Сөз басы
Университеттің 2-ші курсында оқырманына тұңғыш жыр-шумақ кітабын жүрексінбей ұсынған – айтқан сөзі жүрдек, жүрген жері дүрмек бұл ақыныңыздың аты-жөнін менің әріптес-замандастарым жақсы білуі тиіс! Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының бел ортасында, кеңес заманының дүрілдеп тұрған шағында, шынында да, шынашақтай сары бала Шаһизада Әбдікәрімовтің бұл “ісі”, яғни бесіктен белі шықпай жатып мемлекеттік баспадан кітап шығаруы – айтары жоқ сенсациялық құбылыс еді. Ол кезде сенсация атауының өзі тілдік қолданысымызда болмаған. Талдырмаш тұла бойына сыймай буырқанған жан сезімін 17 жасар бозбала таңғы шықтай кіршіксіз көңілмен ақтара салып, айды аспанға шығарды. Содан бір күні, журналистика факультетінің деканы өз ақшасына әперген бір тал билетті жұдырығына қысып, шынысы қалың көзілдірігін бір түзеп алып, Алматымен де, Алматының арқалы ақындарымен де қоштаспай, туған жері Қармақшыға тура тартып кетіпті дегенді ғана естідік. Арада сырғып сан жылдар өтті... “Алтын қазық” атты салмақты жыр жинағында бүгінгі Шаһизада: “Жылдарым-ай... Заманамен үндескен! Айдаһардың арқасында мызғып ап, Жолбарыстың жотасына мінгескен! ...Жылдарым-ай, қалып қойған түз-белде, Енді мені сұрау салып іздер ме? Үрпиеді ұл-қызым мен жұлдызым, Қалай аман жеткенсің деп біздерге?” деп сол бір “дауылды hәм жауынды” күндерін сарғайған сағыныштың шырмауында, тосырқай еске алады. Жыр жолдары – албырт жастың асау жылдар бедерінен сүрінбей өтіп, қазіргі қоғамдық ортадан өз орнын тапқан салиқалы азаматқа айналған ғұмырынан сыр тартып тұрғандай! Бірақ, бүгінгі әңгіме дарынды ақынның өткен немесе бүгінгі өмір белестеріндегі өрліктеріне орай өрілген жыр шумақтары хақында емес...
“Жабық қаладан” басталған телехикая
...Кеңес Одағы құлап, әскерилер “жабық қала” Байқоңырда (Ленинскіде) ине-жібіне дейін қалдырмай Мәскеуге таси бастағанда осы Шаһизада Әбдікәрімовтің бір ұтқаны бар. Ол тұста “Байқоңыр” өңірлік телестансасына жетекшілік ететін. Өздерін болашақ “мәскеулік” санап қойған кешегі қандыкөйлек әріптестер Ленинградтан таяуда ғана жеткізілген судай жаңа аса қуатты жылжымалы телевизиялық стансаны (ЖТС) қалайда кері алып қайтуға жанталасты. Шаһизада да қол қусырып қарап жатпады. Байырғы көзтаныстары – әскери генералдарға техниканы келген жерінде қалдыруға қолқа сап бақты. Алтын оқалылар аңқылдаған азаматтың сөзін жықпады. Әуелім, аталмыш қымбат техникаға бір әскери “КамАЗ”-ды қоса сыйлап кеткенін қайтерсің? Оларға журналистің сондағы бар берген сыйы – аталарының сүйікті асы, бір жәшік ащы су ғана.
1999 жылғы Қазақстандағы Президент сайлауы кезінде Шаһизаданың жаңадан тәй-тәй басқан “Қоғам” телекомпаниясы Елбасының Қызылордадағы кездесуінен, әлгі ЖТС арқылы қаланың Орталық алаңынан, эфирге тікелей хабар таратты. Сонда ғой телевизиялық индустрияның тіс қаққан мамандарының ауылдағы бұл жаңашылдыққа аузын ашып, көзін жұмғандары. Содан көп ұзамай бір күні қалталы бір азамат Шаһизадаға телекомпанияны сату туралы қолқа салсын. Мұндайды кім күткен, әзілі шығар деп, ат-тонын ала қашты. Бас тартты. Бас тартқаны бар болсын, сатып алушының қолы тым ұзын екен, тегі телекомпания бастығының аузын аштырмай, аяқ-қолын матап тастады. Қалайда сатуға мәжбүрлей бастады. Көпе-көрнеу қысастыққа жаны шыдамаған Шаһизада қызбаланып бірден Елбасына барып шағынбақ болған, бірақ ол кісінің қабылдауына жете алса жақсы, жете алмаса ше?! Оған дейін бар шаруа “заңды” түрде шешіліп кететін түрі бар. Қалайда Астанаға барудан басқа амал қалмады. Не керек, халық сыйлаған қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қабылдау бөлмесінен бір-ақ шықты. Ондағысы – бір түсінсе, құзырлы басшылардан әдебиет пен өнерге жақын Әбекең түсінер деген ой. Кекілбаев Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүрген. Ақылман аға “аҺ” ұрған журналист інісінің жанайқайын жанымен ұғыныпты, қабылдау уақыты қысқа, айтар сөзі аз болғанмен мәселені оң шешіп берді. Қызылорданың “Қоғамы” мен оның басшысын бұдан соң қайтып ешкім мазаламады...
Қазір Қазақстанда тәуелсіз 21 телеарна бар десек, құрылғанына он жылдан асқан бүгінгі “Қоғам-ТВ” солардың ішіндегі бірегейі. Олай деуге бірінші себеп: телестанса таза қазақ тілінде хабар таратады. Екіншіден, аймақтағы 400 мыңнан астам көрерменнің көңілін тауып отыр. Ұйымда ұзын-саны 47 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Сөз додасына лайықталған атшаптырым екі түсіру алаңынан басқа, жеңіл ұрыс қаруы тектес шағындау екі студиясы кез келген уақытта хабар жазуға әрі тікелей ақпарат таратуға әркезде де тас-түйін әзір. Міне, сондықтан да, аудио-видео құрал-жабдықтары нөпірінің астында жатқан Алматы мен Астанадағы азулы Һәм аралас тілді телеарналар техникалық баспалдақтарда жазатайым иық тірестіре қалса, қай-қайсысының да “Қоғам ТВ-ны” қызылордалық деп қомсынбасы анық. Жан сүйсінтетін және бір жайт – тәуелсіз телеарналардың қалыптасуының елең-алаңында әуе толқынына шыққан бұл қарлығаш-телекомпанияның бастапқы қазақы қалпын қаймағын бұзбай, сол күйінде осы күнге дейін сақтап келе жатқандығы.
Сыр халқы өзінің күнделікті сырласына айналған телеарнаны “Шаһизаданың “Қоғамы” деп атап кеткен. Бұл, сірә дә, төрт аяғын тең басқан телевизиялық стансаның негізін қалаған белгілі журналист, айтулы ақын, қоғам қайраткері, мәслихат депутаты Шаһизада Әбдікәрімовке жерлестерінің көрсеткен шынайы ілтипаты. Телеарна отау тіккен алғашқы күннен тек қана халықтың әлеуметтік-тұрмыстық өмірінің түйткілдерін толассыз да тоқтаусыз толғап келеді. Сонысымен де “Қоғам” өз биігіне көтерілді, ең алдымен көрерменнің марапатымен өсті. Бастан-аяқ өз күшіне сеніп, өз күнін өзі көріп, тіршілігін жасап отырған телеарнаның көрерменіне, яғни халыққа арқа сүйері заңды. Ең бастысы – Шаһизаданың “Қоғамы” осы жылдар ішінде ірілі-ұсақты атағы дардай телекомпаниялар өтуге тиісті барлық кәсіби-өндірістік өткелдерді артқа тастап, бүгінгі уақыт талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен “мұздай қаруланып” үлгерді. Мұны тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңында еліміздің медиа-әлеміндегі “Қоғам” телеарнасының ерекше жетістігі деп бағалауға болады.
Айтпақшы, осы таяуда бір қазақ миллионері, бәлкім, миллиардері, телестанса басшысына бетпе-бет келіп, қызық ұсыныс жасады... Ол туралы бүгінгі әңгімеміздің аяғына дейін айтуға уәде етеміз.
Қармақшыдан асып құлаған “Сатана”
Осыдан үш жыл бұрын беларусьтардың Байқоңырға ердей болып келгені естеріңізде болар... “Ердей болып” дегенім, Ресеймен туысқандығын алға тартқан олар Жер серігін тасымалдайтын тұңғыш зымыранын ұшырмаққа ниет танытты. Өкінішке орай, “Днепр” зымыраны ел сенімін ақтамады. Бір жағы масаттанып, бір жағы толқып тұрған Президент Александр Лукашенконың көз алдында беларусьтық тұңғыш зымыран көкке көтеріле бере көзделген бағытынан ауытқып, алапат от құшағына оранды. Миллиондарға бағаланатын Жер серігінің өте қымбат коммуникациялық модульдері зымыранның үш сатылы жанармай құйған бөшкесімен бірге жарылып, жанды да кетті. Бұл Байқоңырдың басынан не өтпеген, бұл сайын дала не көрмеген, бірақ беларусь бауырлардан, сөйтіп... ұят болған!
Оқиға болған күннің ертесіне Қызылордадан Шаһизада Әбдікәрімов телефон шалды. “1991 жылғы 2 қазанды есіңізге түсіріңізші!” – дейді. “...Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан күні ғой”, – деймін мен. “Қарағаштың көлеңкесіне солдат үстелдерін қаз-қатар тізіп жіберіп, журналистер жапа-тармағай жайғасқан баспасөз мәслихаты ше?” Әрине, есімде... Сұрақтар қарша борады. Жауап беруші үшеу – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Австрияның федеральді Канцлері Франс Враницкий, Ресей Президенті Борис Ельциннің өзі “кешірімді себептермен” келе алмай, елдің атынан арнайы жіберген төтенше өкілі – Иван Силаев. Дүниенің төрт бұрышынан жиналған 40 журналистің ішіндегі ең “қызық әрі қиын сұрақ” “Байқоңыр” телеарнасының тілшісі Шаһизада Әбдікәрімовтікі болды. Тілші полигонның басындағы саңырауқұлақтай қаптаған ядролық баллистикалық зымырандардың болашақ тағдыры қалай шешілмек деген сауал тастады. Шыны керек, мұнда ғарыштық ұшыру айлағынан тыс кеңестік әскери баллистикалық зымыран ұшыратын құпия стратегиялық 9 база барын көбіміз сонда білдік. Ғарыш айлағының келісім-шартпен қазақтың еншісіне баяулап өту күндері жүріп жатқан. Нұрсұлтан Әбішұлының жауабы былай болып келді: “Біз Семей ядролық сынақ полигонын жабу арқылы дүние жүзіне өзіміздің бейбітшіл, әділетшіл, әлемдік қауымдастықпен ынтымақтас ел екенімізді дәлелдедік. Енді, міне, Байқоңырды мемлекеттік меншігімізге айналдырып, тәуелсіз еліміздің тұтастығын, абсолюттік өркениетті сақтауға мүдделігімізді таныттық. Ал, ядролық оқтұмсығы бар зымырандарға келсек, біз оларды бірін қалдырмай Ресейге қайтарамыз. Көршіміздің ядролық оқтұмсықтарды алып тастап, зымырандарды бейбіт мақсатқа пайдаланамыз деген уәдесі бар...”
Елбасы сөзінің соңын ала Ресейдің мемлекеттік құзырлы азаматтары, ғарыштық-әскери саланың генералдары әлгі сауалға толықтыра жауап беруге тырысып бақты, бірақ тілшілерден мұндай “шабуыл” күтпесе керек, сірә, сөздері қожырап, абдырап қалды. Әскерилердің “міңгірлегенін” түсінбеген “Байқоңыр” телеарнасының тілшісі сауалды енді Қазақстан Президентіне бағыттады: “Нұраға, сол ядролық зымырандарды Байқоңырмен бірге Қазақстанның меншігіне алып, өзімізге қалдырсақ болмай ма?!” Әлі есімде, Президентіміз: “Шаһизада, сұрағың өте орынды, оларды өзімізде неге қалдыруға болмайтынын орайы келгенде өзіңе оңашалап түсіндіріп беремін!” деп риясыз жымиып, тілші жігіттің көп жайттардан хабардар екендігіне сүйсіне, жылыұшырай жауап қатты. “Ойы жүрдек, сөзі түйдек-түйдек, жүрген жері дүрмек” Шаһизада Әбдікәрімовпен Алматыдағы университет аудиториясынан кейін өз басым екінші рет Байқоңырда, осылайша кездескенмін. Оны қалай ұмытайын?!
Мобильді телефон тұтқасының аржағынан Шаһизаданың әдеттегі екпіндеп сөйлейтін етене таныс даусы құлағымды жарып барады: “Кешегі ұшпай жатып жарылып, масқара болған беларусьтардың “Днепр” ғарыштық зымыраны дегеніңіз... сол баяғы-ы, 91-ші жылы конверсияланған ядролық зымырандар! Америкалықтарға кәдімгі “Сатана” дақпыртымен мәлім болған “СС-20” деген баллистикалық кеңестік қарулар. Соның атын өзгертіп, қарудың күшін бейбіт мақсатқа пайдаланбақ болған бұлардың ниеттері түзу-ақ еді. Бірақ, ескінің аты – ескі, сыр берді. Байқадыңыз ба?! Бәрі де бар болсыншы, Қармақшының үстінен, мен туған ауылдың тура төбесінен ауып барып құлады емес пе. Жанымды беларусьтардан ары ауыртып тұрғаны осы жайт. Қазаққа бұл қасіретті зымырандардан құтылатын күн қашан туады, ағатай-ау, айтыңызшы?!.”
Шаһизада Әбдікәрімовтің жанайқайын ұққандаймын. Жер астына жасырынған кеңестік ядролық тажал оқтарының әлі де таусылмағанына, жуық арада тұқымы тұздай құрып түгесілмейтініне налыдым. Даламызда бұршақтай шашылып түсіп жатқан гептилдің айықпас қасіретін бүкіл қазақ болып түсінетін дәрежеге жетіп те қалдық емес пе. Жүрегім сыздап, әріптеспен бірге мұңайдым...
“Әр қазақ – менің жалғызым...”
“Әр қазақ – менің жалғызым...” Осынау жыр жолын аузынан үнемі тастамай жүретін Шаһизада Сағитжанның қазасында да дәп бір “Сатана” Қармақшыдан асып құлағандай алабұртып толқыған. Сағитжан Бермағамбетов “Қоғам” телекомпаниясының жас журналистерінің бірі еді... Дәл бүгін Астана мен Алматының телеарналарында Шәкеңнің шеберліктану тәрбиесінен өткен, “Қоғамның” студиясынан бойларына қан жүгіртіп үлгерген қаншама журналистің жалындап жүргенін санамалап, дәріптемей-ақ қоялық. Дегенмен, Сағитжанның жөні бөлек-тін. Халықаралық ақпараттар желісінің (АҚШ) семинар-тренингінің екі мәрте таңдаулы дипломанты атанып үлгерген жас дарын “Қоғамның” кешкі жаңалықтарын жедел даярлап, көп жағдайда оны өзі жүргізетін. Ісі ширақ, қаламы жүйрік тілшіге облыстық әкімдік құда түсіп, аттай қалап алды. Шәкең де қанша қимағанмен екеуара жеке әңгіме барысында: “Аға, журналистік өмірді сан қырынан байқап көрейін, “Қоғамға” қайтып ораламын, көріңіз де тұрыңыз...” деген сөзіне иланып жастың жолын бөгемей, ақжол тілеген. Сол көктемде Сырдың суы да арнасынан қайта-қайта асып, елді дүрліктірді. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы асау өзеннің арнасын бақылап жүрген тікұшақ ұрынған кездейсоқ апаттан қаза тапты. Түңліктен күн көрсетіп, түтіктен су берсем де, Көрсетпеуім керек пе еді-ай, мен оны ешкімге!.. деп өлеңдетіп көңіл айтып, жүрегімен жылаған телекомпания директорының көз жасын сүрткенін көргенмін. Мектеп жасынан телестудияның есігінен енгізіп, университет бітіргенше бас-көз болып, қадағалап жол сілтеп, жөн көрсетіп отырған әріптес ағасы өткір жастың болашағына зор үміт артып жүруші еді...
Алматылық журналист Хылча Исмаилованың Америкаға барған жолжазбасын оқыдым. Өзінің сапарлас әріптестері – екі қазақ журналисінің қылығына тамсаныпты. Қазақстанның БАҚ өкілдері америкалық жылтырақтарды қуып, қызықтап жүргенде, қызылордалық “Қоғам” телекомпаниясының журналисі Баян Құлтанова мен бейнеоператоры Ғалымжан Қожақовтың мұхит асып кеткен қазақ сәбилерін іздеп, шарқ ұрғанына ілтипат танытыпты. “Олар дегендеріне жетті”, – деп түйіндеген тілші, әріптестерінің Вашингтон мен Нью-Йорктегі отбасылардан 6 бірдей қазақ балаларын тауып қана қоймай, олардың атажұртында іздеуші-сұраушысы бар деген қоғамдық пікір тудырып кеткенін сүйсіне дәріптейді. Соңғы 8 жылдың ішінде кәсіби-шығармашылық тұрғыда “Қоғам” телекомпаниясымен үзбей қатынасып, ұжым мүшелерімен жақын араласып жүргендіктен де бұл оқиғаға ішім жылып қалды. Ол жайында кешікпей журналистика ілімін орысша алып, қазақша жазатын “Қоғамның” бүгінгі “ардагері” саналатын белгілі тележурналист Баян Құлтанованың өз аузынан естідім: “Алыс сапардың алдында бізді Шәкең шақырды: “Ата-баба аяғы баспаған жерге бірінші бара жатырсыңдар, уақыттарың тығыз... түсінемін, бірақ, Ақ-Баяш, айналайын, титтей уақыт тапсаңдар, Америка асып кеткен бейкүнә қазақ бүлдіршіндерін іздеп көріңдерші, о бейшаралардың күні не болды екен?” деген. Алдымызда бізді не күтіп тұрғанын білмесек те, бұйымтай бізге ой салды. АҚШ-та өзіміздің елшілік пен жергілікті муниципалитетті қолқалап, бос уақытымызда балаларға іздеу салдық! Елге оралып арнамыздан америкалық қазақ сәбилері туралы әсерлі сюжеттер тараттық. Шәкең: “Біздің журналистермен “Си-Эн-Эндегі” әріптестері бәсекелесіп көрсін енді, бәлем...” деп сондай масаттанып жүрді. Бұл тақырыпты өзім ауыздарына шайнап салып беріп ем демеді...”
Компаниядағы өзінен басқа 46 қыз бен жігітке жасап отырған қамқорлығы бір басқа, журналистік шеберлік дәрістерін кез келген сәтте жай-күй талғап жатпай, тұра қалып оқып жіберетін елгезектігін айтсайшы, бұл Шәкеңнің, шіркін! Жалпы “Қоғам-ТВ” жігіттері мен қыздарының ұйымшылдығы мен ұлттық рухының күштілігіне, жаңаға ынтызарлығына өз басым ерекше тәнтімін. Кәсіби міндетіне тас-түйін, ісіне мығым ұжым сан рет шығармашылық бәсекеде бақ сынап, тәуелсіз Қазақстанмен 10 жылдан аса әріптестік рухта келетін АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (ЮСАИД), өзге де шетелдік ұйымдардың гранттарын ұтып алды. Әрине, мұндай әлемдік телевизиялық жобаларға Қазақстан бойынша кемі 20 үміткер-телестанса қатынасады. Солардың ішінде қазақ тілді “Қоғамның” тасы талай рет өрге домалады. Халықаралық құзырлы комиссия ең алдымен бәйгеге қосылған телекомпанияның техникалық қуатына, эфирлік ауқымына, медиа кеңістіктегі тәжірибе-тәліміне, әрине, күнделікті ақпарат таратудағы әбжілдігіне қадалып тұрып мән береді. Грант беруші мәртебелі ұйымдардың талабынан шығып, назарына іліксе, демек, “Қоғамның” уақыт көшінен кеш қалмағаны! Сол уақыт көші туралы Шаһизада Әбдікәрімовтің өзі былай дейді: “Дүниежүзі бойынша қаншама БАҚ, жекелеген журналистер, тіпті, басқа да салалық ұйым-мекемелер қазір дәл осындай ірілі-ұсақты гранттармен күнін көріп отыр. Ең қызығы, жаңа кезеңнің жаңаша талаптарынан көбіміз әліге дейін бейхабармыз...” Телекомпания Қызылорда облысы әкімінің жыл сайын талғап-талдап, таразылап, жергілікті БАҚ өкілдеріне беретін қаржылық грантынан да құр қалып көрген емес. Ол қаражат телеарнадағы ең үздік тілшілердің жалақысына жыл бойы қосылып тұрады.
Сандық телевизия, қазақшаң қалай болар екен?!
Телекомпания басшысының оң қолы – Тұрсынханым Желдербаева ұжымдағы шығармашылық істің ұйытқысы һәм үйлестірушісі, бір сөзбен айтқанда бүгінгінің Домалақ анасы. Сол қолы – инженер-электроншы Мұрат Шалабаев барлық аудио-видео жүйені тәптіштеп, тап-тұйнақтай тәртіпте ұстайды. Қыздары эфирдегі биязы қылығымен қуантса, “сен тұр, мен атайын” жігіттері аттан түспей, ауыл мен қаланы шарлап кешкі жаңалықты жандандырып жүр. Ізбасар шәкірттерінің жұлқынысы мен телекомпаниясының талпынысына іштей “тіфәлап” көңілі толатын медиа-магнаттың ойы мен санасын толғандырып жүрген бір жайт бар. Ол – өмірге сандық телевизия жүйесінің келуі...
Осы күнге дейін алыс-жақын шетелдің есігін ашуға құмартып көрмеген Әбдікәрімов, ресейліктердің сандық телевизия желісіне көшуге орай Ханты-Мансы аймағында өткізген алғашқы тәжірибе дәрістеріне өкіл жібермей, өзі барып қатысты. Көп жайтты көңіліне түйіп, көп жайттан көңілі күпті қайтты. 2011 жылдан Қазақстанда тұңғыш рет Қарағандыда хабар таратудың сандық жүйесі экономикалық негізде қолға алынбақ. Жаңа тәсілдің техникалық озық үлгісіне өз басының дауы жоқ. Қызылордалық телемаманды алаңдататыны – “шығымы аз” қазақша хабарлардың СТС жағдайында орамы аса зор мультиплекс жабдығының жұмырығына жұқ болмай қала ма деген қауіп. Осы орайда, мен де өз басым хабардар жүрген бір жайттарды ортаға жайып салып көрейін.
