Осыдан елу жылдай бұрын ойлары ортақ, үндері үйлескен ақын Жұмекен мен сазгер Шәмші өз халқының жан тебіренісін берген “Менің Қазақстаным” сынды айтулы шығармаларын жұртқа ұсынғаны өзімізге белгілі. Бұл туынды өз алдымызға егемен ел болған заманда ұлттық рухымызды жаңғыртып Ән-ұранымызға айналды. Бұл да болса біздің халыққа берген Алланың сыйы демеске хақымыз жоқ. Жұмекен ақынның үстіміздегі жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған “Атамұра” баспасынан шыққан “Менің Қазақстаным” жинағына көңіл аударайық. Жалпы, “Атамұра” баспасының талғамы биік бірегей баспа екені елге аян. Кітапты құрастырушылар да барынша ақын шығармаларының таза болмысын көрсетуге тырысқан. Жұмекен сияқты күрделі ақынның алып ауқымын қамту кім-кімге болсын оңайға соқпасы анық десем, онда қарағандылық заңгер Марат Азбанбаев деген азамат ақынның алғашқы еңбек еткен жері Қарағанды шахталарының бірі болғандығын, оған қоса сондағы көркемөнерпаздар арасында өзінің дәулескер күйшілігімен де өнерімізді төрге оздырғанын айтады.
Енді ақын жинағына көз жүгіртейік.
“Көкірегімнің үміті мен жүрегі
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі,
Менің елім, менің елім – гүл елі.
Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді –
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп өмір сүреді,
Менің елім, менің елім – жыр елі!
Қанат қомдап таң атқанда шығыстан
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар, жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім – гүлстан!
Бұл ақынның “Менің елім” деген алғашқы өлеңдерінің бірі. Осы жырдың өзінде ақындық жүректің елжіреуі ерекше болып тұрған жоқ па? Кәне, енді оның Алматыдай ғажап қалаға деген көңілінің көгершін жырын оқып көрелік.
Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Айдалада ақ-боз мінген Алатау бір қас батыр
Айналада тал-қайыңдар, тал-қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер “үзілдім дер” баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма?
...Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде.
...Тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұқсап,
Қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ.
...Жұлдыз көрмей, күндіз көрдім, күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де... – дей келіп, жанымызды жұмақ жағалауын кезгендей рахатқа бөлейді. Әсем Алматының тұлғасын тұтас әлемге айналдырып жібереді. Ол аз болғандай енді келіп:
...Міне, біздің Алматы осы, алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп.
Жүрші, жаным қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ! – деп аяқтайды.
Осы өлеңді алғаш оқығандар да, кейін оқығандар да, сөз жоқ, нағыз поэзияның не екендігіне көзі жетіп, табиғаттың таза ауасымен дем алғандай болатыны екі бастан. Осындай жаратылыстың өз жүрегін жаратындай жыр жазғанмен Жұмекен ешқашанда масаттанып кеудесін көтеріп, біреулерге астамшылық жасаған жан емес. Адамзатқа қаншама қасіреті мен қуанышын сыйлап келе жатқан қара жер қандай болса, Жұмекен де дәл сондай көнтерлі жан болатын. Ол әрқашанда, өз тірлігінде адамзатқа жасалатын құрмет, сол адамның жаратылысындағы үздік қасиетіне беріліп тұрса ғой шіркін, – дейтін. Соған орай әр жырының астарында шүкіршілік тағзымы басым жататын.
Аяқ екеу, ақыл жалғыз, қатем мың –
Барлығын да өмірге өзім әкелдім.
Жігіт болдым. Анам байғұс соған мәз,
Шақ болғанға киімдері әкемнің.
Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің
Бар мәнімді мазасыздық жеңгенін.
Қайдан білсін бар екенін талай жыл
Шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың...
Бұдан артық тағзым, бұдан артық шүкіршілік жыры болар ма?! Дүрмекке қосылмаған бір ақын болса, ол – осы Жұмекен еді. Бар масаттанғаны да, марқайғаны да езуінен елес беретін бір жағы мысқылға ұқсас, бір жағы шуақты толқынға ұқсас өзіндік бір кішкене иірімі болатын. Кейде өзі де тұтасымен сол өмір иіріміндей нүктеге айналып жүре беретін.
Екі көз тұр – екі жұлдыз жанады,
Бірін-бірі көріп тұрған жоқ бірақ.
Ақ қағазға екі нүкте тамады,
Бірін-бірі көріп тұрған жоқ бірақ.
Екі нүкте көрер болса бір-бірін
Қос нүкте емес, сызық болар еді ғой.
Екі көзің көрер болса бір-бірін
Бір басыңды бұзып болар еді ғой, – деген ол.
