Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы 20 жыл халыққа қалтқысыз қызмет етті. Осынау жолда заман талабына сай бейімделіп, өркениетке ұмтылды. Кеше осы мерейтойлы датаға орай Кәсіподақтар федерациясында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференцияға Кәсіподақ федерациясының бас кеңесі, Парламент депутаттары, мемлекеттік ұйымдар, саяси партиялар мен қозғалыстар, жұмыс берушілер бірлестігі, жалпы Конфедерация кәсіподағы (халықаралық бірлестіктер) және ТМД Ұлттық кәсіподақ орталығы, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Ресей кәсіподақтар ұйымдарынан өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев баяндама жасады. Ол өз сөзінде Кәсіподақтар федерациясының қиын да қызықты әрі күрмеуі күрделі жолдарын тілге тиек етті. Өрнекті сөзде, сонымен қатар, еліміздің тыныштығы мен берекесі, әлеуметтік әлеуеті, қоғамдағы оң өзгерістер де өз өрнегін тапты.
Кәсіподақтың дамуына ықпал еткен еліміздегі аумақтық және салалық құрылымдардың орталық жүйе арқылы орайлы іске бет бұрғаны туралы айта келіп, С.Мұқашев 7 қазанды әлемдік “лайықты еңбек күні” ғана емес, елімізде жыл сайын кәсіподақтар мерекесі деп атап өту жөнінде де ұсыныс жасады. Еңбек қатынастарын реттеу және бизнес саласындағы әлеуметтік әріптестік пен қоғамдық бақылауды күшейту, ұжымдардың ұйытқысына кепіл болу, береке мен бірлікті қалыптауға шақыру сөз ренкін аша түсті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Жақсылықов отырыста кәсіподақтардың жетістіктері жайында ғана емес, кемшіліктері туралы да айтып өтті.
Кәсіподақтардың өзекті мәселелері, кәсіподақ жұмысын жандандыру, кәсіподақ қозғалысына дем беру, мамандарды шыңдау, кәсіподақ белсенділерін ынталандыру, мақсат-мүдделерді айқындау, құрылымдар мен жұмыс тәсілін жетілдіру сияқты мәселелер қаралып, соңында конференцияның қорытынды құжаты қабылданды.
Конференцияға қатысушыларға Кәсіподақ федерациясының 20 жылдық құрметіне арналған естелік белгілер табыс етілді. Кәсіподақ мүшелері еңбекшілердің құқығын қорғауда, әлеуметтік мәселелерді шешуде, қоғамдық-саяси көзқарасты қалыптастыруда, еңбек адамына лайықты өмірді насихаттауда, саламатты өмір салтын ұстануда, сауықтыру іс-шараларын қолдануда, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекақыны лайықты төлетумен қатар, әлеуметтік әділдікте тізе қосуға ниет танытты.
“Егемен ақпарат”.