Бауыржан Момышұлы – 100
“Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың, Бөктеріп алып кетер ем, Ат сауырына сыймайсың”, деп Тәңіртаудың бауырындағы бұлағы сылдыраған, лағы құлдыраңдаған, терегі шайқалған, желегі жайқалған Мыңбұлақ атырабын армандай жырлаған Асан қайғы бабамыз өткен жер, қыркүйектің соңы, қазанның басы деместен, тамылжып тұрды. Тоқсан тоғысындағы табиғаттың бұл жаймашуақ мінезі – батыр мерейтойының қуанышын бөлісуге келген жұртшылық үшін сый-сияпаттың үлкені болды десек те артық айтқандық болмас. Сонымен...
Қазақтай қаһарман халықтың түбі бір түркі жұртына ортақ батыр ұлы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойының екінші күні батыр туған өлкеде, Тәңіртаудың баурайындағы ілгеріде Боранды бекет, бүгінде Бауыржан Момышұлы деп аталатын іргелі ауылдың жоғарғы беткейінде басталып та кеткен.
Ауылдың кіре берісіндегі дөңде өткен-кеткен жолаушыға қырандай шүйліге қарап отырған батыр ескерткіші бар. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылған. Той тағылымы, халық ғибраты, міне, осы, қайта жөндеуден, жаңа әрлеуден өткен ескерткішке гүл қойып, тағзым етуден басталды.
Тәңіртаудың қарлы шыңдары менмұндалап тұратын өрлеуіттеу беткейде батырдың мұражайы бар. Той қарсаңында бұл шаңырақ та күрделі жөндеуден өткізіліп, “Ерлік елеусіз қалмасын” деп ер Баукеңнің өзі айтқандай, жаңғырып шыға келді. Мұражай алдындағы батыр бюсті қайта жасалды. Бұрын аудандық, ауылдық деңгейдегі мекеме ретінде аталып келген мұражай енді “облыстық” деген мәртебеге ие болды. Экспонаттары да қаһарман ағамыз көзі тірісінде тұтынған, бүгінге дейін батыр ұрпақтарының қолында болған көне бұйымдармен толықты. Оған батырдың бүгінгі торқалы тойының құрметті қонақтарының бірі, қаһарманның ұлы Бақытжан мен келіні Зейнеп көп атсалысты.
– Атам дүниеге ешуақытта қызыққан адам емес. Артына қалдырған байлығы да, аманаты да, өсиеті де қарапайымдылық пен қанағат болды. Кезінде біз үшін де, елі үшін де ең үлкен қазына – атамның өзі мен сөзі болатын. Қазір де солай. Одан кейін ата тұтынған заттар. Тіпті ескіріп, заман көшінен қалып қойса да, өткен күндерден сыр шертіп тұратын сияқты. Өйткені, оның әрқайсысында ата қолының табы бар. Батыр аталарының өр рухын аңсап, еңсе көтерер ерлікке шөліркеген ұрпақ үшін ең басты қазынаның бірі осы деп білемін, – деген Зейнеп жеңешеміз атасының мұражайына жазда келген сапарында. – Атаның қолы тиген, иісі сіңген бұйымдары мен тұтынған заттарының барлығы осы күнге дейін үйде тұрды. Мен оны отыз жылға жуық уақыт бойы көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Әрине, атамның артында ұрпағы бар, ұлы бар, немересі бар, екі шөбересі бар, оларға да ескерткіш керек, сондықтан үйге де біразын қалдырдым. Ал көптеген дүниесін батыр тойына келген ел, жас ұрпақ көрсін деп алып келіп отырмын...
Әрине, Баукең тұтынған әрбір заттың өзіндік тарихы бар екені белгілі. Мысалы, сонау 1908 жылы жасалынған сейфті алып қараңыз. Бұрынғының бұйымдары асыл келеді ғой, тіпті жасаған адамының аты-жөніне дейін, яғни “Пивоваров” деген шеберінің тегіне дейін өшпеген. Осы сейфке байланысты ата мен келін арасында күтпеген әңгіме де болыпты.
