28 Қыркүйек, 2010

Өңірлердің өркендеуі – елдің өрге басуы

655 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазақстанның дамуына, эконо­микалық қиындықтардан шығуына әлем жұртшылығы назар аударып отыр. Сөз жоқ, Астана еліміздің елордасы ретінде қарыштап дамып келеді. Арқа төсіндегі айбарлы да ажарлы Астанамызға сүйсіне де тамсана қарайтындар аз емес. Ал Қазақ елінің өрге басуына өлшеусіз үлес қосқан, тәуелсіздігіміздің тал­бесігі атанған Алматы – әрбір қазақ үшін ыстық қала. Елбасының өзі айрықша құрметтеп, Алатау бау­райындағы ару шаһарға республи­калық маңызы бар қала мәртебесін берді. Бұл арнайы заңмен бекітілді. Әрине, елдің өркендеуі тек бас қалалардың көркеюімен ғана есеп­телмейтіні анық. Осы орайда Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев өңірлерді дамытуға баса назар ауда­рып келеді. Үкіметке және жер­гілікті әкімшіліктерге нақты тап­сыр­малар берді. 1998 жылдан бастап Астана өз кезегінде өңірлерге үлгі бола білді, жаңаруда серпіліс жаса­ды. 1990 жылдардың бас кезіндегі нарық заманының ауыртпашы­лығы­нан теңселіп кеткен қалалар мен ау­ылдар жаңа қалыпқа кел­тірілді. Көп­теген облыс орта­лық­тары көркей­тілді. Бұл бастаманың жүзеге асып келе жатқанын ел көріп отыр. Биылғы халыққа Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Өңірлердің дамуы – елдің дамуы” деген тақырыпқа арнайы тоқталды. Елбасы: “Өңірлік даму реформаларынсыз біз же­дел әртараптандыруға қол жеткізе ал­май­мыз. Сондықтан бізге экономи­калық өсу орталықтарын қалыптас­тыруды бастау қажет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, жабдықтар өндірісі мен көліктік қуаттарды да­мыту керек. Орталықта, солтүстікте, оңтүстік пен шығыста – кен-метал­лургия кешені, атом, химия өнер­кәсібі және аграрлық индустрия да­мытылуы тиіс”, дей келіп: “Жаңа өңірлік саясат – 2020 Стра­те­гиялық жоспарының аса маңызды бөлігі. Үкіметке облыстардың, Астана мен Ал­маты қалаларының әкімдерімен бірлесе отырып, өңірлердегі инвес­тициялық саясат мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырамын”, деді. Енді Үкімет осы бағытта келелі іс­тер, кешенді бағдарламаларды жү­зе­ге асыруы тиіс. Бұл – Қазақстан­ның өңірлерін дамытуда 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын негізгі салалардың қысқаша бағыт-бағдары. Өндіріс салаларын аймақтардың ер­ек­­шеліктеріне орай дамытқан жағ­дай­да, тұрғындардың да әлеуметтік-экономикалық жай-күйі жақсараты­ны жасырын емес. Соңғы жылдары Сыр өңірі де, қай саланы алсақ та, қарқынды дамып келеді. Жазғы демалыс кезінде елді мекендерді аралап, халықпен жүздескенімізде, облыстың тынысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдық. Біз Парламенттегі әріптесім Сейітсұлтан Әйімбетов екеуміз облыстың барлық аудан­дарын аралап шығып, сайлаушы­лар­дың мұң-мұқтаждарымен таныстық, жақсы лебіздерін естідік. Кезде­сулерге “Нұр Отан” ХДП мүшелері, аудандық әкімдік қызметкерлерімен қатар, мекеме басшылары, басқа да саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Біз Конституциямыздың елді дамыту­дағы салып берген заңдық жолы туралы айттық. Осы аз ғана уақыт ішінде мемлекетіміздің іргесін қа­тайтып, шаңырағын биіктете түсуіне, қазіргі таңда қоғамдық-саяси өмірдің бар саласында өркениетті, дамыған елдердің қатарына қосылудың даң­ғыл жолына түсуде Конституция­мыз­дың маңызы өлшеусіз екені анық. Мемлекет басшысы, әсіресе, өң­ір­лерді өркендету үшін индус­трия­­лық-инновациялық дамудың рөлі зор екенін жиі айтып келеді. Елдің осы бағыты Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да көтерілді. “Менің тапсырмам бой­ынша Үкімет Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын және Елді индус­трия­ландырудың егжей-тегжейлі кар­тасын әзірледі. Бұл құжат – таяу­дағы бес жылда біз нені, қайда және қашан салатынымыздың толық іс-қимыл жоспары. Бүгінде әңгіме инвестицияларының жалпы көлемі 6,5 триллион теңгелік 162 жобаны іске асыру туралы болып отыр, ал бұл ел ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамы, олар бізге таяудағы үш жылда ғана 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын тікелей ашуға мүмкіндік береді”, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен екенін және жы­лы­на бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келетінін, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайтынын айта келіп: “Ауыл үшін өсу перспективасы, міне, осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіп­тік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру. Бұл күрделі міндетті аграрлық-индус­триялық әртарап­та­н­­дыру ғана, яғни ауыл ­ша­­­­­­­­руа­­­­­шылығы шикізатын қайта өңдеуді шұ­ғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жа­ңа технологиялар мен ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжіри­бе­ні пайдалану, оны біздің ауыл ша­ру­а­шылығымызға жедел ендіру керек”, деп айқын жолды нұсқап, көрсетіп берді. Бүгінгі таңда Сыр өңірінде де индустриялық-инновациялық даму бағытында айқындалған жұмыстар нәтижелі жүргізілуде. Атап айтқанда, Қызылорда облысында тау-кен саласы, мұнай-газ секторы, химия өнеркәсібі мен аграрлық индустрия­ны дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыру жоспары қабылданды. Аймақта қазіргі күндері битум, ас­фальт, қиыршық тас және басқа да құ­рылыс материалдарын өндіретін зауыттар, мұнай өңдеу және ілеспе газды өтелдеу кешенін, аграрлық сектор кәсіпорындарын салу жоба­лары қызу қолға алынды. Облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін құны 20 млрд. теңгеден астам 7 жоба жүзе­ге асырылды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 3 жобаны ор­ындау көзделіп отыр. Сонымен қатар, “Жол картасы” бойынша өңірде атқарылып жатқан істерге куә болдық. “Жол картасы” шеңберінде жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де ше­ші­луде. Егер елімізде кәсіптік білім бе­ру ұйымдарының бітірушілері үшін жастар практикасын ұйым­дастыруға 2010 жылы 3,2 млрд. тең­ге көзделген болса, жастар прак­тикасы бағдар­ла­маларын кеңейту шеңберінде 6900 кәсіпорын және ұйымдармен келі­сім-шарт жасалып, жұмыспен қамту органдары 14700 бітірушіні жұмысқа жіберді, оның ішінде Қызылорда об­лысы бой­ынша 204 млн. теңге бө­лі­ніп, 831 бітіруші жұмысқа тартылған. Уақыттың алға жылжуымен “Нұр Отан” ХДП талабы күшейе түсуде. “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 ау­рухана” бағдарламаларының орын­далуы, еңбек және материалдық ре­сурстардың пайдалану жайы, сон­дай-ақ бюджет қаражаттарының мақ­сатты жұмсалуы 110 партиялық бақылау бекеттері арқылы жүзеге асып жатыр. Бір ғана Қызылорда қаласында 5 мектеп, 4 балабақша, 5 денсаулық сақтау, 3 әлеуметтік маңызды нысан құрылыстары болса, оны партиялық бақылау бекеттері жіберілген кемшіліктерді дер кезінде түзетуге тірек болуда. Ұлы Жібек жолымен өтіп жатқан “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” транзиттік дәлізі – әлемдік маңызды жобалардың бірі. Бұл жоба Қызыл­орда облысының бір басынан екінші шетіне дейінгі 1 мың шақырымға жуық негізгі күре жолды көмкеретін болады. Ғасыр құрылысына пара-пар автодәліз құрылысы “Нұр Отан” партиясының бақылауына алынған. Мұны арнайы бағытталған қаржы­ның жөнсіз шығындалмауына қой­ыл­ған халықтың назары десек, ар­тық болмас. Жобаның атауы “Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай” десек те, ке­лешекте Ұлы Жібек жолы деп ата­сақ, өте орынды болғалы тұр. Бұл ұсы­ны­сымызды тұрғындар да қолдап отыр. Облыс орталығы – Қызылорда қаласының өзіндік ерекшеліктері мол. Кейбір өңірлерде қаланы кө­галдандыруда көп қиындық болмаса, ал табиғаты өзгеше Сыр бойында қандай өсімдікті де, тал-теректі де өсі­ру оңай емес. Сондықтан Қызыл­орданың көшелеріне егілген гүлдер, жасыл-желектер үлкен қажыр-қайраттың, тынымсыз ауыр еңбектің жемісі екенін сезінгеніміз жөн. Дегенмен, соңғы жылдары қала жақсы жағына қарай көп өзгерді. Өткен жылы Қызылорда қаласының 190 жылдығы аталып өтті. Көшелер мен ғимараттарды жаңарту, гүл егі­летін алаңдарды көбейту ісі жал­ға­суда. Жаңа ғимараттар бой көтеруде. Қала тазалығына баса мән беріліп отыр. Тазалықты сақтауға, бірінші ке­зекте, тұрғындардың ынталы бо­луы­на көңіл бөлінуде. Қала таза­лы­ғын арттыру мақсатында көптеген рухани-мәдени іс-шаралар өтіп келеді. Білім мен ғылым, өнер мен мә­дениет саласын дамыту бағытында әл­еуметтік мәселелерді бірінші ке­зек­те шешу қажет. Осы орайда қала әк­імдігінің ұжымдармен бірлесе отырып, атқарып жатқан істері де аз емес. Бүгінгі заманға лайықты бір­не­ше жаңа мектептер бой көтерді. Ке­лесі жылы Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастама­сымен қолға алынған интеллек­туал­дық мектептің құрылысы басталады. Мектепке дейінгі тәрбие беру ісін­де де оң үрдістер бар. Елбасы би­ылғы Жолдауында “Балапан” бағ­дарламасы жөнінде бастама көтеріп, Үкіметке тапсырма берді. Биылдың өзінде қазіргі заманның барлық талаптарына сәйкес “Ертөстік” және “Алпамыс” деген 140 орындық екі ба­лабақша пайдалануға берілді. Бар­лық қажетті құрал-жабдықтарымен, ойын алаңдарымен қамтамасыз етіл­ген. Қала әкімдігінің мәліметіне сүй­несек, қазір “Балапан” бағдарламасы аясында бұрын беріліп кеткен бала­бақшаларды кері қайтару жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Және де бұл оң шешіледі деген сенімім мол. Сыр өңірінде биыл қасиетті Рамазан айы ерекше аталып өткенін айта кеткенім жөн деп есептеймін. Ол айда қайырымдылық іс-ша­ра­лары көп ұйымдастырылды. Ал Ора­за айт күндері адамдардың діни-рухани байлығын арттыруына ма­ңыз бе­рілді. Ислам дінінің құнды­лық­тарын дұрыс насихаттауға баса көңіл бөлінді. Ауқымды істер бір арнаға құй­ылғандай, Ораза айт күні қалада Жалаңтөс Баһадүр бабамыздың ес­керткіші ашылды. Мәні мен маңызы зор ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өтті. Осы шараға еліміздің әр өңі­рінен танымал тұлғалар келіп қа­тысты. Сонымен қатар көрші мем­ле­­кет­терден де келіп, батыр баба ру­хына тағзым жасағандар аз болған жоқ. Арнайы келген қонақтар “Сыр мейірімі” имандылық-қайырымд­ы­­лық акциясына қатысты. Акция ба­рысында Жас жеткіншектерді әлеу­меттік бейімдеу орталығы мен пат­ро­наттық тәрбиеленушілерден 20 адам­ға қайырымдылық жасалды. Осы игі шараға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты, академик Кен­жеғали Сағадиев акцияға қа­тыс­қан 5 тәрбиеленуші жеткіншекке қайырымдылық жасап, өз қаржысы есебінен Алматы қаласында оқыта­ты­нын мәлім етті. Бұл бастамаға жи­налған жұртшылық алғысын білдірді. Ауыл-елді араласаң, халықтың тыныс-тіршілігіне қаныға түсесің. Ілгері басқан істі көрсең, жаның бай­ып, көңілің өседі. Сыр бойы тұр­ғындарының қажырлы еңбегін, ер­тең­ге деген үлкен сенімін анық бай­қадық. Ырыс та, ынтымақ та, береке де халықта екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Біртұтас елімізді, оның ішінде өңірлерді дамытуда Елбасының бастамасы мен басты бағыттары айқындалды. “Нұр Отан” партия­сы­ның тұжырымдамалық бағдарла­ма­сында көзделген жоспар да осы бір ортақ мақсаттан туындаған. “Нұр Отан” ХДП-ның бағдарламасында көзделген ең басты мақсат – халық­тың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын көтеру. Парламент палаталарының бір­лескен отырысында Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев төртінші сай­ла­нымдағы Парламенттің төртінші сес­сиясын ашып, аса ауқымды мін­дет­­темелер қойды. Осы сессияның ба­рысында заң шығарушылық қыз­мет­тің басты міндеті – 2020 жылға дей­інгі Стратегиялық даму жоспа­рын құқықтық қамтамасыз ету. Мем­лекет басшысы Парламент пен Үкіметке даму бағдарламасына бағытталған бюджеттік қаражаттың ұтымды жұмсалуын бақылауға алу керектігіне, сондай-ақ, мүмкін бол­ған жерде мемлекеттік шығындарды қысқарту керектігіне назар аударды. Сонымен қатар, қоғамдағы бірқатар салалардағы кейбір мәселелерді заң жолымен реттеу қажеттігін тапсыр­­­ды. Соның барлығы халықтың әл­еуметтік жағдайын арттыруға, аза­мат­тық құқығын қорғауына бағыт­та­лып отыр. Парламент депутаттары осы сенім үдесінен шығып, елге қажетті заң­дарды қабылдап, жүк­­тел­ген міндет­терді орындап шығаты­ны­на сенім мол. Бұл істе барлық тәжірибеміз бен күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз. Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор.