01 Қазан, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

788 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
“Электронды үкімет” деген не? Өткен аптаның, бәлкім, соңғы уа­қыттың деп те есептеуге келетін шы­ғар, үлкен жаңалығы “Элек­тр­онды үкіметтің” белгілі бір мүм­кін­дік­терін пайдаланудың қолға алын­ғаны болды. Ал қыркүйектің 27-сі күні өткен селекторлық кеңес тү­рін­дегі Үкімет отырысы тұңғыш мәрте onlіne тәртібі бойынша жүр­гі­зілді. Осы кеңестің кіріспесінде сөйлеген сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл жолғы жиын­ның бір жа­ғы сынақ сипатында өтіп отыр­ғанын айта келіп, бәрі оңды болып жатса, алдағы уақытта аталмыш тәсілдің күнделікті тірлікке айна­латынын мәлімдеді. Жалпы, біздің елімізде “Элек­трон­ды үкімет” жобасын жүзеге асыруға әзірлік жұмыстары 2005 жылы қолға алынған. Бұл нұсқаны “Ұлттық ақпараттар технологиясы” компаниясы талдап жасап берді. Биылғы жылғы 8 қаңтарда оның жұмысын іске қосу үшін 51 млрд. тең­ге қаржы бөлінді. Қазақстанның бұл жүйеге көшіп кетуі шын мә­нін­де көптеген елдер үшін нағыз сен­са­цияға айналды. Олай болатыны, биылғы шілдеде ғана ресейлік са­рап­шылар электронды үкімет иде­алына әлемде әзірге Сингапур мен Эстония ғана біршама жақын екенін жариялаған еді. Олардың қатарында біздің мемлекет аталған жоқ. Деген­мен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақ­стан­ның электронды үкіметті да­йындау барысындағы 2010 жылғы жұ­­мыстарына жоғары баға берді. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеу­­меттік даму департаменті жыл са­йын дайындайтын рейтингі­не сәйкес біздің еліміз ұдайы ілгері жылжу бағытын ұстап, биылғы жылы жаһандық тізімде 81-орыннан 46 позицияға бір-ақ көтерілді. Бұл рей­тингілік сатыда Украина – 54-ші, Ресей – 59-шы, Беларусь 64-ші бо­лып тұр. Қазіргі таңда Қа­зақ­стан­да 70 мыңға жуық тұтынушы (жеке тұлға да, заңды тұлға да бар) е-үкі­мет қызметін пайдалану үшін тір­кеуден өткен. Электронды мем­ле­кет­тік жобадағы “электронды қа­тысу” (e-partіcіpatіon) көрсеткіші бо­й­ынша классификацияда 2008 жылы 106-шы болған еліміз азамат­та­ры 2010 жылы 18-орынға табан тіреді. Сонымен, бүкіл жер шары бо­лып қолданысқа енгізуге құштар бо­лып жат­қан электронды үкімет (e-Government) дегеніміз не, енді соған келейік. Бұл термин барлық мем­лекеттік орган­дар­дың басын б­і­рік­ті­ріп, оларға ин­тернеттің, электрон­ды терминал­дардың немесе тіпті ұялы телефондардың көмегімен тұр­ғын­дар­ға қызмет көрсетуге мүмкін­дік беретін біртұтас жүйені білдіреді. Мұнда мемлекет, бизнес және аза­мат­тар арасындағы өзара қарым-қа­тынасты электронды үкімет ішін­дегі G2C (мемлекет-азаматтар) G2B (мем­лекет-бизнес) және G2G (мем­лекет-мемлекет) деп аталатын не­гіз­гі модельдер ат­қарады. Былайынша айтқанда, элек­трон­­ды үкімет де­геніміз – мем­ле­кеттік басқарудың ел көлеміндегі басқару үдеріс­те­рі­нің барлық жиын­тығын автомат­тан­дыруға негізделген және мемлекеттік басқару тиімділігін ай­тар­лықтай көте­ру мен қоғамның әр­бір мүшесіне әлеуметтік комму­ни­кация шығын­дарын төмендету мақ­са­тына қызмет ететін электронды жүйе. Электронды үкімет қағаздар мен оларды өңдеу үдерісіне байланысты міндеттердің толық спектрін шешуге бағытталған қоғамдық басқарудың жалпы мем­ле­кеттік бөлініс жүйесін құруды ұсы­нады. Электронды үкімет – элек­трон­ды экономиканың бір бө­лігі. Алайда, электронды үкімет дәс­түрлі билікті толықтыратын қосымша немесе оның ұқсас түрі болмайды, ол тек мемлекеттік қызмет көрсетудің тиім­ділігін арттыруды ұсыну мақ­са­тын­дағы ақпараттық-ком­му­ни­ка­ция­лық технологияны белсенді пай­да­ла­нуға негізделген өзара қыз­мет­тес­тіктің жаңа тәсілі ғана болып табы­ла­ды. Келешекте “бір терезелі” электронды үкімет қазіргіге қарағанда анағұрлым көкейкесті болады. Бұл үрдіс әлеуметтік web 2.0. жүйесін дамытудың нәтижесінен өрістейді. Аталмыш технология саяси комму­ни­ка­цияның мүмкіндіктерін ай­тар­лық­тай кеңейтіп, үкімет, бизнес және адамдар арасындағы жаңа интег­рация­лар пішінін жасауға жол ашып береді. Дәл қазіргі таңда электронды үкіметтің барлық елге ортақ біртұтас тұжырымдамасы жоқ. Әзірге азамат­тар мен бизнес өкілдерінің ақп­а­рат­тық қоғам үкіметінен орындалуын күтетін жалпы талаптар жиынтығы ғана бар. Біздің елімізде электронды үкімет құру идеясын Мемлекет басшысы өзінің республиканы әлемдегі бә­се­кеге қабілетті елу елдің қатарына ен­гізу туралы ойын білдірген Жол­да­уында көтерді. Ал 2004 жылғы 10 қарашада Президент Жарлығымен электронды үкіметті ендіру туралы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы құ­жатқа сәйкес Үкімет әлемдік тә­жірибені ескере отырып, электрон­ды үкіметті жүзеге асырудың кезең­дерін  белгілеп алды. Бұл кезеңдердің біріншісі ақпараттарды жариялау мен та­ратуға негізделсе, екіншісі мем­лекеттік органдар мен азаматтардың өзара қарым-қатынасына тікелей және қайтармалы жолды интерак­тивті қызмет ұсынады. Үшінші кезеңде қаржылық және заң операцияларын үкіметтік порталдар арқылы жүзеге асыру жолымен транзакциялық қыз­мет көрсету қолға алынса, төртінші ке­зеңде ақпараттық қоғам толық қалыптасып бітеді. Электронды үкімет идеологиясы екі нәрсеге негізделген. Олар сер­вис­тік қызмет көрсету үшін ин­фра­құ­ры­лым құру мен сол сервистің өзін жа­саудан құралады. Бұл инфра­құ­ры­лым­ды құру е-үкімет базалық ком­по­ненттерін жасау болып табылады. “Е-үкімет” инфрақұрылымына “Жеке тұлғалар”, “Заңды тұлғалар”, “Ме­кен­­жайлық регистр”, “Жыл­жы­май­тын мүліктер регистрі” мемлекеттік мә­ліметтер базасы, е-үкімет веб-пор­талы мен шлюзі, электронды құжат айналымының біртұтас жүйесі, куәлік етуші орталықтар (ашық кілттер ин­фра­құрылымы), біртұтас көлік ортасы кіреді. Бағдарламаны жүзеге асы­ру­дың нәтижесі электронды үкімет инфрақұрылымының базалық ком­по­ненттерін қалыптастыру, норма­ти­в­тік-құқықтық базасын жасау, мем­ле­кеттік органдардың электронды қызметін қалыптастыру мен дамыту, тұрғындардың компьютерлік сауаты деңгейін көтеру болып саналады. Біздің елімізде қазір бірінші кезең қалыптасып жатыр. Соған қара­мас­тан, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, үшінші транзакциялық ке­зеңнің ал­ғы­шарттары қолға алынды.  Сол уақыттан бері “Электронды мем­ле­кеттік сатып алу” ақпараттық жү­йесі өмірге ендіріліп, отандық кә­сіпкерлер офистерінде отырып-ақ түрлі тендерлерге қатысатын болды.  Бір сөзбен айтқанда, күні кеше қиял­дағы нәрселер болып елестеп жүрген идеялар осылай біздің күнделікті өміріміздің төрінен көріне бастады. Серік ПІРНАЗАР. Үдемелі дамудың үлкен үміті Үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы (ҮИИДБ) еліміздің кемел келешегі үшін керекті екендігінде дау жоқ. Бірақ бизнес өкілдері оны іс жүзіне асыру барысында ұдайы ке­дер­гі­лерге тап келуде. Соның салда­рынан іргелі кәсіпорындар өндірісті модернизациялауға керекті жарақ-жаб­дықтарды әлі күнге дейін жеңілдетілген ставка бойынша жеткізе алмай отыр. Бұған тағы бір себеп, ҮИИДБ бағдарла­маcы мазмұнында ол бойынша алына­тын барлық жарақ-жаб­дықтар кедендік баж салығынан боса­ты­ла­тыны айтылған. Алайда, оны заң­дас­тырып беретін акт сол күйі қаб­ылданбай қалған. Осы ретте “Атамекен” одағының басшысы Азат Перуашевтің айтуынша, кеден орган­дары аталмыш мақсатпен жеткізілген тауарларға қосымша салықтар салып, оларды сот арқылы өндіріп алып жата­ды, ал бизнес құрылымдар сол себептен пайда болған қосымша шы­ғын­дарды та­батын жолдар іздестіріп, жүзеге асырыл­май жатқан жобалар мерзімдерін кейінге ығыстырумен әлек. Жамбыл облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың ақпараты бойынша, осылай қосымша салық тө­леу­ге мәжбүр болған жергілікті бір кәсіп­кердің жобаға жұмсаған шығыны аяқ астынан 500 мың теңгеге артып кеткен. Осы жерде біз “бұл кәсіпкер қайта оңай құтылған екен” деген ойға қалдық. Расы керек, бізде қазір “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойын­ша жұмыстар жасауға тапсырыс берген кә­сіпорындар бірден мемлекеттік орган­дар­дың тексеру нысанасына айналып шыға келеді. Осыған орай “Атамекен” одағының төрағасы “Индустрияландыру картасы” мен “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дар­ламаларын жүзеге асыруға қатысып жүр­ген абыройлы кәсіпорын­дар­дың есеп­шот­тарын қамауға алатын баптарға өзгерістер енгізуді, сондай-ақ бәзбір кәсіп иелерінің іс-қимылдарын “жалған кәсіпкерлік” ретінде бағалайтын баптарды алып тастауды ұсынды. Оның пікірінше, кеден органдарына ҮИИДБ шеңберінде әкелінген жабдықтардың, егер оның салығы жобаның құнын арттырып жіберетін болса, кедендік кодтарын қайта қарауға тыйым салынуы керек. Сол сияқты бағ­дарламаға қосылған кәсіпорындарға осы жобаны жүзеге асырып жатқан кезінде ешқандай тексеру жүргізілмеуі тиіс. Ұлттық экономикалық палата жетекшісі өзінің сөзінде сонымен қатар Үкімет басшысынан жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдарды бизнеске қолдау көрсету мен олардың мүддесін қорғауға белсене араласуды міндеттеуді өтінді. Бірақ жергілікті жерлердегі бизнесті қолдауды әкімдердің кейбірі бұдан гөрі басқаша түсінетін көрінеді. Жиын үстінде олардың сәл шыдамсыздық танытуы түпкі ойдан ашық хабар беріп қалды. Бы­лай­ынша, өздеріне индустрияландыру жө­ніндегі жобаларды жүзеге асыру бойынша жүктеліп отырған барынша