Іскерлік байланыстар
... Шырайлы Шығысқа әкім болып келе салысымен Бердібек Сапарбаев басқарма, департамент басшыларын жинап алып, келелі кеңес өткізді. Елбасының елімізде индустриялық, сауда-экономикалық, ынтымақтастық, мәдениет, өңірлер арасындағы туризм, спорт және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың маңызына тоқталып, бүгіннен бастап еселей еңбек ету қажеттігін, демалыстың азайып, қарбалас істердің көбейетінін, әркімнің соған үлес қосуы керектігін жеткізді. Содан кейін өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы Алтайдың аудандары мен қалаларын аралап, ондағы кемшіліктерді көзге шұқып көрсетіп, әкімдерге маза бермеді. Тапсырма беріп қана қоймай, арада бірер айдан кейін қайта соғып, тапсырманың орындалу барысын тексерді. Қойшы, аудан, қала әкімдерінің бір қабат терін сығып алған соң, олар да өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын болды.
Арқырап Алтайдың қысы келді. Бұл жолғы ақшұнақ аяз жаңа әкімнің іс-қабілетін сынап көрейінші дегендей, алты айға созылды. Өңірде жарты ғасыр болмаған қалың қар түсіп, көктемде күре жолдар тіпті бір аптаға дейін жабылып қалды. Оны тазалауға Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан жүзге тарта алып техника келіп, қысылған сәтте көмектерін көрсетті. Ол-ол ма, қиыншылық әлі алда екен. Наурызда облыстың Тарбағатай, Зайсан, Күршім, басқа да елуге тарта елді мекендерде күн күрт жылып, арты тасқын суға ұласты. Әсіресе, сорлап қалған – тарбағатайлықтар. Аталмыш ауданның Көкжыра және Жәнтікей ауылдарында төрт жүзден астам тұрғын үй қирады, мыңдаған бас мал қырылды. Күршімнің Қаратоғай, Зайсанның Тасбастау ауылдарында да үйлер жарамсыз болып қалды. Қысқасы, өңір басшысы үшін “бейбіт майдан” басталды. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штаб құрылды. Елбасының қамқорлығы нәтижесінде салалық министрлер В.Божко, Ә. Құсайынов, басқа да басшылар облыста бірнеше рет болып, көмек қолдарын созды. Тек Қызылорда облысы 50 миллион теңге, бір вагон Сырдың ақ күрішін жіберді. Небәрі екі-үш айда Бердібек Мәшбекұлы Тарбағатай ауданында 13 рет сапарда болыпты. Ақыры ұйымшыл да іскер басшы бастаған команда бұл қиыншылықты да жеңіп шықты. Елбасы Н. Назарбаев жақында шырайлы Шығыста болған сапарында арнайы атбасын бұрып, Көкжыра ауылында болды, тұрғындармен жүздесіп, жаңа пәтерлерге қоныстанып жатқан қариялармен әңгімелесті. Көкжыра ауылындағы кездесуде Елбасы Н. Назарбаев сын сәтте ерекше белсенділік танытып, ұйқы-күлкі көрмей, өзінің тапсырмасын абыроймен орындаған Бердібек Мәшбекұлына жұртшылық алдында алғысын айтып, қолын қысты. Оған куә болдық та.
Хош, мұның алдында Б. Сапарбаевтың бастамасымен “Туған ел – алтын бесігім” акциясы өмірге келген еді. Өткен жылы облыстың барлық аудандары мен қалалары Өскеменге өздері шығарған ауыл шаруашылығы тағамдарын әкеліп, арзан бағаға саудалап, қалалықтарды бір жырғап тастады. Ізденгіш, іскер, үнемі бір жаңалықтарды ойлап табатын азамат Бекең бұдан кейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, еліміздің солтүстік облыстары мен Алматы қаласына барып, индустриялық, сауда-экономикалық, ынтымақтастық аясында аса маңызды құжаттарға өңір басшыларымен қол қойып, аса тиімді шараны дүниеге келтірген еді. Соның арқасында Өскемен мен Семейде шығарылатын жеңіл, автобус көліктері шет елдерге емес, өзімізге тікелей тартыла бастады. Ал өз кезегінде қажетті тауарлар Алтайға ағыла бастады. “Еруліге қарулы” дегендей, өткен жұма, сенбі күндері Сыр елінің 138 адамнан тұратын үлкен делегациясы Кенді Алтайға келді...
Алтай мен Сырдың арасы – пайдалы істің жалғасы
Өзендер өрнектеген Өскемен әсем-ақ. Қала көшелері бойындағы гүлзарлар әлі өңін бере қоймаған. Әсіресе, әуежай маңы ерекше құлпырған. Субұрқақ күміс сәулелерін шашады. Сәлден кейін ақ шағаладай самсаған күміс қанат “Ту-154” ұшағы қасиетті Алтай жеріне қонды. Алаштың анасы атанған Сыр елінен ақ сақалды ақыл иелері, абыз қариялар ішінде әнші-күйшілері, кәсіпкерлері бар 138 адам қонаққа келген екен. Оларды Қызылорда облысының іскер де тындырымды әкімі Болатбек Қуандықов бастап келді.
Алты Алашқа аты мәлім арқалы ақын Абаш Кәкенов домбырасын иығына іліп алып, арнау өлеңдерін айтты.
Сәлем бердік сіздерге Шығысты елден,
Шығысқа қонақ келсе, ырыс келген.
Ел бірлігі дегенің осы емес пе?
Қонақтар келіп жатыр күрішті елден, – деген өлең жолдары көпшілікті бір сілкіндіріп тастады. Көк түріктердің ата мекені Алтайға Қорқыт бабамыздың өзі келгендей ерекше әсерде қалдық. Облыс әкімі Б. Сапарбаев өзінің шақыруына оң қабақ танытып, қасиетті Сыр елінің азаматтарын алып келген Болатбек Қуандықов мырзаға алғысын айтты. Хош, сонымен елімізге тағы бір елдің бірлігі мен ынтымағын танытқан, отандық өнімдерді қолдаудағы ерекше жаңалық – екі облыс тұрғындары арасындағы экономикалық, сауда, мәдени жалғастық өмірге келді. Оның авторы да Бердібек Мәшбекұлы десек, қателесе қоймаймыз.
Өзендер өрнектеген Өскемен қонақтарды қайран қалдырды
“...Өскеменнің қақ төрінде хакім Абайдың алып ескерткіші асқақтайды. Көк түріктердің алтын бесігі асқар Алтайға хош келдіңіздер дегендей, ақын бабамыз жымия қарағандай. Өскемендегі Абай ескерткіші қазақтың рухын бір асқақтатып тастады. Бір көшенің бойында екі ұлы ақын Абай мен Пушкинге тас тұғыр орнатқан да өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы болатын. Жақында Елбасы Н. Назарбаев та Абай ескерткіші алдына келгенде ұлы ақынмен сырласқандай бір сәт ойлана қалған еді. “Иә, ескерткіш керемет екен” деген еді Елбасы өңір басшысына. Енді, міне, Алаштың анасы атанған Сыр елінің игі-жақсылары, азаматтары ақын рухымен пікір алысқандай.
Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов пен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған топ Абай ескерткішіне бас иіп, гүл шоқтарын қойды. Сыр елінен келген қариялар, кәсіпкерлер қаланы аралап шықты. Этнографиялық ауылға таяп қалған кезде құрылысы жалғасып жатқан еңселі де көркі көз тартатын мешітті көрген кезде жиналғандар “Алла қаласа, бұл құдай үйі еліміздегі ең үлкен мешіт болғалы тұр екен” десті.
– Аталмыш мешітті қала тұрғындары мен іскер адамдардың қаржысына тұрғызып жатырмыз. Айтқа дейін бітіре алмадық. Келер жыл ол толық аяқталмақ, – деді өңір басшысы Б. Сапарбаев.
Мешіттің жанындағы мұражай бұрын қоқыс төгетін жер болған. Енді адам таөнымастай құлпырған. 40 гектарды алып жатқан жерде қорық-мұражай бой көтеріп келеді. Хайуанаттар бағы, дендробақ, ботаникалық бақ, тіпті әскери техникалар мен классикалық үлгідегі саз аллеясы да бой көтермек. Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы ботаникалық бақ жанынан ислам, жапон бағының да бой көтеретінін хабарлады. Алдағы уақытта қосымша төрт бақ ашу ойда бар, деді облыс әкімі.
