Үнем мен ұқыптылық үйлесімі
Қуат көздерінің барлық түрлерін тиімді пайдалану еліміздің тұрақты дамуының басты тұғыры болып табылады. Сондықтан бүгінде энергия үнемдеу және қуат көздерінің тиімділігін арттыру Мемлекет басшысының Үкіметтің алдына қойып отырған маңызды міндеттерінің бірінен саналады. Үкіметтің тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бұл саладағы жұмысты белсенді жүргізіп, табиғи монополия субъектілерін (ТМС) инвестициялар тартуға ынталандыру мақсатында тарифтік реттеу жүйесін жетілдіруге қатысты кешенді шаралар белгілеуде. Бұл орайда бірінші кезекте нормативтік-техникалық ысыраптарды азайту, нормативтен тыс ысыраптарды болдырмау, электр энергиясын тұтынудың есептеу жүйесін жетілдіру және теңдестірілген тарифтерді тәжірибеге енгізу жұмыстары қолға алынып отыр.
Осы орайда еліміздің “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” қолданыстағы заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 2009 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Үкімет ТМС-терге нормативтен тыс ысыраптарды жою жөнінде іс-шаралар жоспарын жасап, оны іске асыруды міндеттеді. Содан бері шектеуші және ынталандырушы шара ретінде ТМС тарифтерді көтеру немесе оның деңгейін қайта қарауға өтінім беру үшін заң нормаларына сәйкес инвестициялық бағдарламалар мен ысыраптарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бірге әзірлеуге міндетті.
Табиғи монополиялар субъектілері тарифінің ел мүддесі үшін маңызы зор. Еліміздің ірі кәсіпорындары да, әлеуметтік салалары да, қарапайым тұрғындары да ТМС өнімдерін тұтынушы болып есептеледі. Ендеше, тариф саясатының экономикалық әрі әлеуметтік мәні бар. Сондықтан да Елбасы бұл көкейкесті мәселеге үнемі ерекше басымдық беріп, Үкіметтің алдына табиғи монополия субъектілерінің жұмысын ретке келтіру, тариф саясатын тиімді де жүйелі шешу міндетін жүктеді. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті іс жүзіне асыру барысында Үкімет тұтынушылар сұранысын тиімді қанағаттандыру мақсатында тариф саясатын барынша жетілдіру шараларын қолға алып отыр. Жақында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі “Қазақстан Республикасында 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат жөніндегі салалық бағдарлама” әзірлеп, Үкімет қарауына ұсынды. Өткен аптада болған Үкімет отырысында бұл бағдарлама жан-жақты талқыланып, бірауыздан қабылданды.
Енді осы бағдарламаның негізгі мақсаты мен міндеттерін саралап көрейік. 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат бағдарламасының негізгі мақсаты, біріншіден, активтерді модернизациялау мен жаңғыртуға инвестиция тартуды ынталандыру, екіншіден, электр қуаты мен суды үнемдеу, үшіншіден, субъектілер ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Осы мақсаттарды іс жүзіне асыру үшін бағдарламада тиімді тарифтік саясат жүргізудің үш бағытына ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда: 1) инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істейтін ТМС-тардың санын көбейту және инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылау; 2) электр энергиясына және суға тұтыну көлеміне байланысты теңдестірілген тарифтер енгізу, сонымен бірге нормативтен тыс ысыраптарды жою және нормативтік ысыраптарды оңтайландыру арқылы энергия қуатын үнемдеуге қол жеткізу; 3) шикізат, отын, материалдар, энергия және әкімшілік шығындарды оңтайландыру жолымен ресурстарды үнемдеу.
Бағдарламаның негізгі іс-шаралары бірнеше нысаналы индикаторларды жүзеге асыруды көздейді. Бірінші, тарифтер деңгейінің тұрақты болуын қамтамасыз ету. Яғни, бағдарлама аясында 2010-2014 жылдар аралығында базалық табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық тарифтермен жұмыс істеуіне кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз етіп, 2014 жылға қарай инвестициялық (орта және ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша барлық базалық табиғи монополия субъектілерінің жұмыс істеуіне қол жеткізу болмақ.
Тағы бір ерекше атап айтар мәселе, бағдарламада 2010-2014 жылдар аралығында ТМС-ға тартылатын инвестицялар ауқымы да нақтыланған. Оның ішінде жекелеген салалық бағдарламаларға сәйкес әрбір салаға тартылатын жыл сайынғы инвестиция мөлшері де болжанған. Мәселен, бағдарлама шеңберінде электр қуатын тасымалдау саласына тартылатын инвестиция көлемін 2014 жылға қарай 33,1 млрд. теңгеге дейін жеткізілу жоспарланып отыр.
Екінші нысаналы индикатор нормативтік-техникалық ысыраптарды оңтайландыру мақсатын көздейді.
Нормативтік-техникалық ысыраптарды кезең-кезеңмен оңтайландыру өз кезегінде нормативтен тыс ысыраптарды жоюға мүмкіндік береді деп күтілуде. Осы ретте нормативтік-техникалық ысыраптар мәселесіне түсінік бергеніміз жөн. Халықаралық қалыптасқан ұғым бойынша, инженерлік-техникалық жүйелерді пайдалану үрдісіне байланысты болатын шығындар ескерілген. Оған инфрақұрылымдардың ескіруі, пайдалану мерзімінің ұзарып кетуіне байланысты болатын шығындар жатады. Бұл көрсеткіш әрбір елде әртүрлі. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін кеңестік жүйедегі нормативтік-техникалық шығындар қағидасын пайдаланамыз. Мәселен, елімізде электр қуатын тарату желілері бойынша нормативтік-техникалық шығын көлемі 30 пайызды құрайды. Ал сумен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық ысырап мөлшері 35 пайызға жетеді. Ал Францияда мұндай ысырап мөлшері 7 пайыздан аспайды. Осы шығынның бәрі тұтынушы есебінен толықтырылады, яғни тарифке енгізіледі.
Міне, бағдарламада көрсетіліп отырған нормативтік-техникалық ысыраптарды оңтайландыру 2014 жылға қарай нормативтен тыс ысыраптарды болдырмауға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде сала субъектілері зор экономикалық тиімділікке қол жеткізбек. Жоғарыда айтылған шаралардың арқасында электр қуатын тарату желілері бойынша экономикалық тиімділік деңгейі 671,8 млн. кВт/сағ. немесе 4,4 млрд. теңге, жылу жүйелерінде 3,8 млн. Гкал. немесе 8,5 млрд. теңге, су шаруашылығы саласында 105,0 млн. текше метр немесе 0,65 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірегейі электр энергиясын және суды үнемдеу болса, оған қол жеткізетін басты механизм – теңдестірілген тарифтер жүйесін тәжірибеге енгізу болып табылады. “Электр энергетикасы туралы” Қазақстан Республикасының Заңына былтырғы жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр қуатын сатып алатын барлық тұтынушылар тәулік аймақтары бойынша теңдестірілген тарифтер негізінде ақы төлеу тәртібіне көшті. Бұл тарифтерді қолдану электр энергиясын ұтымды пайдалануға және тұтынушылардың қаржысын үнемдеуге жәрдемдеседі. Кешкі тарифтер деңгейі жалпы қолданыстағы орташа тарифтерден 2,5-4 есе төмен, бұл тұтынушыларды энергия жүйесінің ең аз жүктелген мерзі-міне, яғни кешкі мерзімге көшуіне ынталандырады. Агенттік энергия үнемдеуді ынталандыру үшін және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуын ескере отырып, белгіленген шамадан аспайтын электр энергиясын тұтынғаны үшін төленетін ақы ең төменгі тариф бойынша есептелетін тәртіпті қолданысқа енгізді. Тұтастай алғанда, электр энергиясын ұтымды пайдалану кезінде тұтыну көлемдері бойынша теңдестірілген тарифтерді қолдану тұтынушыларды электр энергиясын және қаржы үнемдеуге ынталандырады. Оған өткен жылдан бергі тәжірибе толық дәлел болмақ.
Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде дерлік электр энергиясына тұтыну көлеміне қарай және тәулік аймақтары бойынша теңдестірілген тариф қолданылады. Осының нәтижесінде өткен бір жылда шамамен 150 млн. кВт/сағ. электр энергиясы, 30 мың тонна отын үнемделген. Еліміз бойынша тұтынушылар басқа жылдармен салыстырғанда, электр энергиясын тұтынғандығы үшін 2,1 млрд. теңге қаржыны аз төлеген.
Сумен жабдықтау саласында тұтынушылар топтары бойынша теңдестірілген тарифтер еліміздің 13 өңірінде енгізілген. Биылғы жылдың соңына дейін қалған үш өңірде – Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында теңестірілген тарифтер жүйесі енгізіледі. Суды тұтынғаны үшін теңдестірілген тарифтер тәртібін енгізу нәтижесінде жыл ішінде су арналарының табыстары 13,2 млрд. теңгеге артып, су тұтыну мөлшері 10 пайызға дейін төмендеді.
Қай жағынан алғанда да жаңа жүйенің тиімділігі айқын көрініп тұр. Сондықтан бағдарламада 2014 жылға дейін электр энергиясына және суға тұтыну көлеміне қарай теңдестірілген тарифтер қолдану жүйесін одан әрі жетілдіре отырып, тәжірибеге тереңдете енгізу көзделініп отыр. Табиғи монполия субъектілерін электр қуатын тарату және су жүйелері мен құбырларын модернизациялау мен жаңғырту үшін инвестиция тартуға міндеттейтін, тұтынушыларды қуат көздерін үнемдеуге ынталандыратын жаңа тарифтік саясаттың ел экономикасы үшін өміршеңдігі ақиқат.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
“Жол картасының” үш ұстыны
Жақында Ақтөбеде “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен оған аймақтық деңгейде келтірілетін кедергілерді азайту мәселелері бойынша республикалық кеңес болып өтті.
Жиында сонымен қатар қазіргі таңда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында алда келе жатқан облыстардың да аттары аталды. Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың мәлімдегеніндей, бұл саладағы алғашқы үш орынды осы реттеріне қарай Ақтөбе, Қарағанды және Алматы облыстары өзара бөлісіп тұрған болып шықты. Бұл үш облыс республиканың қалған аймақтарынан оқ бойы алда келеді. Мұны облыстық әкімдік өкілдері мен жеке кәсіпкерлік субъектілері алдында сөйлеген сөзінде Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов та айтып өтті. Өзінің баяндамасында ол үстіміздегі жылдың сәуір айында сөреден шыққан “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының негізгі мәнін түсіндіріп берді. Ал оның басты мақсаты аймақтық кәсіпкерліктің экономиканың шикізат емес секторындағы тұрақтылығы мен тепе-тең өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын сақтау және олардың қатарын жаңа орындармен толықтырып отыру болып табылады.
