29 Қыркүйек, 2010

Азия мен Африка тарихы ана тілімізде жазылған төл оқулықпен оқытылса, құба-құп

968 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік алғаннан бергі уа­қытта еліміздің жалпы білім беру саласында мектептер мен жоғары оқу орындарын әсіресе гуманитарлық, қоғамтану, тарих пәндері бойынша егемен Қазақстанның өзінің ұлттық-мемлекеттік идеологиясына сай, жоғары мәртебелі ана тілімізде жа­зылған төл оқулықтармен қамтамасыз ету әлі күнге дейін күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселелердің бірі болып келе жатқаны күмәнсіз. Осы тұрғыдан келгенде Әл-Фараби ат­ын­­­дағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Сәкен Тортаевтың “Орта ғасырлардағы Азия және Африка тарихы” атты оқулығын осы орай­дағы бір кемістің орнын толтырарлық ілкімді еңбек деп бағалауға бол­ғандай екен. Кеңестік уақытта Азия мен Аф­ри­каның өткен тарихын ежіктеп оқытуға мән бе­ріл­мегені екібастан белгілі. Ол тарихқа менсінбей қарап, мысқылмен мұрын шүйіру орын алды. Осынау құрлықтар халықтарының дүниежүзілік тарихтағы еншілері елеп-ескерілмеді. Әрі соған қоса қаншама уақыт бойы таптық тұрғыны ұстану һәм тарихи шындықтан таяз соғу шетел тарихындағы “ақтаңдақтардың” пайда болуына әкеліп соқтырды. Кеңес тарихнамасында Азия және Африка елдерінің тарихы ұлыдержавалық, қызыл коммунистік таптық мүддесіне орай жазылды, бұрмаланып оқытылды. Сөйтіп, ұрпақтың тарихи санасы лайланып, таным үдерісі бұзылды. Жалпы, Шығыстың, Азияның кеудесі төмен кемдік күйін аңғарған классик ақынымыз Ілияс Жан­сү­гі­ровтің жиһангер жайлаған шығыс жайлы астарлы өле­ңін­де: “Сол күннен нұр ала алмай, Басы мұнар, бауры тар... Гималай асқар неге олай?” деп сұрақ қоюының сыр-мәнісі де біз ойлағаннан тереңірек болатын. Ал енді өткен ғасырдың орта шенінде ғалым Бүркіт Ысқақовтың: “О, Азия, ұлысың, Ұлылығыңды қайтейін, Еуропаның құлысың, –” деген сипатта өлеңдер жазған “теріс” пиғылы үшін сотталып та кеткен жоқ па еді. Тіптен пролетариат кө­се­мі В.Лениннің өзі Азия және Африка жөнінде: “Қа­раңызшы, жартылай жабайылар жайлаған ел, өңгені былай қойғанда, бұларда өнер де жоқ” демеп пе еді. Сөй­те тұрса да Азия-Африка елдерінің орта ғасыр­лар­­­дағы саяси, мәдени жетістіктері әлем өркениетінің ал­­­дың­­­ғы қатарында болғандығы сол әділетсіз қасаң қағи­­­­даларды бұзып-жарып, даусыз аксиомаға ай­налғалы қашан. Мінеки, нақ осы жағынан кел­ген­де, С.Тортаев оқулығын ақиқаттан ат­тамаған, тарихи үдерістерді шындық тұрғысынан байыпты баяндаған, ең бастысы, қазақ тілінде жазылған ұлт­тық рухтағы құнды еңбек екендігін байқаймыз. Автордың мұншалық анық ниеті кіріспе бөлімде “Таяу Шығыс өркениетінен үлгі алған ежелгі Рим зиялылары құрметпен “Шапағат Шығыстан туады” деген. Адамзат шаруашылығы мен мәде­ние­тінің тарихы шамамен он мың жыл бұрын Таяу Шығыстағы неолиттік революциядан басталғаны мәлім. Барлық халықаралық діндер Шығыста өмірге келді. Ортағасырларда дүниені дүр сілкіндіріп, адамзатты жаңа екпінмен алға ұмтылуға мәжбүр еткен ғұндар мен арабтар, түріктер мен маңгұлдар, азиялықтар екені де дау туғызбайды” деп тәмсілдеуінен де аңғарылып тұрғандай. Студенттерді қойып, өзіміз-ақ кітап беттерін парақ­тай отырып ерте, дамыған және кейінгі ортағасырлық Қытай мен Жапония, Индонезия мен Үндістан, Иран мен Араб халифаты, Түркия мен Африка мемлекеттері, Осман империясы мен Ұлы моғолдар билігі хақында қызыға оқып, көптеген мағлұматтарға қанықтық. Тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Сыздықов автордың осындағы әрбір тақырыптың мән-мазмұнын ашу барысында жаңаша көзқарас таныта білгендігін, оның қоғам дамуының революциялық жолын емес, керісінше эволюциялық жолын көп-көрім үлгі ретінде ұсынатындығын атап көрсетеді. Тарих факультеттерінің студенттеріне арналған оқулықтың тағы бір құнды тұсы сол, онда орта ғасырлардағы Азия, Африка елдеріндегі феодалдық қатынастардың қалыптасуы, феодалдық қоғам орнығуындағы өзіне тән ерекшеліктері, кейбір шығыс елдерінің Батыс Еуропа мемлекеттерінің отарына айналу ақиқаты шынайы баяндалған. Сондай-ақ Азия, Африка елдерінің дамуына елеулі әсер еткен қайраткерлердің жеке тұлғалық-психологиялық жайларына да айтар­лықтай назар аударылған. Төл оқулықтың қазақша тілі ұғынықты да жатық. Оның өзі материалды студенттердің жете түсініп, жақсы игеруіне септігін тигізері сөзсіз. Олай болса, мемлекеттік тілді қол­дану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға ар­нал­ған Мем­лекеттік бағдарламасының жобасы талқыланып, қабыл­данғалы жатқан кезде ана тіліміздегі осындай төл оқу­лықтың жазылып, жарық көруі, жоғары оқу орын­да­ры­ның студенттеріне ұсынылуы өте маңызды жағдай демекпіз. Қорғанбек АМАНЖОЛ.