ОРАЛДЫҚ ОҚЫРМАНДАР ОРТАСЫНДА
Газетімізде бұған дейін хабарланғанындай, республиканың батыс облыстарына шығармашылық іссапары кезінде “Егемен Қазақстан” РГ” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қала зиялыларымен, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен және студент жастармен кездесті. Басқосуда газет басшысы мен оралдық оқырмандар арасында жанды байланыс орнады. С.Абдрахманов олардың қойған сан алуан сұрақтарына толыққанды жауаптар қайтарды. Кездесу кешін университет ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков ашып, алғашқы сөзді Сауытбек Абдрахмановқа берді.
– Бұдан он тоғыз жыл бұрын тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде оның талаптарын оқырмандарға алғаш жеткізген басылым – “Егемен Қазақстан”. Сөйтіп ол жаңа тарихымыз жүктеген күрделі міндетті қайыспай, қаймықпай өз мойнына ала білді. Әрі “Егемен” осы киелі міндет пен парызды бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді, – деп бастады ол өз сөзін.
Қазір не көп, шығып жатқан әртүрлі газет-журналдар көп. Белгілі бір бағыт пен тақырыптарды ғана жазатын салалық басылымдар да жеткілікті. “Егемен Қазақстанның” олардан артықшылығы әмбебаптық сипатында. Одан оқырмандар сан алуан тақырыптардағы материалдарды тауып оқи алады. Адамның зердесін ұштап, ой-өрісін өсіруде баспасөздің орны бөлек. Бұл тұрғыда интернет пен оның сайттары газеттің рөлін айырбастай алмайды, – деп ой түйген С.Абдрахманов келесі кезекте кездесуге келгендерді ой-пікір алмасып отыруға шақырды. Бас басылым жөніндегі алғашқы тілекті оралдық профессор, философия ғылымдарының докторы, газеттің тұрақты авторларының бірі Тілекжан Рысқалиев жеткізді.
– “Егеменде” ресми материалдар өте көп жазылады деп жүргендер бар. Мен бұл тым біржақты айтылған пікір деп есептеймін. Мұнсыз біз еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігін, қол жеткен табыстарды, алда тұрған міндеттер мен проблемаларды біле алмас едік. Егер бас басылым Елбасымыздың саясаты мен Үкіметтің қолға алған істерін оқырмандарға ұдайы жеткізіп отырса, барша халықты сол ерен істерді орындауға жұмылдырып жатса, бұдан артық қандай мерей болмақ.
Бұдан әрі С.Абдрахманов залдан қойылған оқырмандар сауалдарына жауаптар қайтарды. Олардың бір-екеуін келтірелік.
Әлфия Жақсығалиева, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті:
– Біздің республикада жастардың рухани-танымдық сусынын қандыра алатындай газеттер мен журналдар жоқ секілді. Бұған не дейсіз?
– Мүлдем жоқ десек, сәл ұшқарылау кетерміз. Жоқ емес, бар. Бірқатар газеттер жап-жақсы материалдар беріп жүр. Бұл басылымдар өз атауына сәйкес жастар проблемаларына көбірек назар аударса, өрісі өсе түсетініне ешқандай күмән жоқ. Сондай-ақ республикада “Жұлдыздар отбасы” деген журнал шығып тұрады. Тым жақсы таралымы бар. Дегенмен, Әлфия, сіз орынды сұрақ қойып отырсыз. Өзіңіз айтқандай, жастарға арналған осындай бір кеңістік бос тұрғандай көріне беретіні де рас. Шын қолға алса оның орнын толтыруға болады. Әрі мұндай бағыттағы газет-журналдарды министрлікте тіркеу соншалықты қиын да емес.
Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық “Орал өңірі” газетінің бас редак-торы:
– Қазақстанда әртүрлі діни ағымдар пайда бола бастағаны бәрімізді алаңдатады. Осындай жағдайда біз дәстүрлі исламға бет бұру бағытын солғындатып алып жүрген жоқпыз ба? Осы түйткіл жөніндегі көзқарасыңызды білгіміз келеді?
– Түптей келгенде, қай діннің де ұстанатын бағыты біреу-ақ. Ол тек жақсылықты уағыздау, ар-ождан тазалығына үндеу. Жаманнан жирендіру. Діндердің о бастағы осы жалпыадамзаттық ізгі миссиясы бұрмаланып кетіп жүрген болса, бұл өзге бір әңгіменің үлесіне тиеді. Сұрағыңызға орай қайтарар жауабым біз ислам дінінің оны ұстанушылар үшін икемді болғанын қалар едік. Жасыратыны жоқ, бізде мәселенің осы жағы жетіспей жатқандай көрінеді.