жоғары жауапкершілікті кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде де сондай орасан зор өкілеттілік берілуімен ұштастырып, бизнеске бел шеше билік жүргізгісі келетінін білдіріп қойды. Мәселен, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов жергілікті жер­лерде жүзеге асырылып жатқан жо­ба­лар­ды қаржыландыру мәселесінде әкімдерге өкілдік беретін уақыт жетті деп санайды. Бұл үшін әлгі жобаларды талқылау жө­нін­дегі регламентті қайта қарап, әкім­діктердің тип­тік құрылымын индустрия­ландыру мүд­десіне орай қайта құрса жетіп жатыр. Ай­мақтарда инвестиция тарту жөнінде агенттік құруды ұсынған Жамбыл облы­сы­ның әкімі де бұл идеяны қолдайтын ыңғай танытты. Бұдан кейін сөз алған Қоршаған ор­та­ны қорғау министрі Нұрғали Әшімов пен Азат Перуашев алғашқылардың апт­ы­ғын бірден басты. Мысалы, министр Үкіметтің бұдан жеті жыл бұрын қабылданған аймақтық инвестициялық орталықтар құру жөніндегі қаулысы әкімдердің бұл ба­ғыт­тағы бастамаларына толық рұқсат бере ала­тынын айтып, ұсыныстың мүлде орынсыз екенін аңғартты. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасап жатыр. Мұндағы мәселе мынада, тек олардың жұмысын дамыту үшін аймақ бюджеті есебінен қаржы шығаруға тура келеді. Ал А.Перуашев бизнестің билігін әкімдерге беріп қоюға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Әкімдердің өкілеттігі бұлай кеңейе түссе, жергілікті жерлерде қызмет бабын асыра пайдаланудан аяқ алып жүре алмай қалуымыз мүмкін. Тексеруші органдардың бизнес­мен­дерді әбден қорқытып қойғандары сон­дай, бұлардың кейінгісі тіпті өздерінің атқарып жүрген жұмыстарын жарна­ма­лау­ға жасқанады. Бұл жайлы Кәсіп­кер­лердің тәуелсіз ассоциациясының вице-прези­ден­ті Тимур Назханов мәлім етті. Бұған тағы бір дәлел, 2009 жылы Бас прокуратура тексерушілер тарапы­нан 11 мың заң бұзу­шы­лық фактілері орын алғанын анық­таған. Алматыда қазір 63 мың кәсіпорын болса, солар­дың 16 мыңы заңды тұлғалар бо­лып табылады. Енді осылардың ара­сынан “Бизнестің жол картасы-2020” бағдар­ла­масына атса­лысуға бар-жоғы 63 кәсіпорын ғана тәуекел етіпті. Кейін бұ­лардың 10 пайызына қолдау жасал­ған. Бұл нені көрсетеді? Бизнес құры­лымдары сол бойда бірден бас салатын тексеру­лер­ден қаймығып, ҮИИДБ жобасына қаты­су­дан да қашады. Бар проблема осы тек­се­рістерде ғана жатқан жоқ. Біздегі банктер мұндай тапсырыстарды қолдай бермейді. Соның әсерінен олар кепілге қойылған заттардың нақты бағасын кейде 5-6 есеге дейін төмендетіп алады. Бұларға қоса жобаларды мақұлдатудың өзіне орасан зор күш пен қисапсыз мол уақыт кетеді. “Бұл жерде жобаларды қарауда әкімдердің өкілеттігін арттырудың пайдасы тиетін жақтары да бар, – деді Т.Назханов сөзінің түйінінде. – Бірақ бұл олардың қызмет бабын еркін пайдалануларына есеп­сіз артық мүмкіндікті де беріп қояды”. Осы түйінді өзінің қорытынды сөзінде Үкімет басшысы да айтты. Жиынды жинақтағанда, ол жауапты ұйымдарға “Нұр Отан” партиясын қатыстыра отырып, мемлекеттік органдардың ҮИИДБ мониторнигін жүргізудегі іс-қимылдарын үйлестіру жөнінде арнайы жоспар жасауды, олар басқаратын құқықтық реформа жөніндегі комиссия қарауына бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды. Премьер-Министр Индустрияландыру бағдарламасы мен бизнестің жол картасындағы жоба­лар­ды жүзеге асырып жатқан бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жария­лату үшін Президентке ар­найы кіретінін жеткізді. Бұл мәлімдеме, әлбетте, қазір бар­ша бизнес өкіл­дерінің кө­ңі­лінен шығып отыр. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА. Өңір өнімдерінің байқауы Кәсіпкерліктің талап тұрғысынан көрінуі мен кәсіби біліктілігіне байланысты отандық өнімдердің әлемдік сапаға сай болуын қолдау мақсатындағы “Алтын сапа” сыйлығына ар­нал­ған байқау облыста бес жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Ағымдағы жылы Ел­басы Жарлығымен бұл байқау “Қазақ­стан­ның үздік тауары” деген атаумен өткізілуде. Өңір­дегі жүзден озған жеңімпаздар респуб­ликалық байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жетісу жерінде өткен аталған шараға өңірдегі өз жұмыстарын қалыпты деңгейге көтеріп, үздік өнімдерімен танылған 60-қа жуық кәсіпорын қатысып, арнайы ұйым­дас­тырылған көрмелерге салада тәжірибе жи­нақтаған кәсіпорын өнімдері қойылды. Онда талғампаз тұтынушы сұранысына жауап беретін құрылыс материалдарынан бастап, тұтыну бұйымдары мен азық-түліктің сан түрі және сыртқа шығарылатын тауарлар қатары мол. Байқауға Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті мен жа­уапты адамдар қатысып, көрмедегі отандық өнімдердің сапасына оң бағасын берді. Кәсіпкерлердің бүгінгі қол жеткен та­быс­тарын жан-жақты көрсеткен көрменің не­гізінде облыс әкімінің орынбасары Аңсар Мұ­саханов өнеркәсіп саласында қол жет­кізген табыстар жайлы айтып өтті. Биылғы жылдың өткен мерзімінде өңірдегі өнеркәсіп орындарында 210 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, мұның өзі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109 пайызды құраған. Осындай жоғары көр­сет­кіштер басқа салаларда да орын алып, негізгі капиталға инвестиция тарту 203 млрд.теңгеге жеткенін, нәтижесінде жаңа 27 кәсіпорын жұмысын бастаса, 8 кәсіпорын кеңей­тіл­генін айтуға болады. Әрине, оларға қажетті мамандар мен жұмысшылар дайындау ба­рысында 1050 адам жұмыспен қамтылып, әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайлары жақсаратын болды. Бүгінгі таңда үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы шең­берінде 16 жобаны жүзеге асыру қолға алынса, ол тұрақты бақылауда. Осы орайда “Биз­нестің жол картасы - 2020” бағ­дарламасы барысында атқарылатын жұ­мыстар да ауқымды. Жетісулықтардың ал­дағы он жылда бәсекеге қабілетті эко­номикаға қол жеткізуі жоғарыдағы жоба­лардың сәттілігіне қатысты. Осы мақсатқа 973 млн.теңге бөлініп, кәсіпкерлер мемлекеттен көрсетілген көмектің игілігін көруде. Облыс әкімінің орынбасары “Алтын сапа” сыйлығына үміткерлердің қатары өсіп отырғанын да жиында ерекше атап өтті. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, техникалық реттеу және метро­логия комитеті төрағасының орынбасары А.Ержанов байқау жеңімпаздары алдағы кезде биіктен көрінетіндігіне сенім білдірді. Кәсіпорын басшылары мен жеке кә­сіп­кер­лер өздеріне жасалған мемлекеттік қолдау мен көмек және отандық өндірісті дамыту ба­ғытындағы ойларын да ірікпей ортаға салды. Жиынның ең бір жауапты сәтінде байқау шарты бойынша “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар”, “Халыққа арналған үздік тауар”, “Үздік азық-түлік тауары” номи­нациялары бойынша ірі, шағын және орта кә­сіпкерлік қатарында жан-жақты сүзгіден өткен “Үздік тауар” номинациясындағы ірі кәсіпорын “Қайнар АКБ” серіктестігі бірінші, “Строитель” серіктестігі екінші, Қапшағайдағы “Zhersu Металл” мен Жамбыл ауданындағы “TASKOM- KZ” өндірісі үшінші орынды иеленді. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласынан Талдықорған электр приборлары зауыты бірінші, Текелідегі “Шарықтас” серіктестігі екінші, Талдықорғандағы “Алакөл Plant” кәсіпорны үшінші орыннан көрінді. Халыққа арналған үздік тауар но­ми­нациясында ірі кәсіпорындардан Іле ауда­нындағы “Ragazy Receclіng” бірінші, “Талғар УПП ОО КОС” үшінші орынға, шағын және орта бизнес саласынан Қарабұлақ “Таза су” серіктестігі бірінші, Іле ауда­нын­дағы “Тепловые сети” екінші, Еңбекшіқазақ “Шелек болашақ” серіктестігі үшінші орын­ға шықты. Үздік азық-түлік тауарлары номи­на­циясында ірі кәсіпорындардан Іле ауда­нын­дағы “Рыбпром” кәсіпорны бірінші, Ұйғыр ауданындағы “КазРос - Бройлер” фабрикасы екінші, Қа­расай ауданындағы “АзияАгроФут” өндіріс орны үшінші орынды жеңіп алса, шағын және орта кәсіпкерлік саласында Қаратал ауда­нындағы “Үштөбе-Айдын” бірінші, Текелідегі “Суфле Қазақстан” екінші, ЖК В.Соколов атындағы азық-түлік цехы үшінші орынды қан­жы­ғаларына байлады. Барлық жеңімпаз кәсіп­орын­дарға диплом мен қаржылай сыйлық тапсырылды. Отандық үздік тауар өнді­ру­шілердің жұ­мысына Астанада өтетін Елбасының “Алтын сапа” байқауы соңғы нүкте қоятыны белгілі. Сон­дықтан да же­ті­сулық шағын және орта биз­нес өкілдері қо­лын­дағы бар жақ­сысын жайып салып, жүл­де­мен ора­луға бел бай­лап отыр. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Алыс-беріс пен барыс-келіс жеңілдеді Ресейге Қостанай облысының солтүс­тігіндегі Қарабалық ауданы арқылы шығатын “Қайрақ” кеден бекетінің дабысы біраз жерге кеткен. Өйткені тәуелсіздігіміз­дің бір белгісі де, беделі, тірегі де осы кеден бекеттері дер едік. Оңтүстіктен, Орталық Азия респуб­л­и­ка­ларынан Ресейге және керісінше Ресейден келе жатқан автомобиль көліктері “Қайрақ” кеден бекетінен өтеді. Мұнда көрші екі елдің кеден туралы заңдарына сәйкес жүк көліктері де, жолаушылар автобустары мен жеңіл ав­то­мобильдер де тексерілетін және ең бастысы, олардың алып бара жатқан тауарлары ке­дендік декларациялаудан өтетін және ресімделетін. Қазақстан, Белоруссия және Ресей арасында Кеден одағының құрылуына байланысты қазір оның екі кезеңге бөлінген қалыптастыру үдерісі жүріп жатыр. Бірінші кезең үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен басталғаны белгілі. Қазір Ресей, Белоруссия және Қазақстан арасындағы саудада Кеден одағының тауарлары кедендік