Оны кадр саясатынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені, ертеңін ойлайтын мемлекет қашанда жастардың жолын ашады
Алматы облысында жыл сайын жастар форумы ұйымдастырылады. Қарасаң көзің қуанады. Тұңғыш Президентіміз, Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған саясатын қолдаған өрімдей жастар Қазақстанның рәміздерін ұстап, әнұран айтып, алаулатып алаңға шыққанда еріксіз сүйсінесің. Ұйымдастыру жөнінен бір аудан бір ауданнан асып түседі. Әсіресе, Райымбек ауданында өткен жастар форумы ғаламат болды. Оны теледидардан көрдім. Соның өзінде жас жеткіншектеріміздің Елбасына деген сүйіспеншілігін, туған елі мен жеріне деген асқақ патриоттық сезімдерін жан дүниеммен ұққандай керемет күй кештім.
Осындай жастар форумы Алакөл ауданында да өтті. Форумда Алматы облысы ішкі саясат департаментінің бастығы Г. Сүлейменова: “Біз жастар саясатын дұрыс жолға қойған сияқтымыз. Өйткені, Жамбыл облысындағы әріптестеріміз біз іске асырып жатқан “Жастар форумын” өз облыстарында да іс жүзіне асырғысы келетіндей ниет танытты”, – деді.
Бір қарағанда, сыртқы келбеті Кеңес өкіметі ұстанған типтік формаға ұқсағанымен, Алматы облысының ішкі саясат департаменті жүргізіп отырған жастар саясаты дұрыс көрінді. Ішкі мазмұны сыртқы келбетімен шынайы үйлесетін болса одан артық қандай саясат жүргізуіміз керек?! Алайда, аудандарда дүркіреп өткен осы форумдарға жұмыспен қамтылмаған жастарымыз толық қамтылмай ма, деп ойлап қаламын кейде. Себебі, 2008 жылы Балқаш ауданында да жастар форумы өткен болатын. Бірақ оған “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы аудандық филиалы жанынан құрылған “жастар қанатының” әрбір ауылдағы жетекшілері қатынаспай қалды. Сонда кімдер қатынасты демексіздер ғой? Негізінен мектеп оқушылары. Жастар статусы мен мектеп оқушылары статусы екі бөлек. Осы жастар форумы негізінен мектеп оқушылары арқасында өтетін сияқты. Өйткені, сол жылы аудандық мәслихаттың сессиясында “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары, аудандық мәслихаттағы депутаттық топтың жетекшісі З. Демеуқұлова осындай ойды сессияның биік мінбесінен айтты. Міне, осы жағы ескеріліп, ауыл-ауылдағы барлық жастар тартылатын болса, мұндай форумның жастарға берері қазіргіден де әлденеше мәрте артар еді.
Жасырып қайтеміз, елімізде шынайы тәрбие мектептерде беріледі. Осы жүрек түкпіріне ұялаған мөлдір де кіршіксіз сезімді лайлап алмасақ болғаны...
Жастар саясаты дегенде, ең бірінші, есіңе кадр саясаты түседі. Мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, тәуелсіздігімізді баянды ететін де жастар. Оны ұлтымыздың көреген Көшбасшысы, Президентіміз Н.Назарбаев алқалы жиындарда айтудай-ақ айтып жүр. Өзі де дана бабаларымыз ұстанған өсиетін ел ұстанатын сүрені ұстанып, қолдарынан іс келеді деген жастарға ақ батасын беріп, жолдарын ашуда. Елді алға жетелейтін ақылды көсемі бар бақытты елдің басшысы жасайтын көрегендік бұл.
Біздің облысымызда да, жоғарыда айтылғандай, жастар саясаты қашанда бірінші орынға қойылған. Өйткені, облыс әкімі Серік Үмбетов Алланың нұры түскен жандардың бірі десек, қателеспейміз. Оның іскерлігі, халыққа жақындығы Қызылағашта болған су апаты кезінде жарқырай көрінді. Алғашқы күндері қиналғандығын айтсайшы...
Жалпы, С.Үмбетов талапшыл басшы. Алғаш аудан әкімі болғанда аудандық мал дәріханасының бастығы оған бар дәрілердің тізімін жазып алып келіп көрсетті. Машинкалық бетпен екі парақ екен. Енді оған ешнәрсе демейтін шығар деп ойлаған болатынмын. Аралары жақын жазылған екі парақ дәрілер тізімін қарап шықты да: “Ішінде антибиотиктер жоқ қой. Тауға шыққан саулық масситпен ауыруы мүмкін. Тұяқтары майысады. Жайлауға шыққанша тауып әкелетін бол”, – деген талап қойды. Бұл – бір ғана мысал.
Дегенмен де Серік Әбікенұлы ұзақ жылдар үлкенді-кішілі әкім болып қызмет атқарып, кейін зейнетке шыққанда Т. Естеновті Есік педагогикалық колледжіне директор етіп тағайындағанын, неге екенін білмеймін, қоштамадым. Облысымызда білімді де іскер жастар баршылық. Сондай алғыр, патриот, жалындаған жастарымыз бола тұра, солардың жолдарын байлағандай әсер етті бұл әрекет. Жалпы, зейнеткерлікке шыққан адам жастарға орындарын босату керек. Мұны әрбір саналы, көкірегі ояу, көзі ашық адам Еңбек кодексінің жазылмаған тармағы деп қабылдаса да артық болмас еді.
Қазіргі Іле ауданының Ақши ауылында Абылай деген қария болды. Күннің суығында да жалбағай жүретін. Қашан көрсең де, қай жерде болсын жастарға ақ батасын беріп жатушы еді жарықтық. Осындай жас жеткіншектерге деген ақ көгершін іспетті ақ ниеттеріне зейнет жасына жеткен ағалар мен апалар ешқашан кір түсіріп алмаса екен. Зейнетақыға қосып және бір жалақы алған жақсы ғой. Солай бола тұрса да абыройдың жөні бір бөлек...
Мәселен, қазіргі жағдайда аудандық газет аудан әкімінің, облыстық газет облыс әкімінің саясатын қолдап, насихаттайды. Бұл да жазылмаған заңдылық. Өйткені, аталған газеттер жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бас редактор етіп кімді тағайындаса да ол солай жасайды. Сондықтан бас редакторлар да зейнетке шыққанан кейін жастарға жол бергені дұрыс болар еді деп ойлаймын. Зейнет жасындағы қаламгердің басқа мамандық иелерінен бір артықшылығы –ұшқыр да салиқалы ойларын қарапайым маманның бірі болып-ақ ұшқыр қаламымен көпшілікке оп-оңай ұтымды жеткізе алады. Осындай бірен-саран көңілжықпастық, өкінішке қарай, басқа салаларда да кездеседі.
Әрине, бұл жерде менікі алуан пікір барын ұғындыру ғана. Үш жүзге төбе би атанған атақты Төлеби: “Ханның саясаты қараға түсінікті болса , ол – саясат емес”, – деп кесіп айтқан екен. Менің ойым тек ел болашағын ойлаған Көшбасшымыз, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сияқты атқарушы биліктің барлық буыны үнемі жастардың жолын ашып отырса дегенді айту ғана. Әйтеуір жастар саясаты сөз болғанда көңіліміздің түкпірінде кадр саясаты тұру керек. Осы екеуін бір-бірінен мүлде ажыратуға болмайды.
Марат ҚАШҚЫНБАЕВ, Балқаш аудандық мәслихаты аппаратының жетекшісі.
Алматы облысы.