21 Қыркүйек, 2010

Сыр – Алаштың анасы, Алтай – Көктүріктің панасы

899 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Іскерлік байланыстар ... Шырайлы Шығысқа әкім болып келе са­лы­сымен Бердібек Сапарбаев басқарма, департа­мент басшыларын жинап алып, келелі кеңес өткізді. Елбасының елімізде индустриялық, сауда-эко­но­микалық, ынтымақтастық, мәдениет, өңір­лер ара­сын­дағы туризм, спорт және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың маңызына тоқталып, бүгіннен бастап еселей еңбек ету қа­жет­­т­ігін, демалыстың азайып, қар­ба­лас істердің кө­­бейетінін, әркімнің соған үлес қо­суы керектігін жеткізді. Содан кейін өңір бас­шысы Бердібек Мәш­­бекұлы Алтайдың аудандары мен қалаларын аралап, ондағы кемшіліктерді көзге шұқып көрсетіп, әкім­дерге маза бермеді. Тапсырма беріп қана қой­май, арада бірер айдан кейін қайта соғып, тап­сыр­маның орындалу ба­рысын тексерді. Қойшы, аудан, қала әкімдерінің бір қабат терін сығып алған соң, олар да өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын болды. Арқырап Алтайдың қысы келді. Бұл жолғы ақ­шұ­нақ аяз жаңа әкімнің іс-қабілетін сынап кө­рей­­інші дегендей, алты айға созылды. Өңірде жарты ға­сыр болмаған қалың қар түсіп, көктемде күре жолдар тіпті бір аптаға дейін жабылып қалды. Оны тазалауға Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қара­ған­ды облыстарынан жүзге тарта алып техника келіп, қысылған сәтте көмектерін көрсетті. Ол-ол ма, қи­ын­шылық әлі алда екен. Наурызда облыстың Тар­ба­ғатай, Зайсан, Күршім, басқа да елуге тарта елді мекендерде күн күрт жылып, арты тасқын суға ұласты. Әсіресе, сорлап қалған – тарбағатайлықтар. Аталмыш ауданның Көкжыра және Жәнтікей ауылдарында төрт жүзден астам тұрғын үй қирады, мыңдаған бас мал қырылды. Күршімнің Қаратоғай, Зайсанның Тасбастау ауылдарында да үйлер жарам­сыз болып қалды. Қысқасы, өңір басшысы үшін “бейбіт майдан” басталды. Төтенше жағдайлар жө­ніндегі облыстық штаб құрылды. Елбасының қам­қор­лығы нәти­жесінде салалық министрлер В.Божко, Ә. Құсайы­нов, басқа да басшылар облыста бірнеше рет болып, көмек қолдарын созды. Тек Қызылорда об­лысы 50 миллион теңге, бір вагон Сырдың ақ күрішін жіберді. Небәрі екі-үш айда Бердібек Мәшбекұлы Тарбағатай ау­да­нында 13 рет сапарда болыпты. Ақыры ұйымшыл да іскер басшы бастаған команда бұл қи­ыншылықты да жеңіп шықты. Елбасы Н. Назарбаев жақында шы­райлы Шығыста болған сапарында арнайы атбасын бұрып, Көкжыра ауылында болды, тұрғындармен жүздесіп, жаңа пәтерлерге қоныс­танып жатқан қариялармен әңгіме­­лесті. Көкжыра ауылындағы кездесуде Елбасы Н. Назарбаев сын сәтте ерекше белсенділік танытып, ұйқы-күлкі көрмей, өзінің тапсырмасын абыроймен орындаған Бердібек Мәшбекұлына жұртшылық алдында алғысын айтып, қолын қысты. Оған куә болдық та. Хош, мұның алдында Б. Сапарбаевтың баста­масымен “Туған ел – алтын бесігім” акциясы өмірге келген еді. Өткен жылы облыстың барлық аудан­дары мен қалалары Өскеменге өздері шығарған ауыл шаруашылығы тағамдарын әкеліп, арзан бағаға сау­далап, қалалықтарды бір жырғап тастады. Ізденгіш, іскер, үнемі бір жаңалықтарды ойлап таба­­тын азамат Бекең бұдан кейін Қызыл­орда, Оңтүстік Қазақстан, еліміздің солтүстік об­лыстары мен Алматы қаласына барып, индустрия­лық, сауда-экономикалық, ынты­мақ­тастық ая­сында аса ма­ңызды құжаттарға өңір басшыла­ры­мен қол қойып, аса тиімді шараны дү­ниеге кел­тірген еді. Соның арқасында Өскемен мен Семейде шығарылатын жеңіл, автобус көліктері шет елдерге емес, өзімізге тікелей тартыла бастады. Ал өз кезегінде қажетті тауарлар Алтайға ағыла бастады. “Еруліге қарулы” дегендей, өткен жұма, сенбі күн­дері Сыр елінің 138 адамнан тұратын үлкен делегациясы Кенді Алтайға келді... Алтай мен Сырдың арасы – пайдалы істің жалғасы Өзендер өрнектеген Өскемен әсем-ақ. Қала көшелері бойындағы гүлзарлар әлі өңін бере қоймаған. Әсіресе, әуежай маңы ерекше құлпыр­ған. Субұрқақ күміс сәулелерін шашады. Сәлден кейін ақ шағаладай самсаған күміс қанат “Ту-154” ұшағы қасиетті Алтай жеріне қонды. Алаш­тың анасы атанған Сыр елінен ақ сақалды ақыл иелері, абыз қариялар ішінде әнші-күйшілері, кә­сіп­керлері бар 138 адам қонаққа келген екен. Олар­ды Қызылорда облысының іскер де тын­ды­рымды әкімі Болатбек Қуандықов бастап келді. Алты Алашқа аты мәлім арқалы ақын Абаш Кәкенов домбырасын иығына іліп алып, арнау өлеңдерін айтты. Сәлем бердік сіздерге Шығысты елден, Шығысқа қонақ келсе, ырыс келген. Ел бірлігі дегенің осы емес пе? Қонақтар келіп жатыр күрішті елден, – деген өлең жолдары көпшілікті бір сілкіндіріп тастады. Көк түріктердің ата мекені Алтайға Қорқыт ба­ба­мыздың өзі келгендей ерекше әсерде қалдық. Облыс әкімі Б. Сапарбаев өзінің шақыруына оң қабақ танытып, қасиетті Сыр елінің азаматтарын алып келген Болатбек Қуандықов мырзаға ал­ғы­сын айтты. Хош, сонымен елімізге тағы бір елдің бірлігі мен ынтымағын танытқан, отандық өнім­дерді қолдаудағы ерекше жаңалық – екі облыс тұрғындары арасындағы экономикалық, сауда, мәдени жалғастық өмірге келді. Оның авторы да Бердібек Мәшбекұлы десек, қателесе қоймаймыз. Өзендер өрнектеген Өскемен қонақтарды қайран қалдырды “...Өскеменнің қақ төрінде хакім Абайдың алып ескерткіші асқақтайды. Көк түріктердің алтын бесігі асқар Алтайға хош келдіңіздер дегендей, ақын бабамыз жымия қарағандай. Өскемендегі Абай ескерткіші қазақтың рухын бір асқақтатып тастады. Бір көшенің бойында екі ұлы ақын Абай мен Пушкинге тас тұғыр орнатқан да өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы болатын. Жақында Елбасы Н. На­зар­баев та Абай ескерт­кіші алдына келгенде ұлы ақ­ын­мен сырласқандай бір сәт ойлана қалған еді. “Иә, ес­керткіш керемет екен” де­ген еді Елбасы өңір бас­шы­сына. Енді, міне, Алаш­тың анасы атанған Сыр елі­нің игі-жақсылары, аза­мат­­тары ақын рухымен пікір алыс­­қандай. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуан­ды­қов пен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған топ Абай ескерткішіне бас иіп, гүл шоқтарын қой­ды. Сыр елінен келген қа­риялар, кәсіпкерлер қа­ла­ны аралап шықты. Этно­гра­фиялық ауылға таяп қал­ған кезде құрылысы жалға­сып жатқан еңселі де көр­кі көз тартатын ме­шіт­ті көрген кез­де жи­нал­ған­дар “Алла қа­­ласа, бұл құдай үйі еліміз­дегі ең үлкен мешіт болғалы тұр екен” десті. – Аталмыш ме­­­шітті қа­ла тұрғын­да­ры мен іскер адам­дардың қаржысына тұр­ғызып жатырмыз. Айтқа дей­ін бітіре алмадық. Келер жыл ол толық аяқталмақ, – де­ді өңір басшысы Б. Сапар­баев. Мешіттің жа­нын­­дағы мұ­­­ражай бұрын қоқыс тө­ге­­тін жер болған. Енді адам та­­­­­өнымастай құлпырған. 40 гек­тарды алып жат­қан жерде қорық-мұ­ражай бой көтеріп келеді. Хайуанаттар ба­ғы, дендробақ, бо­таникалық бақ, тіпті әскери тех­ни­калар мен класси­ка­лық үл­гідегі саз ал­леясы да бой кө­тер­мек. Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы ботани­калық бақ жа­нынан ислам, жапон бағы­ның да бой кө­те­ре­­тінін хабарлады. Ал­дағы уақытта қо­сым­ша төрт бақ ашу ойда бар, деді облыс әкімі. Этнографиялық ау­­ылды аралаған кез­де келген қонақтар сүй­­ініштерін жасыра ал­мады. Қаз-қатар ті­зіл­ген әдемі де ай­шық­­ты үйлер жаңа үлгіде бой көтерген. Міне, мы­нау орыстың, ал келесісі қа­зақтың, одан кейін – еврей, өзбек, кәріс, татардың үйлері. Олар­­дағы жандар бір-бірімен тату, ынтымақта тұрмақ. – Кенді Алтайда 130 ұлттың өкілдері тұрады. Өскемендегі Достық үйі елімізде бірінші болып аш­ылған, оның ашылуына Елбасы Н. Назарбаев келіп қатысып, тұсауын кескен. Қазір бізде 75 мәдени-ұлттық орталықтар бар. Этноауылды ашқандағы мақсат, орталықтар өкілдерінің бір жерде бас қосып, маңызды шараларды бірге өткізуіне жағдай жасау, өз тәжірибемізді бөлісу. Бұл жерде 38 ұлттық үйлер қоныс тебеді, қазір 14-і әзір тұр, – деді Бердібек Мәшбекұлы. – Бұл этноауылды Қазақстанның барлық облыстары өздеріне салып алса керемет болар еді. Бердібек бауырымның бұрындары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында әкім болған ке­зінде талай құнды бастамаларды дүниеге әкел­генін жақсы білемін. Шырайлы Шығыстың өр­кен­деуі мен гүлденуіне де ерекше үлес қосып жа­тыр екен, – деп бір әредікте Қызылорадан келген Жарылқасын Шарипов ағамыз ағынан жарылды. Шаңырақ көтергелі жатқан Жандос деген аза­мат жұбайы Ақботамен бірге этноауылды аралап жүр екен. Екеуі қос әкіммен ескерткіш суретке түсті. Бердібек Мәшбекұлы мен Болатбек Баян­ұлы жас шаңырақ иелеріне бақыт тіледі... Түске дейін қонақтар саябақ жанына бой кө­терген “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып берген теннис кортын (барлығы алтау) тамашалады. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Қан майданда Кенді Алтайдың 83 мың жауынгері елге оралмаған, 109 жерлесіміз Кеңес Одағының Баты­ры атанған. Сол күні түстен кейін қызылордалық делегация Үлбі металлургия зауыты, “Казцинк” және “Азия-авто” зауыттарын аралап, олар шығаратын өнімдерді көрді. – Өндірісі өркен жайған Өскемен бізді ертеден қызықтырған. Енді келдік, көзбен көрдік, көптеген екіжақты келісімдерге қол қоямыз, ол екі облыстың ғана емес, Қазақстанның индустриялық картасын өркендетуде ерекше орын алмақ, – деді өңір бас­шысы Б. Қуандықов ақпарат құралдары өкілдеріне. Шынында да, Қызылордада екі алып кәсіп­орын­ға қажет шикізат қоры мол көрінеді. Уран өн­дірумен айналысатын Қызылорда бұдан былай іс­керлік қатынасты дамыта түспек. Шалқия кен ор­нында мырыштың мол қоры бар. Екі жыл бойы тоқтап қалған кеніштің жұмысын қайта жандан­дыру ойда бар көрінеді. Биыл Қызылорда облысы бой­ынша индустрияландыру картасына 245 миллиард теңгені құрайтын 54 жоба ұсынылған екен. Оның 12-сі биыл іске қосылмақ. Бұдан кейін келген қонақтар “Қазақмыс” корпорациясы қаржысына күрделі жөндеуден өткен тамаша “Восток” ста­дионын тамашалады. Меморандум – молшылық кепілі ...Өзіміз де ойлағанбыз, бұл жолғы қызыл­ор­далықтардың барыс-келісі экономиканы өр­кен­детуге, екі облыс арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, ынтымақты нығайта береді ғой деп. Түйсігіміз алдамаған екен. Бұдан былай шырайлы Шығыс шет елдерден қымбат бағалы күріш пен жүн-теріні, басқа да тауарларды сатып алуға тәу­елді емес. Өз кезегінде Сыр елі бізден жеңіл-кө­лік­тер мен тракторларды, автобустарды жеңілдік­пен алмақ. Бір ғана мысал! Мәселен, Өскемендегі “Азия-авто” зауыты қазір жеңіл көліктердің онға тарта түрін шығарып жатыр. Олардың арасында “Шкода”, “Киа”, “Шевролет-Крузо”, тіпті “Ка­дил­лак” пен “Хаммер” көліктері бар. Ал Семей­­дегі “СемАЗ” зауыты да “Беларусь” тракторлары мен “Даэво” автобустарын шығарады. Олардың ба­ғасы да арзан. Ол ол ма, түсті металлургия ал­ыптары шығаратын өнімдерді де қызыл­орд­а­лықтардың жеңілдікпен алуларына жағдай жасалынбақ. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік техникалық университетінің “Алтай” тех­но­паркінде қос облыстың әкімдері өзара уағда­лас­тыққа қол жеткізді. Бұл жер қасиетті жер, жақында ғана Ресей мен Қазақстан Президенттері Д. Мед­ве­дев пен Н. Назарбаев екі ел арасында өзара ынты­мақ­ты арттыру жөнінде ондаған келісімдерге қол қойған. Кездесу нәтижесінде Б.Сапарбаев пен Б.Қуан­­­дықов Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыс­тары әкімдіктері арасындағы индустриялық сауда-экономикалық ынтымақтастық, мәдениет, өңірлер арасындағы туризм, спорт және кәсіпкерлікті да­мыту сала­сындағы өзара түсіністік пен ын­тымақ­тастық туралы меморандумға қол қойды. Онда жоғарыда айтылған мәселелер қамтылған. Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Түсіпхан Тү­сіпбеков пен Қызылорда облысы әкімінің орын­ба­сары Мұрат Мұхамедов екі облыс әкімдігі арасын­дағы туризм саласындағы ынтымақтас­тық туралы келісімді бекітті. Бұл бас­қо­суда “Азия-авто” ЖШС мен “Best Авто” ЖШС директорлары дилерлік сатулар мен қызмет көрсету,”Ақтас-І” шаруа қожалығы мен “Семей тері комбинаты” ЖШС ірі қара мен қой терісін жеткізу, “Дихан” күріш компаниясы ЖШС мен жеке кәсіпкер Бейсен Ищанов ішкі рынокты реттеу және Кенді Алтайға келетін күріш бағасының өсуін тұрақтан­ды­ру жөніндегі келісімдерге қол қойды. – Дәл осындай ауқымды, кең кө­лем­дегі кез­десу мен жылы жүзді жүз­де­сулер тұңғыш рет өтіп отыр. Ал бүгінгі құжаттар сөз жү­зінде қалмауы керек, Бо­латбек Баянұлы екеуміз де мемо­ран­дум шартта­­рының орындалуын қа­да­ғалаймыз. Өткен жылы Қызылордаға барғанда бірнеше тиімді шарттар жаса­лынған. Ол нәтижесін берді. Алдағы уақтытта басқа облыстармен де өзара ынтымақ­тастық жалғаса бермек, – деді Бердібек Мәшбекұлы. – Мұндай кең ауқымды пайдалы кездесу облыс тарихында тұңғыш рет өтіп отыр. Сол үшін облыс әкімі Б. Сапарбаевқа айтар алғысым ерек­­ше. Өз кезегінде сіздерді де қасиетті Сыр еліне ке­луге шақырамын. Қала адам танымастай өзгер­ген, өркендей түскен. Түсті металлургияның ота­ны – Шығыстың ел экономикасына қосқан үлесі ерекше. Индустрияландыру картасы бойынша Шығыс өңірінде керемет өзгерістер болып жатыр, оған көз жеткіздік. Қазақстанның өсіп-өркендей беруі абыройымызды асқақтата бермек, – деді Қызылорда облысының әкімі Б. Қуандықов. “Аңсатса Сыр өңірі, ән тербер жүрегіңді...” “Сыр – Алаштың анасы” атты концерттік бағдарламаны тамашалаймыз дегендер “Место” демалыс орталығына сыймай кетті. Себебі белгілі, Сыр елінің сүлейлері, жыршы, жыраулары, күміс көмей әншілерінің атақ-даңқы бүкіл елге белгілі. Тіпті 88-дегі Алтайдың Абыз ақсақалы, еңбек Ері, атақты колхозшы, атбегі Бошай Кітапбаев та тая­ғы­на сүйеніп, концертті тамашалауға келіпті. Бо­шекеңнің жанына Қызылордадан келген қонақтар жайғасыпты. Соның бірі – қызылордалық сыйлы қария Олжабай Сапарбаев. – Бердібек баламыздың іс-әрекеттері “Егемен Қазақстан” газеті арқылы, теледидар арқылы бізге жақсы таныс. Алтайдағы қатал қыстан сүрін­дірмей алып шықты, әйтеуір халық аман. Өскемен кере­меттей өзгеріпті. Көзбен көрдік, риза болдық, – дейді Олжабай ағамыз. – Бердібек сияқты іскер, халықтың азаматы әлі де үш-төрт жылдай Алтайда еңбек етсе, көп істер тындырар еді, осындай ұл тәрбиелеген сіздерге де үлкен алғыс айтамын, – деп ағынан жарылды Бошай ақсақал. Хош, сонымен концерт басталып та кетті. Екі сағаттың қалай өте шыққанын аңғармай да қалдық. Сахна төріне Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов көтерілді. – Елбасының сенімді серігі, оның қолдауына ие болған өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлының шақыруы бойынша Алаш жұртының анасы атанған Сыр елінің өнерпаздары Алтайдың бөктеріне келіп, ән мен жырдан шашу шашуда. Делегация құрамында басқарма басшылары, мекеме, ұжым жетекшілері бар. Бүгін бірқатар келісімдерге қол қойылды. Сыр елі мен қасиетті Алтай қол ұстасты. Өскеменде бұдан екі жыл бұрын болған едім. Бір жарым жыл ішінде облыс басшысы Б. Сапар­баевтың көп істер тын­­дырып, халықтың алғысына ие болғанын көзбен кө­ріп, риза болдық. Сонау 1995 жылы Бердібек Мәшбекұлы Қызылорда облысын басқарған кезде еліміз ауыр күндерді бастан кешіп жатқан. Халық айлығы мен зейнетақысын уақтылы алмайтын, сол кездің өзінде Бекең ағамыз қарым-қабілетін та­нытып, бұл қиындықты жеңе білген. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған кезде де оның табысына қуанып отырдық. Өткен жылы облыстық мәслихат Бекеңнің ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, оған “Қызылорда облысының құрметті аза­маты” деген атақты берген еді. Соны табыстаудың реті бүгін келіп тұр. Жалпы, Сыр елінің халқы Бердібек Мәш­бек­ұлын “Елбасының сенімді серігі әрі Сыр елінің аза­маты” деп орынды мақтан тұтады. Ендеше, құрметті атақты табыстауға рұқсат етіңіздер, деп ата салтымен құрметті атақты табыс етіп, иығына шапан жапты. – Шынымды айтсам, талай мәртебелі жиын­дарда ортаға шығып, сөз алған кезде дәл қазіргідей толқымаған едім. Шырайлы Шығысқа Сыр елінің азаматтары келіп жатыр. Бүгін талай құнды келі­сімдерге қол қойылды. Елбасы Н. Назарбаев кездесулерде үнемі Отандық тауарды қорғау, басқаларға жалтақтамай, бір-бірімізбен қарым-қатынас жасауды тапсырады. Бүгін мұнда өз ағаларым, міне, Ыдырыс аға да келіпті, сіздерге рахмет. Кешегі қиын кезде бірінші болып көмек бердіңіздер, 50 миллион теңге, бір вагон Сырдың ақ маржанын жібердіңіздер. Маған көрсеткен зор құрметтеріңіз үшін өзімнің жеке басымның және отбасының атынан барлық Сыр елінің халқына мың да бір алғыс айтамын, ­– деп тебіренді жалғыз Сыр елі ғана емес, Алтайдың да ақиық азаматы атанған Бердібек Мәшбекұлы. Несін айтасыз, екі күн бойы Өскеменнің көшелерінде Сыр елінің ән-жыры қалықтап тұрды. Ертеңінде Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов бастаған топ Металлургтер Мәдениет сарайы алдында “Туған ел – алтын бесігім” акциясы аясында Бородулиха ауданы еңбекшілері өсірген ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмең­кесіне, концертіне қатысты. Бородулиха ауданының әкімі Талап Қасымов бүгінгі жәрмеңкеге 25 тонна ет, 20 тонна көкөніс, бал, сыр, қауын-қарбыз әкел­гендерін айтты. Екі қазан палау, ыстық шәй мен бауырсақ қала халқына тегін бе­­ріл­ді. Биылғы “Туған ел – алтын бесігім” акция­сының ерекше­ліктеріне өңір басшысы Б. Сапарбаев тоқтала кетіп, Семей мен Өскеменде қатар өтетініне мән берді. Мәселен, Семейде Зырян қаласы мен Күршім ау­данының, ал Өскеменде Бесқарағай мен Бородулиха аудандарының мәдени күндері өтті. Ол жыл аяғына дейін созылмақ. “Бұл акцияны біз де қолданармыз” дегенді айтып қалды келген қонақтар... Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. ----------------------------- Суреттерді түсірген автор.