29 Қыркүйек, 2010

“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті

711 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Азиадаға 122 күн қалды

Азиада жаршысы

Телеарнадағы тікелей көрсетілім

Азиадада ол қалай ұйымдастырылып, жүзеге асады?

Қысқы Азия ойындары кезінде жарысты тамашалау үшін еліміздің жер-жерінен және шетелдерден Астана мен Алматыға қонақтардың көптеп келетіні белгілі. Қазір оларға жарысты өз көзімен көріп, телеэкраннан тікелей көрсетілім арқылы көру үшін барлық жағдайлар жасалып отыр. Жақында біз осы мәселені анықтап, толық мәлімет алу үшін “2011 жылғы қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Мағжан ҚАНҒОЖИНДІ әңгімеге тартқан едік. – Азия ойындарын тікелей көрсету құқы “Хабар” мен “Қазақстан” телеарналарына бері­ліп отыр ғой. Бұл мәселе қалай шешілді? Басқа арналар жарысты көрсетпейді ме екен? – Біз шаңғымен бағдарлау жарысынан басқаларының бәрін тікелей көрсетілім ар­қылы көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ал шаң­ғымен бағдарлау offlіne режімінде, яғни жаз­бада ғана көрсетіледі. Байланыс және ақпарат министрлігі “Хабар” арнасын ұлттық тарату­шы ретінде белгіледі. Ол “Қазақстан” теле­арнасымен бірге тікелей көрсетіліммен айналысады. – Жарысты басқа елдерге көрсету жос­парда бар ма? Шетелдік компаниялар тарапы­нан ойындарды көрсетуге қызығушылық болып отыр ма? – Иә, басқа елдерді ойындарды тікелей көрсетіліммен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ал шетел телекомпанияларына келер болсақ, қазір олармен осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізілуде. – Тікелей көрсетілімді ұйымдастыру үшін телевидениеге арналған құрал-жабдықтарды алдыңыздар ма? Олар қазіргі заман талап­тарына жауап бере ме? – Азия ойындарын ұйымдастыру жөнін­дегі комитеттің атқарушы дирекциясы теле­көр­сетілім үшін ешқандай құрал-жабдықтар сатып алумен айналыспайды. Біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, хосттаратушы кәсі­би компаниямен келісім жасастық. Хост­таратушы дегеніміз – телевизиялық немесе радио белгілер арқылы оқиға болып жатқан жерінен көрсетуді ұйымдастырады. Хост­таратушы түсірілімдерді ұсынатын болады. Ал Азиаданы ұйымдастырушылар оны көрсету құқын иеленуші жаққа береді. Қазір біз телевидение белгісінің сапасына баса мән беріп отырмыз. Сондықтан хосттаратушы оның сапасын қамтамасыз етуі керек. – Тікелей көрсетілімнің техникалық жақтары туралы айтып берсеңіз. Олардың қандай ерекшеліктері болады? – Қысқы Азия ойындары кезіндегі көрсетілім Ванкуверде өткен Олимпия ойын­дарынан берілген көрсетілім сияқты болады. Біздің шақырып отырған хосттаратушы – тәжірибелі компания. Жалпы, телевидение әлемінде осындай ірі шаралармен жекелеген мамандар ғана айналысады. – Жарыс кезінде қайталауды әр жерден көрсету де маңызды нәрсе ғой. Экрандық графиканы айтамын. Мәселен, шаңғы немесе биатлон жарысындағы хронометражды көрсету жағын айтсаңыз, көрермендер қай спортшының алда келе жатқанын, одан артындағылар неше секөндке қалып бара жатқанын қалай біле алады? Хоккей матчтарын алсақ та болады. Матч кезінде қауіпті жағдайды қайталау, шайбаға талас болған кездерді, статистиканы экраннан көрсету жағы қалай болады? – Мұның бәрі де болады. Жарыстың нәтижелерімен жұмыс істеу үшін фиксация және нәтижелерді жинайтын