Этнографиялық ауылды аралаған кезде келген қонақтар сүйініштерін жасыра алмады. Қаз-қатар тізілген әдемі де айшықты үйлер жаңа үлгіде бой көтерген. Міне, мынау орыстың, ал келесісі қазақтың, одан кейін – еврей, өзбек, кәріс, татардың үйлері. Олардағы жандар бір-бірімен тату, ынтымақта тұрмақ.
– Кенді Алтайда 130 ұлттың өкілдері тұрады. Өскемендегі Достық үйі елімізде бірінші болып ашылған, оның ашылуына Елбасы Н. Назарбаев келіп қатысып, тұсауын кескен. Қазір бізде 75 мәдени-ұлттық орталықтар бар. Этноауылды ашқандағы мақсат, орталықтар өкілдерінің бір жерде бас қосып, маңызды шараларды бірге өткізуіне жағдай жасау, өз тәжірибемізді бөлісу. Бұл жерде 38 ұлттық үйлер қоныс тебеді, қазір 14-і әзір тұр, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
– Бұл этноауылды Қазақстанның барлық облыстары өздеріне салып алса керемет болар еді. Бердібек бауырымның бұрындары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында әкім болған кезінде талай құнды бастамаларды дүниеге әкелгенін жақсы білемін. Шырайлы Шығыстың өркендеуі мен гүлденуіне де ерекше үлес қосып жатыр екен, – деп бір әредікте Қызылорадан келген Жарылқасын Шарипов ағамыз ағынан жарылды.
Шаңырақ көтергелі жатқан Жандос деген азамат жұбайы Ақботамен бірге этноауылды аралап жүр екен. Екеуі қос әкіммен ескерткіш суретке түсті. Бердібек Мәшбекұлы мен Болатбек Баянұлы жас шаңырақ иелеріне бақыт тіледі...
Түске дейін қонақтар саябақ жанына бой көтерген “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып берген теннис кортын (барлығы алтау) тамашалады. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Қан майданда Кенді Алтайдың 83 мың жауынгері елге оралмаған, 109 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанған. Сол күні түстен кейін қызылордалық делегация Үлбі металлургия зауыты, “Казцинк” және “Азия-авто” зауыттарын аралап, олар шығаратын өнімдерді көрді.
– Өндірісі өркен жайған Өскемен бізді ертеден қызықтырған. Енді келдік, көзбен көрдік, көптеген екіжақты келісімдерге қол қоямыз, ол екі облыстың ғана емес, Қазақстанның индустриялық картасын өркендетуде ерекше орын алмақ, – деді өңір басшысы Б. Қуандықов ақпарат құралдары өкілдеріне.
Шынында да, Қызылордада екі алып кәсіпорынға қажет шикізат қоры мол көрінеді. Уран өндірумен айналысатын Қызылорда бұдан былай іскерлік қатынасты дамыта түспек. Шалқия кен орнында мырыштың мол қоры бар. Екі жыл бойы тоқтап қалған кеніштің жұмысын қайта жандандыру ойда бар көрінеді. Биыл Қызылорда облысы бойынша индустрияландыру картасына 245 миллиард теңгені құрайтын 54 жоба ұсынылған екен. Оның 12-сі биыл іске қосылмақ. Бұдан кейін келген қонақтар “Қазақмыс” корпорациясы қаржысына күрделі жөндеуден өткен тамаша “Восток” стадионын тамашалады.
Меморандум – молшылық кепілі
...Өзіміз де ойлағанбыз, бұл жолғы қызылордалықтардың барыс-келісі экономиканы өркендетуге, екі облыс арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, ынтымақты нығайта береді ғой деп. Түйсігіміз алдамаған екен. Бұдан былай шырайлы Шығыс шет елдерден қымбат бағалы күріш пен жүн-теріні, басқа да тауарларды сатып алуға тәуелді емес. Өз кезегінде Сыр елі бізден жеңіл-көліктер мен тракторларды, автобустарды жеңілдікпен алмақ. Бір ғана мысал! Мәселен, Өскемендегі “Азия-авто” зауыты қазір жеңіл көліктердің онға тарта түрін шығарып жатыр. Олардың арасында “Шкода”, “Киа”, “Шевролет-Крузо”, тіпті “Кадиллак” пен “Хаммер” көліктері бар. Ал Семейдегі “СемАЗ” зауыты да “Беларусь” тракторлары мен “Даэво” автобустарын шығарады. Олардың бағасы да арзан. Ол ол ма, түсті металлургия алыптары шығаратын өнімдерді де қызылордалықтардың жеңілдікпен алуларына жағдай жасалынбақ.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің “Алтай” технопаркінде қос облыстың әкімдері өзара уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл жер қасиетті жер, жақында ғана Ресей мен Қазақстан Президенттері Д. Медведев пен Н. Назарбаев екі ел арасында өзара ынтымақты арттыру жөнінде ондаған келісімдерге қол қойған.
