Жанайқай
Бізді де алыстағы Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылына шұғыл сапарға алып шыққан осы хабар болатын. Редакцияға осы ауылдың жиырма алты тұрғыны қол қойған шағым хат түскен. Онда шағымданушылар ауылдағы Абай атындағы орта мектептің Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының үстіміздегі жылғы 21 мамырдағы шешімімен жабылғанын, жаңа оқу жылы басталуға азғантай уақыт қалса да құлыптаулы күйінде тұрғанын айта келіп, қазіргі пайдаланылып отырған мектеп ғимаратының апаттық жағдайда екенін жеткізеді. Хатпен қоса Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2010 жылғы 21 мамырдағы шешімі және Ақтөбе облысы соттар әкімшісі Әйтеке би аумақтық учаскесінің аға сот орындаушысы Р.Жетіруованың жасаған актісі жіберіліпті.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа мектепті жабуға талап арыз беруші Ақтөбе облыстық санитарлық-қадағалау департаменті “Әйтеке би аудандық санитарлық-қадағалау басқармасы” мемлекеттік мекемесі Абай атындағы орта мектеп ғимаратының шаруашылық қызметін тоқтатуды сұрап, төмендегідей мән-жәйді хабарлайды. “Мекеме мамандарымен осы мектептің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын тексеру барысында санитарлық-техникалық жағдайы нашар деңгейде екені анықталды. Ғимараттың төбесінің жабындысы (шифері) тозығы жеткен, жаңбыр және еріген қар суы ішке ағып, бірінші класс бөлмесі, дәліздің ауасы ылғал, сыз байқалады. Дәліздің, 11 және 9 класс бөлмелерінің төбелері майысқан, әр жерден тіреу қойылған. Алайда, сол орнатылған тіреулердің өздері құлау қаупінде тұр. Ғимараттың сыртқы кірпіштері сөгіліп, іргетасы отыра бастағаны анықталды. Мектеп құлау қаупінде, оқушылар құлаған құрылыстың астында қалуы бек мүмкін” делінген онда.
Сөйтіп, сот мектеп ғимаратының шаруашылық жұмысын кемшіліктер жойылғанға дейін тоқтатуға шешім алған.Хат жазушылардың хабарлауынша, төрт айдан бері кемшілік жойылмаған. 2010 жылғы 11 тамызда Ақтөбе облысының соттар әкімшісі Әйтеке би аудандық учаскесінің аға сот орындаушысы Р.Жетіруова Ақтөбе облысының мамандандырылған экономикалық сотымен берілген: “Абай атындағы орта мектебі” мемлекеттік мекемесінің ғимаратын пайдалануды кемшіліктер жойылғанша тоқтату туралы атқару құжатына сәйкес ғимаратты пайдалануды мәжбүрлеп тоқтатуға байланысты атқарушылық іс-әрекеттер жүргізілетінін хабарлай отырып, ғимараттың басты кіретін есігінің сыртқы жағынан үш жерден, ішкі бетінен сонша жерден сүргі салып бекітеді.Салынған сүргілердің бұзылмауына және сол күйінде сақталуына мектеп директоры Темірхан Сағындықовтың жауапты екенін ескертеді. Ал осындағы 1989 жылы салынған үш қабатты жаңа мектепті “ҚұрылысИнжинирингАқтөбе” ЖШС техникалық тексеру бойынша “апатты жағдайда, күрделі жөндеуге жатпайды” деген тұжырымдама жасайды.
Міне, ақкөлдіктердің Астанаға жолдаған арыз-шағымдарының негізгі мән-мағынасы осындай. Олардың жанайқайы қаншалықты шындыққа жанасымды екенін көзбен көрмекке келе жатып,арада бір айдай уақыт өтті, оның үстіне жаңа оқу жылы басталып кетті, құзырлы органдар жоюға пәрмен берген кемшіліктер әлдеқашан түзетілген болар деген ой да жоқ емес болатын. Облыс орталығынан 250 шақырымдай қашықтағы Ақкөл ауылына Қарабұтаққа дейін тас жолдың арқасында тез-ақ жетіп келдік. Қарабұтақтан Ақкөлге дейін отыз шақырымдай даланың жолымен тарттық. Ауылға дейін көтерме жол бар екен, бірақ, жағдайы мәз емес көрінеді.
