06 Қазан, 2010

Энергетикалық қауіпсіздік және жаңа мүмкіндіктер

947 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Астанада V KAZENERGY  Еузазиялық  форумы ашылды. Каспий аймағындағы энергетикалық саладағы беделді де мәртебелі ұйымның осымен бесінші рет өткізіліп отырған екі күндік форумына еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі отандық және шетелдік компаниялардың жетекшілері, бірқатар халықаралық энергетикалық ұйымдардың өкілдері, танымал шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуда. “Батпандап кірген ауру мыс­қалдап шығады” демекші, әлем экономикасы дағдарыс әкелген созылмалы сырқатынан біртіндеп сауыға бастады. Са­рап­шылардың айтуынша, жа­һан­дық ішкі жалпы өнімнің таяу болашақтағы өсімі жылына орта есеппен 2-3 пайыз болмақ. Осы­ған байланысты энергетикалық шикізатқа деген сұраныс та жыл сайын арта бермек. Ендеше, энер­гетикалық қауіпсіздік жа­һандық маңызды мәселелердің күн тәртібінен түспек емес. Міне, сондықтан да қос құрлықтың энер­гетикалық қауіпсіздігі, Каспий аймағының бұл көкейкесті мә­се­ледегі рөлі, энергетикалық ши­кізат көздерінің жаңа мүмкіндіктері, өңір­дің экологиялық ахуалы, жа­һандық жылыну үрдістері “Еур­азияның энергетикалық картасы: тәуекелдер тепе-теңдігі және жаңа мүмкін­діктер” тақырыбымен өтіп жатқан V KAZENERGY Еуразия­лық форумы­ның негізгі арқауына айналды. Еуразиялық энергетикалық форумды KAZENERGY ассоциа­ция­сының төрағасы Темір Құлы­баев ашып, форум делегаттарын әлемдік энергетикалық салада елеу­лі орны бар форум жұмы­сы­ның басталуымен құттықтады. Фо­рум жұмысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысып, сөз сөй­леді. Ол мұнай рыногы саласының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі халықаралық ОПЕК ұйымының шешуші рөлі мен қомақты үлесін, сонымен бірге ұйымға мүше және мүше емес мемлекеттер арасын­да­ғы байланыстың маңыздылығына Қазақстанның ерекше мән бере­тін­дігін атап көрсетті. Сонымен бірге, Премьер-Министр бұл фо­румның дағдарыстан кейінгі энергетикалық салада қалыптасып отырған бір үміт, бір күдік жағ­дайында өтіп отырғандығына тоқ­талып, болашақтағы энергети­ка­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы келелі мәселелерге тоқталды. Үкімет басшысы Мек­си­ка шығанағында орын алған апатқа байланысты бүгінгі таңда мұнай секторы саласындағы эко­логиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше тоқталды. Қазақстан эко­ло­гиялық қауіпсіздікті сақтау үшін халықаралық ең жоғары стан­дарт­тар бойынша жұмыс істеп келді және алдағы уақытта да жұмыс іс­тей бермек. К.Мәсімов атап көр­сет­кендей, Үкімет теңіз айма­ғын­дағы бұрғылау жұмыстарының қауіпсіздігін орнықтыру мақса­тын­да бірқатар шаралар белгілеген. Мұнай және газ министрлігі Қор­шаған ортаны қорғау министр­лі­гі­мен бірлесе отырып, Каспий теңізі жағалауларындағы және теңіз ай­ма­ғындағы бұрғылау қон­дыр­ғы­ларының қауіпсіздігін сақтау мақ­сатында жұмыс тобын құрып, ке­шенді шаралар белгілеуде, деп атап көрсетті Премьер-Министр. Алдағы уақытта Қазақстан Каспий теңізі жағалауындағы мемлекет­термен экологиялық  қауіпсіздікті сақтау мақсатында үкіметаралық хаттамаларға қол қоймақ. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы мұнай өндіру көлемі 81 миллион тонна болады. Оның 68 миллион тоннасы экс­портқа шығарылады. Елімізде өн­дірілетін мұнайдың тек 24 пайызы ғана “ҚазМұнайГаз” ұлттық ком­паниясының үлесіне тиеді. Қал­ғаны жекеменшік кәсіпорындар мен халықаралық компания­лар­дың иелігінде. Болжам бойынша 2020 жылы еліміз 130 миллион тонна мұнай өндірмек. Бұл алдағы 40-50 жыл көлемінде Қазақ­стан­ның экспорттық әлеуетінің жо­ға­ры болатындығын көрсетсе керек, деді С.Мыңбаев. – Мен энергия туралы емес, саясат туралы біршама айтқым ке­леді, – деп бастады өз сөзін Польша мемлекетінің бұрынғы президенті Александр Квасьневский. – Қазақ­стан­ға осымен екінші рет келіп отырмын. Қазақстан шын мәнінде қарқынды экономикалық даму сатысына шыққан. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де бұл елдің халықаралық зор беделін көрсетеді. Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті энергетикалық қауіпсіздік мақсатын­да да зор мүмкіндіктер ашады. Форумда сөз алған Австрия­ның бұрынғы канцлері, доктор Альфред Гузенбауэр Еуропаның энергетикалық қауіпсіздік мақ­са­тында атқарып отырған жұмыс­та­рына тоқтала келіп, энергетикалық қуаттардың балама көздерін та­бу­дың маңыздылығын атап көрсетті. ЕҚЫҰ-ның екпіні Орталық Еуропадан Шығысқа ауысты, деді ол өз сөзінде. Атап айтқанда, 70-80-ші жылдары ЕҚЫҰ-ның негізгі әлеуеті Орталық және Шығыс Еуропада  шоғырланған болса, қа­зіргі кезде бұл басымдық Шы­ғыс­қа қарай жылжып, қазір Орталық Азияда тұғырланып тұр. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Астанада бас қосуы үлкен тарихи жетістік деп санаймын, деді А.Гузенбауэр. Сондай-ақ форумның алғашқы күнгі отырысында ЕО-ның Қазақ­стандағы өкілдігі делегациясының басшысы, елші Норберт Жустен, Халықаралық энергетикалық агент­тіктің атқарушы дирек­торының орынбасары Ричард Джонс, Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Ровнаг Ибрагимоғлы Абдуллаев, “ҚазМұнайГаз” АҚ президенті Қайыргелді Қабылдин, PetroChіna компаниясының вице-президенті Сунь Бо және басқалар сөйлеп, әлемдік энергетикалық саланың дамуы, энергетикалық шикізат көз­дерін игерудің жаңа мүмкін­дік­тері және өңірлерде энергети­калық қауіпсіздік тұғырын қалыптастыру мақсатындағы ойларын ортаға салды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.