Кездесу нәтижесінде Б.Сапарбаев пен Б.Қуандықов Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары әкімдіктері арасындағы индустриялық сауда-экономикалық ынтымақтастық, мәдениет, өңірлер арасындағы туризм, спорт және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Онда жоғарыда айтылған мәселелер қамтылған. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков пен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов екі облыс әкімдігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекітті. Бұл басқосуда “Азия-авто” ЖШС мен “Best Авто” ЖШС директорлары дилерлік сатулар мен қызмет көрсету,”Ақтас-І” шаруа қожалығы мен “Семей тері комбинаты” ЖШС ірі қара мен қой терісін жеткізу, “Дихан” күріш компаниясы ЖШС мен жеке кәсіпкер Бейсен Ищанов ішкі рынокты реттеу және Кенді Алтайға келетін күріш бағасының өсуін тұрақтандыру жөніндегі келісімдерге қол қойды.
– Дәл осындай ауқымды, кең көлемдегі кездесу мен жылы жүзді жүздесулер тұңғыш рет өтіп отыр. Ал бүгінгі құжаттар сөз жүзінде қалмауы керек, Болатбек Баянұлы екеуміз де меморандум шарттарының орындалуын қадағалаймыз. Өткен жылы Қызылордаға барғанда бірнеше тиімді шарттар жасалынған. Ол нәтижесін берді. Алдағы уақтытта басқа облыстармен де өзара ынтымақтастық жалғаса бермек, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
– Мұндай кең ауқымды пайдалы кездесу облыс тарихында тұңғыш рет өтіп отыр. Сол үшін облыс әкімі Б. Сапарбаевқа айтар алғысым ерекше. Өз кезегінде сіздерді де қасиетті Сыр еліне келуге шақырамын. Қала адам танымастай өзгерген, өркендей түскен. Түсті металлургияның отаны – Шығыстың ел экономикасына қосқан үлесі ерекше. Индустрияландыру картасы бойынша Шығыс өңірінде керемет өзгерістер болып жатыр, оған көз жеткіздік. Қазақстанның өсіп-өркендей беруі абыройымызды асқақтата бермек, – деді Қызылорда облысының әкімі Б. Қуандықов.
“Аңсатса Сыр өңірі, ән тербер жүрегіңді...”
“Сыр – Алаштың анасы” атты концерттік бағдарламаны тамашалаймыз дегендер “Место” демалыс орталығына сыймай кетті. Себебі белгілі, Сыр елінің сүлейлері, жыршы, жыраулары, күміс көмей әншілерінің атақ-даңқы бүкіл елге белгілі. Тіпті 88-дегі Алтайдың Абыз ақсақалы, еңбек Ері, атақты колхозшы, атбегі Бошай Кітапбаев та таяғына сүйеніп, концертті тамашалауға келіпті. Бошекеңнің жанына Қызылордадан келген қонақтар жайғасыпты. Соның бірі – қызылордалық сыйлы қария Олжабай Сапарбаев.
– Бердібек баламыздың іс-әрекеттері “Егемен Қазақстан” газеті арқылы, теледидар арқылы бізге жақсы таныс. Алтайдағы қатал қыстан сүріндірмей алып шықты, әйтеуір халық аман. Өскемен кереметтей өзгеріпті. Көзбен көрдік, риза болдық, – дейді Олжабай ағамыз.
– Бердібек сияқты іскер, халықтың азаматы әлі де үш-төрт жылдай Алтайда еңбек етсе, көп істер тындырар еді, осындай ұл тәрбиелеген сіздерге де үлкен алғыс айтамын, – деп ағынан жарылды Бошай ақсақал.