Басқосуда айтылғандай, бағдарламаның үш бағыты бойынша субсидия беру үшін екінші деңгейлі банктерге сомасы 231,4 млрд. теңгені құрайтын 481 өтініш түскен. Күні бүгінге дейін бұлардың арасынан жалпы кредиттік құны 41,14 млрд. теңге тұратын 55 жоба іріктеліп алынды. Бағдарламадағы бірінші және үшінші бағыттардың жүзеге асырылу жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Осы жерде бірінші бағытты құрайтын жаңа бизнес-бастамаларға қолдау көрсету мақсатында екінші деңгейлі банктерге тағы 27,7 млрд. теңгеге 108 өтініш тапсырылғанын айта кетуміз керек. Бүгінде аймақтық үйлестіру кеңестерінің қарауында 30 өтініш жатыр. Ал бұған дейін осындай 28 жоба мақұлданған болатын. Сол келісілгендер ішіндегі мейлінше көп үлес алып отырғаны Ақтөбе облысы болып саналады. Бұл аймақтан ұсынылған 1,2 млрд. теңгенің 8 жобасы қаржыландыруға жіберілген. Бұл несие қаражаттары облыста, айталық, көкөніс қоймасын салуға, металл құрылғылары зауытын қайта құруға, жиһаз фабрикасы өндірісін ұлғайтуға жұмсалмақ. Сол сияқты Астана қаласынан ұсынылған 1 млрд. теңгелік несиенің 5 жобасы қолдау тапты. Ал Қарағанды облысы бойынша 500 млн. теңгенің 4 жобасы таңдап алынған. Осындай жобалар Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да бар.
Екінші бағыт кәсіпкерлік секторды сауықтыру деп аталады. Ол Экономикалық даму және сауда министрлігінің кәсіпкерлерлікті дамытуға арналған “Даму” қорымен өзара үйлесе жұмыс жасауы негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйе бойынша келіп түскен өтініштер өте көп. Солардың арасынан қазір құны 170 млрд. теңге тұратын 348 жоба іріктеліп алынып, банктердің қарауына жіберілді. Экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы әзірге екі рет бас қосып, 19 жобаны талқылады. Бұлардың 13-іне қолдау көрсетіліп, 4-і кредиттің мақсатқа сәйкес келуін тексеру үшін кейінге қалдырылды. Сол сияқты 2 жоба бағдарламада белгіленген басыңқы секторға сәйкес келмейтіндігіне байланысты алынып тасталды. Қолдауға 1 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалып, жаңадан тағы 700 жұмыс орнын ашуға бағыт ұстап, субсидия алатын уақыты ішінде бюджетке 4 млрд. теңге көлемінде қаржы құю болжамын жасаған жобалар ілікті. Олардың қатарында Маңғыстау облысындағы құю және прокат цехтарының, Шығыс Қазақстан облысындағы жылу кешенінің құрылыстары секілді ірі жобалар бар. Ал Ақтөбе облысында темір жол жылжымалы құрамының жөндеу жұмыстарына байланысты жасалған жоба қолдау алды.
Бағдарламадағы үшінші бағыт – экспортқа бейімделген өндірісті қолдау шеңберінде екінші деңгейлі банктердің қарауына жалпы сомасы 34,7 млрд. теңгеге топталатын 25 өтініш түсті. Осы күндері аймақтық үйлестіру кеңестерінде тағы 15 өтініш қаралып бітті. Бұлардың 19,24 млрд. теңгеге бағаланған 14 жобасына субсидия беру жөнінде шешім қабылданды. Мәселен, Алматы облысында “Даму” қоры, екінші деңгейлі банк және жобаны ұсынушы арасында отандық аккумулятор өндірісін жүргізу және оны экспортқа шығару жобасын пайыздық ставкамен субсидиялау жөнінде келісім-шарт жасалынды. Осы жұмысты жүргізіп әкету үшін енді жоба иесіне 1,3 млрд. теңге көлемінде несие беріледі. Ал Шығыс Қазақстан облысында жалпы кредиттік құны 11 млрд. теңгеден асатын 6 түрлі жоба мақұлданып отыр. Көрініп тұрғандай, осы бағыттағы жоба саны жөнінен бұл облыс республикада алдына ешкімді салмай, жеке-дара топ басында келеді. Бұдан басқа Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан осындай бір-бір жоба қатарға ілікті. Олар металлургия және тоқыма өнеркәсібімен қатар өнеркәсіптің басқа да салаларын қамтиды.
