Аудан орталығы Баянауылда әуелден құрылысы басталған бұл зәулім ғимарат 600 оқушыға арналған мектеп-интернат болады деп жоспарланған еді. Тау баурайында отырған ауылдардан келіп оқитын бала саны жетіңкіремеді. Құрылысы да екі-үш жылдай кешеуілдеп қалды. Кеңесіп пішпеген тонның келте болғаны да рас. Осыдан кейін кейбір басшылардан кеткен осындай кемшілікті түзеп, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен бұл үй балаларға арналған оқу-сауықтыру орталығына айналды. Әсем Баянауылдың табиғаты балалардың жақсы демалып, денсаулықтарын шыңдауға шипа болары сөзсіз. Жаз бойы орталықта облыстың ауыл, аудан орталықтарында тұратын 134 оқушы демалыпты.
Олардың қатарында оқу озаттары, пән олимпиадаларының жеңімпаздары, жетімдер мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары бар. Орталықтың балалар үшін жыл бойы есігі ашық. Мұнда жылдың әр мезгілінде келетін балалар екі-үш апта демалып қайтады. Оқушылардың сабақтан қол үзіп қалмаулары үшін барлық жағдай жасалды. Мұнда тәжірибелі мұғалімдер, спорт мамандары, дәрігерлер қызмет жасайды.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.