18 Қыркүйек, 2010

Атқарылар істер атқарылғаннан көбірек

535 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақстандық ІT компаниялардың ІІ съезі болып өтті. Съезге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Мәжіліс депутаттары қатысты. Шара барысында Қазақстандағы ІТ саласының дамуын талқылау және ІT бизнесті ынталандыру мен алға жылжытуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері сөз болды. ІТ-компаниялар съезінің алғаш­қы­сы осыдан екі жыл бұрын өт­кізілген болатын. Екі съезді де ұйымдастыру бастамасын Қазақ­стан ІТ-компанияларының қауым­дастығы көтерген-тін. ІІ съездің түске дейінгі бөлімінде Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұ­мағалиев өткізіліп отырған шара­ның маңыздылығын атап өтті. Ми­нистр өз баяндамасында АКТ са­ла­сы ел экономикасының серпінді дамып келе жатқан секторы екен­ді­гін айтты. Қалыптасқан макро­эко­номикалық жағдайда ақпарат­тан­дыру секторы 2009 жылы 90 млрд. теңгені құрады, деді ол. Дағ­дарысқа қарамастан, мемлекет әлі күнге дейін ақпараттандыру қыз­метінің негізгі тапсырыс берушісі бо­лып отыр. Өткен жылы бюджет­тен ақпараттандыру технологияла­ры­на 38,8 млрд. теңге инвестиция бөлінді. Қазіргі кезде елімізде 706 ақпараттандыру компаниясы тір­кел­ген болса, соның ішінде 423 ком­пания осы рынокта белсенді жұ­мыс атқару үстінде. 2010-2014 жыл­дарға арналған мемлекеттік ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасында ІТ саласы “ке­лешекті сектор” ретінде белгіленді. Алға қойылған мақсатты орындау үшін Байланыс және ақпарат ми­нистрлігі АКТ-ны дамытуға ар­налған салалық бағдарлама әзір­леген. Бағдарламаны Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесе отырып, сондай-ақ оны жасап шығаруға бірқатар ІТ-компаниялар, мемле­кет­тік органдар, қоғамдық және шетелдік ұйымдар жұмылдырылды. Сонымен қатар, бағдарламадағы 7 басым бағыттың алғашқылары жо­ғары технологиялық өндірісті да­мы­туға баса назар аударуға бағыт­талған, деді министр. Біз бүгінгі күні қалай жұмыс істеу керектігін айқындаған сияқтымыз. Яғни, мемлекеттің көмегінсіз, қолдауын­сыз өз күшімен қазақстандық ІТ са­ласы алға жылжи алмайды. Осы орайда мемлекет салық төлеу се­кілді түйткілді мәселелерді аздап болса да жолға қоюда. Атап айтсақ, Қаржы министрлігі мен өзге де құрылымдармен келісе отырып, амортизацияны 6 жылдан 2,5 жылға қысқарттық. Бұл шаралар тек бастауы ғана деп сендірді А.Жұмағалиев. Биылғы жылы күшіне енетін салық жеңіл­діктерінің басқа түрлерін жыл со­ңына дейін талқылайтын боламыз. Әлеуметтік салықтарға қатысты мә­селелер де қарастырылмақ. Мыса­лы, компанияларда қазақстандық өкілдер саны 90 пайызды құраса, оларға әлеуметтік салықтар нөлге дейін төмендетілуі мүмкін. Жалпы, салықтық жеңілдіктер тізімі мұны­мен тоқтап қалмайды. Тек бұл үшін екі тарап, мемлекет те, ІТ компа­ниялары да шынайы жұмыс істеуі қажет. Алдағы 3-4 жылда ІТ техно­ло­гиясы мамандарын жетілдіру, кө­бейту мақсатымен сапалы кадрлар дайындайтын 3 колледж ашылмақ. Өйткені, жалпы алғанда жоғары білім алу жақсы, дегенмен кәсіптік мамандықтарды да ұмытпаған аб­зал. Оған себеп, олар жоғары техно­логиялар өндірісін жолға қойып, оларды жинаумен, жасақтаумен, құрастырумен айналысатын бола­ды. Бұдан өзге, мемлекет жыл сайын осы сала мамандықтарын дайындайтын жоо-ларға гранттар бөледі. Біз ІТ саласының дамуына маңыз бере жүріп, бір нәрсені ұмыттық. Бұл – НИОКР. Бұрын өндіруші мен тапсырыс беруші арасында ғылыми зертханалар бол­ды. Онда компанияларға, зауыт­тар­ға қажетті заттар жасап шығарыла­тын. Осылайша екі жақ мүдделерін ортақтастыратын. Ендігі жерде мұн­дай R&D зертханалар ІТ сала­сын оқытатын барлық жоо-ларда салынатын болып келісімге келдік. Бүгінгі күні Үкімет ақпараттық қо­ғамға және инновациялық эконо­ми­каға көшуде, сонымен қатар бә­секелестікке қабілетті экспортқа не­гізделген АКТ-ның ұлттық секто­рын құруда, яғни ақпараттық-ком­муникациялық технология саласы­на да баса назар аударып отыр, деп сөзін қорытындылады министр. Қазақстандық ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исиннің айтуынша, еліміз ІТ қоғамдастығы саланы дамытуға арналған барлық бастамаларды қолдайды. Қазақстандық мазмұнды өсіруге байланысты еліміз халық­аралық талаптарға жауап беретін, әлемдік ІТ индустриядағы еңбек бөлінісінде өз орнын табады деуге