Бүгінгі әлемде су өткір мәселелердің бірі болып отыр. Жуырда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: “Алдағы он жылда су үлкен мәселеге айналғалы тұр. Тек Қазақстан ғана емес, әлемнің барша ғалымдары қазірден бұған бас қатыруда. Сондықтан, бұл мәселені шешу керек”, деп атап өткен болатын. Біз осы мәселеге қатысты жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Орман АНАРБЕКТІ әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстанға ағып келетін өзендердің көпжылдық маңыздылығын орташа есеппен бағаласақ, соңғы 30 жылда жылына 25,3 текше шақырымға азайғаны байқалады (жергілікті сулар бойынша – 10,3, трансшекаралық сулар бойынша – 15,2). Бұл ауа райының ұзақ мерзімді болжамының өзгеруіне сәйкес келеді. Трансшекаралық ағып келетін сулар азаяды деген болжамдарды ескергенде 2020 жылға қарай республикада су ресурстарының әрі қарай азаюы жылына 86 текше шақырымға дейін жетпек. Естеріңізге сала кетейін, жерасты су көзі әдетте ірі өзендердің бассейніне жинақталған. Бұл жер үсті ресурстарымен тығыз гидравликалық байланысы бар екенін көрсетеді. Сондықтан да оларды пайдалану келісілген түрде жүзеге асуы керек: бір “элементті” шамадан тыс пайдалану екіншісінің жағдайына міндетті түрде әсер етеді. Табиғи-климаттық факторды да естен шығаруға болмайды. Гидрометеорология, гидрология мен су ресурстарын пайдалану мәселелері біртұтас дүние ретінде қаралуы керек. Су нысандары ахуалын шынайы біліп отыру үшін жоспарлы түрде мониторинг жүргізілуі. Ол суды қауіпсіз пайдалану және қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін қажет.
– Бүгінде Қазақстан экономикасындағы су ресурстарының алатын орнын қалай бағалауға болады?
– Экономикамыздың суды тұтыну көрсеткіші жылына 32,5 текше шақырымды құрайды. Егер салалар бойынша айтар болсақ, ең көп тұтынатын ауыл шаруашылығы саласы, ол 75%-ды құрайды. Бұл көлемнің жартысынан астамы, яғни 53%-ы Арал-Сырдария бассейнінде пайдаланылады, ол жерде дәстүрлі суармалы егін шаруашылығы дамыған. Суды өндірістік мақсатта мол көлемде тұтынатындар Ертіс бассейнінің нысандары – 38%, Нұра-Сарысу – 29%, Орал-Каспий – 21%. Бұлар еліміздің индустриялық дамыған өңірлерінде орналасқан. Коммуналдық-тұрмыстық сектор бар болғаны судың 5 пайызын ғана тұтынады.
– Сіз су ресурстарының азайып бара жатқаны туралы айтып қалдыңыз. Мұны еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер деп санауға бола ма?
– Бұл 2020-2030 жылдарға қарай алапат су тапшылығы қаупі барын аңғартады. Яғни, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне тікелей қатысты дүние. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан ірі трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Сондықтан, сумен қамтамасыз ету жайы көбіне іргелес жатқан мемлекеттердің шаруашылық ұстанымдарына, экономикалық дамуы мен халық санының өсуіне тәуелді. Ендеше, су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу мәселелері стратегиялық маңызға ие.
– Бұл проблеманы шешудің жолдары қандай?
– Біріншіден, ел ішінде су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану қажет. Ол үшін кіріктірілген басқарудың ұлттық жоспарын қабылдау керек және соның негізінде тұтастай оңалту жұмыстарын, қолданыстағы су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру қажет. Бұдан тыс, барлық жерде жаңа су үнемдеу технологияларын, өндірістік үрдістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізіп, мемлекеттік және бастапқы су есептеуді жолға қою керек. Алғашқы тәжірибелердің нәтижелері көңіл көншітеді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы “ЖаңаАқдала” агрофирмасы қызанақ өсіру үшін тамшылатып суару технологиясын енгізді. Соның арқасында алынған өнім көлемі 3,5 есе артып, су шығыны 2,8 есеге азайды. Тыңайтқыш заттарды қолданудағы үнемдеу 30%-ға, ал өсімдікті ауылшаруашылық өңдеуге кеткен шығын 40%-ға кеміді. Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында картоп өсіруде америкалық “Валей” суару мәшинелері қолданысқа сәтті енгізілуде. Нәтижесінде, егістік суын үш есе үнемдей отырып, өнім көлемін арттыруға қол жеткізілді. Бүгінде мемлекет тарапынан ресурстарды үнемдеуге баса көңіл бөлініп отыр деуге болады. Атап айтқанда, ресурс үнемдейтін озық технологияларды енгізу үшін ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие берілуде. Бұл ауыл шаруашылық өнімдерінің өзіндік құнын төмендетіп, рыноктағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасалып отыр.
– Қазақстан су ресурстарын ұтымды әрі тиімді пайдаланатын күнге қашан жетеді?
– Суды ұтымды әрі тиімді пайдалану өлшемдерін анықтау үшін гидромелиоративтік жүйелерде технологиялық үрдістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуіміз керек. Ол үшін суды тұтынушылардың ауылдық жердегі тұтынушы кооперативтері су бөлетін нүктелерінде және су тұтынушылардың өздерінде автоматтандырылған судың есебі болу керек. Өкінішке қарай, қазір біз бұл істерді енді ғана қолға алып жатырмыз. Бұған қоса, бізде су жеткізу қызметіне төленетін баға арзан. Тұтынушылар судың қадірін жете түсінбейді. Дамыған мемлекеттерде суармалы егістіктердегі су тұтыну бір маусымда гектарына орта есеппен 5-7 мың текше метрден аспаса, біздегі өндірушілерде бұл шығын 13 мыңнан 17 мыңға дейін, ал күріш егістіктерінде гектарына 26 мың текше метрге дейін жетеді. Тағы бір мысал келтірейік, аталған елдерде суармалы судың әр текше метріне 2-8 кило өнімнен келсе, бізде 400-ден 800 грамға дейін ғана келеді. Осыдан-ақ біздің судың пайдасын қаншалықты көріп отырғанымыз білінеді. Аз су арқылы, яғни үнемдеу арқылы мол өнім алуға жол салу біздің міндетіміз. Ал ол үшін су жеткізу қызметінің ақысына тасымалдау шығынының құнын қосу керек. Яғни, ол суды тұтынушының ресурстың қадірін түсініп, сезініп, суды мұқият қолданып, үнемдеуші технологияларды белсенді түрде қолдана бастауы үшін қажет.
– Су мәселесінде көршілес елдер арасындағы қатынастың күрделі болатыны жасырын емес. Осы қатынас Орталық Азия елдері арасында, оның ішінде Сырдария өзені бойынша қаншалықты реттелген?
– Мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіру осы саладағы мемлекет саясатының басым бағыты. Бәрінен бұрын, бұл трансшекаралық су арналарындағы су ресурсын бірлесе пайдаланудың құқықтық және экономикалық тетіктерін жолға қою болып табылады. Аталған бағыт осындай проблемалармен айналысатын халықаралық ұйымдармен сындарлы әріптестік орнатуды көздейді. Сырдария мәселесіне келер болсақ, таяу болашақта бізге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтері арасында Сырдария өзені бассейнінің су және энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қою керек. Оның жобасы негізінен “Әмудария және Сырдария өзендері бассейініндегі су ресурстарын басқару және реттеу механизмдерін жетілдіру атты” RЕТА жобасының аясында әзірленді. Оны Азия даму банкінің техникалық көмегі шеңберінде қаржыландыру көзделген. Мұндай келісімнің болмауы Қазақстанның оңтүстігінде су шаруашылығы ахуалын күрделендіре түседі – қыста судың жасанды тасқыны, ал жазда суармалы судың тапшылығы орын алады. Бірақ Өзбекстан аталған құжаттың жоқтығын пайдаланып, 2000 жылдан бері қыс кезінде суды қармап қалу мақсатында өз аумағындағы арнада су қоймаларының жобалау жұмыстары мен құрылысын қолға ала бастады. Күзгі-қысқы және көктемгі су тасқындарымен күресу үшін, және олардың кері әсерлерінен сақтану үшін Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясаты арқасында қас-қағым мерзімде “Көксарай” су реттегіші жедел салынып, пайдалануға берілуде. Бұл өз кезегінде ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы елді мекендерді су басу қаупінің бетін қайтарды. Сонымен қатар, ОҚО-ның Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптарын Шардара су қоймасының суымен тұрақты қамтамасыз ету үшін Президенттің тапсырмасы бойынша, 90 мың гектар алқапты суаруға қабілетті 30 шақырым магистралды каналы бар сорғы стансасы салынуда. Трансшекаралық Әмудария мен Сырдария өзендерінің су әлеуетін пайдаланудағы барлық түйткілдерді шешу мақсатында Елбасы төрт ел басшыларына үлестік қатысу арқылы мемлекетаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынды. Ол әр мемлекеттің аталған өзендердің су ресурстарына теңдей қолжетімділікке ие болу үшін қажет.
– Ішкі шаруашылықтағы проблемалар мен халықаралық деңгейде шешімін күткен міндеттерді Су ресурстары комитеті мемлекеттің өкілетті органы ретінде шешуге қаншалықты қауқарлы?
– Су ресурстары, дәлірек айтар болсақ, оның ұтымды пайдаланылуы халықтың игілігі мен табиғи әлеуетті қолдау және еліміздің өңірлеріндегі ұлттық кірісінің маңызды бір бөлігін айқындайды. Су ресурстарын дұрыс басқару дәрежесі бүгінде мемлекеттік органнан талап етіп отырғандай деңгейде сезілмейді. Ол үшін аталған орган жеткілікті түрде қауқарлы және бірнеше министрліктер мен агенттіктердің жұмысын үйлестіре алатын мәртебеге ие болу тиіс. Бұған қоса, Қазақстан трансшекаралық су ресурстарына айтарлықтай тәуелді. Бұл бізге көршілес елдермен келіссөз жүргізу мен достық қарым-қатынас орнату саласында көптеген жұмыстар жасау қажеттігін көрсетеді. Мысалы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қытайда су шаруашылығы министрліктері, ал, Қырғызстан мен Ресейде су қатынасы жөніндегі агенттіктер бар. Мұндай жағдайда Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынас мәселесінде тиімсіз жағдайда қалып отыр. Су ресурстары комитетінің басшылығы кез келген келіссөздерді жүргізу үшін тек Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі арқылы ғана әрекет етуге мәжбүр. Бұл жағдай Қазақстанда да су ресурстары жөніндегі агенттік құру керектігін көрсетіп отыр.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.