25 Қыркүйек, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

447 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Талқылау тағылымы БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Бақберген Досманбетовтің төрағалық етуімен депутаттарының Қаржы министр­лігінің, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттігі мен Алматы қа­ла­сындағы өңірлік қаржы орталы­ғының қызметін реттеу жөніндегі агенттік басшыларының кездесуін­де халық үшін бағалы қағаздар на­рығын дамытудың өзекті мәселе­лері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз орталығы. Талқылауды аша келіп Б.Дос­ман­бетов бұл қаржы мекемелерінің Қазақстандағы бағалы қағаздар на­рығын дамыту үдерістеріндегі рөлін атап өте келіп, халық үшін қаржы қыз­метінің жаңа салаларын ен­гізудің маңыздылығына тоқталды. Еліміздің жедел экономикалық дамуындағы басым бағыттары қатарында Президент Н.Назарбаев халықаралық сыныптағы қаржы сек­торын дамыту қажеттігі айтыл­ған болатын. Биылғы жолдауда отан­дық қаржы нарығын 2020 жылға қарай ТМД мен Орталық Азиядағы өңірлік ислам банкингіне айналдыру туралы міндет қойылған болатын. Сенатор атап өткендей, бағалы қағаздар нарығының қызметіне халықтың белсенді қатысуы оны да­мытудың маңызды факторы бо­лып табылады. Осыған байланысты ол банкілердің депозиттік белсенді қызметін қамтамасыз етіп, дамуына жеке тұлғалар ықпал еткен шетел­дік қор нарықтарының табысты тәжірибелерін мысалға келтірді. Осы секторды дамытуға бағыт­талған мемлекеттік шараларға қа­тысты Б.Досманбетов бағалы қағаздар нарығын нығайтуға ықпал ететін заңнама базасына назар аударды. Мәселен, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” және “Мемлекеттік қызмет туралы” заңдарға толықтырулар мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңес­тірілген адамдарға шектеулерді алып тастауды және эмиссиялық бағалы қағаздардың акция және облигация секілді түрлерін, сондай-ақ ашық және инвестициялық пай қорлары пайын сатып алу және сатуды қарастырады. Қор нарығына халықтың ин­вестициялық белсенділігін арттыру­дағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысты сенатор халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауатын көтеру жө­нін­дегі 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орын­дау, Қаржы министрлігінің жеке тұлғаларға арналған МАОКАМ-ның мемлекеттік облигациялары бойынша жұмыстарды атап өтті. Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін рет­теу жөніндегі агенттіктің көмегімен 2008 жылы “Биржа” ұлттық ойыны та­быс­ты өтті, таяу күндерде осы агенттіктің тікелей қолдауымен “Жақ­сы ин­вестор” конкурсы бас­талды. Оны ұйымдастыру­шы­лар­дың ойынша, шара бағалы қағаз­дардың қазақ­стан­дық нарығында жеке тұлғалардың инвестициялық үлесін арттыруға ықпал етеді және бөлшектік инвесторлардың бел­сен­ді қызметі үшін ынталандыратын болады. Кездесуде сөз алған Қаржы на­рығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агентті­гі­нің төрағасы Е.Бахмутова осы сек­тордың жағдайы туралы ақпаратты депутаттар назарына ұсынып, қор нарығын дамытуға кедергі болатын мәселелерді белгіледі. Е.Бахмутованың пікірінше, қар­жы нарығындағы жағдайды тұрақ­тандыру жөніндегі шараларды жүзе­ге асыруда құқықтық жағының маңызы зор. Осыған байланысты агенттік басшысы қаржы жүйесінің тұрақтылығы, ұжымдық инвести­циялау және жинақтаушы зейнет­ақы қорларының қызметі мәселе­лері жөнінде өзгерістер енгізілетін заңдарды атап өтті. Кездесуде сондай-ақ Қаржы ми­­нистрінің орынбасары Р.Дале­нов, Алматы қаласындағы өңірлік қар­жы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттік төрағасы Ә.Арыс­танов сөз сөйледі және де­путаттар сауалдарына жауап берді. Қаржы секторының дамыту бағыттары, бағалы қағаздар нары­ғын мемлекеттік реттеу және ин­фра­құ­рылымын одан әрі дамыту, халықтың инвестициялық мәде­ниеті мен қаржылық сауатын көте­ру, эмитенттер мен бөлшектік ин­вес­торларға жағдайды қалып­тастыру жайында құрылым басшылары баяндады. * ** Сайлаушы сапары АРДАГЕРЛЕР МӘЖІЛІСТЕ БОЛДЫ Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан Астанаға арнайы келген соғыс және еңбек ардагерлері Мә­жіліс үйінде болды. Оларды қарсы алған Парла­мент Мәжілісінің депутаты Сауырбай Есжанов заң шы­ғарушылық қызметтің қыр-сыры туралы әңгімелеп берді. 40-қа жуық оңтүстік өңірден келген меймандар­дың арасында жастары 90-ға жуықтаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері де болды. Атап айтқанда, Курск доғасындағы сұрапыл шайқасқа қатысқан Жолдас Әлханов пен Сталинградты қорғауға қатысқан Әкімбай Жұмабаев бар. Сонымен қатар, бүгінде 80-нен асқан, соғыс жылдары ауыр жұмыс істеген еңбек ардагерлері Бөрібай Досанбаев пен Наурызбай Биқо­жаев және басқа да құрметті зейнеткерлер Парламент Мәжілісінің Үйін аралап, палатаның жалпы отырыс залында болды. Депутаттардың заңмен жұмыс істеу орын­дарымен танысты. Депутат Сауырбай Есжанов оңтүстік өңірден кел­ген зейнеткерлерге Парламенттің құрылымы, заң шы­ғару тәжірибесі туралы айтып берді. “Бүгінгі таңда Елбасының Жолдауынан туындайтын заңдар бірінші кезекте қабылданады. Сондай-ақ елімізді дамытуға бағыт­талған, елдің индустриялық-инновациялық жедел даму бағдарламасын іске асыруды көздейтін заң жоба­ларын қабылдау міндеті алдымызда тұр. Қазіргі уақыт­та депутаттар үш жылдық республикалық бюджет жоспарын қарауды бастады. Біздің мақсатымыз – халықтың жағдайын жақсартуға арналған бағдарла­ма­лардың бюджет жоспарына көбірек енуіне, олардың орындалуына барынша атсалысу”, – деді депутат С.Есжанов. Меймандар “Нұр Отан” партиясынан сайланған халық қалаулысына өздерінің өтініштері мен ризашылықтарын жеткізді. Төртінші парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, сайлаушылардың сенімінен шыға беруіне тілек білдірді. Астананың ғажап көріністеріне сүйсіне қарағандарын айта келіп, тәуелсіз мемлекетіміздің келешекте өркендей беретініне сенімдері мол екенін айтты. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист. ---------------------------------- Суретті түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ. * * * Депутат дауы БЮДЖЕТТІ ПЫСЫҚТАЙМЫН ДЕП... “БЮРОҒА” ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ Кеңес Одағы жылдарында басқарушы қызметкерлердің қатты қорқатыны – істерінің аудандық немесе облыстық партия комитеті бюро мүшелерінің талқылауына түсу болатын. “Бюроға түссең, бұйралайды” деген сөз содан қалған... Мәжілістің сәрсенбі күнгі жалпы отырысына 2010-2012 жылдарға арналған бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әкелген Қаржы министрі Болат Жәмішев те сол “бюроға” түскендей болды. Жазғы каникулдан жуырда ғана, әбден тыңайып келген депутаттар Жәмішевті алақандарына түкіргендей болып қарсы алды. Заң жобасы туралы қазақша баяндаманы еңкілдеген екпінмен оқып беріп, осымен құтылған-ақ шығармын деген болуы керек, министр орнына арқасынан бір жүк ауып түскендей болып, барып отырған. Енді баяндамасына қысқаша тоқтала кете­тін болсақ, алдымен онда 2010 жылғы бюджет­тің түсімдері 3 трлн. 517 млрд. теңгені құрай­ты­ны анықталғаны айтылды. Бұл қолданыс­тағы, бекітілген бюджеттің түсімімен салыс­тырғанда 139 млрд. теңгеге немесе 4,1 пайызға артық екен. Одан әрі министр қай баптардың түсімі қаншаға артатынына тоқталды. Соның ішінде мұнайдың бір баррелі 20 доллар деп ба­ғаланғандықтан, осы саланың түсімі 78,6 млрд. теңгеге артатыны белгілі болды. Осыдан әрі ол көбіне-көп білікті экономистер ғана жақсы түсінетін салықтар ставкасының өзгеруіне бай­ланысты қол жететін өсімдер туралы толық баяндап берді. Соның ішінде, әсіресе, қосымша құн салығының өзгеруіне байланысты өсімнің арта түскені белгілі болды. Біздіңше, бұл мәселелер депутаттарды аса қызық­тыра қойған жоқ, тек бюджет шығыс­тарына бөлінген қаражаттардың игерілмей қал­ған сомалары туралы айтыла бастағанда қоз­ғалыс басталды. Игерілмей қалған қаражат­тар­ды есепке ала келіп, бюджет шығыстарын 130 млрд. теңгеге қысқарту көзделіп отыр, деді ми­нистр. Одан әрі босаған қаражаттардың қандай басымды бағыттарға жұмсалатыны туралы баян­далды. Соның ішінде сүбелі үлес Алматы мен Астана қалаларын дамытуға кететіні белгілі болды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышевтің қосымша баяндамасын тыңдаған соң дайындалып отырған депутаттар Б.Жәмішевке тап бергендей, сұрақтарын жау­дырып жіберді. Алдымен суырылған В.Нехо­ро­шев болды. Ол 130 млрд. теңге секілді ұшы-қиыр­сыз дүниенің игерілмей қалу себебі неде, оған нақты кімдер кінәлі, оларға қандай жаза қолданылады? Мұндайларға қашанғы шыдауға болады, қатаң жазалар қолданылуы керек қой деп салды. Екінші сұрағында депутат мұнай экс­портына салынатын салық көлемі неге 40-ақ доллар және оның өзін 2011 жылдың 1 қаң­тарынан бастаймыз. Неге біз Ресей секілді оны осы жылдың қарашасынан бастамаймыз? Мен осы сұрақты бұрын да қойған едім, маған біз ар­тық соманы игере алмаймыз деген жауап бе­рілді. Осындай жауап берген Үкіметтен біз ға­ла­мат жетістік күте алмаймыз, тек өздері ала­паттығын қойса екен, деді ол (Мы не ждем от правительства чудо, а ждем когда она перес­танет чудит). Үнемі ащы сұрақтар қоятын В.Нехо­рошев­тің бұл сауалы министр үшін соншалықты қиын дүние көрінбеді. Ол алдымен бюджет қаражатын игере алмағандарға қандай жаза қолданылатынын алдағы уақытта сараптаймыз дегенмен құтылды. Ал игерілмеген 130 млрд.-тың ішінде 25 млрд. теңгесіне ғана тұшымды се­беп айта алды. Ол “Батыс Қытай-Батыс Еу­ро­па” жолына бөлінген қаражаттың үнемделуі екен. Біз 2007 жылғы параметрлермен жос­пар­лаған едік, одан бері құрылыс материалдары ар­зандап, бөлінген қаржаттың толық игеріл­мегені содан, деді министр. Екінші сұрақтағы 40 доллардың қайдан шыққаны туралы айт­қанда, оның басқа салықтар салмағына үйлестіріле келе алынған сан екенін жеткізді. Өзінің сұрағын депутат Мұхтар Тінікеев те игерілмеген 130 млрд. теңгені ауызға алудан бастады. Бұл біздің еліміздің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген сан, деді ол. Жалпы, бұл депутаттың сөз саптауынан қаржы ми­нистрі­не деген наразылықтың жалыны есіп тұрды. Осынша қаражат игерілмей жатқанда еліміздің қаншама түкпірі ауыз суын ала алмай отыр. Былтыр Чиркалин суға 5 млрд. сұрап еді, бермедіңіздер. Енді 6 млрд. ұсынып отыр­сыздар, немене қыстыгүні құбыр тартып, оны қатырсын деп отырсыздар ма? Біз ұсынған жеті түзетудің бірі де қабылданбаған, тек Қаржы министрлігінің түзетулері ғана енгізілген. Тыңдалмаса парламенттің неменеге керегі бар? Әлде біз тек Қаржы министрлігінің әрекетсіз­дігін заңдастыру үшін отырмыз ба осы жерде? Бұл сұрақтар нақты мәселеге арналмаса да Б.Жәмішев мырза оған өз білігінше жауаптар беруге тырысты. Бірақ олары депутаттарды қанағаттандырмағаны көрініп тұрды. Депутат Серік Темірболатовтың сұрағы нақты мәселеге арналды. Ол Кеден одағы туралы келісімді ратификациялағанда сіз осы келісімнің арқасында бюджеттің кіріс бөлімінің түсімі 60 млрд. теңгеге артатынын айтып, тұ­рып алған едіңіз. Біз, міне, бюджет жобасынан сол 60 млрд.-ты таба алмай отырмыз, қайда сол сома? – деді ол. Оған министр бұл сома түсім­нің өсімін көрсеткен 139 млрд. теңгенің ішінде, біз оны бөліп-жарып көрсеткен жоқ едік, деп жауап берді. Айта кететін жәйт, осы 60 млрд.-тің ізін басқа да кейбір депутаттар қайта-қайта сұрай берді. Депутат Қ.Ыдырысовтың сұрағы да ми­нистр­дің жауаптарының нақты еместігіне назар аударуға арналғандай болды. Қаржы және бюджет комитетінің отырысында бюджет жо­басы қаралған кезде біз Қызылорда қаласында салынатын емханаға 267 млн. теңге бөлуді сұраған едік. Сол хатымызға: әзірге әкімдік тиіс­ті құжаттарды тапсырмағандықтан, ол 2011 жылдың бюджетінде қаралады деген едіңіз, енді, міне, кестеде ол шығын жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады депсіз. Жауа­быңыздың екі түрлі болу себебі не, деді ол. Күтпеген жерден министр бұл нақты мәселені жақсы білетін болып шықты, ол құрылыс са­луға бөлінген қаражатты жергілікті билік мақ­сат­сыз жұмсап, жабдықтар сатып алғанын, қа­зір осы іс тексерілу үстінде екендігін айтты. Ал құрылысқа қажетті сома болашақта қаралады, деді ол. Айта кететін жәйт, кейбір депутаттар ми­нистр­ді кінәламай, жаймашуақ сұрақтар да беріп жатты. Мәселен, депутат Г.Есімбаева Кен­дірлі курортты аймағы жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға бөлінетін 100 млн. теңге қаражаттың жобаны іске асырушы Маң­ғыстау әкімдігіне емес, Туризм және спорт министрлігіне аударылу себебі неде екендігін, тағы бір депутаттар жаңа мектептер салу үшін әрбір жолы жобалық-сметалық құжаттар талап ете берудің себебі неде, олардың бәрі бір типті емес пе, сондықтан жоба жасауға үлкен шығын шығара бермей жасалған құжаттарды неге пайдаланбасқа деген тәрізді де сұрақтар қойды. Тынши бастаған ахуалды депутат Ирак Еле­кеев­тің сұрағы қайта толқытты. Ол сот ше­шімімен Үкіметтен төленуге тиісті соманың 4 млрд. теңгеге жеткеніне, ал бюджетте бұл шы­ғын­ға бар болғаны 200 млн. теңге ғана қарастырылғанына назар аударып, осыған байланысты өзінің наразылығын білдірді. Және бұл соманың өзі қарапайым жандарға емес, “Миттал-Теміртау” АҚ сияқты алпауыт фир­маларға төлеуге арналған. Сонда біз қарапайым халықтың талабын қалай қанағаттандырамыз, соттың шешімін неге аяққа басамыз, деді ол. Одан әрі Әзірбайжан Мәмбетовтің Кеңсайдағы зиратының басына ескерткіш қоюға қаражат қарастырылғанын сынға алды. Біз ол кісіге көше атын берейік, көшесіне ескерткішін қояйық, ал зиратының басына белгіні туыстары қою керек емес пе? Осындай келеңсіз тәжірибе қайдан шықты, дей келіп, сөзінің соңында министр Б.Жәмішевке сенім көрсетпеу туралы мәселе көтерілуі қажеттігін ауызға алды. Б.Жәмішев оның сұрақтарына аса толымды жауап бере алған жоқ. Ақырында депутат М.Ті­нікеев И.Елекеевтің ұсынысын іліп әкетіп, ми­нистрге сенім көрсетпеу туралы ұсыныс жасап, оны дауысқа қоюды талап етті. Мұндай ұсы­нысты депутаттар қолдай қоймайтын, бірақ бұл жолы бірден 20 депутат қолдап, Б.Жәмішевке сенімсіздік көрсететінін білдірді. Әйтеуір, көпшілік дауыспен министрге деген сенімсіздік қабылданбады. Сөйтіп, әупіріммен заң жобасы ма­құлданып, Сенатқа кетті. Министр де әупірім­мен орнында қалды. Жақсыбай САМРАТ. * * * Елдестірмек – елшіден ТӨРАҒАНЫҢ ЖОЛДАУЫН ТАПСЫРДЫ Парламент Сенаты Аппара­тының басшысы Мұрат Нұрті­леуов­тің Грузияның Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Паат Каландадземен кез­десуінде Қазақстан мен Грузия парламентаралық ынтымақ­тас­тығын одан әрі дамыту мәсе­лелері сөз болды. М.Нұртілеуов грузин дип­ло­матына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаевтың Грузия жоғарғы өкілді органының басшысы Давид Бакрадзеге жолдауын тапсырды. Жоғарғы палата басшысы екі ел Парламенттері ара­сын­дағы өзара іс-қимылдарды белсенділендіру туралы грузин әріптесінің бастамасын қолдап, парламенттік делегациялардың өзара сапар алмасу жайында қа­зақстандық тараптың әзірлігін қуаттады, деп хабарлады Пар­ламент Сенатының баспасөз қызметі. * * * Сізді не толғандырады? ЕГІЗ ТАПҚАН АНАҒА ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ ҚАРАЛСА 2010 жылғы шілде-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесу өткізгенде көтерілген мәселелердің бірі – егіз және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналар мен балаларды қолдау мәселесі. Мысалы, Аягөз ауданы Айғыз ауылының тұрғыны Шынар Шаяхметова маған жазған хатында: “...егіз баланың анасына, егіз балаға Үкімет тарапынан ешқандай жағдай жасалмайды. Мен өзім 4 баланың анасымын. Тұңғыштарым егіз Айман мен Шолпан биыл 11-сыныпқа көшіп отыр. Қазір аяғым ауыр, бұл да егіз. Жүктілігіме байланысты демалысқа шығайын деп егіз балаға аяғы ауыр адамға қандай жеңілдік бар десем, ешқандай жеңілдік жоқ дейді. 2 баланы әйел 1 балаға қарағанда ұзағырақ және ауыр көтереді. Егер 1 балаға 1 жасқа дейін ақша төленсе, егіз балаға тым құрыса 1,5 жасқа дейін төленбейді. Егіз баланы өсіру өте ауыр... әйел адамның денсаулығы да қатты әлсірейді”, – деп жазған. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ана мен баланы қолдау мақсатында, демография­лық жағдайды жақсарту үшін егіз және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналарға: 1) жүктілігіне және босануына байланысты демалыстың мерзімін қосымша 40 (қырық) күнге ұзартуды; бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын жәрдемақыны бір жарым жасқа дейін беруді, бала кү­ті­мі жөніндегі жәрдемақының мөл­шерін әр балаға 15 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде та­ғайындау мәселесін қарастыруды сұраймын. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты. * ** Достық дәнекері ГЕРМАНИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ Пар­ла­мент Мәжілісінің Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева Гер­мания Феде­ра­тивтік Республика­сының Федерал­дық еңбек және әлеуметтік мәселе­лер министр­лігіндегі Парламенттік Мемлекеттік хатшы Ральф Браукзи­пе бастаған делегациямен кездесті. Мәжілістің комитет төрайымы алдымен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы жайында айтып, желтоқсан айында өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшылары­ның саммитіне әзірліктер жасалып жатқанын мә­лімдеді. Қазақстанның Германиядағы жылында өткізілген мәдени шараларға да тоқталды. Мәжіліс депутаты өз әріптесін әлемдік дағдарыстан халықты алып шығудың бір жолы болған “Жол картасы” мен комитет қоржынында жатқан “Көші-қон” заңы мен Еңбек кодексіне енгізілетін толықтырулар жайындағы заң жобалары туралы да хабарландырды. Мейман өз кезегінде екіжақты парламентаралық байланыстар мен саяси, мәдени және экономикалық байланыстардың тұрақты да маз­мұн­ды болып отырғаны жайында, Гер­ма­нияның Қазақстандағы жылында атқа­ры­лып жатқан шаралар жөнінде біраз әңгімеледі. Ресми сапармен жүрген депутат Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінде болып, екіжақты ынты­мақтастық туралы ортақ ниет мәлім­де­месіне қол қойып, еңбек рыногын­дағы жағдай туралы және министр­ліктердің өзекті мақсаттары туралы ақпарат алмасатындарын жеткізді. Кездесуге Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетер мен бірқатар Германия Парламентінің өкілдері қатысты. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. * ** Мәссаған! БҰЛ ҚАНДАЙ ИДЕОЛОГИЯ? “Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды”, – депті баяғыда біреу. Айтайын деге­німіз, қазақ киносы тағы бір “шедеврмен” то­лықты. Әрине, тырнақшаның ішінде. Ше­деврі­міздің аты да ат-ақ . “Жаным” деп атала­ды. Қазақша ойлайтын адамның қойған атауы емес екені анық. Сюжетінде сыра ішкен жа­лаң­бұт қыз, зинақор әке, безбүйрек бала, жас­қан­шақ ана, бейәдеп әйел, ақымақтау әже, не­ку­дышный академик ата, қарындасымен кө­ңіл­дес аға, арасында күлкіңді келтіріп, аяны­шың­ды туғызатын мистикасымақ бірдеңелер. Шынымен, біздің Қазақстанның қоғамы осындай ма? Осы киноны жасаған “май­талман­дарымыздың” маңында осындай бірен-саран еріккен, тойынған, тоғышарлар бәлки Алматыда бар шығар. Бірақ, олардың азғындаған өмір салтын бүкіл елге таңу кімге керек, несі орынды? Кино сюжетіндегі ана баласын алдадым, деп бүкіл Батыс Қазақстанның егіні күйіп кеткеннен әрмен қайғырады. Енді біреуісі болмашы нәрсе үшін, Шығыс Қазақстанның барлық малы қырылып қалса олай қайғырмас. Қымбат мәшинеге мініп бозбала үйінен қашады. Қазақстандық геологияның корифейі интернетке кіруді қызынан үйренеді. Компьютерде әріп теру білмейтін ол қандай академик? Қысқасы, киномыздың бір сюжеті екіншісіне қайшы, шым-шытырық, шимайқотыр. Логика деген ұғыммен абсолютті түрде шатағы жоқ, кино емес, қойыртпақ, елді мазақтау, жұртты ақымақ қылу! Қазақстандық көрермендер жақсы біледі, Ресейдің “Московская сага” деген телесе­риалы шықты. Бір әулеттің шежіресі арқылы, ел тарихын бейнелеген бұл фильм, бір әу­лет­тің басына түскен нәубет арқылы елдің басы­на келген нәубетті жеке адамның трагедиясы арқылы тамаша баяндай білген. Бауырмалдық, қай­сарлық, махаббат, психологиялық ширы­ғу­лар, сатқындық, мейірім, өмір бұралаңдары бәрі-бәрі қандай шебер қамтылады. Тағы­лы­мы, тәрбиелік мәні зор, тарихи ақпаратты да сондай әсерлі бере білген. Неге осындай фильмдерден үлгі алмасқа? Ресейдің “Громо­вы” фильмі қандай? Мына кәрістің тарихи та­қырыпта түсірген арзан фильміндегі пат­риоттық неге бізде жоқ? Осыған орай, біріншіден, мемлекеттік те­ле­арналарда көрсететін бұқара санасына әсер ететін кез келген кинотуынды, қандай да бір хабар болсын, бірлі-жарым БАҚ жетекші­лері­нің шешімімен емес, елдің зиялы қауымынан құралған көркемдік кеңестің сүзгісінен өтіп барып, жарық көруге тиіс. Әсіресе, прайм-тайм – ең ұтымды уақытқа қойылатын хабар­лар­ға ерекше назар аударылуы қажет деп ой­лай­мын. Екіншіден, осы киноға жұмсалған қара­жаттың көлемі қанша? Үшіншіден, елдің сана­сына біз не құйып жатырмыз, ұрпаққа не тәрбие беріп жатырмыз? Алғашқы 7 сериясы мынау болса, алда тағы қандай пәле, не сұмдық күтіп тұрғанын құдай біледі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: “Кино дегеніміз барлығы. Кино бұл – идеология, кино бұл – сауық, кино бұл – БАҚ, кино бұл – патриотизм. Біз – жас мемлекетпіз, әсіресе, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуіміз керек”, демеп пе еді. Ал бұл киноның ішінде қандай идеология бар? Қарындасы мен ағасының “көңілдестігі” идеология болып па? Я болмаса, академиктің түртінектеп компьютер тере алмай отырғандығы  патриотизм болып па? Сыра ішкен жеңілтек қыз да сауық па екен? Сондықтан да осы кино мәселесіне қайта оралып, тиімді шешім қабылданса дұрыс болар еді. Мәжіліс депутаттары: Б.ТІЛЕУХАН, С.ИБРАГИМОВ, Л. ХОЧИЕВА, Қ.УӘЛИ.