9 000 000
теңгеге балаларға киім-кешек алынды
Бұл – “Мектепке жол” акциясы кезінде тек Қостанай қаласындағы асыраушысы жоқ және әлеуметтік аз қорғалған отбасылар балаларына көрсетілген көмек. Акцияға қалалықтар жыл сайын белсене қатысады. Биыл шара шеңберінде кәсіпорындар мен мекемелер 963 баланы су жаңа киіндіріп, қажетті оқу құралдарын алып берді.
Биыл акцияға облыс орталығындағы 200-дей ұжым қатысты. Олардың қатарында ірі өнеркәсіп кәсіпорындары мен жоғары оқу орындары, басқармалар, департаменттер, мектептер бар. Оның сыртында жеке кәсіпкерлер мен қайырымды жандар да сауапты істен сырт қалған жоқ. Шілде айының ортасынан басталған акция облыс бойынша әлі де жалғасуда. Киім-кешекке, оқу құралдарына зәру балалар әлі де бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
1 049 000
Жамбыл облысындағы халық саны 1 шілдеге осынша адамды құраған еді. Қазіргі таңда 1 миллион 50 мыңның үстіне еркін шыққаны анық.
Статистика департаментінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың 1 шілдесінде облыс халқының саны 1 миллион 049 мың адамға жетті. Оның 439,6 мыңы – қала, 610 мыңы – ауыл халқы. Өткен жылғы осы кезеңде облыс тұрғындарының саны 1 037 мың болған еді.
Халықтың табиғи өсімінің арта түсуі сияқты бұл оң көрсеткіш өңірдің әлеуметтік және экономикалық жағдайының жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын білдіреді.
Қазіргі кезде Тараз қаласы тұрғындарының саны 355 мың адам шамасында.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
997 059
Батыс Қазақстан облысында 987,60 мың тоннаның орнына 997,59 мың тонна мал азығы дайындалды немесе жоспар 101,0 пайызға орындалып отыр
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің айтуынша, бұл өткен жылғыдан едәуір артық. Айталық, 2009 жылы осы кезеңде 792,60 мың тонна шөп (80,3 пайыз) әзірленген екен. Соның салдарынан өткен қыста кейбір жерлерде мал азығы таусылып, мал баққан қауым біраз қысылған еді.
Биыл өңірде осыны болдырмау шаралары қолға алынды. Соның нәтижесінде Тасқала ауданы өз жоспарын – 108,1, Қазталов – 106,6, Жаңақала – 103,4, Жәнібек 102,3 пайызға орындаса, Қаратөбеден басқа аудандар мен Орал қаласы да межеден көрінді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
200 192
Ақмола облысындағы 381 телефон стансасында осынша нөмір бар. Оның 81331-і ауыл тұрғындарының игілігінде
Бұл цифрлар облыстың барлық аймағы телефон байланысымен қамтылғанын айғақтайды. Әрбір 100 тұрғынға шаққанда 31 нөмірден келеді. Облыстың барлық қалаларында WLL CDMA – 800 базалық радиостансасы орнатылған. Ауылдық жерлерде желісіз байланыспен қамту мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.
Бүгінде ғаламтор желісіне қосылушылар саны 37315-ке жетті. Облыстың 53 ауылы жетілдірілген “Мегалайн” қызметін пайдаланады. Мектептерді телефон байланысымен қамту толықтай шешілсе, денсаулық сақтау мекемелерінің 92,3 пайызы осы қызметті пайдаланады.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.