Қорғалжында тұңғыш рет “Қоқиқаз-2010” фестивалі өткізілді
Көкшетауда облыстық спорт және туризм басқармасы мен Қорғалжын ауданының әкімдігі туған жердің табиғаты мен аң-құстарын қорғау, экологиялық туризмді насихаттау, табиғатқа жанашырлық сезімін қалыптастыру мақсатында тұңғыш рет “Қоқиқаз-2010” фестивалін өткізді. Оны облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Галина Марченкова, Қорғалжын ауданы мен Көкшетау қаласы әкімдерінің орынбасарлары Сағадат Аққожина, Айна Мысырәлімова құттықтау сөзбен ашып, фестивальдің маңыздылығын атап өтті.
БҰҰ даму бағдарламасына енгізілген Қорғалжын мемлекеттік қорығы 542 гектар аумақты алып жатқан әлемдегі ең үлкен қорық саналады. Мұнда құстың 346, өсімдіктің 347, жәндіктердің 1000-нан астам және балықтың 14 түрі тіркелсе, “Қызыл кітапқа” енгізілген құстың 46 түрі ұя салады. Баршамыздың мақтанышымызға айналған сирек құс – қоқиқаздың саны 65 мыңнан асып жығылады. Бұл шетелдік туристерді де айрықша қызықтыруда. Мәселен, былтыр қорықтың “Есік ашар” көрмесін он мыңнан астам адам тамашалады.
Қорық директорының орынбасары Борис Рыбаков туризм индустриясын дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен әңгімеледі. Үш бағытта ұйымдастырылатын танымдық саяхат картасы таныстырылды. Сондай-ақ, ұлттық қолөнер және қылқалам шеберлерінің байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Бақберген АЬАЛБЕК, Ақмола облысы.