойын қарсаңында қатысушыларды тіркеу шара­­ларын жүргізу, орналастыру және тасымалдау жұмыстары үшін логистикалық орталық ұйымдас­тырылады. Бұл жерде қосымша қызмет көрсету түрлері, визалық қолдау, жүктердің жеткізілімі, техникалық камтамасыз ету мәселелері өз шешімін табады. Осындай және тағы басқа да қызмет көр­сету үшін 2,5 мың еріктілер жұмылдырылады. Кел­ген қонақтарға, Азиаданың сәтті өтуіне ерікті­лердің тигізер көмегі орасан зор. Еріктілердің көме­гі қай­тарымсыз, өз еркімен жүзеге асырылады. Оларды ақпараттармен қамтамасыз ету үшін, қызмет көрсету түрлерін анықтап білу үшін арнайы оқыту курс­тары өткізіледі. Мұндай шара 2008 жы­лы Бей­жіңде өткен жазғы Олимпия ойындарында қолға алынған болатын. Нәтижесі жаман болған жоқ. Ендігі кезек спорт ойындары туралы болмақ. Қыс­­қы Азия ойындарын өткізу бойынша ұйым­дас­тыру комитеті К.Мәсімовтің төрағалық етуімен Азиа­даның жалпы жарыстар бағдарламасын мақұл­даған. Бұл бағдарлама бойынша 65 медаль жиын­ты­ғы ойналатын спорттың 11 түрінен жарыстар өткізіледі. Оған шайбалы хоккей, допты хоккей, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, биатлон, мә­нер­леп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру тау шаңғысы, фристайл, шорттрек сияқты спорт түрлері кіреді. Азиада жақындаған сайын, көше бойында көп­теген жарнама тақтайшаларын көзіміз жиі шалатын болды. VІІ Қысқы Азия ойындарының лого­типі де көзге бірден түседі. Назар аударған жұрт­­­­шылықтың көбісі логотипті көшпелі арба доң­ға­лағының суреті­не ұқсатады. Иә, жалпы сыртқы пі­шіні геральди­калық өнердің туындысы ретінде доңғалаққа ұқсаған пішін күн белгісін білдіреді және өзіне өмір мен қуат сыйлайтын күн көзінің сәулесін елестетуге болады. Осы логотиптің түстік үйлесім­ді­лі­гі туралы сөз қозғасақ, суық көк түс пен жылы қы­зыл түстің астасқаны бекер емес. “Бұл екі түс те динамика мен көтеріңкі көңіл-күйді күшей­тетін түстерге жатады”, дейді жобаны үйлестіру­шілер. Ал логотиптің жоғары тұсында жарқыраған қызыл күн барлық Азияның Олимпиялық ойындар эмблема­сын­да кездеседі және оның ажырамас бөлігі болып табылады. “Мақсаты бірдің – рухы бір!” Осындай ұранмен шыққан Азиада плакаттарын елорда көшелерінің кез келген жарнама тақтай­шасынан көре аласыздар. Ал плакаттың үстіндегі қар барысын аңғару тіптен де қиын емес. Дәл осы қар барысы VІІ Қысқы Азия ойындарының бойтұмары болып есептелінді. Оны дұрыс тал­даудың өзіне үлкен қырағылық пен талғам керек. Өйткені, кез келген ойынның талисманынан ойынды өткізген елдің бірегей рухын аңғаруға бола­ды. Сақтардың мифологиясында барыс әділ­діктің қорғаны ретінде көрсетіледі. Азиаданың қар барысына халықаралық атау ретінде “Ирбис” сөзі алынды. Одан кейін еркелеткен мақсатта “Ирби” болып өзгертілді. Ирби барысы – көңілді­ліктің, батылдықтың, жарқындылықтың, әділдіктің, күштіліктің, бауырмалшылықтың символы. Жалпы, кез келген Олимпия ойындарында ба­қылаушы ұйымдардың допингке қарсы ұйым­дасқан іс-әрекеттері мейлінше жиілей түседі. Бұл жолғы елімізде өтетін Қысқы Азия ойын­дарында да мұндай қатаң бақылау жүзеге асатыны даусыз. Бүгінде Азия Олимпиялық кеңесі AWAGOC-тің 5 офицеріне сертификаттар тапсырды. Ойынға дейін тағы да 17 офицерді дайындау жоспарлануда. Еліміз антидопингтік зертхана WADA аккреди­тация­сын алуға техникалық жағынан толық дайын. Осыған дейінгі WADA-ның дайындық жұмыс­тарына да оң баға берілген болатын. Ойынды әділ өткізуге Қазақстан тарапы да, қазылар мен офицерлер де атсалысатын болады. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.