– Атамның қолына көшіп келген кезіміз. Кілетті ашсам, осы жәшік тұр екен, “мына қара темірді мұнда неге қойған” деген оймен шығармақ болғаным сол еді, атам: “Тиіспе оған! Не трогай!”, деп айғайлап жіберді. Шошып кеттім. Сөйтсем, менің “қара темір” деп менсінбеген затым соғыста алдымен батальонның, кейін Панфилов дивизиясының бүкіл құпия құжаттары сақталған сейф екен. Тот басып, көзге қораштау көрінгенімен, төрт жылғы қырғынның ішінен елге аман-есен келген жауынгердей қымбат дүние! Оның үстіне соғыс тағдырын шешуге қатысты талай құжаттарды сақтаған атамның жеке сейфі! Атам “Тиіспе!” деген соң, мен де оны көзімнің қарашығындай сақтауға тырыстым...
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған той қонақтары ауылдағы батыр ескерткішіне тағзым еткеннен кейін, міне, осы мұражайға атбасын бұрған. Мұражай алдындағы батыр бюстін салтанатты жағдайда ашқан. Ал мұражайдағы батыр бұйымдарын көруге ұмтылған ел-жұртта қисап жоқ. Сірә, көңілдері “темірді қызған кезінде соқ” дегендей, батыр тұтынған заттарды тойға алыстан арнайы келген ел зиялыларымен бірге тамашалағанды қалайтын сияқты.
Мұражайдың жоғарғы жағына, яғни Тәңіртау беткейіндегі күзгі жапырақтары алтындай жалт-жұлт еткен биік теректердің арасына үлкен сахна құрылған екен, той жиыны осы жерде басталды. Әуелі облыс әкімі Қ. Бозымбаев сахнаға шығып көптен күткен батыр тойын ашық деп жариялап, жиналған жұртшылықты құттықтап, сөз сөйлеген.
– Ардақты ағайын! Қымбатты қонақтар! Бүгін біз қасиетті есімі ұлт мақтанышына айналған даңқты командир, артына тарихи мұра қалдырған жауынгер-жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ғасыр тойында бас қосып отырмыз. Асқақ рух пен елдіктің айбынындай болған Бауыржан Момышұлының батыр тұлғасы, қайсар мінезі, от ауызды, орақ тілді бейнесі мен айнымас қасиеттері халқымызбен мәңгі бірге жасап келді. Дана халқымызда “Ерлік – ерімен биік” деген сөз бар. Батыр Бауыржанның бойындағы айрықша дарындылық пен адалдық, әділдік пен шыншылдық қасиеттері көптің көңілінде, ұрпағының есінде сақталған.
Айналасында мың бұлағы бар Көлбастаудан түлеп ұшқан жаужүрек Бауыржан Момышұлы взвод командирінен дивизия командирі деңгейіне дейін көтерілген дара сардар. Айнымас мінезді ер Баукең әскери қызмет жолында темір тәртіптің тізгінін қолына берік ұстап, артында айрықша із қалдырды. Сол үшін де халқы ерлігімен еліне танылған Баукеңді көзінің тірісінде “батырым” деп бағалап, алақанында аялады.
Егер, өмірде адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, ұлтын сүю – парыз десек, осы киелі қасиеттердің барлығы да Бауыржанның бойынан табылған. Ал, Батыр Бауыржанның “Отан үшін отқа түс – күймейсің!” деген рухы биік қанатты сөзі бүгінгі жастардың бойында патриоттық мінезді қалыптастыруға шақырған ең жоғары ұран деп білемін.
“Ерлік ескірмейді, ол халқымен бірге мәңгі жасайды” дейді дана халқымыз. Батырлық рухтан сусындаған Баукең – халқының болашағы үшін күрескен батырлардың жеңісін жалғастырған азаматы, барша қазақтың бас иген Батыры. Соғыстан кейінгі жылдары қаруын қаламға айырбастаған гвардия полковнигі Б.Момышұлы – көптеген көркем туындылары мен әскери жазбалары арқылы әрбір оқырманның жүрегіне жол тапқан жауынгер-жазушы. Ол – қазақ әскери әдебиетінің негізін салған қаламгер.
