29 Қыркүйек, 2010

Үлкендіктің белгісі

732 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Оны тектілік деп атайды. Ол отбасынан, табалдырықтан, ауылдың іргесінен басталады Тіршілігінде-ақ әулие атанған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев реті келгенде атақты Кенен Әзірбаев атаға арнайы барып, сәлем беріп, әңгімелесіп қайтады екен. Көргені мен түйгені мол, көкірек көзі ашық Кенекең шынында да пікір алысуға тұрарлық, әңгіме­лессең әр нәрсенің әрін келтіріп айтатын, есте сақтау қабілеті өте ғажап, дана кісі болса керек. Олай дейтініміз, Мұхаң – Мұхтар Әуезов ақын атаға онша назар аудармай жүреді екен. Бірде кездейсоқ кез­десіп қалып, бірер сағат сұхбат­тасыпты да, қимай қошта­сыпты. “Шынында да ар­найы іздеп келіп, жатып әңгімелесетін қария екенсіз. Асығыс кетіп барамын. Өмір берсе, арнайы келемін, сонда қонып жа­тып әңгі­мелесерміз” – деп және бір соғуға уәде беріп, қимай қош­тасқан деседі. Тағдыр оларға қайта жүздес­тіруді жазбапты. Кемеңгер жазушы сол кезде қатты ауырып жүрсе керек. Сол кездесуден кейін көп ұзамай қайтыс болды деседі жақ­сы білетін көнекөз аға жазушылар. Жазушы Мамытбек Қалдыбаев жоғары оқу орнын бітіргеннен ке­йін мұғалім болып Қордайда, Ке­нен атаның үйінде жатып, жұ­мыс істепті. Сонда ол кісі жас маманға: – Балам, қай ауылға барсаң сол ауылда елге сыйлы, беделді қариялар болады. Бірінші соларға барып сәлем бер. Осыны ешқашан жадың­нан шығарма – деп ақыл айтыпты. Шынында да ол кездері – өт­кен ғасырдың алпысыншы жыл­дары Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында “шежіре кеуде, тау мүсін” жандар көптеп кездесетін. Даламыздың киесі іспеттес ондай көкірегі ояу, көзі ашық қарттармен дидарласудың өзі бір ғанибет еді. Өн бойынан қазақылықтың исі аңқыған текті қариялар ауыл-ауыл­дарда қазір де бар. Бақанаста Байділдә Нарбай деген қария бол­ды. Менімен кездесіп, әңгі­мелес­кенде 94 жаста еді. Бір сағатта екі жүзден астам адамдардың аттарын атап, олар туралы көптеген мағлұ­маттар айт­ты. “Япыр-ау, 100-ге жа­қындаған­да мынандай. Жас кезінде қандай болды екен?” – деп іштей таң қал­дым. Шынында да Байділдә тәрізді есте сақтау қабілеті керемет адам­дар нақты ғылыммен айна­лыс­са көп нәрсеге қол жеткізіп, ұлт­қа қажет ортақ істі біршама биік­терге көтеріп тастар еді-ау де­ген ой көпке дейін көкейімде тұрып алды. Қазір ондай қариялар азайып бара жатқан тәрізді. Даланың исі бұрқырап тұратын шежіре қарт­та­ры­мыздың бойынан кейде ба­ба­ларымызға тән тектілікті көре ал­май, көңіліміздің құлазып қала­ты­ны сирек те болса кездесіп қалады. Өткен жылы бір үлкен қыз­метте істейтін адам босап, орнына басқа кісі келді. Жаңадан таға­йындалған биік лауазым иесі қыз­мет орны ауысқан сайын қарттар­ды шақы­рып, құдайы тамақ береді екен. Осы жолы да қалыптасқан әдеті бойынша дас­тар­қан жайды. Сонда үстел басына жиналған үлкендер: “Сіз қызмет істегелі бері тұрмы­сымыз жақ­сарып қалды. Өзіңіз керемет іскер адам екенсіз”, деп жарапазан айт­қандай барлығы түгел бір арнада сөйледі. Осыны аңғар­ған қасымда отырған әріп­тесім мені түртіп қалып: “Мына қария­ларда ұят жоқ. Бұдан жарты ай бұ­рын ғана қызметінен кеткен кісіні де мына дастарқан (осы мей­рам­ха­нада ол да дастарқан жайған бола­тын) басын­да ана шалдар дәл осы­лай мақтаған болатын”, – деді. Шы­нында да солай еді. Кеткен бастықты күн мен айға теңемесе де біраз жерге апа­рып тастаған-ды. Тіл жарықтықта буын жоқ қой. Бірінен бірі асырып сөйлегенде ше­шендіктеріне еріксіз таң қала­сыз. Буын-буыныңды босатып жі­береді. Көбісі кезінде жоғары қызмет істеген қариялар... Тыңдап отырып: “Қарт­тары­мыз­дан тектілік алыстап бара жа­тыр ма, қалай?” – деп еріксіз ойладым. Осы отырған кез келген ақсақалды ша­қы­рып алып, билік иесі: “Мы­нандай саясатты қолдап сөйлеңіз”, – деп ұсыныс жасаса, олар ойлан­­бастан, қоштап айта жөнеледі. Сөйлегенде де майын тамызып, жүрек түк­пірінен шы­найы шығып жатқандай, ұтымды жеткізе алады. Осындай қария­ларымызды кезінде патша өкіметі де, Кеңес өкіметі де пай­даланған. Сөй­тіп, ойларына келген “ойын­да­рын” оп-оңай іс жүзіне асырып келген. Біз үлкен әңгіме қозғағанда күнделікті күйбең тірліктегі ұсақ-түйектерді де айналып өте алмай­мыз. Өйткені ол өзіміздің өміріміз. Десек те қынжыла­ты­ны­мыз, кейбір қа­рияларымыз­дың білімі жет­пей­тін, санасына мүлде жат әңгіме­лерге де араласа беретіні. Өзі үл­кен, пай­ғамбар жасынан әлдеқа­шан асқан қария деп алқалы жиын­дарға ша­қырса, ұсақ бір әңгімелерді айтып тұра­ды. Елдің арасындағы күрмеуі шешілмеген көптеген мәселелер жеке көз­қарасының, отбасы тір­лігінің тасасында қалып қалады. Қазірдің өзінде кез келген ауылда шешілмей жатқан мә­се­лелер шаш етек­тен. Бірақ, алқалы жиындарда олар туралы көбінесе сөз бол­майды. Тіпті, кейінгі уа­қытта дәс­түрге айналған облыс, аудан әкімі өздерінің ат­қарған жұ­мыс­тары туралы есеп беріп жатса, бірақ қария­ла­рымыз сақалда­рына қарамай, істелінбей, ат­қарыл­май жатқан жұмыстарды ысырып тастап, биік лауазым иелері аттарына керемет мара­паттау сөздер айтады. Сонда­ғысы реті келгенде көздеріне түсіп, өздері туралы жылы пікір қалыптас­тырып қалу. Кейінірек олардан балаларына қолайлы қыз­мет, басқа да жеке басының мүд­десін көздеген нәрселер сұрайды. ...Бірде, бес-алты қариямен әңгімелесіп қалдым. Ауданның белді ақсақалдары. Олар Асқар Ақаевтан бастап, Құрманбек Бакиев, оның балалары жөнінде кеңінен сөз етті. Тақырып ауаны өз республикамызға ауысып бара жатыр еді мен бүгін ауданнан шыққан бір жазушының туған күні екенін айттым. Сол-ақ екен олар оның жазған шығарма­ларына көңілдері толмайтын­дық­тары туралы айта жөнелді. Өткен жылы қазан айында сол қалам­гермен болған шығарма­шылық кездесуде дәл осы кісілер мінбеге сұранып шығып, оны мақтап қоймай қойған болатын. “Сөзді қысқар­тыңыз”, деп жа­тып, әрең тоқтатқан едік. Түсін­бей қалдым. Не дерімді білмедім. Бұл қариялардың өмірбаян­дарын да жақсы білемін. Әрісі жеті сынып оқыған. Барлығы да шаруашылықтарда қара жұмыс істеп, зейнетке кейіннен шыққан адамдар. Соған қарамастан қан­дай тақырыпты ортаға тастасаң тар­тын­бай ойларын айтады. Онда да биік мінбеден тыс жерде басшы­ларды дәлелді, дәлелсіз сынай ала жөнеледі. Қария­ла­ры­мызға мұн­дай үрдіс қайдан жабысқанын қайдам. Өткен ғасырдың оты­зын­шы жылдары ұлтымыздың қай­мақтарын сы­пы­­рып алып, атып тастағаннан кейін тегіміз әжеп­теуір төмендеп кеткен-ау, шама­сы. “Білімім осындай ғой, оған рауатым жет­пейді-ау” – деп тосы­лып қалған бір жанды кез­дестіру бүгінде, әйтеуір, сирек. Қариялардың және бір тобы бар. Олар кезінде негізінен үлкен қызмет істегендері. Реті келсе, қазіргі басшылар атына ащы сындар айтып, халықтың қамын ойлаған тәрізді боп жүреді. Тырнақ астынан кір іздейтіндері де кездеседі. Олардың да түпкі мақсаты – әлгі басшыны ық­тырып алу. Сөйтіп, реті келгенде жеке мүддесіне пайдалану. Осын­­дай аға ұрпақ өкілін көр­генде: “Олар неге бірауық өткен өмір­леріне көз жүгірт­пейді?” деп еріксіз ойлай­мын. Бүгінгі ұрпаққа қандай мұра қалдырды? Тәуелсіз­дігімізді алып, көшімізді түзегенде қолы­мызға ұсталатын ешнәрсе таппай, көп нәрсені тап-тақыр жерден бас­тадық емес пе? Мақ­танса Гер­мания мен Жа­пония­ның аға ұрпақ өкілдеріне мақтану­ларына болады. Ұлы Отан соғысы аяқтал­ғанда олар қандай еді, біз қандай едік? Олар қазіргі экономика­сын, қираған ауылдар мен қала­ларды күл-қоқыстардан аршып алудан бастады. Сөйтіп, міне, қазір қандай халге жеткізді?! Қазір біздер солардың аға ұрпақтары шығарған, балалары мініп, ескірген соң тастаған авто­­машиналарын мініп, мәз болып жүр­міз. Тіпті, бір-бірі­міздің жа­нымыздан менің авто­машинам мы­надай дегендей шекемізден қа­рап өте шыға­тынымызды қайтесің?! Тектілік те табалдырықтан, ауылдың іргесінен басталады. Отбасында отырғанның өзінде көрші-қолаң, ағайын-туыс, құда-жегжат туралы тек жақсы әңгі­мелер айтып, елді ынтымаққа, бірлікке шақы­ратындай сөз етіп отырса, бұл әрине ол қарияның тектілігі. От­басында да үлкен адамдар туралы, үлкен саясат жөнінде жақсы пікірлер айту – кемел ел болуға апаратын тура да айнымас бірден-бір жол. Тәуелсіздік туын жел­біреткен, болашағы зор мемлекеттің әрбір азаматы осындай ойды бір сәт жадыларынан шығармаса екен дегім келеді. Марат ҚАШҚЫНБАЕВ. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.