Ташкенттік әріптесім Насыреддин Назаров: “Уай, аға, сіздерде тамаша ғой, тамаша...” деп қанша тамсанғанмен, өздерінің телевизия ісінде жан-жағындағы көрші елдерден көш ілгері келетінін жасырмайды. Оның айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын, Ислам Кәрімовтің ауызекі нұсқауымен барлық қалам ұстаған, саладан хабары бар журналистерге өзбек көрермендеріне арнап мемлекеттік арналарға лайықты телесериалдар жазу тапсырылған. Жалпы, бүгінде Азия құрлығының бұл аймағында үнділерден соң өзбек фильмдерінің алда келетінін жұрт мойындап та қалды. Мойындағысы келмейтіндер бар. Қазіргі өзбек телеарналарындағы ана тіліндегі хабарлардан тыс сол... сериалдардың аста-төк молшылығы сандық телевизияға сақадай-сай дайындықтың алды болса керек. Өзбектер таяуда сандық телевизияға корейлік технологиямен көшпек. Шәкең ашынып отыр: “Қоғамның” қоржыны толы, алдын ала дайындығымыз да бар. Ал, еліміздегі атағы дардай-дардай телестансалар онсыз да үңірейіп тұрған қазақ эфирін немен толтырмақ, әрине, орысша хабарлармен! Қазақша хабарларға нағыз сусау сонда басталмақ...”
Түйін
...Cаясаткер әрі бизнесмен, салиқалы да салауатты астаналық бұл азамат дәл өзіне, дәл осындай ұсыныс жасайды-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Шаһизаданың қапелімде аузына сөз түспей, күмілжи берді. Сырбаз жігіт ағасы болса “...миллионды есепшотыңызға салыңыз, теларнаны маған сатыңыз” деді сөзін нықтап. Әңгіме АҚШ доллары хақында болып тұр. Бизнес адамын бұл қылығы үшін кінәлауға болмас, нарық заңы солай. Әбдікәрімовтің есіне осыдан он жыл бұрынғы оқиға түсті. Бүгінгі бизнесмен алдыңғы әпербақан қалталы әріптесіне қарағанда сыпайы болып шықты, “тіпті қаласаңыз, өз бағаңызды айтыңыз, ойласып көрейік” деп бар мәдениетімен қиылып-ақ тұр.
Түнімен кірпік ілмеді... Көз алдында өзі үкілеп-баптап жүрген 46 қызметкері қаз-қатар тізіліп тұрды да алды! Бірақ... “Аз ақша ұсынып тұрған жоқ, Алматыдан гипермаркет, Астанадан супермаркет сатып алсаң да жетеді. Жаныңа тыныштық керек болса, сәті келді. Алақұйын шапқылай бермей, жырыңды жаз да шалқаңнан түсіп жат, шайыр Шаһизада! Намысты қайтесің, қазақтың телеарнасы шетелге де сатылып кетті емес пе. Оған қарағанда...” деген әзәзіл ой да қылаң беріп қоймайды. “Біздің телекомпаниямызды бұлай бағалағаныңызға зор рахмет. Жаңа жоба бастаған едік, соны жүзеге асыруға дайындалып жатырмыз. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып арнаға жаңа технология сатып алған едік дейін... Түу, мұның бәрін... баяндаудың қажеті не?! Қысқасы, иегіңіз қышымасын деген бір-ақ сөзбен жауап қайтарған жөн-ау!” Кенет өзінің жүрегіне ғана етене жақын бұла күш кеудесін кернеп, атой сап бергені-ші... Кірпігімнен айды ұзатып түнімен, Бұрылсын деп оңға ісім, – Оңашада өз кеудеме үңілем, Бүтін бе деп бесіктегі болмысым!?
Таң сыз берген сәт еді... Ол ана сүтімен дарыған тазалығын сақтап қалғанына қатты қуанды. Тынымсыз тіршіліктің ақпараттық аптасының алдындағы тәтті ұйқыда жатқан Шаһизада “Қоғамының” өрендері бұл оқиғадан мүлдем бейхабар болатын...
Талғат СҮЙІНБАЙ, Қызылорда.