Хош, сонымен концерт басталып та кетті.
Екі сағаттың қалай өте шыққанын аңғармай да қалдық. Сахна төріне Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов көтерілді.
– Елбасының сенімді серігі, оның қолдауына ие болған өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлының шақыруы бойынша Алаш жұртының анасы атанған Сыр елінің өнерпаздары Алтайдың бөктеріне келіп, ән мен жырдан шашу шашуда. Делегация құрамында басқарма басшылары, мекеме, ұжым жетекшілері бар. Бүгін бірқатар келісімдерге қол қойылды. Сыр елі мен қасиетті Алтай қол ұстасты. Өскеменде бұдан екі жыл бұрын болған едім. Бір жарым жыл ішінде облыс басшысы Б. Сапарбаевтың көп істер тындырып, халықтың алғысына ие болғанын көзбен көріп, риза болдық. Сонау 1995 жылы Бердібек Мәшбекұлы Қызылорда облысын басқарған кезде еліміз ауыр күндерді бастан кешіп жатқан. Халық айлығы мен зейнетақысын уақтылы алмайтын, сол кездің өзінде Бекең ағамыз қарым-қабілетін танытып, бұл қиындықты жеңе білген. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған кезде де оның табысына қуанып отырдық. Өткен жылы облыстық мәслихат Бекеңнің ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, оған “Қызылорда облысының құрметті азаматы” деген атақты берген еді. Соны табыстаудың реті бүгін келіп тұр. Жалпы, Сыр елінің халқы Бердібек Мәшбекұлын “Елбасының сенімді серігі әрі Сыр елінің азаматы” деп орынды мақтан тұтады. Ендеше, құрметті атақты табыстауға рұқсат етіңіздер, деп ата салтымен құрметті атақты табыс етіп, иығына шапан жапты.
– Шынымды айтсам, талай мәртебелі жиындарда ортаға шығып, сөз алған кезде дәл қазіргідей толқымаған едім. Шырайлы Шығысқа Сыр елінің азаматтары келіп жатыр. Бүгін талай құнды келісімдерге қол қойылды. Елбасы Н. Назарбаев кездесулерде үнемі Отандық тауарды қорғау, басқаларға жалтақтамай, бір-бірімізбен қарым-қатынас жасауды тапсырады. Бүгін мұнда өз ағаларым, міне, Ыдырыс аға да келіпті, сіздерге рахмет. Кешегі қиын кезде бірінші болып көмек бердіңіздер, 50 миллион теңге, бір вагон Сырдың ақ маржанын жібердіңіздер. Маған көрсеткен зор құрметтеріңіз үшін өзімнің жеке басымның және отбасының атынан барлық Сыр елінің халқына мың да бір алғыс айтамын, – деп тебіренді жалғыз Сыр елі ғана емес, Алтайдың да ақиық азаматы атанған Бердібек Мәшбекұлы.
Несін айтасыз, екі күн бойы Өскеменнің көшелерінде Сыр елінің ән-жыры қалықтап тұрды. Ертеңінде Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов бастаған топ Металлургтер Мәдениет сарайы алдында “Туған ел – алтын бесігім” акциясы аясында Бородулиха ауданы еңбекшілері өсірген ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесіне, концертіне қатысты. Бородулиха ауданының әкімі Талап Қасымов бүгінгі жәрмеңкеге 25 тонна ет, 20 тонна көкөніс, бал, сыр, қауын-қарбыз әкелгендерін айтты. Екі қазан палау, ыстық шәй мен бауырсақ қала халқына тегін берілді. Биылғы “Туған ел – алтын бесігім” акциясының ерекшеліктеріне өңір басшысы Б. Сапарбаев тоқтала кетіп, Семей мен Өскеменде қатар өтетініне мән берді. Мәселен, Семейде Зырян қаласы мен Күршім ауданының, ал Өскеменде Бесқарағай мен Бородулиха аудандарының мәдени күндері өтті. Ол жыл аяғына дейін созылмақ. “Бұл акцияны біз де қолданармыз” дегенді айтып қалды келген қонақтар...
Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.
-----------------------------
Суреттерді түсірген автор.