үміт бар, деді ол өз баяндамасында. Съезд барысында басқа да көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, ІТ өнімдеріне деген сұра­ныс­ты жоспарлау, ІТ рыногында және жаңа жобалардағы қазақ­стан­дық мазмұнды өсіру, ІТ қызмет­терінің санын өсіру, осы сала бойынша бизнестің тиімді жұмыс жасауына ұйымдастырушы құқық­тық ортаны құру, елімізде әлемдік индустриядағы еңбек бөлінісінде өзінің орнын табу үшін ІТ сала­ларының басымдықты сегменттерін дамыту, жаңа оқу орындарын құру мен ІТ мамандықтары бойынша білім стандарттарын қайта қарау арқылы ІТ білімді жетілдіру, мем­лекет қолдауы арқылы Интернеттің қазақстандық сегментін дамыту үшін инфрақұрылым жасақтау ең өзекті мәселелер болып отыр. Бұл мәселелерді шешу жолдарын қа­рас­тыру “Зерде” ҰАКХ” АҚ алдында да тұр. Холдингтің басқарма төр­ағасы Нұрлан Измайлов өз сөзінде АКТ саласын инновациялық қол­дауды, қорлар мен технологиялар трансфертін, білім, ғылым, өндіріс­тің бірлескен өзара қарым-қаты­насын, саланың негізгі қозғаушы күші ретінде мемлекеттік қаржы­лан­дыру арқылы қолдауды атап өтті. Бұл жерде үлкен рөлді мем­лекеттік қолдау атқаратыны сөзсіз. Бірақ ІТ-компаниялардың, инно­ваторлар мен мамандардың да бас­тамасы аз әсер етпейді, деді ол. Бүгінгі қоғамның кейбір әлеу­меттік және экономикалық мәселе­леріне назар аударайық. Әлеуметтік мәселелер деп ақпараттық тең­сіздік, қазақстандық тұрғындардың сапалы білімге, сапалы медицина қыз­метіне қолжетімділігі, мемле­кет­тік электронды қызметтерге қол жетпеушілікті айтатын болсақ, эко­номикалық мәселелер ретінде ел экономикасындағы басым сала­лар­да еңбек өнімділігінің төмендігі, ескі технологиялар мен жабдық­тар­дың әлі де болса қолданылуы, ел тауарлары мен қызмет көрсету үл­гілерінің әлемдік талаптарға қара­ғанда бәсекеге қабілетсіздігі, табиғи ресурстарды тиімсіз қолдану болып табылады. Оны АКТ арқылы шешу ұсынылуда. Бүгінде АКТ экономи­каның даму катализаторы ретінде, әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралы ретінде қарастыры­лады. Осы ретте “Зерде” холдингі рөлі елімізде АКТ саласын дамыту институты, мемлекеттік тапсырыс­тар­дың операторы ретінде таныс. Сондай-ақ АКТ саласын дамы­тудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасы әзірленуде. Қорытынды бөлімде ІТ саласы дамуының басым бағыттары мен бәсекелестігі туралы сөз алған Д. Гусак тұңғыш рет бизнес өкілдері мемлекеттік органдар айтқан жаңа­лықтармен келісіп отырғандығын жеткізді. Мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығын нақтырақ сезіндік. Барлық мәселелер бойын­ша ортақ мүдделілік білінеді. Бұл ерекше, мағыналы өткен жиналыс болды, деді ол. Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов ІТ технологияға арналған 2 съездің жұмысына оң баға бере отырып, атқарылатын жұмыстың атқарылғаннан да көп екендігіне назар аударды. Айтылған ұсыныс­тарды мұқият тыңдай келе негізгі 3 сәтке назар аударуларыңызды сұ­раймын. Оның алғашқысы – білім беру жүйесін тереңнен қалып­тас­тыру. Ең бастысы білім деп қай­талады Үкімет басшысы. Жақында ғана Алматыда өткен шарада жан басына шаққандағы ІТ маманының төмен екендігі айтылды, бұл өз ке­зегінде бәсекелестіктің төмендеуіне әкеп соқтырды. Екінші назар аудара­тын мәселе, кең форматты ин­тернеттің қанат жаюы. Қалған­дары жай нәрсе. Біз бұдан қатты артта қалдық. Елімізде 16 млн. ха­лық болса, ал белорусь елінің 10 млн. халқы бар. Салыстырмалы түр­де алсақ, олар бізден кең фор­матты интернеттен әлдеқайда алда. Үшіншіден, 5-7 жылдан кейін қазіргі үстелімізде тұрған барлық темір-терсек қоқысқа кетеді. Ал бүкіл әлемдегі темір-терсекті шы­ғаратын зауыттар қайта маман­данатын болады. Өйткені, қазір біз техникалық төңкеріс алдында тұрмыз. Осы орайда, сіздер, ІТ мамандары мемлекетке осы бастан зерттеу, бағалау арқылы ел дамуын шешулеріңіз керек, деп атап көр­сетті Премьер-Министр. Сондай-ақ осы мәселе бойынша өтетін алғашқы жиналыстарға міндетті түрде қатысуға уәде берді. Съезд жұмысына 300-ден астам отандық ІT компаниялар, мемле­кет­тік органдар, ұлттық компания­лар мен қоғамдық және шетелдік ұйымдардың өкілдері қатысты. Тоқетері, ІТ технологияның кең өріс алып, өндіре жұмыс жасауына мемлекеттік қолдау қажет. Бұл осы съезде ашық айтылған көптеген мәселелерге нүкте қояр еді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.