Егемендігіміздің алғашқы жылдары Кеңес өкіметі тұсындағы әділетсіздіктің “уақытын кері қайтарып” – халқымыздың ерлік символына айналған Бауыржандай батырға Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруде Елбасының тарихи еңбегі ерекше екенін айтуға тиіспіз. Осы абыройлы атақ арқылы қабырғалы қалың елдің еңсесін көтерді. Тұтас бір халықтың тоналған тарихтан есесін қайтарды. Сарыла күткен ел сенімі ақталды. Бұл – біздің Тәуелсіз еліміздің алғашқы рухани жеңістерінің бірі еді. Баукеңнің жұлдызды болған күні – халықтың жұлдызы жанған күн еді!
Қадірменді қауым!
Бүгінде Бауыржан Момышұлының есімін есте қалдыру және ерлік жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында елімізде көптеген тірліктер жасалып келеді. Еліміздің бас қаласы – Астананың 10 жылдық мерекесі қарсаңында Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа саябақ ашылып, Батырдың ескерткіші орнатылды. Ал, Мәскеу қаласы маңындағы атақты Дубосеково мен Крюково селоларында Бауыржан Момышұлына ескерткіш-бюстер қойылды. Биыл Мәскеуде бір мектепке есімі берілді. Күні кеше алғаш рет 30 томдық кітаптары жарық көрді.
Бүгінгі Бауыржан Момышұлының жүз жылдық тойының осылайша кең көлемде аталып жатуы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше оқиға деп білемін. Баукең – табиғи болмысына дақ салдырмай, нөмірі бірінші Бауыржан болып халқының жадында сақталған, қасиеті – қымбат, сипаты – сирек, жүз жылда бір келетін қайсар тұлға. Өйткені, ол Батыр болып туды, Батыр болып соғысты, Батыр болып өмір сүрді, мына дүниеден де Батыр болып өтті! Олай болса, біз халқының сүйіспеншілігіне ие болған Батыр Бауыржанды, Ұлтжанды Бауыржанды, Қайсар Бауыржанды қазақтың ең бақытты перзенті деп зор мақтанышпен айта аламыз.
Облыс басшысы сөзін осылайша екпіндете аяқтаған. Ақиқатты айтқанның айыбы жоқ, Жамбыл облысындай қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірге әкім болып алғаш рет тағайындалғанда, жүрек пен тілек үдессе тіл үйрену дегеннің қиын емес екенін айтып, тілектес болып едік. Міне, сол жалындаған жас басшы арада бір жыл өтпей-ақ ана тілінде еркін көсілетін болған. Алғашында “апырайлап” жүрген жұрт та дән риза.
Облыс әкімі өзінен кейінгі сөзді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке берген.
– Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батырлар аз болған жоқ. Бірақ солардың бәрінен Бауыржанның орны да өзгеше, атағы да айрықша, тұғыры да биік. Себебі, Бауыржан қатысқан екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихына әлемнің 70-тен астам елі қатысқан ең алапат соғыс болып енді. Ол батылдық пен батырлықтың ғана емес, әскери өнер, соғыс тактикасы, ақыл-ой мен білім-біліктің арпалысқан, бес құрлық пен төрт мұхитта адамзат жан алысып, жан беріскен, жер жаһанды қамтыған ғаламат соғыс болды. Екінші дүниежүзілік соғыс тарих сахнасына жаңа тұрпатты қолбасшыларды шығарды.
Қаһарлы 41-жылдың қысында Кеңес Одағының астанасы – Мәскеу қаласына жау танкілері қол созым жер қалған сәтте бүкіл дүние жүзінің назары әйгілі шаһарға ауды. Міне, осы кезде қазақтың құрыштай берік ұланы қайтпас қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ оның есімі құрлықтың алтыдан бірін қамтыған алып империяның шекарасынан асып, дүние жүзін шарлап кетті. Орыстың қабырғалы қаламгері А.Бектің “Волоколам тас жолы”, А.Кривицкийдің “Москва түбіндегі тосқауылынан” бастап даңқты қолбасшы-генералдар К.Галицкий, И.Чистяковтардың өзі қаһарман қазақтың ерлігі туралы тамсана, таңғала жазды. Бұл шығармалар, әсіресе А.Бектің романы әлемнің алуан тілдеріне аударылып, мұхиттың арғы-бергі жағына Б. Момышұлының құрыштай берік құдыретті тұлғасы аңыз болып жайылды. Ол, тіпті, Куба көсемі Ф. Кастроның сүйікті кейіпкеріне айналды.