Ақкөл ауылы әлдекімдер айтқандай, сұрқы қашып тұрған, болашағы бұлыңғыр елді мекен сияқты емес. Ақшаңқан үйлер, кіреберістегі ағаштары аспанмен таласқан шағын парк пен “Жол картасы” бағдарламасы бойынша былтыр күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ауылдың ажарын аша түскендей. Жолбасшымыз Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов және аудандық оқу бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергеновпен бірге Абай атындағы орта мектепке де келіп жеттік. Мектеп директоры Темірхан Сағындықовты болашақта қайта жарақтандырылатын мектептің сызбасын жасап жатқан жерінен ұшырастырдық . Келген шаруамызды айтқаннан кейін, бірден мектеп ғимаратымен танысуды жөн көрдік. Есіктен кіріп келе жатып дәліздің шала сырланған еденіне көзіміз түсіп кетіп, бұлар жаңа оқу жылына дайындалмағаны ма деген ой қылаң берген. Дәліз қабырғасына ілінген мектеп өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігін білдіретін ақпараттық тақталар да жаңартылмағанын көргенде ішімізді жиып алғанымыз рас. Бұл жаңа мектепті жылыту қиын болғандықтан қысқы кезде пайдалануға ыңғайластырылған бұрынғы кеңшар кеңсесі екен. Күні кешеге дейін балалар қыста осында, жазда жаңа мектепте оқытылып келіпті. Жаңа мектеп пайдалануға жарамсыз болып қалғанда толықтай осы ыңғайластырылған ғимаратқа қоныс теуіпті.
Мектеп ғимаратын аралауды мұғалімдер бөлмесінен бастадық. Басқа жағдайларды былай қойғанда, екі адам қатар өте алмайтындай тар, төбесі тесіліп, түсуге таяу, оны картон қағазбен жамаған болыпты. Ол да келісіп тұрған жоқ. Мұндай жамау-жасқау төбелерді басқа да класс бөлмелерінен көруге тура келді. Жетінші класс оқушыларына орыс тілінен сабақ өткізіліп жатыр екен. Бөлменің ортасынан тіреу қойылған, балалар ойнап жүріп сүйкене қалса, құлап түсуі де мүмкін. Оныншы класс бөлмесі де тіреудің күшімен тұр. Класс бөлмелерінің едендері сыр көрмегені байқалады. Тақталар тым ескі, интерактивті тақта туралы айтудың өзі ұят. Себебі, бұл ауылға телефон байланысы жақында келіпті. Соның өзінде де “Қазтелекомның” аудандық бөлімшесі ескілеу қондырғыны орнатқан дейді ауылдықтар. Содан да болар интернеттің жылдамдығы нашар көрінеді, компьютерді пайдаланудың өзі қиын. Мектепке дейінгі балалар тобы бөлмесі тар көрінеді. Бұл жайлы даярлық тобының тәрбиешісі Кәмшат Қарасаева пікірін білдірді.
Содан кейін ауылдықтар ауызға алған жаңа мектепті де аралап көрдік. Сыртынан қарағанда-ақ сиқы кеткен ғимараттың іші одан да өткен. Терезелері сынған, едені опырылып түскен. Іргетас отырып, қабырғалары жарылып, сыртқа қарай қисая бастапты. Кезінде сапасыз салынған ғимаратты жарамсыз деп таныған “ҚұрылысИнжинирингАқтөбе” ЖШС-нің тұжырымдамасы шындыққа келеді. Аудандық оқу бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергеновтың бұл ғимаратты бұзып алудан басқа амал жоқ деуі де қисынсыз емес сияқты.
Мектепке жиналған ауылдықтардың ішінде редакцияға жолданған щағым хатқа қол қойғандардың біразы болды. Ақкөлдіктер осында тұратын тұрғындардың ертеңіне алаңдаушылық білдірген ауылдастарын толықтай қолдайтындықтарын білдірді. Енді солардың бірқатарының пікірлеріне құлақ түрелік.
Нескен Дауылбаева, зейнеткер: – Мен хатқа қол қойғаным жоқ, бірақ, сонда да айтылғандарға толық қосыламын. Осындағы малмен күн көріп отырған халықтың қазіргі басты мәселесі – осы мектеп жайы. Егер мектеп жабылса немерелерімізді қайда оқытамыз? Басшылар мектептің жағдайын көріп жүр емес пе, ертерек ойламай ма? “Мектепке баратын бала саны жыл сайын азайып келеді” деген бос сөз. Былтыр елу сәби дүние есігін ашты дегенді естідім. Биыл да шүкіршілік алтын құрсақты келіндер шілдехана тойларын жасатып жатыр.
Бақыткерей Дәулетов, зейнеткер: – Шыны керек, Елбасы әлеуметтік саланы дамытуға қаржыны төгіп-ақ жатыр. Әңгіме жергілікті жердегі басшыларда. Әйтпесе, баспасөзден, теледидирдан жер-жерде жаңа мектептер ашылып, ескісі қайта жарақтандырылып жатқанын оқып та, тыңдап та жүрміз.Қазір жұрттың үдере көшуі тоқтады. Осы жерде табан аудармай тіршілік ету үшін мектепті жақсарту керек. Халық балаларының болашағына алаңдаулы.Ал білім күні басталғанша мектеп есігі құлыптаулы тұрғанда мұндағылардың қобалжығаны да рас.
Кенжебаев Ормантай, ата-аналар комитетінің төрағасы: – Шүкір, бауырымыздан өрген балалардан немерелер баршылық. Бұл ғимарат жетпісінші жылдары салынған, санитарлық талаптарға да, этика-эстетикаға да сай келмейді. Басқа ауылдардың балалары заманауи құралдарды пайдаланып оқып жатқанда біздің немерелеріміздің олардан мақұрым қалуы ренжітеді. “Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылыптының” күйін кеше жаздадық. Биыл мектеп ағымдағы жеңіл-желпі жөндеу көрмеді. Сот жапты деді, өрт мекемесі рұқсат бермеді деді. Әйтеуір, сабақ басталғанша бекітулі тұрды. Қалайша, тиісті орындар бір шара жасамады деген ой қынжылтады. Ғимаратты биылша пайдаланып шықсақ, келесі жылы қайта жарақтандырып, күрделі жөнделеді деп түсіндіріп кетті өткен жолы қастарыңызда жүрген аудандық білім бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергенов. Бірақ, бұдан бұрын бірде 15 млн., енді бірде 20 млн.теңге күрделі жөндеуге бөлінеді деген жауаптар келген. Арты сиырқұйымшақтанып кетті. Ал жауап хаттар менде әлі де сақтаулы. “Соқырдың тілегені екі көзі” дегендей, ауылдықтардың тілегі осы мектептің үстінде, әйтеуір.
Біз әңгімелескен ауыл тұрғындары Батырбек Бәйішев, Орынбасар Смайылов, Мұратқан Дабылдиннің де айтатындары ауыл мектебінің мүшкіл халі, басқа ештеңе дәметпейді. Қазіргі мектептің дәлізін, қосалқы шаруашылық орындарын қосқанда жалпы алаңы не бәрі 480 шаршы метр екен. Бұл санитарлық талаптың маңайына да жоламайтын көрінеді.Осыған қысылып-қымтырылып 140 бала оқытылуда. Қыста өзі тар бөлмелері ысып кетіп, қалыпты температура сақталмайды. Ыссы бөлмеден бірден далаға суыққа шыққан балалар жиі ауыратын көрінеді. Оны мектептің медбикесі де растап отыр. Мектеп жақсарса қаладан ауылға қоныс аударғысы келетіндер де бар көрінеді. Ал ауылға бет бұру жөніндегі Елбасы сөзін арқаланып қаладағы немерелерім де осында келіп оқыр еді дегендер де болды.
Ақкөлдіктер ауыз су мәселесін де, көтерме жолды тегістеу жәйін де тілге тиек етті.
Данышпан ақын Абай атындағы орта мектептің болашағы не болады дегенді Әйтеке би аудандық білім бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергенов түсіндіріп өтті.
– Бұл мектептің жағдайы облыс, аудан әкімдігінің бақылауында. Ғимарат күрделі жөндеуге келмейді, оны қайта жарақтандыру керек. Ол үшін төбесін ашып, бұрынғы құрылыстың қабырғаларын 50 сантиметрге көтеріп, жанынан жалғастырып қосымша құрылыс салу көзделуде. Сонда бұрынғы ғимараттың ішкі қабырғалары алынып, кей бөлмелер кеңейтіледі, төрт класс бөлмесі, акт залы, шағын орталық жаңадан салынады, есік-терезелері, едендері жаңартылады. Қысқа қажетті 54 тонна көмір жеткізілді.Өртке қарсы белгі беру қондырғысын орнатуға 500 мың теңге бөлінді.Оны жүргізетін мекеме тендерді жеңіп алды, енді іске кіріседі. Кемшіліктерді жою кеш те болса қолға алынуда. Ал, бұл мектепке неге көңіл бөлінбеді дегенге келсек, ауданда бұдан нашар мектептер де болды. Соларға бірінші кезекте басымдық берілді. Соңғы үш жылда ғана төрт білім мекемесі пайдалануға берілді. Биыл төртіншісін іске қосу көзделуде. Ал ауданнан бөлінген азғантай қаржыға толықтай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Бала саны аз болғандықтан мұнда Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша мектеп салу қиындау болып тұр. Сондықтан қайта жарақтандырылатын мектептің сызбасын жасау мектеп директорына тапсырылды. Сызбаны тездетіп жасап, жарамсыздық-сметалық жобалау құжаттарын дайындап, алдағы жылдың бюджетіне қосуға тезірек тапсыру керек. Өткен жолы да келіп, ауылдықтармен кездесіп биылша шыдай тұру қажеттігін түсіндіріп кеткенмін, ортақ тіл табысқан болатынбыз. Ал жаңа оқу жылына дайындықтың нашарлығы мектеп директорының жайбарақаттығынан деп ойлаймын. Кеткен кемшіліктерді жоюға нақты шаралар алынатын болады,– деді ол
Мектеп ғимаратының апаттық жағдайға жеткені болмаса, мұғалімдер ұжымы шәкірттерге білім беруде өздерінше тырысып тірлік жасауда. Биыл бітірген мектеп түлектері ҰБТ сынағында 81,6 балл жинап, аудан мектептері арасында алдыңғы үштіктен көрініпті.Соңғы екі жылда үш жас маман келіпті. Былтыр екі мұғалім облыс әкімінің грантын жеңіп алса, биыл бір мұғалім иеленіпті. Ұжымдағы отыз мұғалімнің он жетісі жоғары білімді ұстаздар. Былтыр бірінші класс табалдырығын 22 бала аттаса, биыл 16 бала партаға отырыпты.
Облыс әкімі Елеусін Сағындықов білім саласын ұдайы назарда ұстап, қаржылай қолдауды жыл сайын арттырып отырғанда, қазіргідей жағдайда мұны саланың салақ басшыларының “жауырды жаба тоқуы” демеске лаж жоқ.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.