22 Қыркүйек, 2010

Мая Манеза — екі дүркін әлем чемпионы

667 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақсы хабар жерде жатқан  ба, күні кеше Түркияның Анталия қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің Әнұранын шырқатқан, серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқан Мая Манезаның жеңісі қазақстандықтарды үлкен қуа­ныш­қа кенелтті. Өткен жылы Оң­түстік Кореяның Гоянг қаласында өткен әлем біріншілігінде Мая Манеза алғаш рет әлем чемпионы атанған еді. Өңір халқы сол кезде оны құшақ жая қарсы алып, ал­дағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестік білдірген-ді. Сол ақ тілек Алланың құлағына шалыныпты. Еліміздің көкбайрағы мен Ән­ұранын шет елдің аспанында шал­қытқан спортшыларға деген ерек­ше қамқорлығымен танылған об­лыс әкімі Серік Үмбетов чем­пион­дарға Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілті мен қомақты қаржы тапсырып, біз сіз­дерді әлі талай әлем біріншілігінде тұғырдан түспейді деп сенеміз де­гені кешегі қуанышты күні ойға оралды. Халқымыз “Жақсы сөз – жарым ырыс” деп бекер айтпайды емес пе. Мерейлі сәтке байланысты об­лыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы олим­пия­лық спорт түрлері және спорт ре­зервтері бөлімінің бастығы Мұхит Тұрсынбаевпен хабарласқаны­мыз­да осы ұжымдағы аста-төк қуа­нышқа куә болдық. – Түнде “Хабардан” Алматы об­лысының спортшысы Мая Мане­за Анталиядағы Әлем чем­пионатында әйелдер арасында 63 кило салмақ дәрежесінде жұлқа көтеруде 105 кило, серпе көтеруде өзінің өткен жылғы Кореядағы әлем рекордын жаңартып, 143 кило зілтемір көтерді. Жарыс қорытын­дысында әлем чемпионы атанып, елімізге тағы бір алтын сыйлады, – деді М.Тұрсынбаев. – Қазақстанды әлемге та­ны­тып, екі мәрте әлем чемпионы  атан­ған Мая Манезаны оқырман­дарға жақынырақ таныстырсаңыз. – Біз Маядан үлкен үміт күте­міз. Ол қазір 24 жаста ғана. Ауыр атлетикадан әлем чемпиондары атанған Владимир Седов, Светлана Подобедова, Зуль­фия Чиншанло, Мая Ма­не­за­ның жеңісіне өткен жылы  бар­ша­мыз қол соқсақ, міне, түрік елінен де қуанышты хабар жетті. Қытай­дың Куанс елді меке­нін­де өмірге келген дүнген қызы,  алдына қой­ған мақсатына жет­кен­ше тын­бай­тын еңбекқор болған­дық­тан, тағы да өткен жылғы табысын қай­талады. Қазіргі кезде Қазақстан құрама командасының сапында намысты қолдан бермей, әрдайым жаттық­тырушысы Виктор Нимен бірге қарсыластарынан алда болу үшін еңбектенуде. Ол Лондонда өтетін 2012 жылғы Жазғы Олимпиадада ауыр атлети­ка­дан ел мерейін тасы­та­тын­дардың бірінен саналады. Түр­кияда өнер көрсетіп жатқан спортшыларымыз әлем чемпионатынан тағы да қуа­ныш­ты хабар жеткізеді деген үміттеміз. Әлем рекордын жаңартқан жер­лесіміздің жеңісі құтты бол­сын. Мерей тасытатын спорт­шы­лардың қуанышты хабарын естуге жазсын, дейміз шын жүректен. Күміс медальға түрік қызы Си­бель Симсек ие болды. Оның жи­ын­тық есебі 241 кг. (111+130). Де­ген­мен, чемпионат иесінің де осал емес екенін айта кету керек. Ол екіншісінде –  135, үшінші жолы 136 кг. салмақты басынан асыра тік көтергенімен, аяғын тең ұстап тұра алмай, зілтемірді тастап жіберуге мәжбүр болды. Егер ол соңғы – 136 кг. салмақты бағын­дыр­ғанда да, біздің Мая 143 кг. зілтемірді  еркін көтеріп, қандай жағдайда да есе жібермейтінін айқын көрсетті. Ал үшінші орынға қытайлық зілтемірші қыз Ойян Ксефан ие болды.  Оның көрсеткіші де 141 кг. (112+129). Бірақ ол түркілік штангашыдан жеке салмағы бой­ын­ша сәл ауырлау болып шықты. Осы жерде атап айтатын тағы бір жәйт – Мая Манеза жүлделі орын­дарға таласушылар арасында ең жеңілі еді. Сондықтан оған чемпион атану үшін алғашқы көтерген 136 кг. да жеткілікті болатын (105+136-241). Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.