Жаһандық соғысқа қатысқан жауынгерлер мен қолбасшылар еңбегі Кеңес Одағы тарапынан кем бағаланған жоқ. Олардың алды бір, екі, үш, тіпті төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Өкінішке орай, бұл қатарда Бауыржан Момышұлы болған жоқ...
Осылайша аяулы Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағы Батырының Алтын Жұлдызын кеудесіне жарқыратып таға алмай дүниеден өтті. Заман алмасты, басшылар ауысты. Ел тілегі қабыл болып, 1989 жылдың маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің тізгінін әлі елуге де толмаған Нұрсұлтан Назарбаев ұстады. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқына сіңірген мың сан ерлігін реті келгенде әлі талай жазармыз, бірақ соның біреуін дәл бүгін айтпасақ, ақиқат сөздің атасы өлетіні анық. Ол былай болған еді. Қазақстанның жас басшысы сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевке Бауыржан Момышұлына қырық бес жыл бойғы жасалған әділетсіздікті ашына жеткізді. Ол әлдеқашан көмескі тартқан ескі тарихты қайта тірілтпеуді, егер Б. Момышұлына Батыр атағы бірілсе, өзге республикалардан мұндай өтініштердің қарша борайтынын айтып, келісім бермейді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Менің халқым – мың өліп, мың тірілген халық. Әлі де кездесер қиындықтың кез келгенін жеңетініне сенімім кәміл. Ал арқамызға қырық бес жыл аяздай батқан дәл мына әділетсіздікке былай төзу мүмкін емес. Бауыржандай ұлтына ұран болған ұлды тудырған менің халқым ер намысын жоғары қойған. Ендеше, Бауыржандай ердің намысы мен үшін бәрінен биік, – деп табандылық танытқан. М. Горбачев бұл өтінішке келесі Жеңіс күніне қарай қайта оралу жөнінде қайыра ұсыныс жасайды. Келер жеңіс күніне дейін қызыл империя тағдыры қалай болатынын жобалаған, қашанда қиядағыны көріп, қияндағыны болжай алатын Қазақстанның кемеңгер басшысы “Мен елге Жарлықпен қайтуға тас-түйін дайындықпен келдім”, – деп қайсар мінез танытады. Міне, осылайша, 1990 жылдың 12 желтоқсанында қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді...
Бүгін Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысушыларға Елбасымыз арнайы құттықтауын жолдады. Осыны оқып беруге рұқсат етіңіздер.
“Ардақты әлеумет! Баршаңызды қазақ халқының біртуар батыр ұлы, қаһарман қолбасшы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бауыржан Момышұлы – өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, намыстылығымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған ұлы тұлға. Оның есімі ерлік пен өрліктің символы ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Осыдан 20 жыл бұрын менің тікелей араласуыммен тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. Біз жас ұрпаққа батыр Бауыржанның кесек тұлғасын үлгі етіп, оның өнегелі өмірін ұлттық патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде насихаттап отыруға тиіспіз. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекеттігімізді нығайту үшін де батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екендігі сөзсіз. Бүгінде елімізде оның есімін ұмытпау мақсатында ауқымды істер атқарылуда. Астанамызда Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа саябақ ашылды. Елорданың ең үлкен даңғылдарының біріне батырдың есімі берілді. Еңселі ескерткіші орнатылды. Қаһарман қаламгердің 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Осындай тағылымды игі шаралар алдағы уақытта жалғасын таба береді деп сенеміз. Батырдың рухы баршаңызды қолдап жүрсін! Той тойға ұлассын!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Астана. Ақорда”.
