Казталов ауданының әкімі Табылғали Сапаров ауылдық округтердегі атқарылар жұмыстар мен өзекті мәселелерді шешу жолдарын қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдаса отырып жүргізу қажет деп тапты.
Әлбетте, мемлекет, қоғам болған соң оның қозғаушы күші де, жасаушысы да адамдар. Осы орайда әр түрлі ұйымдар мен кеңестер құрылып жатады. Олардың атқарар істері де, белгілі бір мәселелерге ықпалы да әр түрлі болатыны белгілі.
Дегенмен, күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, кейбір қоғамдық ұйым немесе кеңестердің аты бар да заты жоқ. Тіпті басқа жұрт былай тұрсын, сол ұйымға мүше болғандардың өздері де біле бермейтін, “бесінші дөңгелек” ұйымдардың бар екенін жасыруға болмас.
Ал мұндай өлі ұйым, кеңестерге қалай жан бітіруге болады. Әрине ең алдымен оларға жауапкершілік арту, қоғамдық істерге тарту, қала берді атқарылар жұмыстардың басына қойып, халық сеніміне ие болу үшін жұмыстандыру қажет. Соның нәтижесінде олардың беделі де, жұртшылық арасындағы қадір-қасиеті де артары сөзсіз.
Осы орайда кейбір округтерде бұрыннан бар, бірақ ұйықтап жатқан қоғамдық кеңес мүшелерін аудан әкімі Табылғали Сапаров өз ауылдарының жәй-күйі үшін жұмысқа қосты. Округтерде құрылған қоғамдық кеңес мүшелері өз ауылдары мұң-мұқтажының шешімін ұсынатын азаматтардан құралатынын ескерсек, атқарушы органдарға да көмекші болары айдан анық.
Аудан әкімі аймақтағы он алты округтің жұмысымен танысқанда осы қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, олардың айтқан ұсыныстарының өзектілігін көзімен көрді. Шешімін күткен мәселелерге орай алдағы уақытта ретіне қарай жұмыстар атқарылатындығы түсіндірілді.
Мұның барлығын неге айтып отырмыз. Мәселенің мәнісі – ауыл тұрғындарының арасынан сайланған кеңес мүшелеріне артықшылық беру. Осындай дау-дамайсыз, біреулерді кінәламай шешілген шаруаларға тұрғындар да түсіністікпен қарауда. Кеңесіп пішкен тон қашан да келте болмайды емес пе?
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы.