09 Қазан, 2010

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ: “Абай топырағында туып, Пушкин елінде білім алдым”

1116 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Жақында Президенттік мәдениет орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбайдың екі тұлға сөзіне жазылған қазақ, орыс композиторларының вокалдық шығарма­­ларынан тұратын “Абай және Пушкин” атты кеші өтті. Абай атындағы академиялық опера және балет театры сахнасындағы ол сомдаған ұлттық опералардағы Төлеген, Айдар, Біржан сынды басты партиялардың алар орны өз алдына бір бөлек еді. Бірақ өнердің мұнан өзге де толып жатқан ою-өрнегі барын жанымен ұғынған әнші әлгіндей бейнелердің көлеңкесінде қалып қоймай, кейін өзін сахнада жеке әнші ретінде таныта білді. Кейбір опералық әншілер түрлі жанрда кәсіби шеберліктерін шыңдауға тәуекел ете алмай жүргенде, осылайша ол ән кеңістігіне кемесін келістіре салып, сахнада эстрадалық, классикалық әндерді қатар шырқап тұрды. – Өзіңіздей ел-жұртқа белгілі, үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрген адам ойда-жоқта Өскеменге кетіп қалды дегенді естігенде әуелімде жұрт­тың аң-таң қалғаны рас... Әдетте өнер адамдары Алматыда не Астанада тұруды армандап жатады, ал керісінше, сіздің Өскеменге ба­руыңыз қалай? – Ол жақтан арнайы шақырту алған соң, туған жердің түлегі ретінде оған бей-жай қарай алмадым. Сол елдің перзенті ретінде сәл де болса өңірге жаңа леп, қазақы рух беру мақ­сатымен сонау асқаралы Алтайдың қайнаған тіршілігіне араласып кете барған жайым бар. Әні-міне дегенше, онда қызмет істегеніме биыл үш жылдың жүзі болып қалыпты. Екі жыл облыстық мәдениет департа­мен­тін басқардым. Қазір филармония­ның тізгінін сеніп тапсырған жұрттың үмітін ақтауға тырысып бағудамын. Шығыс Қазақ­стан облысы өзге өңір­лерге мүлде ұқсамайды, басқа жерлер бір театр, бір филармония, бір музей­дің кем-кетігін түзей алмай әуре-сарсаңға түсіп жатқанда, есесіне мұнда ба­қан­д­ай төрт театр, (екі қазақ, екі орыс театрлары), екі филармония, он му­зей, 390 клуб, 380-нен астам кітап­хана бар. Өскемен мен Семейдің арасына ертелі-кеш қатынап жүру­мен-ақ күніңнің, айыңның қалай өтіп кеткенін аңғармай қалуың ғажап емес. Оның үстіне екеуінің табиғаты бір-біріне мүлде ұқсамайтыны, ха­лықтың ой-түйсігіндегі ерекшеліктер жұмысты барынша ширата түспесе, алға қойған мақсат-мұратыңның бәрі зая кететінін ұқтырды. Бүгінде тәуба, біраз ойлаған жоспарларым жүзеге асты. Шәкәрімнің 150 жылдығын ойдағыдай атап өттік. Шәкәрім, Абай әндерінен конкурс өткіздік. Айтыс­­тың аламан бәйгесін қайда қоямыз. Шынын айтқанда, бірақ ұзын арқау, кең тұсау жүріп, ежелден сахнада еркін самғауға дағдыланған жанға мұндай қым-қуыт өмірдің дүрмегіне ілесіп кету оңай соқпағаны мәлім. Таза өнер адамы үшін мемлекеттік қызмет дегенің өз-өзіңді матап бай­лап тастаумен бірдей нағыз азаптың өзі екен. – Өңірдің мәдениет ошақтарын жаңғыртып, тасын өрге домалата алдыңыз ба? – Өскеменде филармонияның аты бар да, бір өкініштісі, залы жоқ. Қазақ театрында екі труппа бір жерде жан сауғалауда. Бірақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қам­­қор­лығы арқасында бұл мәселе оң ше­шімін тауып, қазақ театрының жаңа ғимараты бой көтермек. Ол үшін театр салынатын арнайы жер бө­лініп, бұйыртса, жұрт ол қуаныш­қа да көп ұзамай куә болып қалар деп отырмыз. Биыл бұл өңірде қыс қаһарлы болды. Тарбағатайды су бас­ты. Мал шығыны қисапсыз. Та­би­ғаттың осындай тосын қиындық­тарына қарамастан, облыс басшы­сының мәдениет пен өнерге орасан зор қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Қала қазір гүлзар шаһарға айналып келе жатыр. Шет­елден келген қандастарымызды осы жаққа көбірек тартуда, оларды бас­па­намен қамтамасыз етуде атқары­лып жатқан жұмыстар қыруар. “Ту­ған жер – алтын бесігім” атты акция ұйымдастырудың арқасында жұрт­шы­лық бұл өңірден мәдениет пен өнер­дің небір айтулы азаматтары шық­қанын біліп жатқаны өз алдына бір ғанибет. Өңірлер бүгінде сан алу­ан салада есімдері танылған мұндай аяулы ұл-қыздарына құшақ жайып, ізет пен ілтипат білдіруден кенде қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, олардың арасынан Бибігүл Төле­генова, Сейіт Қасқабасов, Досқан Жолжақсынов, Мақпал Жүнісова сияқты т.б. белгілі тұлғалардың туған жерге деген перзенттік сезімі ерекше дараланды. Акция аясында әр аудан өздері әзірлеген көрмелерін ұсынып, жетістіктерін таныстырып, республи­каға танымал мәдениет пен өнер майталмандарын шақырған. Табиғат апатынан зардап шеккен аудандарға көмек қолын созып, қаржылай қол­дау көрсетуге атсалысқан жандар бар. Бір айта кететін жәйт, былтыр Өс­кеменде облыс әкімінің тікелей өзі­нің мұрындық болуымен ор­та­лық­та Абайдың зәулім ескерткіші тұр­ғызылған болса, Пушкин атындағы кітапхана алдына орыс ақынының бюсті орнатылды. “Абай және Пуш­­кин” атты концертімді сонда тұңғыш рет ұсынған болатынмын. Кейін оны біраз өзге ұлт өкілдері көп шоғыр­лан­ған аудандарда орындадым. Пушкин шығармаларын шырқап тұрып, Абайдың үнін асқақтаттым. – Сізді жұртшылық бұрыннан-ақ көбіне Абайдың әндерін орындаушы ретінде білетін еді. – Абаймен 1993 жылдан бері ай­­налысып келемін. Кезінде компакт-дискім шыққан. Енді соған Пушкин­­ді қосып, жаңғырттым. Абайды аз білетін немесе мүлде білмейтін шала қазақтар ойлана ма деген оймен қол­ға алдым. Мысалы, Пушкин шы­ғар­ма­сына жазылған романсты шырқар­дың алдында орыс ақынының өлеңін оқимын. Егер Абайды айтатын бол­­сам, ақын шумақтарын арасына кел­ті­ре отырып орындасаң, өте әсер­­лі поэ­тикалық-музыкалық кешке ай­налады. Концертімді тыңдаған жан­күйерлер: “Бұл үлкен дайындық­пен жасалған дүние екен” деп жо­ға­ры ба­ғалауда. Өйткені, кешті өзім жүр­гізіп тұрдым. Көп адам риз­а­­шы­лы­ғын білдіріп жатыр. Алғаш, яғни 1996 жылдары мұнда келгенде Алма­тыны аңсаумен жүрсем, енді шы­ғыс­та Астанамды жиі сағынатын болдым. – Жүрегіне Абай мен Пушкин поэзиясын қатар сыйғызған адамға қос ақынның жұрт біле бермейтін тағы қандай қырлары бар екен? – Гетені Лермонтов аударса, одан Абай қазақшалап, ән туды ғой. Әннің бір шумағын немісше, біреуін орысша, тағы бір шумағын қазақша орындаған кезде жұрт аса қатты ықыластанып, қол соқты. “Қараңғы түнде тау қалғыпты” жұрт ерекше се­зіммен қабылдады. Абайдың әлемдік тұлғаға айналып кеткенін халыққа жеткізудің тағы қандай амалы бар? “Жарқ етпес қара көңілім не қыл­са­даны” “Я вас любилмен” салыстыр­дым. Пушкин Абайдан 46 жас үлкен ғой, бірақ ол ұлы ақынның әйгілі романсқа қызығушылығын әсте әлсірете алған жоқ. Ол: “Я вас любил безмолвно, безнадежно, То робостью, то ревностью томим; Я Вас любил так искренно, так нежно, Как дай вам бог любимой быть другим” деп жазса, Абай: “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да, Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да” деген кезде зал қол соғып қоя бер­­ді. Өстіп салыстырып, лекция кон­церт секілді өткіздім. Түсінігі та­яз­дар: “Кенжеке, орыс болып кет­кенсіз бе?” дейді. Менің бар ойым – өзінің