Облыстық әкімдіктердің іскерліктері мен қабілеттеріне сын болып табылатын үшінші бағыт бойынша қалған аймақтардың сырт қалғаны көңілге оншалықты қонымды болып тұрған жоқ. Баяндамада бұл жайында да айтылды. Баяндамашы сонымен бірге, банктердің бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенділіктерінің төмен болып отырғанын да сынға алды. Бұл жерде тек “Центркредит” банктің ғана игі істерін атап өткен ләзім. Жиында сондай-ақ бизнес-қауым, екінші деңгейлі банк және әкімдік ұсынған ұсыныстардың негізінде бағдарламаның механизмін жетілдіру турасында да сөз қозғалды. Енді осы бойынша министрлік “Жол картасына” өзгерістер енгізіп, тиісті құжаттарын дайындайтын болады. Басқосуда сонымен қатар субсидияланған кредиттің жалпы сомасындағы айналым капиталын қаржыландырудың бастапқы үлесінің мәнін анықтау, банк несиелеріне жеке кепілдеме беру жөнінде шешім шығарудың жолдарын жеңілдету, Экономикалық даму және сауда министрлігі мен облыстық әкімдіктер арасындағы қағаз айналымын ықшамдау, өлшемдерді анықтауға келісім беруге бағытталған құжаттардың санын азайту жөнінде ұсыныстар айтылды. Енді оларды қайта қарап, тиісті шешімге келу келер күндердің еншісінде тұр. Ең бастысы, аталмыш жиын “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының еліміздің қай өңірінде қалай қолға алынып отырғанын, қай аймақта оған қандай мән беріліп келе жатқанын айғақтап көрсетіп берді. Осы кезге дейін жоғарыда аталған үш бағыт бойынша бір ұсынысы да өтпеген облыстар да бар. Алдағы уақыттарда сол аймақтардың басшылары осы төңіректе мықтап ойланулары керек-ақ.
Серік ПІРНАЗАР.
Тамшылатудан тапқан табыс
Тайынша ауданында тағы бір игі іс өмірге келді. Абай ауылдық округінде көкөніс өсірумен айналысатын “Астық-СТЕМ” ЖШС тамшылатып суару әдісін қолдана бастады. Бұл тәсіл оңтүстік жақ үшін таңсық болмағанмен теріскей өңірде кенжелеу дамып келе жатқаны жасырын емес. Сергей Звольский басқаратын шаруашылық егіншілікпен көптен бері айналысады. 5 мың гектарға бидай, 2 мың гектарға зығыр, 1,5 мың гектарға рапс, 120 гектарға картоп егеді. Ауа райының күрделілігіне қарамастан, биыл өнім тәуір шықты.
Ал, көкөніс өсіруді қолға алғаны енді ғана. Бастапқыда көкөніс шаруашылығына немістің заманауи технологиясын енгізіпті. Тәжірибе учаскесіне соны қолданыпты. Мәселен, “GRІMME” фирмасы шығаратын техникалармен картопты отырғызудан бастап жинауға дейінгі барлық операциялар тегіс атқарылады. Көкөніс себетін басқа техника түрлері де жеткілікті. Ол сарымсақтың “Докапо”, сәбіздің “Шантана”, “Каскад”, картоптың “Рамоно”, “Невский”, “Каротоп” сұрыптарын аудандастыру арқылы жылда мол өнім алып жүр.
Сергей көкөністі тамшылатып суаруды израильдік мамандардан үйреніпті. Кейін арнайы курстарда тәлім алыпты. Құпиясы мол жаңалықтың қыр-сырын әбден меңгеріп, тиімділігіне көз жеткізгеннен кейін “ҚазАгро” АҚ арқылы лизингке осы заманғы шетелдік қондырғылар сатып алыпты. Тереңдігі 50 метрлік екі ұңғыма құдық қазып, шағын су қоймасын жасаған.
– 15 гектарға сәбіз, бір гектардай жерге қызылша, картоп, қызанақ, 0,7 гектарға сарымсақ ектік. Тамшылатып суарудың пайдасы мол. Суды үнемдеумен қатар өнімділік те артты. Гектар басы 60-65 тонна сәбіз, 50 тонна сарымсақ аламыз деген межеміз бар. Келесі жылы суармалы алқап көлемін 100 гектарға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Өнімді өткізу жолдарын да ойластырып қойдық, — дейді шаруашылық жетекшісі.
Сергей Адамович — Қызылжар өңірінде ашық аспан астында көкөніс өсірудің израильдік әдіс-тәсілін алғаш қолданушылардың бірі. Оның ауыл шетінде салған көкөніс қоймасы да ерекше назар аудартады. Сыйымдылығы екі мың тонналық қойма озық технологиямен жабдықталған. Германиялық тасымалдағыштар, кептіретін, желдететін жүйелер қол еңбегін жеңілдетіп қана қоймайды, өнімнің сапалы сақталуын да қамтамасыз етері анық.
Қарағаш – округтің орталығы, ақ қайыңды орманды беткейге орналасқан елді мекендердің бірі. Егіншілікке де, мал шаруашылығына да қолайлы мекен. Әлеуметтік, мәдени ғимараттар сақталған, сол қалпынша жұмыс істеп тұр. Көшелер түзу, асфальтталған, 20 колонка орнатылған. 229 үйдің 116-сына ауыз су тарату желілері енгізілген. Тағы 20 үйге жеткізілмекші. Енді, міне, әлеуеті жоғары елді мекен тұрғындары шетелдік технология арқылы көкөністің нешеме түрін өсіріп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы.
Теңдестірілген тариф тиімділігі
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Алматы облысы әкімдігімен бірлесе отырып Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын түсіндіру бағытында тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты кеңес өткізді.
Кеңесте суды және электр энергиясын үнемді қолдануға теңдестірілген тарифтер тетіктерін енгізу, шикізат, материалдары шығындарының нормаларын оңтайландыру, реттелетін рынок субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындауына бағытталған тариф құру және тариф қолдануға қатысты даулы мәселелер талқыланды.