Өзге діндермен салыстыра қарағанда тарихтағы соңғы дін ретінде исламның артықшылық жақтары өте көп. Алайда көп жағдайларда осы артықшылықты дәлелдеп, тайға таңба басқандай қып ұстартып беру жағы кемшін бе деп қаласың. Өкінішке орай, бізде теология әлі күнге ғылым ретінде құлаш жая алмай келеді. Әрине, дініміздің ерекшелігін ескеруде елеулі істер де жоқ емес. Мысалы, белгілі айтыскер ақын Мұхамбетжан Тазабеков басқаратын “Асыл арна” телеарнасы ислам дінінің ұстанатын бағытын, оның атқаратын ізгі мақсатын республиканың орыс тілді көрермендеріне белгілі бір жүйемен ұсынып жүргені тек құптауға, қолдауға лайықты қадам деп ойлаймын.
Жайсаң Ақбай, тарихшы-өлкетанушы:
– Бүгінгі кезде газет атауындағы “Егемен” деген анықтауыш қажет пе?
– Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген арқалы ақын Мұрат Мөңкеұлының: “Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас” деген шумақтары бар. Бұл жерде еге, егемен деген сөз орыс тілінде қолданылатын суверенитет деген сөздің баламасына жақындайды. Сондықтан да біз егемен деген ұғым мен атауды саналы түрде қайталаймыз. Әрі бұл атау бүгінде белгілі бір деңгейде газеттің брендіне айнала алғанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Газеттің абыройы мен салмағы ең елдымен оның атында емес затында ғой деп ойлаймыз. Оның үстіне Ресейде шығатын “Комсомольская правда”, “Советский спорт” деген газет атаулары әлі күнге дейін сақ-талып келеді емес пе? Не үшін? Сол атаулардан айырылса оқырмандардың көп бөлігін жоғалтып алатынын оның басы-қасында отырғандар білмейді емес, жақсы біледі. Бренд дегеніміздің де бір мысалы осы.
Кездесуді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Тұяқбай Рысбеков қорытындылап, ұжым мүшелерімен кездесуге уақыт тауып мәнді де мағыналы, тәлімді де тәрбиелі әңгімелер айтып бергені үшін газет басшысы Сауытбек Абдрахмановқа рахмет айтты.
Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.
______________________
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.
* * *
АЛҒА БАСУШЫЛЫҚ АРНАЛАРЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСТІ
Ақтөбе облысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келіп, бірталай жаңа нысандардың тұсауын кесіп, өңірден бастау алған “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” марафон-фестивалін қорытындылау салтанатына қатысып, марафонда белсенді еңбек еткен жастарға 64 автомобильдің кілтін, 100 ноутбукті және Астана қаласында қыдырып қайтуға 2000 жолдама тапсырған қуанышты сәтінің қызуы басыла қоймаған-ды. Осы кезде “сабақты ине сәтімен” дегендей, Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановты облыс әкімі Елеусін Сағындықов жылы шырайда қабылдап, кең отырып әңгімелесті.
Шынында да, облыс басшысының көтеріңкі көңіл -күйін түсінуге болады. Елбасы сол сапарында халық алдында сөйлеген сөздерінде өңірдің индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда облыстардың арасында көшбас-таушылар қатарында екенін айтуы, ал жыл санап көркейіп, сәулеттеніп келе жатқан Ақтөбені еліміздегі үздік қалалардың бірі деп бағалауы жай айтыла салмағаны белгілі. Бұл бағаның астарында өңірді алға бастыруға бағытталған қыруар шаруалар жатыр, соңғы жылдардағы экономикалық даму қарқыны осындай тұжырым жасауға берік негіз қалайды.