Абайын оқымаған қандасты Пушкинмен бетін бері бұрғызып, құлағына мысқалдап болса да қазақы рухтың нәрін құю емес пе? “Евгений Онегинде” Ленскийді, “Абай” опе­расында Айдарды орындаған адамға, Абайдың топырағында туып, Пуш­­киннің елінде оқыған жанға мұндай ұлы тұлғаның жаттығы болады деп кім айтты? Қазақстанның Ресейдегі жылы аясында, өзім білім алған шаһарға араға 25 жыл салып қайта барғаным есімде. Ресейдің Санкт-Петербург, Орынбор, Астрахан, Томск, Омбы, Владимир, Самара, Суз­даль сияқты бірталай қала­ла­рында жеке концертімді бердім. Күй­сандықта сүйемелдеуші Сахномен бірге барғанбыз. Санкт-Петербургке өзім бітірген оқу орындарының про­фессорлары келді. Кира Изотова де­ген кісі сахнаға шығып, сөз сөйледі. Менің тапжылмай екі сағаттан астам ән айтқаныма таң қалған ол: “Мұн­­дай асқан төзімділікті өмірде сирек кездестіресіз. Неткен жаны сірі әнші” деп менің әрі ән орындап, әрі кешті өзімнің жүргізгеніме қайран қалғанын қалай ұмытасың? Осы бағаға мерейім өсіп, шабыттанып оралдым. Олар “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”, “Сұрша қыз”, “Ақ­бақай” әндерін көшіріп жазып алып қалды. “Не деген кең тынысты ән­дер” деп қазақтың халық әндеріне ын­тық жандар жанымызға келген. – Шетелге гастрөлдік сапармен жиі шығып тұрасыз ба? – Пекинге үш рет жолым түсті. Он бес елде болыппын. Республи­каның барлық облысында дерлік өнер көрсеттім. – Сахнада аузын жай жыбырла­тып, фонограммамен ән айтатын әншілерден жұрт әбден жалықты. Олардың мұндай жүгенсіз қылығын немен тоқтатуға болады? – Уақыт талабынан қалып қой­мау керек, бірақ ол әнді кім қалай айтса, солай айтуына құқылы деген сөз емес. Мен ешқашан фонограм­мамен ән салған емеспін, бұл жағы­нан тыңдаушымның алдында ұятқа қалған жайым жоқ. Қазір небір ың­ыр­­сыған, жылауық, бір күндік әндер көбейіп кетті. Осыған тос­қау­ыл қоятын бір механизм керек сияқты. Кәсіби әнші болу үшін он жыл оқыппын, ал қазір он күнде компью­терге әнді апыл-ғұпыл жазып алады да сахнаға шығады. Халықты алдай­ды. Және жұрт соған әжептәуір ел­тіп, еліре жөнеледі. Таң қалатын нәр­се көп өзі. Дарынсыз, гуілдек бір әуендер жайлап алды. – Өзіңіз көбіне қай жанрда ән айтасыз? – Операда он бес жыл үзбей ән айттым. Көп партияларды орында­дым. Қазір концерттік әнші болып қалыптастым. Операда біреулер бір ізбен барып, сол ізбен қайтып жүр­ген­де қалай қартайғанын өзі де сез­бей қалып жатады. Қаншама керемет әншілер операда жүр, бірақ халық біле бермейді. Неге? Өйткені, ән айтып, концертпен шұғылданбайды. Опера­мен бірге қартаяды. Әнді мен­сін­бей, мұрнын шүйіріп жүргенде қамшының сабындай ғұмырдың “зу” етіп, қалай өтіп те кеткенін аңғармай қалады. Операда ән салған адам, ария да, романс та орындай алады. Орыстың Үлкен театрында өнер көр­­сететін Н.Басков та еш қы­сыл­май-ақ түрлі сахнада ән шырқап жүр ғой. Онымен бірде осы жайында сырлас­қаным бар. “Мені опералық әріптес­те­рім осым үшін қатты сы­най­ды” дедім оған. “Түсінігі қатып қалған адамдар ғана солай ойлайды. Сен оларды тың­дама. Заманның тала­бы­на қарай өмір сүр” деген оның сөзінде шы­нында ақиқат жатқанын аңғарасың. – Репертуарыңызда қанша ән бар? – Санаған жоқпын. Романс, ха­лық әндері, Абайдың әндері, Сыдық Мұхамеджановтың романс, ария­ла­ры, Ілия Жақановтың шығармалары, тағы да басқа осындай жеке ком­по­зиторлардың еңбектері бойынша әр­қайсысынан бір-бір концертімнің өзінен оның шамасын біле беруге бо­латын шығар. Енді, міне, сол са­нат­қ­а жаңадан “Абай және Пушкин” қосылды. Итальян әндеріне деген жұрт сүйіспеншілігі тіпті алабөтен. – Бір концертте түрлі жанрда ән саласыз. Дауысыңыздың бабы солардың бәріне үнемі келе бере ме? – Ең айтулы опералардың өзінде ариялар 35-40 минөттік, ал мен екі сағаттан асырып тоқтаусыз ән айтуға өзімді әбден қамшылаған адаммын. Әрине, дауыстың күші тамаққа әж­еп­тәуір салмақ салады. Ол үшін үз­дік­сіз дайындық, әр нәрсенің мер­зімін қатаң қадағалау қажет. Қазір “Қарлығашты” эстрадаға түсіріп орындап жүрген бір топ бар. Соған наразылық ретінде мен А.Жұба­нов­тың классикалық “Қарлығаш” әнін өзімше өрнекпен орындап жүрмін. Оны бұзып айтуға болмайтынын бүгінгі жастардың құлағына құя түскім келеді. Мысалы, “Ахо-оу” деп созылатын жерін тастап кетеді де олар, шолтитып қысқарта салады. Сондай бола ма? Негізінде, “Айттым сәлем, қаламқас”, “Желсіз түнде жа­рық ай”, “Көзімнің қарасы”, “Ал­қо­ңыр”, “Ақбақай” “Жиырма бес”, “Гау­һар тас”, “Япур-ай, “Қар­лы­ғаш”, осының бәрі жігіт айтатын әндер. Осы жағынан келгенде, біздің кейбір әншілер халық әндерін бұзып, жұрттың санасын аннан, мұннан қосылған дүбәра музыкамен улап жатқандай көрінеді. Жылауық әндерді орындаушылар көбейіп бара жатқанына налимын. Талғам таразы қайда қалып қойды деп ойлайсың. Кімнің қалтасында ақшасы болса, соны компьютер арқылы жаздырып алады да, эфирден бере салады. Осы да жарай ма? Естір құлақ болса, мұны талай мәрте айтқанмын. Фо­нограмма тоқтатылуы керек. Сонда әлгі сахнада өздерін жұлдызбыз деп санап жүрген жасанды әншілердің бет пердесі сыпырылады, ән айдыны тазарып, тұнық су ағады. – Өз биігіңізге шықтым деп ойлайсыз ба? – Мұны айту үшін тағы да осы жерге қалай келгенімді еске алуға тура келеді. Абай атындағы опера және балет театрында кілең бас пар­тия­­ларды орындап жүрген менің әлі он екіде бір сайманы түгел емес Ақмолаға қоныс аударатынымды естіген кей әріптестерім мысқылдай күлген. Ол үшін мүлде өкінбеймін. Қайта келе салып ұлт-аспаптар ор­кестрін, филармонияны құрғаны­мыз­ды мақтаныш етемін. Елордада М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайынан бастап, музакадемия за­лында, Жастар сарайында, Кон­гресс-Холда, мектеп залдарында ән салдым. Халыққа рухани азық сый­ладым. Күні кеше “Қазақстан” ор­та­лық концерт залында өткен “Қа­зақ­тың 1000 әні” антологиясының тұсаукесерінде “Сазген сазының” сүйемелдеуімен Абайдың “Көзімнің қарасын” шырқап, төбем көкке ти­гендей әсер алдым. Адамның арманы қусаң жетпес қиядағы қырандай ұшқыр нәрсе ғой. Арманым әлі де көп. Шіркін-ай жетпіске дейін ән салсам арманым болмас еді деген ой тұрады көкейімде. Өзіңіз білесіз, Бибігүл әншіні танымайтын адам жоқ. Өйткені, бұлбұл әуезді әнші кей­біреулер секілді “мен тек опе­ра­лық әртіспін” деп шалқаймайды. Жер-жерді аралап, өнер көрсетумен жұрттың осыншалық ықылас-пейі­ліне бөленген. Соны байқаған соң маған да ой келді. “Жоқ, бір өнерге бұлай қатып қалған жарамас” дедім де, мен де басқа жанрларды жаныма жақын тұттым. Міне, бүгін сол таң­дауым мені таудай биік мақсатыма жеткізіп отыр. Дегенмен, жетсем де­ген арман көп. Алда осындағы жа­ңа­дан салынған зәулім сарайлардың сахналарында тағы да талай кон­цер­тімді берсем деймін. “Махаббат. Әйел. Көктем” деген әндер топта­ма­сымен жыл құсындай көктемде үнім осы жерден әуелеп ұшса деп іштей жоспарлап қоямын. Астананы көр­ген сайын жүрегім атша тулайды. Бү­гінгі көркейіп келе жатқан кел­бетіне қуанамын. Осылай қарай көңілім ылғи тартады да тұрады. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.