“KEGOK” АҚ 2010 жылдың 1 тамызынан бастап электр энергиясын желілермен тасымалдау қызметі тарифтерін төмендетуіне байланысты “ЖетісуЭнергоТрейд” ЖШС тарифі 1 сағатқа 12,04 теңгеге (ҚҚС-сыз) төмендетілді. Алматы облысында тәуліктік аймақтар бойынша теңдестірілген тариф 2008 жылдың маусым айынан бастап қолданылуда. Талдықорған қаласында түнгі тариф 1 кВт/сағатқа 4,65 теңге, күндізге 15,76 теңге құрады. Алматы өңірінде түнгі тариф 2 кВт/сағатқа 3,23 теңге, күндізге – 14,53 теңге. Алматы облысында тәуліктік аймақтар бойынша теңдестірілген тарифтерді енгізу нәтижесінде 406,8 млн.теңге тұтынушылар қаражаты үнемделді.
Агенттік төрағасы Н.Алдабергенов баяндамасында теңдестірілген тарифтерді енгізуден 150 млн.кВт/сағат электр энергиясының, 30 мың тонна тас көмірдің үнемделіп, қоршаған ортаға залалды заттардың шығарылуы 13,5 мың тоннаға азайтылатынын айтты. 2009 жылы Қазақстан бойынша енгізілген теңдестірілген тарифтерден 2 млрд. теңгеден астам қаржы үнемделген. Бұл тұтынушылар қаржысы. Энергия үнемдеу шеңберінде агенттік электр, жылу энергиясы, газ және су шаруашылығы саласында нормативтік-техникалық ысыраптарды азайту, нормативтен тыс шығындарды жою жұмыстарын жүргізбек.
Мәселен, “Талдықорғанжылусервис” ҚМКК-де нормативтен тыс ысыраптар 2008 жылы – 13,0, 2009 жылы 13,7 пайызды құраған. Нормативтен тыс ысыраптарды жою жөніндегі шаралар жоспары бойынша 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 3,6 пайызға төмендетіліп, 13,0 мың Гкал. немесе 25,7 млн.теңге үнемделді.
Талдықорған қаласында ауыз сумен жабдықтау және кәріз жүйесі қызметін атқаратын базалық табиғи монополия субъектісі “Жетісу су құбыры” ҚМКК бойынша, агенттіктің стратегиялық жоспарының индикаторларына сәйкес, 2010 жылы нормативтік ысыраптардың төмендеу көлемі 60,4 мың текше метрді құрады немесе 1,7 млн.теңге үнемделеді.
Өткен 2009-2010 жылдарда от жағу мерзімі кезінде сыртқы ауаның температурасы жоғары болғандықтан, жылу энергиясын өлшейтін құралдары жоқ тұтынушыларға республиканың 12 аумағында қайта есептеу жүргізіліп, 651,56 млн.теңге көлемінде қаражат кері қайтарылды. Алматы облысы бойынша тұтынушыларға 1,3 млн.теңге қайтарылды.
Гүлшекер ІЗДІБАЕВА, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің баспасөз қызметі.
Жайылым және су
Қазақстанның ағын суға аса тапшы шөл және шөлейт далаларында құдықтардың қадір-қасиеті ертеден күнкөрістің ең негізгі сипаты болған және қазір де солай. Сондықтан, мал мен жанды жер асты суымен сусындатқан, қас шебердің қолымен тұрғызылған шегенді құдықтар мен шыңыраулар ел аузында аңыз болып, атақты жазушылардың кітаптарына енді. Айтылған әңгімелердің негізгі кейіпкерлері ретінде жадымызда қалды.
Жайылымдарды суландыру, әлеуметтік маңыздылығына, кең таралымына қарамастан (XX ғасыр басында Қазақстан аумағында 95-100 мың шамасында құдық болған), инженерлік жүйелі түрде тек Ұлы Отан соғысынан кейін ғана мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Оның басы-қасында сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасыновтың өзі жүрді, ал ғалымдар, техника ғылымдарының докторы Л.Тәжібаев, ғылым кандидаттары А.Самохвалов, Ғ.Бегалиев және басқалар кең көлемде ғылыми жұмыстар атқарды.
Сол жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында “Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету” кафедрасы ашылып, онда су мамандары дайындалды. Бұл кафедра қазір де бар. 1950 жылдан бері Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты осы бағытта қомақты жұмыс істей бастады. 70-80-ші жылдары институт одақтық дәрежеде жайылымдарды суландыру бағдарламасын басқарды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде суландырылған жайылымдар аумағы 146,0 млн. гектарға жетті, 75 мыңға жуық құдық салынды. Оларды дұрыс пайдалану мақсатында әр облыста, аудандарда арнайы мамандандырылған құрылыс-жөндеу кәсіпорындары ұйымдастырылды.
Қазір сол пайдалануда болған құдықтардың 70-75 пайыздан артығы істен шыққан, жаңасы салынып жатқан жоқ. Себебі, алғашқы нарық жағдайында оларды пайдаланушылар саны күрт азайды, содан соң жөндеу кәсіпорындары тарап кетті. 2006 жылы Статистика агенттігі жүргізген ауыл шаруашылығы санағы мәліметтері бойынша, қазіргі кезде пайдалануға жарамды жайылым көлемі 46,5 млн. гектарға дейін кеміп отыр. Соның ішінде 6,6 млн. гектары ғана суландырылған болып есептелінеді. Яғни бұл бар болғаны 14,2 пайызға тең деген сөз.