Тәңіртаудың баурайындағы сұлу белеске қоныс тепкен батыр атындағы ауылға жиналған көпшілік алдында Ердің ерлік ісі мен Елбасының елдік ісі жөнінде осылай толғанған Мәдениет министріне батыр тойына жиналған жұрт риза болды.
Той бағдарламасының ұзын-ырғасынан тік мінезді, тура тілді маңғаз перзенттің “Елсіз ер бола ма, жұртсыз жігіт бола ма”, “Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет”, “Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет” деген өсиетіне адалдық, өнегесіне ұқыптылық аңғарылып тұрды. Бұдан кейін сөз алған сенатор Ө.Байгелди Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ал Мемлекеттік хатшы хатшылығының хатшысы Қ.Айтбай АҚШ-та мемлекеттік маңызды сапармен жүрген Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабевтың құттықтауларын облыс әкіміне табыс етіп, батыр мұражайына қоюға тілек білдірді.
Бесін ауа той қонақтары Тараз қаласының батыс беткейіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромға қарай ағылған. Мұнда ұлттық ат спорты ойындары – бәйге, көкпар жоспарланған-ды.
Сонымен, ұшқыр бәйгеге 8 ат қатысып, 2800 метрлік қысқа қашықтықта Керекуден жеткен жүйрік бірінші келді. Құнан бәйгеге 44 жүйрік қатыстырылып, Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан келген О. Байділдаевтың аты шашасына шаң жұқтырмас жүйрік екенін танытты. Шабандоздардың естерінде жүрсін, ұшқан ұясындағы ата-аналары болашақ батыр Баукеңді бала кезінде “Шаң тимес” деп атайды екен. Тоқ бәйгеде 38 тұлпар бақ сынап, Алматы облысының “Жайсер” атты жүйрігі топ алдынан көрінсе, аламан бәйгеге қатысқан 41 тұлпардың ішінен Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауылының “Ізбасар” атты жүйрігі алдына қара салдырмай, бәйге сызығын бірінші болып өткен. Бірінші орын алған бәйге иелеріне тиісінше ақшалай сыйлықтар және “Жигули”, “Нива”, “Джип” автокөліктері тапсырылды.
Бәйге барысында, әлбетте, тұлпар иелері тарапынан дау-дамай да болмай қалған жоқ, бірақ той иелері әділдіктің ақ жолынан аттамай, бәйгеден түсірілген бейнематериал көмегіне жүгіну арқылы қай аттың бірінші келгенін дәл айтып берді. Той қызығын көкпар мен аударыспақ та қыздырып, жиналғандарды бір желпінтіп тастаған.
Халқымызда “Тойдың болғанынан боладысы қызық” деген сөз бар. Сонымен, батыр мерейтойына жыл басында жасалған дайындық мәресіне жетіп, ол баршаны “бәрекелді” дегізген жақсы нәтижемен аяқталды. Оған тойға жиналған халық куә болса, естіген ел риза болды.
* * *
Батыр мерейтойы ойдағыдай өткеннен кейін, осы той қонақтарының бірі, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамы президенті Сауытбек Абдрахманов Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесіп, той тағылымы мен той қарсаңында қарапайым халық үшін атқарылған жұмыстарға ризашылығын жеткізе келіп, баспасөзге жазылу науқанына байланысты ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.
Егемен елдің сара саясаты мен дара бағытын талмай жазып келе жатқан ата басылымның басты мақсаты – елдің тату-тәтті бірлігі мен халықтың берекелі тірлігі. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы да алдымен осы екеуіне байланысты.
Ел тәуелсіздік алғалы бері Жамбыл облысындағы газет таралымы жыл сайын өсіп келеді. Былтыр 17 мыңнан асты. Сондықтан С. Абдрахманов биылғы меже Жамбыл өңірінде одан артық болмаса, кем болмауға тиіс, дей келіп, Президент саясатының рухани ұйытқысы болып отырған басылымға қамқорлық жасауға шақырды. Облыс әкімі Қ.Бозымбаев ата басылымның Жамбыл облысындағы таралымы жылдағыдан жоғары боларына сендірді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.