– Біз индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бұдан бес-алты жыл бұрын негіз қаладық. Оған алдын-ала жоба-жоспарларымыз болғандықтан тиянақты дайындықпен кірістік. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде жалпы құны 1,0 млрд. теңге болатын 84 жоба жүзеге асырылуда. Биыл 143,9 млрд. теңге құрайтын 43 жоба іске қосылады. Осы кезге дейін 18 жаңа нысан пайдалануға берілді. Елбасына “Ақтөберентген” АҚ шығарып жатқан компьютерлік томограф ұнады. Мұндай томограф бірегей қондырғы, әрі арзан. Сондай-ақ, металлургиялық зауыттың да болашағы зор, – деді Елеусін Наурызбайұлы өңірдегі ілгерілеу іздері қайдан бастау алатынын сездіре отырып. Облыс басшысы Сауытбек Абдрахмановпен әңгімеде биылғы қуаңшылықтың зардабын жоюға байланысты шаруаларды да айналып өтпеді. Азық-түліктік астық қорын жасауға жеткілікті тұқыммен, жеммен қамтамасыз етуге Үкімет қолдау көрсеткен. Соның нәтижесінде облысқа тоннасы 26,5 мың теңге тұратын 130 мың тонна астық бөлінген. Мал азығымен қамтамасыз ету тапсырмасы 115 пайыз орындалған.
Елеусін Сағындықов облыста әлеуметтік мәселелердің оңды шешіліп отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда 290 мыңға жуық адам әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланады. Олардың ішінде, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер коммуналдық төлемдерден толық босатылған болса, Чернобыль апатын ауыздықтауға және Ауған соғысына қатысушыларға да коммуналдық жеңілдіктер берілген. Биылдың өзінде он сегіз мың жаңа жұмыс орны ашылған, жұмыссыздық деңгейі 0,3 процент құрайды. Өңірде халықтың тұрмыс жағдайы жақсара түскен. Үстіміздегі жылдың шілде айында орташа жалақы 64 мың теңге болса, тамызда 70 мың теңге құрады. Елеусін Наурызбайұлы, облыста газ, электр бағасы басқа өңірлерге қарағанда анағұрлым төмен екендігіне нақты мысалдар келтірді.
Әңгіме барысында Сауытбек Абдрахманов Ресейге шығарылатын сапалы етті дайындау жайын сұрады. Облыс басшысы бұл бағытта “Тандем” ЖШС өндіретін ет өнімдерінің отыздан астам түрімен ішкі рынокты қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес облыстарға да шығаратынын жеткізді. Елеусін Наурызбайұлы, астаналық қонақты үстіміздегі жылғы сегіз айда об-лыстан республикалық бюджетке 280 млрд. теңге түскенінен, оның 40 млрд. теңгесі облыста қалдырылғанынан хабардар етті. Сауытбек Абдрахманов Әбілқайыр ханның мәйітін анықтауға қатысты жұмыстарға да қызығушылық танытты. Облыс басшысының айтуынша, Әбілқайыр ханға байланысты біраз шаруа жүргізілген, ендігі мәселе ханның қазып алынған мүрдесін ДНК бойынша анықтауға тіреліп тұр. Ал Тілеу Айтұлына ескерткіш орнату, көше атын беру алдағы уақытта ойластырылатын болды. Әңгіме арнасы баспасөзге жазылуға ауғанда “Егемен Қазақстан” газетінің облыстағы таралымын 9500 данаға жеткізудің мүмкіндігі бар екендігіне тоқтам жасалды.
Содан кейін еліміздің бас басылымының басшысы облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен бірге Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы Батырлар аллеясының ашылу салтанатына қатысып, ақтөбелік батырлар ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Аллея құрылысын жүргізген “Гранит” ЖШС 87,4 млн. теңгенің жұмысын атқарыпты. Кеңес Одағының Батырлары аллеясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Елеусін Сағындықов ерлікті қастерлеудің, оны жас ұрпақтың жадында жаңғыртудың үлкен парыз екеніне тоқталды. Астаналық қонақ “Нұр Ғасыр” мешіті мен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті атындағы саябақ арасында орналасқан алғашқы жер асты өткел жолының салтанатты ашылу рәсіміне де қатысты.
“Егемен Қазақстан” РГ” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов жұмыс сапарының екінші бөлігінде “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында партия белсенділерімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесуде “Нұр Отан” ХДП партиялық бақылау комитетінің мүшесі ретінде де сөз алған Сауытбек Абдрахманов “Нұр Отанның” елдегі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді қалыптастырудағы, экономикалық дамуға ықпал ету тетіктерін пайдаланудағы мүмкіндіктері жайлы кеңінен әңгімеледі, кездесуге қатысушылардың газетке, басқа да мәселелерге байланысты бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.