28 Қыркүйек, 2010

Төмен көміртекті дамуға көшу – уақыт талабы

1130 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Климаттың өзгеруі жиырма бірінші ғасырдың үлкен қатерлерінің бірі. Қатер дейтін себебіміз, техногендік әсерлер салдарынан температураның көтерілуінен мұздықтар еру үстінде. Алайда климаттың жылыну жылдамдығы адамзаттың болашақта Табиғат-Анаға қаншалықты дұрыс қарап, ауаға түрлі қалдық газдар шығаратын кәсіпорындар қызметін шектеуіне байланысты болмақ. Осы орайда әлемнің көптеген елдері парниктік газдар шығарындыларын төмендетуге бағытталған міндеттемелерді жүзеге асыруда. Соның ішінде алдымен ауызға алынатыны – төмен көміртекті даму. Төмен көміртекті технологияларды жасап шығару мен қолдану, осы саясатты қолдау климат өзгерісін жұмсартуда маңызды ықпал ете алады. Алдымен төмен көміртекті даму дегенге анықтама берейік. Ол – ауаға шығарылатын зиянды шыға­рын­­дыларды мейлінше азайтып, жасыл дамуға көшу, қоршаған орта тұтастығын сақтай отырып алға даму. Бұл орайда не істеу қажет? Жуырда Астанада өткен Қазақ­стан­дағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен еліміз Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрлігінің “ҚР стратегиялық жос­парға климаттың өзгеру мәселелерін біріктіру арқылы орнықты даму са­ла­сындағы әлеуетті арттыру” бірлес­кен жобасы шеңберінде өткен “Тө­мен көміртекті даму: стратегиялық тәсілдер және нақты шешімдер” атты конференцияда БҰҰ ДБ Қа­зақ­стандағы тұрақты өкілінің орын­басары Стелиана Недера осы даму тү­ріне қызығушылық танытқан елі­мізге алғысын жеткізе отырып, кеңі­нен әңгімелеп берді. Айта кету ке­рек, соңғы онжылдық ішінде БҰҰ Даму бағдарламасы ел Үкіметіне ға­ламшардың жылыну үдерісіне бейімделу және оның ықпалын жұм­сартуда әріптестік танытып, стра­тегиялық жоспарлау әлеуетін жоғарылатуда, сараптамалық кеңес беруде қолдау көрсетіп келеді. Өт­кен жылы Қазақстан БҰҰ-ның кли­маттың өзгеруі туралы негізде­мелік конвенциясына және ұлттық деңгейдегі Киото хаттамасына қол қойды. Оны ратификациялаған елі­міз хаттаманың бірден-бір негізгі талабы парниктік газдардың шыға­рын­дыларын қысқарту мен төмен көміртекті дамуды орындау бойын­ша белсенді қимылдай бастады. Орталық Азиядағы парниктік газдарды шығаратын елдердің бірі болып табылатын Қазақстан үшін төмен көміртекті экономикаға көшу тұрақты дамуда, дүниежүзілік қоғамдастыққа бірігуде қажетті қадам болып отыр. Төмен көміртекті дамудың стратегиялық жоспарының негізін, тұжырымдамасын ұсынған аталмыш ұлттық конференцияда осы үлгіге көшудің негізгі тәсілдері талқылан­ды. Сонымен қатар, парниктік газ­дар эмиссиясының жобасы, энер­ге­тикалық сектордың шығарындылар­ды азайтудағы әлеуетіне баға бері­ліп, “жасыл” экономикаға көшудің негізгі әлеуметтік, экономикалық пайдалары мен салдарлары талқы­лан­ды. Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Е.Сәдуақасова бұл бағытта қандай жұмыстар атқары­лып жатқандығына тоқталды. Вице-министр ел кәсіпорындарында энер­гия үнемдегіш технологияны ендіру үшін экономикалық ынта­лан­дыруды жасау мақсатында алда­ғы жылдан бастап парниктік газ­дар­ға ішкі квота саудасының жұмысын бастауды жоспарлап отырғандығын алға тартты. Қазіргі таңда оған қажетті заңнамалық база әзірленуде екен. БҰҰ ДБ-мен еліміз арасында бірлескен бірнеше жобалар бар. Соның бірі энергиялық тиімділік жобасы. Жоба шеңберінде жүргізіл­ген бірқатар шаралар қорытынды­сын­да ғимараттардың жылу энер­гия­сын тұтынуы 20-30%-ға дейін қысқарғандығы дәлелденген. Бұл энергия сақтауда үлкен үлес. Екін­ші, жел энергиясы саласын дамыту жөніндегі ел Үкіметі, БҰҰ ДБ және Жаһандық экологиялық қор ара­сын­дағы ортақ жоба. Жел әлеуетіне, желдік атласқа жүргізілген зерттеу Қазақстанда үлкен жел әлеуеті барлығын көрсетіп отыр. Төмен көміртекті дамуға өту жобасының Қазақстан үшін салдары мен одан келетін әлеуметтік-эконо­микалық пайда қандай? Бұл сұраққа Қоршаған ортаны қорғау министр­лігі мен БҰҰ ДБ жобасының ұлттық сарапшысы Г.Исмағұлова былай деп жауап береді. Төмен көміртекті даму үлгісіне өту шеңберінде 3 негізгі сценарий қарастырылған. Бірінші, базалық сценарий. Мұнда саяси қалыптасқан заңдылықтар ескері­ле­ді де, міндетті жауапкершілік бол­май­ды. Тек құжаттарда көрсетіл­ген­ді ғана орындайды. Екіншісі, 15-25 пайыздық міндеттемелік сценарий. Бұл парниктік газдарды шығарудың жалпы көлемі 2020 жылға қарай 1990 жылғы шығарындыларға қара­ғанда 15%-ға кемітілуі, сондай-ақ 2050 жылға қарай 25%-ға дейін жетуі. Үшіншісі, БҰҰ ДБ Киото хаттамасына қол қойған елдердің барлығы 1990 жылмен салы­с­тыр­ған­да парниктік газ шығарындыларын 90%-ға дейін төмендету. Елімізде пар­никтік газдарды шығарудың не­гізгі көзі электр энергетикасына тиесілі. Бүгінгі күні өндірілетін қуат 70%-ға, жылу жүйелері 40%-ға, элек­тр жүйесі 60%-ға ескірген. Осы­лайша саланың негізгі қорлары­ның ескіруі қауіпті деңгейден асып кет­кен және болашақта үлкен ин­вес­тицияны қажет етеді. 2007 жылдан бастап Үкімет парниктік газдарды шығарудың ең үлкен көзі болып табылатын осы секторды жаңартуға жеке инвестиция жұмылдыру саясатын белсенді жүргізіп келеді. Электр энергетикасы саласын жаңарту жұмыстары да жүзеге асуда. Еліміз ІЖӨ-сінің энергияны көп қажет етуі аумақтың үлкендігі мен тұрғын халықтың аздығына, құбыл­малы климаттық шарттарға, қосыл­ған құны аз өнімдер өндіретін өнеркәсіп құрылымында энергияны көп қажет ететін сектор үлесінің көптігіне байланысты. 2050 жылға дейін парниктік газдарды шығаруды 1990 жылғы көр­сеткіштен 90-95%-ға дейін тө­мен­дету сценарийі еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізбек. Мысалы, өз қажетін өтеу үшін сырт елден электр энер­гиясын импорттауға мәжбүр болады. Немесе энергия өндіретін қуатты жа­ңалауға өте үлкен көлемде инвес­тиция қажет болады. Оны орындау мүмкіндігі жоқ болғандықтан төмен көміртекті даму үлгісі – парниктік газдарды шығарудың ең жоғарғы көлемін 2050 жылы 25%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр. Ұлттық экономиканың барлық мүмкін­дік­те­рін қолдана отырып, оған қол жеткізуіміз әбден ықтимал. Еліміз атмосфераға парниктік газдарды шығаруды қысқартуға кіріспек екендігін жоғарыда айттық. Төмен көміртекті даму – мем­ле­кеттің көміртекті өнімге тәуелділігін азайтып, бірінші кезекте энергетика жүйесінде, сондай-ақ технологияны енгізу, жаңғырмалы энергия көзде­рін дамыту түрінде көрініс таппақ. Қазақстан алдағы екі жыл ішінде ПГ шығаруға берілетін квоталарды кәсіпорындарға бөлетін болады. Кейбір салалар бойынша алғашқы ПГ қысқартулар 2013-2014 жылдары басталады. Осы қысқа уақыт аралы­ғында еліміз 1 пайыздық ПГ қыс­қар­­туына қол жеткізеді деп бол­жа­нып отыр. Үшінші ұлттық жоспар­да­ғы квота бөлінісі еліміздің 2020 жылға дейінгі ПГ қысқартуын қам­тамасыз етеді. Екі жеңілдікті кезең ішінде ел кәсіпорындары қаржылық ресурстарын, болашақ инвестор­лар­мен және өндірушілермен ПГ шы­ға­руды қысқартуда өз базаларын қа­лыптастырып үлгереді. Қазақстан биылғы жылдың аяғына дейін Чи­ка­го климаттық биржасымен ке­лісімге отырмақ. Бұл ПГ шығаруда­ғы Қазақстан квотасы осы биржада сатылатын болады деген сөз. Келесі жылдан бастап Қазақстанның ПГ шығаруға арналған квотасын сатуда ішкі еркін көміртекті рыногы бола­ды. Яғни ПГ-ны аз шығарған қазақ­стандық кәсіпорындар өз квотала­рын кестеден қалып бара жатқан кәсіп­орындарға сата алады. Сондай-ақ еліміз квотаны басқа елдерден сатып алып немесе сатуға шығара алады. Жаһандық жылыну құбылысы шындығында да планетаның басты мәселесіне айналып тұр. Оның не­гіз­гі шешімі ретінде көрсетіліп жүр­ген төмен көміртекті даму адамзат үрейленетіндей нәрсе емес. Бірақ осындай даму үлгісіне көшу мәселе­сінің көтерілуі оның қаншалықты маңызды екендігін айғақтайды. Оны барша адамзаттың түсінуі қажет. Ерте ме, кеш пе әлем бұл мәселені күн тәртібіне қояды. Ал сол уақытта біз дайын болуымыз керек. Осы орайда айта кетер бір жәйт, Астанада қыркүйектің 27-сі мен қазан­ның 2-сі аралығында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің Қор­шаған ортаны қорғау және дамыту министрлерінің 6-шы конференция­сы өтеді деп күтілуде. Әр 5 жыл сайын өтетін бұл конференцияда орнықты даму жағдайына баға беру, қоршаған ортаның жаһандық қатер­леріне және аймақтық мәселелерге келісілген қимылдар ұстану, т.б мәселелер қаралатын болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.