Мал басының жылдан-жылға қарқынды түрде көбейіп келе жатқандығын ескеретін болсақ (қазіргі кезде қой саны 18 млн. бастан асты), онда жайылым мен оларды суландыру мәселелері бұдан әрі де қиындай түспек. Өйткені, сумен қамтамасыз етілмеген жайылым мал бағуға жарамсыз екендігі атам заманнан белгілі. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, уақтылы су ішпеген қой салмағын 20-35 пайызға дейін жоғалтады, ал жүн өнімділігі 16 пайызға дейін кемиді.
Жайылым жерлерді ретсіз жекешелендіру, оларды кешенді түрде пайдалануды ескермеу ауыл маңының, ағын су төңірегінің деградацияға ұшырауына әкелуде. Су тапшылығына байланысты мал басын амалсыздан шектеп ұстау жиі кездесетін болды.
Шөбі шүйгін жайлауға мал айдап, жайылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік болмай тұр. Жамбыл, Қарағанды облыстарының арасында арнайы салынған 1700 шақырымдық 7 трассаның басым бөлігі жекешеленген аумақта қалған, құдықтары жарамсыз. Оларды жалпыға бірдей етіп реттеу тетігі әлі жасала қойған жоқ.
Енді не істеу керек? Бірінші кезекте, тізімде бар суландыру құрылымдарының техникалық жағдайын зерттеп, оларды қалпына келтіру мүмкіндігін, суға қажеттіліктің соңғы жылдары қалыптасқан ерекшеліктерін анықтау қажет. Осының негізінде, алдағы 5-10 жылға мемлекеттік бағдарлама жасап, онда тиімді әдістер мен жаңа техникаларды игеру қарастырылуы тиіс.
Жаңа технологиялар ішінде Қазақстан үшін тиімділерінің бірі – жел күшімен жұмыс істейтін, электр энергиясын өндіретін су көтергіштерді орнату. Жел жылдамдығы секөнтіне 4-7 метр болғанда жұмыс істей алатын су көтергіштер отандық ғылыми-зерттеу институттарында және басқа кәсіпорындарда шығарыла бастады. Құдық тереңдігіне, тұтынушылар сұранысына байланысты басқа да шетелдік қондырғыларды орнатуға толық мүмкіндік бар. Суландыру бойынша атқарылған зерттеу нәтижелері, су көтеру, құдық тазалау тәжірибелері бағдарламаның нақтылығын арттырып, оны толықтыра алады. Олардың біразы 2003-2007 жылдары Шет ауданының мал суару аймақтарында халықаралық жоба бойынша іске асып, дұрыс нәтиже көрсетті. Бірақ, ол тәжірибе республика көлемінде кең тарамай отыр. Себебі – баяғы немқұрайдылық.
Осы жерде айта кететін нәрсе 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 36-шы бабында көрсетілгендей, уақытша жайылымдарды пайдаланушыларға тек 5 жыл мерзімге берілетіндігі қажетті гидротехникалық құрылымдарды салып, тұрақты пайдалану мүмкіндігін шектейді. Салынған немесе қалпына келтірілген жүйелерді дұрыс басқару үшін мамандандырылған жөндеу-қызмет көрсету мекемелерін ұйымдастыруды тез арада қолға алмаса болмайды. Өйткені, игі мақсатта атқарылған шаралар, жұмсалған қаржы босқа кетпей, өз өтеуін беруге тиіс. Ол үшін аудан орталықтарында немесе ауданаралық негізде мелиоративтік суландыру стансаларын құру қажет. Олар фермерлермен және агроқұ-рылымдармен келісім-шарт бойынша мал суару пункттерін пайдалану, техникалық күтімнен өткізу, құрал жабдықтармен қамтамасыз ету және жайылымдарды жақсарту жұмыстарымен айналысатын болады.
Суды құбырмен тасымалдап, таратқан жақсы, бірақ ол мал жайылымына, қазақтың кең даласын қамтуға келе бермейді. Ондай жобалар өткен ғасырдың 70-80-інші жылдары да болған. Өзін-өзі ақтамағандықтан тоқтатылған еді. Сондықтан, реті келген жерде құдықтан бас тартпауымыз керек. Оның жайылымдық мал бағуға үйлесімділігі, экономикалық тиімділігі, пайдалануға ыңғайлылығы ерекше. Тек, бұрынғыша көргенімізді, білетінімізді ғана місе тұтпай, жаңа шешімдерді де кең көлемде қолдансақ болды.
Көтеріліп отырған мәселелердің тезірек, тиянақты шешілуіне біздер – ғалымдар да тікелей мүдделіміз. Атқарылуға тиісті жұмыстардың әдістемелік жолдары, озық технологиялар жиынтығы қолда бар.
Жүзбай Қасымбеков ,техника ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.
Топырақ экологиясы да толғақты мәселе
Аманжол Тұрарбековтің мамандығы – эколог. Ол ұзақ жылдар Целиноград ауылшаруашылық институтында, Топырақтану ҒЗИ Целиноград бөлімшесінде өңір экологиясымен айналысқан, қазір Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде (ҚЭҚХСУ) профессор болып қызмет істейді. Біз ол кісімен аймақ экологиясының мәселелері жөнінде әңгімелескен едік.
– Менің экология ғылымымен, соның ішінде топырақ экологиясымен айналысқаныма ширек ғасырдан асты. Экологияны әуелі биология ғылымының бір саласы деп қарастыратын, зерттеле келе ол биологияның шеңберінен шығып, өз алдына дербес ғылым ретінде танылды ғой. Топырақтану институтында біз, ең бастысы, ұзақ жылдар бойы топырақты тұздан бейтараптандыру мәселелерімен шұғылдандық. Оның бірнеше тәсілдері бар: химиялық, агротехникалық және биологиялық. Химиялық тәсілде топырақтағы тұзды тарату үшін оған жасанды қоспаларды, соның ішінде фосфоргипсті қосуды айтады, сонда тұз тарап, топыраққа зияндылығын азайтады. Агротехникалық тәсіл деп топырақты жаңаландырып, оны түрлі сапаға өзгертуді айтамыз. Соның ішінде шірінді төгу де бар. Бірақ бұл тәсілдердің кеміс жақтары да жоқ емес. Ең бастысы, олар экономикалық жағынан тиімсіз, өйткені көп шығынды талап етеді. Ал биологиялық тәсіл деп тұзды топыраққа шыдамды өсімдіктерді егуді айтады. Экологиялық жағынан барынша тиімдісі осы әдіс. Табиғаттың адам араласпай-ақ өзін-өзі тазартатын санитарлары болады, тек соларды орнымен пайдалана білу керек. Тұзды бейтараптандыру үшін егілетін өсімдіктерді өскен соң шауып тастайды, бірақ тұзға шыдамды тамырынан ол қайта өсіп шыға береді. Әр шыққан сайын тұздың мөлшері азая береді. Тұзға төзімді мұндай өсімдіктердің қатарына кәдімгі жоңышқа да жатады. Бірақ оның да әр түрі болады, соның ішінде түйежоңышқаның тиімділігі жоғары. Ал дәнді дақылдардың ішінде арпа тұзды топырақты жақсы бейтараптандырады және өзі де тұзды топыраққа барынша бейімделіп, артынан жақсы өнім береді. Біз тәжірибе жасау барысында тұзды топыраққа егілген арпадан бір жылдары гектарынан 40 центнерге дейін өнім алдық. Ақмола облысының топырағын тұздан арылтуда химиялық әдіс тиімді екеніне көз жеткіздік. Бір гектарына 40 тоннаға дейін фосфоргипсті сепкен кездеріміз де болды. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, қымбат болуы себепті бұл экономикалық жағынан тиімсіз, бірақ ол жылдар өте келе өзін-өзі ақтайды.
– Астананы көгалдандыру жөнінде кейбір мамандар табиғаттағы барлық қоқыстар мен қалдықтарды, соның ішінде зиянды тұздарды осы жерге біреу қасақана әкеліп, үйіп қойған сияқты, елордаға егілген көптеген декоративті ағаштардың өсіп кетпеу себебі сол деседі. Осыған эколог ретінде не айтар едіңіз?
–Ондай сөздердің жаны бар. Еліміздегі топырақ құнарының әртүрлі екенін білесіздер, соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Көкшетау аймағының жері кәдімгі “тарихи қара топырақ”. Ондағы қара шіріндінің қалыңдығы 80 см-ге дейін барады. Мұндайға ылғал ғана керек, “ылғал болса – жетек ексең арба өседі” дейді мұндайды. Бірақ бұл да өте құнарлыға жатпайды, Ресейдің Краснодар өлкесіндегі қара топырақтың қалыңдығы 1 м. 20 см. Ол жерден 60-70 центнерге дейін өнім алуға болады. Кейбір Еуропа елдерінде, соның ішінде Голландиядағы қара топырақтың қалыңдығы 3 метрге дейін жетеді.
Ал Ақмола облысында “тарихи қара топырақ” Шортандыда ғана бар, ондағы шіріндінің қалыңдығы да 40-ақ см. Ылғал 400 мм-ге дейін түседі, соның арқасында өнім бар. Ал еліміздегі негізгі топырақ – қара-қоңыр топырақ. Бірақ айта кететін бір жәйт, біздің астықтың қамырлылығы жоғары, ал ылғал көп болған жерлерде бидайдың нандылығы төмендеп, көже болып кетеді.
Астана аймағының топырағын ұзақ зерттеген мен жоғарыда айтылған сөздердің шындыққа өте жақын екеніне кепілдік бере аламын. Мұндағы жердің құрамы барынша сортаң топырақты болып келеді. Онда өсімдікке зиянды нешетүрлі тұздар, ауыр металлдар бар. Кейде 5-6 жыл өсіп тұрған ағаштың өзі де аяқ астынан қурап қалғанын көруге болады. Мұның себебі тамырдың топырақ құрамындағы сорға қанығып, уланып қалғандығынан болады. Оның үстіне қазір автокөліктер түтінінен бөлінетін күкірт тотығының да зияны үлкен. Ондайдың көлемі мәшине көбейген сайын артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан да Астанада барынша нәзік, сұлу ағаштар жерсінбей, қурап қалып жатады. Бізде қымбат ағашты екпес бұрын топыраққа зерттеу жүргізіліпті дегенді естіген емеспін. Ал бұл өте қажетті үдеріс еді. Астананың сортаң топырағына жергілікті өсімдіктерден басқа мен білетін ағаштардан “Қырғыз қайыңы”, “Сары акация”, “Қара ағаш” және т.б. жақсы өседі.
– Сіз жергілікті тұрғын әрі эколог маман ретінде өзіңіздің пікірлеріңізді айттыңыз ба?
