15 Қазан, 2010

Ғасыр шыңындағы “Қарағай”

655 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бурабайдағы республикалық оңалту орталығы 100 жылдығын атап өтті Тамылжыған табиғатымен, емге дауа ауасы­мен, ғажайып көркемдігімен көз тартар Бура­бай­да шипажайлардың көптеп орналасуы заң­дылық. Мұны орыс билеушілері де жақсы біл­ген. Омбы архиепископы мен генерал-губер­наторы 19 ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ бұл өңірге зәулім саяжайлар салдыруы бұл сөзіміздің бір дәлелі. Бұл ғимараттар уақыт өте өкпе дертіне шалдыққандардың 30 төсектік ауру­ханасына айналды. Ал, 1910 жылы “Бура­бай” (қазіргі “Қарағай”) шипажайы пайда бол­ды. Содан бергі ғасырлық жол шипажайдың даң­қын әлемге жайды. Көптеген құрылымдық өзгеріс­терге түскенімен сол дәстүр әлі күнге жалғасын табуда. Ғасыр тойы – өз ісіне берілген бірнеше ұр­пақтың жасампаз еңбегінің асқақ мерейі. Осы­нау күнтізбелік жарқын оқиғаға орайлас өт­кізілген халықаралық конференцияда бұл жө­нін­де тебіреніспен айтылып қана қоймай, тубер­­кулезден емдеу мен оңалту шараларына қатыс­ты өзекті мәселелер де сөз болды. Шетел­дік қонақтарды, еліміздің көптеген аймақ­тары­нан келген белгілі ғалымдар мен білікті маман­дар­ды, орталық ұжы­мын Ақмола облы­сының әкі­мі Сергей Дьяченко шын жүректен құттықтады. Республикалық “Қарағай” оңалту орталы­ғының бас дәрігері Қайырлы Құрмановтың танымдық баяндамасы ықыласпен тыңдалды. Осы мекемені отыз жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан ол шипажайдың бұрын­ғы бағыты өзгергенін Мемлекет басшысының Жарлығымен айрықша қорғалатын “Бурабай” ұлттық табиғат бағының құрылуымен байла­ныстырды. Қазір мұнда туберкулездің белсенді сипатын емдеу емес, оңалту шаралары жүзеге асырылуда. Бұрын санаторияның 24 ғимараты қатты отынды пайдаланатын қазандықтармен жылытылса, қазір экологиялық таза автоматты жүйе жұмыс істейді. Ұжымдағы 143 адам жыл сайын кезеңдік жолдамамен денсаулығын түзейтін мыңнан астам жұртқа қалтқысыз қызмет көрсетеді. Шипажайдың материалдық-техникалық жабдықталуы, озық медициналық құралдармен, дәрі-дәрмекпен, спорт және сауықтыру құралдарымен қамтамасыз етілуі талап деңгейінде. Конференцияда ғалым-дәрігерлер Абай Байкенжин, Тілеухан Әбілдаев, Ғалымжан Ра­қышев, Талғат Келімбаев, Шолпан Бөлекбаева, Мұхтар Әлтаев, Айжан Садықова өздері тікелей зерттеп жүрген кәсіби тармақтар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.