арнайы жүйе дйындалады. Оған қазір оңтүстіккореялық SІCC (Ssangyong Іnformatіons Communіcatіons Corporatіon) және швейцариялық SWІSS TІMІNG компаниясы тартылып отыр. Олар хосттаратушылармен бірге мәліметтерді тікелей эфирге және комментаторлардың мониторына беріп отырады. Ал жарыстағы қызықты оқиғаларды, ойын барысын қайталау үшін жоғары жылдамдықты Super slow motіon камералары болады. Сонымен бірге хоккей матчтарында қосымша телевизиялық графиканы іске қосамыз. – Біздің елде осындай құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін мамандар бар ма? – Әрине, бар. Бізде қазіргі заман талабына сай жасалған телевизиялық жабдықтар өте көп. Онымен жұмыс істей алатын адамдар да бар. Бірақ, Азия ойындары сияқты ірі шараларда жұмыс істеген, тәжірибесі бар адамдар аз. Сондықтан біз хосттаратушыны шақырып отырмыз. Бұл, әрине отандық телекомпаниялар жарысты көрсетпейді деген сөз емес. Олар жергілікті халыққа қызықты жарыстарды таңдап алады. Ал басқа елдерге тартымды, қызықты бәсекелерді хосттаратушы көрсетеді. – Отандық операторлар, режиссерлер мен комментаторларды қайта дайындау қалай жүргізіліп жатыр? Бұл мәселемен кім айналысып отыр? – Азия ойындарын көрсету жобасында ең бастысы техника емес, шығармашылық адамдар. Олар – операторлар, режиссерлер, бәрін ортақ іске жұмылдыра білетін жобаның менеджерлері. Бұл жарыс біз үшін үлкен мектеп болады. Бұдан көп нәрсе үйренеміз. Ал, мамандарды қайта дайындау мәселесіне келсем, біз онымен айналыспаймыз. Бұл жұмыспен телекомпаниялардың өздері белгілі бір бағдарламалар мен жобалар аясында айналыса алады. Демеушілер табылып жатса, дирекция спорт комментаторларына арналған семинарлар өткізуге дайын. – Азия ойындарын тікелей көрсетудің тағы қандай ерекшелігі болады? ­­­­­– Өздеріңізге белгілі, Астана мен Алматы­ның арасы мың шақырымнан астам. Сондық­тан екі қалада халықаралық тара­ту орталығы (ІВС) құрылады. Оған барлық жарыстар өтіп жатқан жерлерден телевизиялық белгілер ке­ліп тұрады. Осы жерде біз Астана мен Алма­тының ны­сан­дарын тікелей көрсетілім­мен қамтамасыз ету үшін өзіміздің қолда бар мүм­кіндіктерімізді пайдаланамыз. Ол үшін бізге “Қазақтелеком” АҚ ұлттық теле­комму­никациялық операторы көмектесетін болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. Алматыдағы шаңғышылар кешені Қысқы Азия ойындарына дайын Сенбі күні Алматы қаласында шаңғы спорты бойынша жаңадан іске қосылған халықаралық тұғырдан секіру кешенінде құрлықаралық кубок үшін жарыс өтті. Аталмыш кешен “Есентай” өзенінің батысында Әл-Фараби даңғылының солтүстік бөлігінде орналасқан. Ол 6000 көрерменге ар­налған орны бар көп салалы заманауи ғимарат. Азия ойындары өткеннен кейін бұл кешенді концерттер мен түрлі шоу-бағ­дарламалар өткізілетін мәдени ойын-сауық орталығы ретінде пайдалану жоспарлануда. Жоғарыда айтқанымыздай, осы стадион­ның тұсаукесері ретінде мұнда алғашқы бәсе­ке, жарыстар да бастау алды. Оған 12 елден, атап айтқанда, Қазақстан, Польша, Жапония, Германия, Словакия, Эстония, Нидерланды, Ресей, Австрия, Оңтүстік Корея, Словениядан спорт­шы­лар қатысты. Олардың арасындағы танымал спортшылар­дан әлем кубогының жеңімпаздары сло­вендік шаңғымен тұғырдан секіруші Прмож Петерка, чех Якуб Янда, Гран-при 2010 кезеңдерінің жеңімпазы, польшалық Камил Стох, әлем кубогына қаты­сушы австриялық спортшы Марио Иннауэр, Турин және Ванкуверде өткен Олимпиа­даларға қатысушы ресейлік Илья Росликов пен басқа да саң­лақ­тар бақ сынасты. Жарыста Камил Стох жеңімпаз атанды. Олар осында орналасады Radіsson SAS Hotel Astana Сарыарқа көшесі, 4 Бес жұлдызды, 139 нөмірлі қонақ үй. АОК отбасы, АОК жетекшілерінің штаты, ХОК мүшелері орналасады. Ramada Plaza Astana Абай даңғылы, 47 Бес жұлдызды, 200 нөмірлі қонақ үй. ҰОК президенттері, бас хатшыларына арналған. Kіng Hotel Уәлиханов көшесі, 7 Төрт жұлдызды, 475 нөмірлі қонақ үй. Делегация басшылары мен орынбасарлары, хоккейден ерлер, коньки тебу, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек командалары орналасады. Grand Park Esіl Бейбітшілік көшесі, 8 Төрт жұлдызды, 86 нөмірлі қонақ үй. Құқық иеленушілерге арналған. Кәдесыйлар көрмесі Алматыда “Әдемі-Ай Plus” компаниясына қарасты “Әде­мі-Ай” өнер үйінде қысқы Азия ойындарына арналған кәдесыйлар топтамасының тұсаукесері өтті. Рәсімде “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Айбек Қапақов ойын барысында елімізге он мыңнан астам қонақтың келетінін, олар біздің елден қызықты жарыстармен қатар Азиада кәдесый­ларын алатынын, сондықтан ойын­дар белгісіндегі сувенирлер ұлттық нақыштарымыздан белгі беретінін атап өтті. “Әдемі-Ай Plus” компаниясы қысқы Азия ойындарының ресми кәдесыйлар жасаушысы және тара­тушысы болып танылып отыр. Қа­зақстан рыногында он жылдан астам уақыт нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан компанияның елімізде бар­лық дерлік өңірлерінде өз өкілдіктері бар. Компания ұлттық өнерімізді, тарихымызды және салт-дәстүрімізді насихаттайтын бұйымдар арқылы кеңінен танымал. Олар дайындаған зергерлік бұйымдар өткен тарихы­мыздан сыр шертетін әйгілі ескерт­кіш-монументтердің, тәуелсіздік символына айналған Астананың сыр-сипатына арналған белгілер жұрт көңілінен шыққан. Компания “Ару Астана” ІІІ халықаралық көр­месінде үздік атанып, сапа мен сән тұрғысында алдыңғы қатардан көрінді. Жаңадан ашылатын өнер үйінде аса қымбат заттардан бастап, тұрмысқа қажетті дүниелер де орын алған. Олар әрбір үйдің төрінде тұратын сәнді де мәнді таблодағы кері есептеу бейнесі, спорттық нысандар макеті, ойынға арналған естелік медальдар, тұмар – барыс және алтыннан, мөлдір таза шыныдан жасалған заттар. “Тарихи маңызы бар қысқы Азия ойындарына арналған шараларға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Біз­дің өнімдер кәдесыйлар павильон­дарында таратылады. Оларды біз шет ел қонақтары мен қазақстандықтар үшін қуана сыйға тартамыз”, – дейді “Әдемі-Ай Plus” компаниясының президенті Бахаргүл Төлегенқызы. Билет жайынан бір хабар Қысқы Азия ойындарына билеттердің қараша айының ортасы немесе желтоқсанның басында сатыла бастайтыны белгілі болды. “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитеттің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың вице-президенті Евгений Никитин­ский билеттердің ертерек са­тыла басталуы себебін оған деген сұраныспен байланыс­ты­руда. Оның айтуынша, Азиа­даның ашылу және жабылу салтанаты, коньки тебу, ерлер арасындағы хоккей мен мәнерлеп сырғанау жарыста­рын тамашалау үшін билеттер тез сатылуы мүмкін. Тағы бір белгілі болғаны, билеттер кассаларда сатылады, сонымен бірге оны ғаламторда тапсырыс беріп алуға болады. Әзірше билеттердің бағасы бел­гіленген жоқ. Бірақ жер­гілікті халық пен шетел қонақ­тарына баға бірдей болады екен. Сонымен бірге жарыс­тарда VІP билеттері сатылады. Алыстан жеткен алғыс хат Жақында елімізге Ұлбритания Корольдігінен қысқы Азия ойындарының дайындық барысымен танысу үшін осы елдің туризм саласына маманданған бір топ БАҚ өкілдері келіп қайтқаны белгілі. Солардың ішінде болған Euro Asіa Communіcatіons компаниясының басқарушы директоры Тони Энтони Филипс сапарынан алған әсері туралы сол кезде шетел журналистерін Астананың Азиадаға дайындық барысымен таныстырған “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Серік Құлмырзаевқа жолдаған алғыс хатында бөлісуді жөн көріпті. Төменде оқырман назарына сол хаттың мәтінін ұсынып отырмыз. – Сізбен және қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөнін­де­гі комитеттің атқарушы дирек­ция­сындағы әріптестеріңізбен кез­дес­кеніме қуаныштымын және Ұлыбритания Корольдігінен кел­ген БАҚ өкілдерін қазақы қонақ­жайлылықпен қарсы алғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Осы топта болған әріптестеріміздің бәрі қысқы спорт түрлеріне арналған ха­лықаралық деңгейдегі спорттық ғимараттардың салыну барысына таңданыстарын жасырмай келді. Келесі жылы Астана мен Алма­тыда өтетін қысқы Азия ойындары Еуразия кіндігінде орналасқан, саяси тұрақты, экономикалық жа­ғынан дамып келе жатқан сіз­дер­дің елдеріңіз үшін өте маңызды оқиға болатыны сөзсіз. Осы орайда сізге Қазақстанды әлемге жан-жақты таныту үшін бүкіл дүниежүзіне хабар тарататын БАҚ-тың Азия ойындары кезінде атқаратын рөлі жөнінде бір-екі ауыз сөз айтқым келеді. Қазіргі кезде халықаралық талаптарға сай жасалған байланыс жүйесінің біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Осыған орай, егер сіз­дермен қысқы Азия ойындарын, жалпы Қазақстанды БАҚ-та жоға­ры халықаралық талаптарға сай көрсететін компания қажет болса Euro Asіa Communіcatіons (eacom­ms) “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөнін­де­гі комитеттің атқарушы дирекция­сы” АҚ-пен бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыратын болады. Біздің компания сіздерге оқи­ғаларды басқарып, редакторлық қолдау көрсетуге әзір. Eacomms соң­ғы 20 жылда Азия мен Еуро­пада белсенді әрі табысты жұмыс істеп келеді. Осы уақыттың ішінде өзім 50-ден астам халықаралық тұтынушы­лар­мен жұмыс істедім және соңғы 4 жылдан бері Aіr Asta­na компания­сы­ның солардың қа­тарында болып отырғанына қуаныштымын. Бүгінде әлемдегі ең ірі аэроғарыштық көрмелердің бірі гонгконгтік Asіan Aerospace Азиа­даға қызығушылығын білдіріп отыр. Бұл көрмеге біздің компа­ния жиі қатысады. Онда Eacomms көрмеге 500-ден астам ірі қаты­сушы мен 12 000-нан астам келу­ші­ге ха­лық­аралық байланыс пен оқиғаларға редакторлық қолдау көр­сетуге өз ұсыныстарын беріп келеді. Сөз соңында айтайын дегенім, егер сіздерге қысқы Азия ойын­да­рында Eacomms тарапынан қол­дау қа­жет болса компания келесі айдан бас­тап стратегиялық кеңес беріп, ха­лықаралық медиа қарым-қатынас пен редакторлық қолдау бойынша ал­дын ала ұсыныстарын беруге дайын. Құрметпен, Тони Энтони ФИЛИПС, Euro Asіa Communіcatіons компаниясының басқарушы директоры. _____________________ Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.