– Әрине, мен кезінде өте көп ұсыныстар жасап, Астананың экологиясын тазарту, топырағын асылдандыру туралы пікірлерімді жариялап тұрдым. Осы тақырыптағы бірнеше жиын, конференцияларға қатысып, өзімнің пікірімді білдірдім. Соның ішінде декоративті өскіндерді бұрын ағаш өскен жерлерге ғана отырғызу керектігін де айтқан едім, өйткені ол жерлердің сортаңы аз екендігін ағаштардың өзі көрсетіп тұр ғой. Бірақ біздің пікірлерімізге ешкім құлақ аса қойған жоқ. Сортаң жерлерге егілген қымбат ағаштардың көбі артынан қурап қалды. Бірақ қазір ағаш өсірушілер де маманданып алды. Олар ағаш егу үшін сортаң жерге бір метрге жуық қара топырақ төсейді, оның үстіне 40 см-дей ұсақ тас төгеді. Сөйтіп, тамыр алдымен қара топырақта күш алып, жайылып алады. Ал ылғалмен көтерілген сор ұсақ тастан өте алмай қалып қояды, сөйтіп ағашқа зиянын тигізе алмайды. Сондай-ақ тамырды үлкен себеттердегі топыраққа отырғызу тәсілін де қолданып жатыр. Бұлар ағашты жергілікті жерге бейімдеу деп аталады.
– Өзіңіз туралы не айтар едіңіз?..
– Мен осы Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Айшуақ ауылында 1940 жылы дүниеге келіппін. Айшуақ, Сабынды, Кеңбидайық деген жерлердің орталау мектебін тауысқан соң Ақмола қаласындағы Сталин атындағы жалғыз қазақ мектебінің 9-шы сыныбына келдім. Ауыл мектебінде өте жақсы оқып келген мен мұнда үлгере алмаушылар қатарынан бір-ақ шықтым. Өйткені, ол кезде химия, физика және т.б. пәндер орыс тілінде жүргізілетін. Соның ішінде ең қиыны химия болды. Бұл пәннен Лидия Александровна деген кісі берді. Тек химиялық реакция жасап, есеп шығарта береді. Тақтаға шықсам бір ауыз орысша білмейтін мен мыңқиып тұрамын. Алатын бағам “бір” мен “екі”. Содан өзімді-өзім қолға алып, химияны түсінуге тырыстым. Бір күні тақтаға шығып, барлық есепті дұрыс шығарып беріп едім, ұстазым менің есептерімді қалың көзілдірігін қолына бір алып, бір салып тұрып, қайта-қайта тексерді. Артынан Целиноград ауылшаруашылық институтының агрофагына (ЦАШИ) түскенде Лидия Александровнаның алдынан өткен мен химиядан тек “бес” алып жүретін болдым.
Біз Целиноградтың осы институтының ең алғашқы түлектеріміз. Институттан кейін біраз жыл мамандығым бойынша қызмет еттім, ал 1966 жылы ЦАШИ-дің егіншілік кафедрасына қызметке шақырылдым. 1970 жылдың басында кандидаттық диссертация қорғадым. Топырақтану ҒЗИ-да ұзақ жылдар зерттеген жұмысым артынан жабылып қалып, докторлығымды қорғай алмай қалдым.
1995 жылы Топырақтану ҒЗИ-дың біздегі филиалы жабылатын болды, сосын ауылшаруашылық академиясына ауысып, осы жерде агроэкология кафедрасының ашылуына мұрындық болдым. Екі жыл бойы барлық жерге қайта-қайта жазып, ректор Бекен Әлімжановтың келісіміне қол жеткіздік-ау, әйтеуір. Ол маған жарайды ашайық, бірақ соған студент келе ме деген еді, мен сіз аштық деп газетке хабарландыру беріңіз, келмесе басыммен жауап беремін, деген едім. Қазір, құдайға шүкір, абитуриенттер қаптап келеді. Міне, 7-8 жыл болды, қазір кафедрамыз таза экология болды, агросын алып тастадық. Биыл оған 50 адам түсті. Бітіргендер елімізде жұмыс істеп жүр, соның ішінде экологиялық полицияда қызмет ететіндер көп.
– Ғылыми еңбектеріңіз туралы да айта кетсеңіз...
– Осы уақытқа дейін бес ғылыми кітаптың жарық көруіне қатыстым. Соның ішінде “Солтүстік Қазақстан егіншілігі”, “Ауылшаруашылық экологиясының практикумы”, кейін “Жалпы экология” болып екінші рет басылған жоо студенттеріне арналған “Жалпы агроэкология” атты оқулық және т.б.
– Осы соңғы оқулығыңыз жөнінде нақтырақ айтсаңыз?
– Бұл экология жөнінде қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық. Ол 50 баспа табақтан немесе 716 беттен тұрады. Бұл оқулық менің өмір бойғы еңбегімнің қорытындысы іспеттес. Оқулық 14 бөлімнен тұрады. Ол жалпы экологияның теориялық негіздері мен тұжырымдамасынан бастап, аутэкология, демэкология, синэкология, радиоэкология және т.б. сияқты түрлеріне тоқтала отырып, Қазақстандағы барлық экологиялық мәселелерді жан-жақты қарастырған. Соның ішінде онда өзім ұзақ жылдар зерттеген топырақ экологиясы да үлкен орын алған. Оқулық студенттерге ғана емес, жалпы экологияға қызығушылық танытатын оқырмандарға пайдалы деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен