Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХІІ республикалық байқауы өтті
Біраз жыл бұл байқау қаламгердің туған жері – Алтайдың асқарлы шыңдарын жастық үнінің жаңғырығына бөлеп, хас суреткердің рухымен небір дүлдүл қанаттар қапысыз қайраттанғанын қадағаладық. Елордамен еңсе тіктеген өнер сайыстары арасында қатардан қалмай, қанат серпіп келе жатқан балауса байқаудың биыл астана төріне қайта озуын қалың жұртшылық қалтқысыз көңілмен қарсы алды. Туған жерін тұла бойы тұшына сүйген тұлғаны әспеттеу арқылы кейінгі өсіп келе жатқан буынды Оралхан оқуларымен уыздандыру, балғын санаға Мұзтау мұзбалағының өршіл үнін жеткізу басты мұрат болғандықтан, қатысушылардың қабілетін қадағалайтын қазылар алқасына да танымал есімдер енгізілгені сүйсінтті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік, белгілі қаламгер Әнес Сарай, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлова, Астана жастар театрының директоры, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов сынды әдебиет пен өнер майталмандары қасиетті қазақ тілінің әдемі әуезділігі мен көркемдігін шынайы көрсете білген көркемсөз оқу шеберлерінің өнеріне шек келтірмеді.
Тіл сайысының бір ауық шығысқа ойысып, Шыңғыстайда шыр айнала шырқалуынан ондағы қазақ тілінің қанжығасы әжептәуір майланып қалғанын көрдік. Басқа өңірлерден атбасын бұрған қазақтың өндірдей жастары Оралхан шығармасына өзегін суырып бере жаздап жатқанда, жазушының туған жерінен келген орыстың Инга Путинцева есімді жирен шашты қызы жібектей даусымен автордың айтулы кейіпкерін орындаған. Әр өңірден қатысқан он бес өнерпаздың бәрі де аудандық, қалалық байқаулардан лайықты іріктеліп келгендігін дәлелдеп шыққандай. Көркемсөз оқу шеберлері бірінші кезеңде прозалық шығармадан, екінші кезеңде драмалық, ал үшінші кезеңде поэзиялық шығармадан үзінділер оқып жарысты. “Мұзтау”, “Қар қызы”, “Тортай мінген ақбоз ат”, “Атау кере”, “Жылымық”, “Ұйқым келмейді”, “Жетім бота”, “Мынау аппақ дүние”, “Бәрі де майдан”, тағысын тағы осындай әрқайсысы өз алдына әдебиеттің бір-бір шыңына баланар туындылар қоғамның ішіндегі әлі де болса әр-әр кез созылмалы дерттей қылаң беріп қала беретін жат дағдыдан жастарды қалай жирентудің әдеби әдебі сынды, еңсесін егемен ел ретінде өркениетке қарата түзеген жұрттың кешегі бір кездегі кеселі қайта жолын кесіп, кері кетпеу қамын күйттеген заманның мұңындай шертіліп, көгілдір сахна көкке шаншылған Мұзтаудың сұлбасына айналып кетті. Ақтан, Нұржан, Таған, Қиялхан, Жеңісхан сынды тағдырлар тарих бетінде қалып қойған өткінші бейнелер емес, олар бүгін де әне қалың топты қақ жарып келеді. Жүздері алаулап, арман құшағында, қияға қыран-қиялдай самғайды. Мөп-мөлдір сезім, айнадай көңіл, өмірге іңкәрлік пен білуге құштарлық болмаса ұрпақтар ұясында ұлағатты не қалады? Өр Алтай, өр Оралхан сол адамгершіліктің айжүзді қылышындай жарқ етіп бір сермелген алдаспан. Сірә, жазушы соңына ешқашан өлмейтін дүние жазып қалдыруы үшін жүректі жарып шыққан әр перзентіне мидағы сансыз талшықтарын тартынбай тарту етуге дейін баратын болуы керек. Мәңгілік өмір, шексіз ғұмыр жоқ дегенге иланбайтын иманды ұрпақтың Оралхан рухына деген сенімінен сергек ойдың оты маздап тұрды.
“Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”, деді Абай. Адам ешқашан өліп көрмеген. Өлім өмірдің ішіндегі бір құбылыс қана. “Ол түз тағысына – Кербұғыға айналып, Алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен...” деп жазылды Оралхан туралы. Әсіресе, оның шығармаларымен сусындап өскен сексенінші жылдарғы буынның арасында Мұзтаудың мұнтаздай табиғатына іңкәр жандар өте көп еді. Сол кезеңдер ұрпағы өзгешелеу өзі. Арманшыл, қиялшыл жандарға бүгінде жұрт басқаша қарайтын болды. Бірақ мұндай көзқарастың әлі-ақ өзгеріп, адамдар әдебиет пен мәдениетті ақшадан биік қоятын, жастардың бәрі жаппай кітап оқитын, оның ішінде Оралханды таласа оқитын кез келе жатқанына сенеміз. Тіл фестивалі аясында өтіп жатқан көркемсөз оқу шеберлерінің ХІІ республикалық байқауының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаровтың да ойы осыған саяды. Жұрт ұғымымен етене астасқан мәдени шараның Ақорда іргесін көтеріп келе жатқан кезде дүниеге келгенін айта келіп, төраға: “Оралханның дүниеден өтуі де басқалардан өзгеше болды. Үш таудың арасында өтті ғұмыры. Алтайда туды. Алатауда өмір сүрді. Гималайда дүниеден озды. Ал төртінші тау, әдебиеттегі алып шың болып өзі қалды”, – деп Оралхан Бөкей жайында кестелі ой түйді. Оралханның тау тұлғасын тағы бір танытудың тағылымы деген, сірә осы болар.