ел бірлігі мен мемлекет қамқорлығын айқын сезінді
“Су – өмірдің нәрі” деген ғой. Десек те биылғы көктемнің қара суығында табиғаттың тосын мінез танытуынан бөгендегі тұнық су кемерінен асып, жол-жөнекей алып темір құбырларды ағызса, бейқам тірліктегі ауыл халқын әбігерге салды. Қызылағаштықтар бір түнде көз көріп, құлақ естімеген алапат су тасқынының астында қалып, әке-шеше баласынан, туған-туыстарынан айырылып, көңіл мұңға, көздері жасқа толды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың су тасқыны зардаптарын жою мен тірлікті қалпына келтіруге қатысты жедел тапсырмасынан кейін барша қазақстандықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла кірісті. Үкімет басшысының қадағалауы, облыс әкімінің жетекшілігімен құрылған комиссия жүргізген барлық жұмыстардың тиянақты аяқталғанына да айға жуық уақыт болды.
Жер жаннаты Жетісуға жұмыс сапарымен тамыз айының алғашқы аптасында келген Мемлекет басшысы тасқыннан кейінгі Қызылағашта атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, тұрғындарды бірлік пен тірлікке, тұшымды еңбекке шақырғанын ешкім ұмытқан жоқ. Айтылған сөзге ұйыған олар, әр күндерін игілікті іске арнап келеді.
Қазіргі кезде қызылағаштықтар мамыражай өмірлерін жалғастырып, сәнді үйлерде ғұмыр кешіп, қораларынан төрт түлік мал өріп, өздеріне жасалған тұрмыстық жағдайлардың қызығына кенелген. Қандай да бір басталған істің қорытындысы болатыны анық.
Күні кеше Қызылағаштағы салтанатты мәдениет сарайында елді мекендердегі су тасқынының зардаптарын жою мен қалпына келтіруге байланысты жұмысшыларды үйлестірген жедел штабтың қорытынды жиыны өтіп, облыс әкімі Серік Үмбетов халықтың басына түскен қайғысын бөлісіп, қайнаған жұмыстың ортасынан табылып, қысқа мерзімде ауылды қайта түлеткен құрыш қолды құрылысшыларды, тағы басқа сала басшылары мен мамандарын алғыс хат, құрмет грамоталарымен марапаттады. Олардың қатарында қиын кезде елді мекендегі орын алған жағдайды жалпы халыққа жеткізіп, шынайы ақпарат таратқан БАҚ ұжымдары болса, еліміздің бас газетінің ұжымына да осындай құрмет көрсетілді.
Осы күні мәдениет сарайындағы жұртшылық алдында облыс әкімі Серік Үмбетов, бірінші орынбасары, жедел штаб жетекшісі Амандық Баталов наурыз айындағы табиғат апаты кезінде кездескен қиындықтарды және содан бергі басқа түскен ауыртпалықты сейілтудегі шыдамдылық шыңдалған сәттерді еске түсіріп, “Қайғы бөліскенде ғана жеңілдейтінін” ортаға салды.
Ауылдар су астында қалғанда өңірдегі қызмет салаларындағы жауаптылар тұрғындарды құтқаруға жұмылдырылды. Осы орайда облыстық ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма, Талдықорған әскери бөлімдерінің сарбаздары асқан жанқиярлық танытқанын айтқан жөн. Ал құрылыс компаниялары құжаттары әзірленгенше бір жарым ай бойы өз қаржыларымен жұмыс істеп, осы мерзімде 45 үйді пайдалануға берді. Осылайша қалпына келтіру жұмыстары 4 айда толық аяқталып, Қызылағашта 465 үй жаңадан салынса, 30 үй мен 9 әлеуметтік нысан ғимараттары жөндеуден өтті. Бір ауыл қайта түлеп, әсем келбетке ие болды. Ауылдағы ұшан-теңіз жұмыстардың тиянағын келтіріп, күн-түн демей оның басы-қасынан табылған Амандық Ғаббасұлының өлшеусіз еңбегін облыс әкімі осы күні ерекше айтты.
Бүкіл ел Қызылағашқа қайырымдылық көмектерін жөнелтсе, ардагерлер зейнетақысын аударды. Тұрғындардың қайғысын бөлісіп, қолұшын беруден еш адам шет қалмады. Бүгін сіздердің және өзімнің атымнан баршаға алғыс айтамын. Мәселен, апаттан зардап шеккен тұрғындарға 3 ай бойы 15 мың теңгеден материалдық көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 145,3 млн. теңге бөлініп, 3310 тұрғынның дербес есептеріне қаржы аударылды. Мемлекеттің материалдық резерві мен қайырымдылық ұйымдарынан 245,3 млн.теңгенің азық-түлігі мен заттары келіп түсті. Осындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитын 70 балаға облыс әкімінің гранты берілсе, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жүзеге асырғандарға алғыс айтқан жөн. Бүгінгі жедел штабтың соңғы отырысын Қызылағашта аяқтап, су тасқынынан кейін оның зардаптарын жоюға жұмыла кіріскендерді марапаттауды жөн көрдік, деді Серік Әбікенұлы.
Қорытынды жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов, Ақсу ауданының әкімі Әскербек Дүйсембаев қиындығы батпандай болған 4 айдағы көңілде жүрген ой тұжырымдарын ортаға салса, ауыл әкімінің міндетін атқарушы Сәуле Амитова, жас ұстаз Құралай Байгелдиева, тағы басқалары жерлестері атынан қиын кезде қолұшын бергендерге алғыстарын жеткізіп, тебіренді.
Су тасқыны зардаптарын жою мен қалпына келтірудегі еселі еңбектері үшін осы күні түрлі сала қызметкерлері, тәртіп сақшылары мен жауынгерлер, қатардағы жұмысшы, құрылысшы, ауыл белсенділері облыс әкімінің, аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталып, еңбектерінің өтеуін көрді.
Жиналғандарға ән мен күйден шашу шашылса, апат кезінде бақилық болған әруақтарға құран бағышталып, ас берілді. Әжелер шашуын шашып, мәре-сәре болып, Қызылағашта енді той-мереке болсын деген ақ тілекпен тарасты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.