Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылатын мәселелер қаралды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қаржы және бюджет комитетінің ұсынуымен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда талқыға шығарылатын болды.
Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті депутаттар талқысына “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын да бірінші оқылымда шығаруды ұсынды.
Сонымен қатар, бірқатар халықаралық қатынасқа байланысты заң жобалары да талқыға түсетін болды. Бюро отырысында Мәжілістің заң шығарушылық қызметіне қатысты өзге де мәселелер қаралды.
“Егемен-ақпарат”.