декларация­лаудан және кедендік ресімдеуден өт­пейді. Сонымен қатар Кеден одағына қатысушы елдер азаматтары осы мемлекеттер шекараларынан өту кезінде декларация ұсынбайды, яғни өткізілетін ақша, жол полициясы органдарында тіркеуде тұрған көлік құралдары, басқа да тауарлар декла­ра­цияланбайды. Ал мұның барлығы да осыдан екі айдай бұрын “Қайрақтан” өткен жолаушылардың уақытын алатын. Кеден одағын қалыптастырудың шілде айынан бас­талған екінші кезеңінде кедендік ресімдерді оңайлату, әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған шаралар, контрабандаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының көрсеткіштерімен таныс­тырып, бәрін де көзбен көру үшін Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қ-К.Кәрбозовтың бастамасымен жақында Қостанай облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің “Қайрақ” кеден бекетінде “Кеден келбеті айқын” атты журналистік десант акциясы өткізілді. Алыстағы Белоруссиядан, Ресейдің ішкі облыстарынан Қазақстанға жеткізілетін тауарлар аз емес. Жүк тиеген көліктер “Қайраққа” келіп тоқтайды. Бірақ бүгінде иіріліп тұрған көлікті көрмейсің. Тоқтаған көлік тез арада кеденнің екінші жағына шығады. Осындай алып мәшиненің бірінің жүргізушісі Виктор Дмитриев сонау Мәскеуден Павлодарға келе жатыр екен. Мәшине қорабына Керекудегі зауыттардың біріне қажетті шикізат артылған. – Мен өзім “Қайрақ” кеден бекетінен 9 рет өтіп тұрмын. Бұрынғы жұмыстың да, Кеден ода­ғы қалыптаса бастағалы бергі уақыттағы кө­рі­ністердің де куәсімін. Қазір кеден бекетінен өту әлдеқайда жылдам, қарапайым. Бұрын осы жерде кезек күтіп бір тәулік жатқан кезіміз де болған. Кеден одағының құрылғаны өте жақсы бол­ды. Қызметкерлер тез тексереді де, жолға са­лып қоя береді. Бізге де керегі осы, – дейді Виктор. – Жүк көліктерін өткізу 5 минөтке дейін қысқарды, ал жеңіл автокөліктер 1-2 минөттен артық тоқтамайды. Қызметкерлер олардың жүргізушісінің жеке құжаттарын тексерсе болды, өте береді, – дейді “Қайрақ” кеден бекетінің бастығы Т.Ерімбаев. Жүк көліктеріне электронды пломба салу тек Қазақстанда ғана қолданылады. Кодталған пломбада көлікке, оған артылған жүкке қатысты ақпараттың барлығы да енгізілген. Сонда жолдағы ішкі бекеттерде жүк көлігінің уақытын алып, қайта-қайта тексере бермейді. Электронды пломбадан ақпараттарға қаныққасын көлікті тоқтатпайды. Кеден одағының құрылуы өзгемен еншіні қосу емес. Бұл экономиканы дамыту үшін жасалып отырған халықаралық тәжірибедегі шараның бірі ғана. Тәуелсіз елдің шекарасының нығаюы, мемлекет қауіпсіздігін сақтау ісі босаңсымайды. Сондықтан мұнда да көлік­тердегі есірткі, қару, жарылғыш заттар сияқты елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін нәрселер тексеріледі. Бұл үшін “Қайрақ” кеден бекетінде иісшіл иттер көмегі, қуатты құрал-жабдықтардың барлығы да бар. Акция аясында өткен баспасөз мәсли­хаты­на Қаржы министрлігі Кедендік бақылау ко­ми­тетінің ресми өкілі Ержан Байтана қатысып, журналистерді еліміз бойынша кедендік бақы­лау бекеттері жүргізіп отырған істермен таныс­тырып өтті. Еліміз бойынша кедендік кірістер мен салықтардан бюджетке 407,9 миллиард теңге табыс түскен. Бұл өткен жылдың осы мер­зімімен салыстырғанда 42,5 миллиард тең­геге көп. Ал кеден органдарының әр қызметкері 106,7 миллион теңге кедендік түсірім мен са­лық өндірген. Бұл да өткен жылдағыдан артық. Кеден органдары барлық бағытта құқық қорғау блогының белсенділігін арттырды. Соның арқасында сегіз айдың ішінде контрабандалық жүктерге қатысты 530 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылған. Ол үшін биыл кедендік басқару ісі мен әкім­ші­лік кедергілерді жеңілдетуге бағытталған бір­не­ше ведомстволық құжаттар қабылданды. Жыл басынан бері кеден органдарындағы лауа­зым иелерінің үстінен 83 қылмыстық іс қозғалды. – Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында Кеден одағының құрылуына байланысты сыртқы тауар айналымының статистикалық нәтижесі тек алты айдан кейін белгілі болады. Қазір жүк көліктері ешқандай кедергісіз өтіп жатыр, мұның өзі көп мәселені айтып тұрғандай, – дейді облыстық кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Анатолий Ли. – Қазақстан кәсіпкерлері өздері өндірген өнімді еш кедергісіз Ресейге, Белоруссияға апарады. Одан әрі Еуропаға жеткізеді. Кеден одағы арқылы тауар айналымы артады. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше елдердегі сияқты Қазақстанда да сапасыз өнім өндіретін кәсіпорындар бәсекеге төтеп бере алмай, амалсыз жабылатын болады, сапалы заттар қатары артады, – дейді Ержан Байтана. Кеден одағын қалыптастырудың үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен басталған бірінші кезеңінің алғашқы айларында-ақ бұл ұйымның елімізге берері мол екені аңғарылғандай. Алдағы жылғы 1 шілдеден басталатын екінші кезеңде “Қайрақ” кеден бекетіндегі бақылау жұмыстарының барлығы да алынып тасталады. Кеденшілердің орнына түгелдей шекарашылар келеді. Елімізге контрабандалық тауарлар, қару-жарақ, психотроптық, улы, дәрілік заттар өтіп кетпес үшін көліктерді бақылау, тексеру жұмысын шекарашылар қолға алатын болады. Ал Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтананың айтуынша, “Қайрақ” кеден бекетінің қызметкерлері жұмыссыз қалмайды. Биылдың өзінде олардың біраз бөлігі Қытаймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Түркіменстанмен шектесетін оңтүстіктегі кеден бекеттерін нығайту ісіне тартылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. Ел ырыздығы еселеп артар шақ Қазіргі күндері Сырдың бо­йында осындағы егінші елдің басты науқаны – күріш жинау жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Бұл ұлы дүрмекте аймақтағы күрішті ең көп өсіретін Сырдария ауданы көштің алдыңғы сапынан көрініп келеді. Ауданды ғалым, техника ғылым­дарының докторы, профессор Сұлтанбек Тәуіпбаев басқарады. Бұл өңір тек күріштен ғана емес, халық шаруашылығының басқа салалары бойынша да соңғы кез­дері жақсы көрсеткішке жетіп жүр. Дария аттас ауданның даңғайыр диқандары үстіміздегі жылы барлығы 31494 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Олардың арасында 18135 гектар күріш, 421 гектар жаздық бидай, 2910 гектар жаңа жоңышқа және 632 гектар мақсары бар. Қазір алтын ораққа ауданда 212 комбайн, 102 жатка, 32 автокөлік пен 188 трактор қатысуда. Егінші қауымға керекті жанар-жағармай алынған. Соның нәтижесінде қыркүйектің 20-ына дейін аудан шаруа­шы­лықтары 18 135 гектар күріш алқа­бының 64,6 пайызына орақ салып, 8675 гектар жердің дәнін бастырды. Ауданда мал басын өсіру мен оның өнімін арттыру жолында да көңілге жылы ұялайтын деректер жеткілікті. Былтырғы жылдың 8 айы қорытындысын биылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, мүйізді ірі қара басы 1,5 пайыз, қой мен ешкі басы 0,7 пайыз, жылқы басы  3,4 пайыз, түйе басы 4,8 пайыз өскен. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде 2254,1 тонна ет, 5631 тонна сүт өнімі және 818 мың дана жұмыртқа дайындалған. Жергілікті өңір халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында “Азық-түлік белдеуі” бағдарламасы әзірленді. Осыған сәйкес аудан көлеміндегі 2760 гектар жерге көкөніс, картоп, бақша дақылдары егілді. Бұдан өзге Нағи Ілиясов елді мекеніндегі “Әйгерім” шаруа қожалығы 500 шаршы метрлік жылыжайды пайдалануға беріп, түрлі дақылдарды өсіруде. Тоқсаныншы жылдың басында мал өсірумен шұғылданатын іргелі шаруашылықтардың жұмысы тұралағаны жасырын емес. Нақты айтқанда, қолда бар малға жөнді жағдай жасай алмадық. Соның салдарынан мал басы кеми түсті. Тіршілік көзі малмен біте қай­насқан ағайынға осы шашыра­ған шаруашылықты қайта құрылымдау қажет болды. Уақыт талабымен жоғарыда атап өткен олқылықтың орны біртіндеп жөнге түсе бастады. Ол үшін төрт түлік малға жайлы кешенді құрылыстар салынды. Осылайша мал өсіруге айрықша көңіл бөлген қазір 7 шаруашылық мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс жасайды. Айтуға жеңіл болғанымен, бұл өзі ұқыптылықты қажет ететін күрделі іс. Бұл бағыттағы жұмысты өз деңгейінде жүзеге асыру үшін алдымен малдарды сапалы ұрықтандыру міндетін жүйелі атқару керек. Мамандар пікіріне сүйенсек, малдың жақсы төлдеуі де осыған тікелей байланысты. Сондықтан аудандағы “Ақжарма-Жер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдан ұрықтандыру кешенін іске қосты. Төрт түлік малды азықтанды­рудың да өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, ірі қара және қойды қорытылатын протеин, ас тұзы, кальций, фосфор, каротинмен мөлшерлеп азықтандырады. Қалыпты деңгейдегі бұл азық малдың ішкі ағзаларының жұмы­сын жақсартып, дененің жылынуына әсер етеді. Осы көрсетілген шарттарды тиісті дәрежеде орындап келе жатқан Жетікөл ауылындағы мал бордақылау кешенінің орны бөлек. Аталмыш нысанда қазір 300 бас асыл тұқымды қой, 100 бас мүйізді ірі қара, 50 бас жылқы, 100 бас түйе өсірілуде. Болашақта ауданның басқа елді мекендерінде осындай кешен құрылысын салу жоспар­ланған. Бағалы байлықтың бірінен саналатын балыққа деген сұраныс күн сайын артып келеді. Алайда, оның бағасы бүгінде мал етінен кем түсіп тұрған жоқ. Негізгі себеп екі ортадағы делдалдардың өз қалауынша баға қойғанынан болып отыр. Айдарлы елді мекенінде аталған келеңсіздікті ретке келтіру үшін тоған шаруашылығы құ­рылып, өткен жылдан бастап оған сазан, дөңмаңдай, ақ амур, шабақ жіберілді. Қазіргі кезде өсіп-жетілген балықтардың орташа салмағы бір килодан асып-жығылады. Таяуда өнім түрлерін саудаға шығару мәселесі іске асырылмақ. Жалпы, аудан бойынша 1355 шағын кәсіпкерлік нысандар тіркелсе, оның 27-сі өнеркәсіп, 380-і ауыл шаруашылығы, 12-сі құрылыс және 493-і сауда саласында, ал 443-і түрлі деңгейдегі салаларда қызмет жасауда. Атап өтерлігі, ауыл шаруашылығын дамыту ісіне кәсіпкерлердің баса мән бергені қуантады. Демек, агрокешен ауқымы кең қанат жайып келеді. Нарықтық экономика жағ­дайына бейімделген еңбеккер жандар жерді өңдеудің агро­техникалық шараларын қатаң сақтай отырып, мол өнім алуға және оны өңдеуге бейімделді. Ал анығы бұрын сападан гөрі санға жұмыс істеу белең алған еді. Енді, міне, өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, кеңестік жүйедегі қасаң қағиданың ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Есесіне бәсекеге қабілетті өнімдерді өндірудің алғышарттары тәуелсіздік тұсында кең қолдауға ие болып, өндіріске жаңа техно­логиялар енгізуге жол ашылды. Соның жемісі болар Сырдария ау­да­нында да осы тұрғыдағы жұмыстар оң бағыт алды. Бұған дәлел, үстіміздегі жылдың қаңтары мен тамыз айы аралығында шағын кәсіпкерлік нысандары бюджет қазынасына 33,8 млн. теңге түсірген. Өткен жылы негізі қаланған “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде ауданға республикалық бюджеттен 134,8 млн. теңге және облыстық бюджеттен 37,8 млн. теңге қаржы қаралып, бірқатар өзекті мәселелердің түйінін тар­қатуға қадам жасалды. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін төмендету ұстанымы мен жастар тәжірибесіне барынша қолдау көрсетілуде. “Қызылорда облысындағы қала құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарла­масына” сәйкес аудандағы бес елді мекеннің даму сызбаларын дайындауға 7,0 млн. теңге бөлініп, 88,0 пайызы игерілген. Мақсатты іс нәтижелі аяқталса, барлық инфрақұрылымдық жүйелер бір арнаға түседі. Сонымен бірге тұрғын үй құрылысын салуға республикалық бюджеттен 11868,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 21750,0 мың теңге қаралып, бірқатар нысанның іргетасы қаланған. Қайсыбір ел болмасын әлеу­мет­тік-экономикалық даму деңгейінің өсуі жолдың сапалы болуымен сабақтасып жатыр. Жергілікті жердегі сан-алуан жұ­мыстардың ішінде осы мәселеге де қомақты қаражат бөлінген. Осыған орай биыл Тереңөзек кентінің жолдарына жөндеу жүргізілуде. Бастысы, Әйтек каналы маңынан көпір құры­лысын салуға жасалған жоспар қолдау тапты. Елбасының биылғы Жол­дауында әрбір аймақ өзі тұратын жерді көркейтуге, абаттандыруға мүдделі болуы тиістігі атап көрсетілген. Расында ауыл мен қала ажарына нәр беретін көгал­дандыру мен тазалық шарасына ешкімнің бейқамдық танытпағаны абзал. Себебі, елдің ауызбірлігі және бірлігі туған табиғатын аялаудан көрініс табады. Ендеше, биыл абаттандыру мен көркейтуге аудандық бюджеттен 88360,0 мың теңге бөлінгені нәтижесінде 58029 түп көшет отырғызылып, 2130 текше метр күл-қоқыс арнайы жерге шығарылды. Сырдария­лықтар бұл қолға алған істің одан әрі жалғасын табарына сенімді. Қай кезең болмасын түрлі саланың іргелі жұмысын қамту әрі үйлестіру әсте оңай шаруа емес. Соған қарамастан, үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде өңдеу өнеркәсібінде 693,8 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Мұны өткен жыл кезеңімен салыстырғанда, 167,8 пайызға артық болып отыр. Осындай жоғары көрсеткіш егін шаруашылығы мен мал шаруа­шылығы құрылымдарына да тән. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылы 1494,8 млн. теңгеге жеткізілсе, ол биыл 14903,5 млн. теңгені құраған. 2009 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің шаршы метрі 3292,6 болса, ал ағымдағы жылы 4978,6 шаршы метр болған. Аймақтың индустрияландыру картасына ұсынылған 5 жобаның 3-ін осы жылдың аяғында пайдалануға беру көзделген. Олар құрамажем шығаратын кіші зауыт пен ұн диірмені кешені және мақсары дәндерінен өсімдік майын өндіру өндірісі. Қалған жобалар жақын болашақта іске қосылмақ. Сол кезде өнім түрлерінің саны еселеп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасалады. – Қазір біздің ауданның еңбеккерлері егіс алқабындағы дәнді дақылдарды жинау үстінде. Өнім түсімі жаман емес. Нақты кезеңде 632 гектар мақсары, 398 гектар жаздық бидай және 4765 гектар ескі жоңышқа жинап алынды. Ал жақын аралықта күріш орағы толық аяқталады, – дейді аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев бізбен әңгімесінде. Жетпіс жылдан астам тарихы бар ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл марқайттық. Асылы, ынтымағы ұйысқан елдің ырыздығы артық болады. Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы. Өнеркәсіп саласына серпінділік қажет Ақмола облысының индус­трия­лық-өнеркәсіптік қарымы негізгі алты салаға шоғырланған. Қазіргі таңда мұндағы 2900 шаруашылық нысанында 40 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. Бұл — өңірдегі еңбекке жарамды азаматтардың 15 пайызы. Оның үстіне жоғары сұраныстағы өнімнің жүзден астам түрі шығарылатын саланы да­мы­ту­дың жаңа қадамдары көрініс беруде. –Үстіміздегі жылдың 8 айында өнеркәсіп кәсіпорындары 104 миллиард теңгенің өнімін шығарып, былтырғы деңгейден 25 миллиард теңгеге асып түсті,–деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров жуырдағы алқалы мәжілісте. Жалпы, сала еңбеккерлері жылды 160 миллиард теңгелік өнім тасқынымен аяқтауды жоспарлап отыр. Өңір бұрын-соңды мұндай межеге қол жеткізбеген. Жиналыста көңіл өсірер басқа да деректерге қаныққанымызбен, баяндама өзара сын тұрғысында өрбіді. Жалпы өнімнің деңгейі республикалық көрсеткіштен 10 пайызға жоғарылағанымен, оны қанағат тұтуға болмайды. Ірі 25 кәсіпорын көрсеткішті төмен­детіп алған. Оның үстіне, былтырғы әлемдік дағдарысты ескерсек, одан баяғыда сауықты деген өндіріс ошақтарының азын-аулақ табысты арқаланып отыруы келісе қоймайды. Тау-кен өндірісінде алты кәсіпорын қалыпты ырғақтан жаңылысса, “Моликен”, “Нефрит-Голд”, “Ар­дагер-Неруд” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мүлдем тоқтап тұр. Бүгінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму кезеңінде өнімге сұраныстың болмауы түсініксіз жағдай. Саланың негізгі жүгін Елбасы Н. Назарбаев “Алтынтау” деп атын қойған Васильков кен байыту комбинаты көтеріп отыр. Әлемдік бәсекелестік ортаға еркін кірген заманалық кеніш Қазақстанның үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы бо­йын­ша іске қосылған алғашқы жо­ба­ның бірі. Ал, бұрыннан аты шы­ғып жүрген “Қазақалтын” акцио­нерлік қо­ға­мының көрсеткіштері кәсіп­орын өніміне бағаның өскендігімен байланыстырылып келеді. Бо­ла­шақ­ты бұлайша құруға болмайтындығы түсінікті жағдай. Сондай-ақ, өлкені өрге сүйреуге тиісті “Сага Крик Голд Компани”, “Голд Ленд” серік­тестіктері жыл басынан бері жағдайды түзете алмай келеді. Қайта өңдеу кәсіпорындары өнеркәсіптік бағыттағы өнімдердің 70 пайызын қамтиды. Жыл басынан бері мұнда 72 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім өткен жылғыдан 133 пайызға артты. Баяндамашы мұны салаға қосымша қуаттардың келуімен байланыстырды. “Тыныс” АҚ полиэтилен құбырларын өндіру жо­басынан жеміс теріп жүрге­ні­мен, кең алымды кәсіпорын ертеңгі күннің сұраныстарын да ойластыруы қажет. Баяндамашы химия өнеркәсібі, құрылыс индус­трия­сы саласындағы пайда­ла­ныл­маған резервтерге де жан-жақты тоқталды. Таныстыру рәсімдері айшықты өтетін кәсіпорындардан күткендегідей нәтиже байқал­май­тыны жасырын емес. Күрделі мәселенің бірі өнер­кәсіп саласын дамыту негізінен орта және шағын кәсіпкерліктің үлесіндегі Есіл, Егіндікөл, Қор­ғал­жын, Сан­дықтау аудан­дарына қатысты болып отыр. Жергілікті атқарушы орган­дардың үйлес­ті­рушілік қызметінің әлсіз­дігінен жоғарыда аталған аудандар өзіне жүктелген міндетті тиісті дәрежеде орындамауда. Өнеркәсіп саласының қамшы басар тұсы енді келді. Өйткені, облыста 2010-2014 жылдары 12 миллиард теңгенің индустриялық-инновациялық жобасын жүзеге асыру белгіленіп отыр. Қазірдің өзінде Көкшетау, Степногор қалаларында, Ақкөл ауданында екі-екіден, Астрахан, Атбасар, Зеренді, Целиноград аудандарында бір-бірден инвестициялық жоба іске қосылып, өрісті кеңітті. Ал, қалған аудандарда жұрт назарына ілігер ұсыныс-жобалардың бол­мауы мүмкін бе? Өзекті мәселе талқыланған кеңесте Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов, Еңбек­шілдер ауданының әкімі Теміржан Хамитов, “Семізбай-U” ЖШС директоры Алтынбек Ақмұ­рат, “Өркен-Атансор” ЖШС ди­рек­торы Сергей Филипьев, “Қам­қор-Локомотив” РЭРЗ ЖШС” филиа­лы­ның директоры Қайдар Аса­йынов саланы серпінді дамы­туға қатысты ойларын білдірді. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы. Экспортқа бағытталған өнім Елімізде болат құбырлар үлкен сұранысқа ие. Соның бір бөлігін  “Петропавл құбыр за­уыты” ЖШС  қамтамасыз етіп келеді. Құрылғанына бір жыл ғана толған кәсіпорын газ, жылу, құрылыс салаларына арнап диаметрі әртекті болат құбырлар шығарумен айналысады. Оның кәсіпкерлікті дамыту шеңбе­рін­дегі қадамы сәтті басталды. Осы  мерзім ішінде 2,2 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліп, еліміздің ішкі қажетін өтеуге бағытталды. Зауыт келешекте 120 мы