СЫР ДИҚАНДАРЫ КҮРІШ ОРУДЫ БАСТАДЫ
“Көктемнің бір күні – жылға азық” деген атам қазақтың сөзін мұрат тұтқан сырбойылық диқандар көктем айларында Сыр маржаны – ақ күрішті егу үшін маңдай терлерін моншақтай төгіп, ала жаздай аптап ыстықпен арпалыса жүріп күрішті күтімге алған еді. Бүгінде диқан қауымның ала жаздайғы еңбегінің жемісін көрер уақытқа санаулы-ақ күндер қалды. Ағымдағы жылы диқандар 77 мың гектардан астам алқапқа Сыр маржаны – ақ күрішті сепкен болатын. Өткен жылғыдан 6 мың гектарға ұлғайтылған күріштіктің күтімі де, соған сай шығымы да жақсы көрінеді. Мамандардың пайымдауынша, күріш егісінің 64,5 пайызы – жақсы, 32,2 пайызы – орта, ал бары-жоғы 3 пайызға жуығы ғана нашар бағаланып отыр. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары аяқ судың азабын тартып келген диқандарды Елбасының тікелей бастамасымен іске қосылған “Көксарай” су реттегішінің алғашқы кезеңінің көктемде пайдалануға берілуі тіршілік нәрі тапшылығынан құтқарды. Биылғы дария деңгейінің жоғарылығы өнімді егу, суға бастыру жұмыстарын дер кезінде жүргізуге барынша мүмкіндік туғызды. Ағымдағы жылы Сыр аймағында ауылшаруашылық дақылдары 160,3 мың гектар жерге егілген. Осының ішінде, жоғарыда айтқан Сыр маржанының үлес салмағы 48,1 пайызды құрайды. Биылғы жылғы судың молдығынан күріштен басқа арпа, мақсары, көкөніс пен картоп та жылдағыдан әлдеқайда артық егілді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне республикалық бюджеттен бөлінген субсидия төлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күнге өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру бағдарламасы бойынша шаруашылықтардың сатып алған 5,3 мың тонна аммофос, 32,7 мың тонна аммоний сульфаты, 3,2 мың тонна карбамид және 128 тонна аммиак селитрасы тыңайтқыштарының бағасын арзандату мақсатында 401,1 млн. теңге төленген. Ал облыстық бюджеттен тұқым шаруашылығын қолдауға 105 млн. теңге қаралып, оның бүгінгі күнге шаруашылықтарға 49,8 млн. теңгесі берілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметтерге жүгінер болсақ, арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталған. Ағымдағы жылы 43,5 мың гектар күріш егісі гербицидтермен өңделген. Бүгінгі таңда 22,7 мың гектар алқаптың суы тартылған. Егін жинау науқанына қажетті 445 комбайн, 395 жатка, 389 автокөлік, 941 трактор тіркемесімен кірісіп те кетті. Сондай-ақ биылғы жылы “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы лизингтік жолмен 51 жаңа комбайн алуға тапсырыс берілді. Бүгінде соның 15-і жеткізілсе, қыркүйек айында толығымен келіп болмақ. Аймақта күзгі егін жинау жұмыстарына мемлекет тарапынан бөлінген дизель отынын алу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Егер саралап айтар болсақ, егін орағына қажетті 16 мың тонна дизельдің 37,8 пайызы, 3,2 мың тонна бензин мен 0,9 мың тонна қою майдың тең жартысынан астамы дайындалған. Жанар-жағармай дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Сөз соңында айтарымыз, биылғы жылы Сыр диқандары 308 мың тонна Сыр маржаны – ақ күріш жинаймыз деген үкілі үміт құшағына бөленіп отыр. Иә, егіс даласын дүбірге бөлеп, еңбек көрігін барынша қыздырып, несібесін тілге тигізер күн де туды. Алдын ала жасалған кестеге сәйкес күріш алқабына тамыздың соңына таман орақ түссе, бастыру жұмыстарын қазанның бірінші онкүндігінде аяқтау жоспарлануда. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Кеше