“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысына бақылау жүргізу мәселесіне арналған Мемлекеттік қаржыларды жүйелі пайдалануды бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда аталған ауқымды жобаның белгілі бір кезең аралығын қамтыған қорытындысы шығарылды. Оған аталған комиссияның төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова қатысты.
Стратегиялық маңызға ие инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру – бүгінде арнайы құрылған сарапшылар тобының айрықша назарында тұрғандығы белгілі. Бұл ретте партия мүшелері тиісті мониторинг жүргізіп, әр тоқсан сайын өткізетін кездесулерінде аталған жобаның жай-күйіне жан-жақты баға береді. Яғни, бүгінде көлік магистралі нысандарындағы ауқымды жұмыстарды сарапшылар тобының мүшелері, Парламент депутаттары, сондай-ақ, партиялық бақылау бөлімшелері атқаруда.
Отырыс барысында еліміздің Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Күтербеков комиссияның алдыңғы отырысында қабылданған ұсынымдар мен олардың орындалу барысы жөнінде баяндаса, ал аймақтық қоғамдық комиссияның жетекшілері, депутаттар Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы жол құрылысы нысандарының қазіргі таңдағы жағдайын сараптан өткізді. Мәселен, “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков өз сөзінде егер алдыңғы 3 айда көбінесе еңбек заңнамасы саласындағы заң бұзушылықтар жөнінде айтылып келсе, ендігі кезекте партиялық бақылау бөлімшелерінің барлығы құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша мән бермек, деді.
Ал “Нұр Отан” ХДП-ның еліміз Үкіметіндегі арнайы өкілі, сараптама тобының жетекшісі Владимир Дворецкий еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі комиссия ұсынымдарының басым көпшілігін жүйелі орындағанын атап өтті. Оларға жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды аталған жобаның жүзеге асырылуына тарту, Ақтөбе және Хромтау жерлеріндегі айналма жолдар құрылыстарын жобалау, жүк мәшинелерінің жүк салмағын бақылауды қамтамасыз ету секілді іс-шараларды жатқызуға болады.
Десек те, басқосуда әлі де көптеген өзекті мәселелердің күн тәртібінде тұрғандығына көз жеткізілді. Мәселен, салаға қажетті отандық мамандардың жетіспеушілігі, мердігерлердің Қазақстанның еңбек заңнамасы мен келісім-шарт міндеттемелерін дұрыс орындамауы, құрылысқа қатысты өзге де олқылықтардың орын алуы – комиссия жұмысын әлі де ширата түсуді талап етпек.
Отырыс соңында бірқатар ұсынымдарға негізделген қаулы қабылданды. Олар еліміздің Көлік және коммуникация министрігіне, жоғарыда аталған облыстар әкімдігіне және Үкіметке жіберілетін болды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.