Енді бірде “Шұбатылып жаза беру өнер ме, таусылмайды саған біткен күш неғып. Жарасады жалыны бар өлеңге, жақсылардың өміріндей қысқалық”, – деп тебіренеді.
Иә, Жұмекен-ақынның тақырыптары қаншалықты әр қилы болғанмен, тоғысқан ойы топшылаған жерінен шығатын ондай жүйріктер саны тым аз. Сол аз топтың сыңары, биік шынары тағы осы Жұмекен десек, артық айтқандық емес. Ол өзінің шығармашылығының бір жартысын “Мен туған күн” таңдамалысымен қайырып тастаған ақын. Өз биігінен әсте түспей өтті. Табиғатта сан алуан бояу болуы мүмкін, ол тек жастық жырына жарасар. Ал жастықтан ел ағасына бой ұрған Жұмекен сол көл-көсір бояудың көктегі жеті қарақшыдай жетеуін таңдап, оның өшпес өңін өмірдің қышқылтымын өз бояуына ұштастыра білді. Шуақты бейбітшіліктің ашық аспанын тіледі.
“...Үндемейін, деп ем мен, үндемейін –
Бүлкілдеп бара жатыр тіл көмейім:
Судың жырын жырлайын күмбір етіп,
Гүлдің жырын жырлайын үлбіретіп,
Жалғыз сәтке, тым құрса, уа табиғат
Қондыр мені бұтаңа бұлбұл етіп”, – деп келеді де енді бірде:
“...Ұлы қала.
Сөздеріңнің жұмсартып мағынасын,
Моторға да май беріп жағынасың...
Жиырмасыншы ғасыр ғой:
Кейде бірақ
Табиғаттың өз даусын сағынасың”, – дейді ақын.
Бізде қазір сол табиғаттың өз дауысындай Жұмекен ақынды сағынып жүрміз. Дабыра құмар “мықтылардың” төбеңді оятындай қылығына налыған да осы Жұмекен, Мұқағали, басқа да тумысынан тұғыры мықты, текті ақындардың жырына шөлдейміз. Шөлдейміз де жырларын оқып, солығымызды басып, еріксізден:
“...Ағаш егем, қаласам, қала салам:
Мен ұқсаймын, Шуақ Күн, ауа, саған.
Мен сенемін, ей, көктем, оңашада
Мейірімділік жөнінен таласа алам”, – деп Жұмекен болып дем аламыз.
Байқап тұрсақ, табиғат пен адамның тұтас бір дүние екенін үзіліссіз жырлаған Жұмекен Нәжімеденов міне, тағы да алдымыздан шықты, тек бұрынғыдан толысқан, егделенген. “Жаздағы жапыраққа үміт артпа, көңіліңді қалдырады”. “Мен – тамырмын, тараймын, топыраққа, тамыр өссе – тек қана тереңдейді”. Немесе “Майдандардың мүгедегін көп көрдік, бейбіт күннің мүгедегі қиын-ақ.”
...Мүгедектің басқа түрі көп өсті:
Бір түрі оның жарамсақтар күлкілі,
Күншілдер мен өсекшілер – бір түрі,
Бықсық тірлік. Сен білесің бұл істі,
Судан жылап жылға қуған жымысқы, – дейді ақын. Мүгедек – тамыр, жарамсақ – жапырақ арбасып келіп, тағы да табиғат пен адамның жұп-жұмыр тұтас жанды бейнесін көз алдыңызға елестетеді.
Ақынның қай қырынан көз салсақ та, оның озық ойы көш ілгері тұрады.
Тағы Жұмекен жырына кезек берелік.
“...Қашты біреу Батысқа ұзартам деп мұратын,
Міне, міне, дәл соның салмағы жоқ бір атым,
Басың сенің доп адам,
О, домалан, домалан,
Көкейінде көп алаң,
Көрген күнің зобалаң,
Табанының астында туған жері жоқ адам”, –
Ойланыңызшы, ақын туған жеріңіз кіндігіңізден байлап тастаған жоқ па? Дәл солай. Немесе балықшылар жайлы “Тор” деген өлеңінде балық сорпасына тойған ақын”...түйе өлтіру – түк емес, түйдегімен өлтірудің қасында” деген өз ойына балықшы болып өзінше қарсы жауап береді. Сонда ақын:
Сенбейді екен мына жұрт тоқ кісінің сөзіне,
Халық қамын ойласақ – тоймай
тұрыпойлайық, – деп ой түйіндейді.
Ақынның бұл сөзі – жыр ғұмыр Жұмекеннің бүкіл болмысын көрсетіп тұрғаны анық.
Оспан СЕЙФОЛЛА, ақын.