– Несіпбек аға, әдебиет әлеміне деген қызығушылығыңыз бала кезіңізден басталғаны анық. Дегенмен де, жас жүректің қаламға қол созуына, талпынуына бір жәйттер себеп боп жатады ғой. Осы туралы әңгіме болғанда есіңізге өткен күндерден не түседі? Көз алдыңызға қандай көріністер келеді? Бала кезіңізде не армандадыңыз, не қиялдадыңыз?
– Соғыстан кейінгі ұрпақ тай үйретіп, тақпақ айтып өстік қой. Екінші класта оқып жүрген кезім. Фермадамыз. Қақаған қыстың кезінде бригадир Рахымбай деген ағамыздың аттан жығылып, аяғы сынды. Содан қайдан екенін кім білсін, екі қоржын бас қалың-қалың кітаптар алдырған. Кеш батып, мал жайғап болған соң, бригадирдің шақыруымен бақташылар соның үйіне жиналады. Күндіз-түні аяғы серейіп жатқан адамға сірә, ермек керек. Қара қазанда соғымның еті (фермада соғым союға жағдайы бар тек осы үй) қайнап жатады. Ондық шамның жарығымен «Батырлар жырына» жабысып мен отырамын. Ал, оқы. Ет піскенше, оны жеп болып, тоқ басылғанша. Мойын талады, көзге ұйқы тығылады. Көктем шыққанша көрген күнім осы болды. Алайда, ол кітапқа құмарлықты оятты. Он төрт жасымнан қой бағып кеттім ғой. Әуелде қойшының көмекшісі, одан жасым он жетіге толғанда, бір отар қойды жеке алып, бес жыл бойы Аңырақай даласы, Қордай асуындағы Ой жайлау, Кіндіктас, Қақпатас, Үйтас, Отар даласы, айта берсең аттары көп, бірі тау, бірі жайлау, бірі көктеу, бірі күзеу дегендей жерлерде қой соңында жүрдік. Автоклуб келеді, 2 кітаптан артық бермейтін. Малшылардың үйінен кітап-журнал ұрлап әкету бар, «Жұлдыз» журналы қойын-қонышымнан түспейтін. Өрісіміз бір малшылар: «Әй, осы сен оқисың да жатасың, бізге де айтып берсеңші қызығын», – дейді ғой. Айтам, қыза-қыза келгенде, одан әрі үздіктіре түсейін деп жанымнан қосып жіберетін де едім. Бүгінгі күніме сол себеп болды деп айту қиын. Бала кезімде тезірек өссем, әкесіз қалып, жадау күй кешкен үй-ішімізді ағайын-туған елейтінге, қатардан қалмауға жеткізуді көкседім. Сегізінші кластан кейін қой бағып кеткенім де сондықтан.
– Қашанда адам мен уақыт арбасып жатады. Сіз өзіңізді алтын уақытыңызды тиімді пайдаланған жазушымын деп айта аласыз ба?
– Алтын уақытты жазушылыққа кең-молынан пайдалану қайдан болсын. Тағдырдың тәлейі деген бар. Әкеден 5 жасымда қалдым. Жетім-жесірдің көретін құқайы жетіп артылады. Одан әрі қатарларым институтта оқып, Алматыда алшаң басып жүргенде, менің күнім тау мен тастың арасында, қой соңында өтті. Ес түзеліп, еңсе көтере бастағанда жігіттіктің перілік, серілігі бар. Әдебиетіңізге жасым 30-ға таяғанда келдім. Рас, жиырмаға жете қоймаған кезімде шығар, өлең ұйқастары иектей бастаған. Суырып салатынмын. Сол-ақ екен қойлы ауылда, көп ұзамай ауылда ақын бала атанғанымды айт. Тіпті, айтысқа да қатыстым. Марқұм Тынышбай Рахимов екеуміз облыстық айтысқа бірге шыққанбыз. Онымыз көпке бармады. Енді өлең жазайын. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде «Сәт сапар» деген айдармен топтамаларым жарық көрді. Одан Сағи Жиенбаевтың бастамасымен «Балауса» деген жас ақындардың жинағына ендік. Кейінірек сол жинаққа бірге енген жазушы Рақымжан Отарбаев айтады: «Аға, бізді Құдай сақтаған екен» – деп. «Неден?» деймін ғой. «Бұрын да қаптап жатқан, қазір де өріп жүрген өлеңшінің бірі болып кететін едік қой…»
Рас. Біз ақын емес, өлең құрастыра алатын ғана қабілетіміздің барлығын сездік. Жан тебіренісін тудыратын құдіретті поэзияның құйрықты жұлдыздай құбылып туатын қасиетінсіз сан көбейтетін сандалбай «ақындықты» дер кезінде жайына қалдырыппыз. Алтын уақытымызды рәсуа етпеген тұсымыз осы шығар.
– Жазушылардың барлығы дерлік кейіпкерлерін өз өмірлерінен алады ғой, әйтеуір, өз төңірегінен табады… Сіздің шығармаларыңызда да солай ма?
– Кейіпкерді өмірден алу немесе шығармаңа кейіпкер іздеуді көркем шығармада басты мақсат тұту ескірген үрдіс. Осы тұрғыда «Көркем шығарманың бас кейіпкері – көркем шындық» деген бір мақалам бар. Әдебиет порталы арқылы кеңінен тарап, әжептеуір резонанс тудырған. Таяуда түрік әдебиетшілерінің аударғанын естідім. Амангелді Кеңшілікұлы деген мықты сыншымыз телефон шалады: «Аға, осы мақаланы таяуда жаздыңыз ба?» деп. Мақала ертеректе жазылған еді. Он-бес жыл бұрын шығар. Менің айтқаным – өзіндік ұстанымым. Жазушы – жаратылыстың бар құбылыстары, жан дүниенің көзге көріне бермейтін, жарық сәулесі мен жабыңқы күйі, алақұйын ағыстары, салған жерден самғап шыға келетін ерен қиялы мен құйылып тұратын қисындары бейнесінің портретін сөзбен салатын суреткер. Көркем шындыққа осылай жақындайтын үрдісте болатын адамдар (кейіпкерлер) табиғи өрісімен не өсіп шығады, не өшіп тынады. Басқаша айтқанда, өз шығармамда нақты біреуді прототип етіп алған емеспін. Өзім туған Кенен ауылында кітаптарымды бірінен бірі алып оқитындардың: «Ары ақтарамыз, бері ақтарамыз, ауылдағыларға ұқсайтын ешкімді таппадық» дейтіндері сондықтан. Рас, өмірдегі елең еткізетін детальдар немесе жеке адамдардың болмысындағы елеулі мінез, әрекеттері болады, бірақ олар шығарманың өрісімен өңделіп кетеді.
– Қалай ойлайсыз, қазіргі оқырман адамның көңіл-күй, сезімін әсірелеп суреттеуден гөрі оқиғаның тез өрбіп, сәт сайын өзгеріс болып отырғанын қалайтын сияқты...
Оқиғаның тез өрбіп, сәт сайын өзгеріс болып отыратын үрдісі шетел әдебиетінде етек алғалы қашан. Маған келіп түсіп жататын жас жазушылардың шығармаларынан соларға қатты еліктеуді байқаймын. Дұрыс та шығар. Бірақ, емекси беру, еліктей беру опа бермейді. Әдебиеттегі ізденіс, эксперимент – өзіндік қолтаңба, өзгеше мәнер. Екіншіден, әдебиет жан-дүниенің түрлі құбылыстарының құпиясын, әлеуметтік себептерін көркем зерттеуді ендігі жерде айналып өте берсе, моңғол малшысының өмірі туралы түсірілген бір кинода ағасы малшы інісіне соңғы жылдары қаланың кез келген дүкенінде сатыла беретін атауы анайылау қажетті бір затты алып беріп, келесі кездескенде: «Қалай екен?» – деп сұрағанда, ананың: «Керзі етікті шұлғаусыз киген сияқты екен» – деп берген жауабының кері келмесін де. Шындықты айту керек. Тәуелсіздіктің 25 жылында өмірдің барлық саласы бойынша өзгерістермен өрлеп өстік десек, әдебиетте проза манди алмады. Кейбіреулер оны Жазушылар Одағынан немесе оның аймақтарындағы филиалдарынан көргісі келеді. Сонда немене, Одақ пен филиалдар біреуге талантты шығармалар жазып беруі керек пе?.. Түптеп келгенде, әркім өзіне-өзі Одақ, филиал. Шын ақын, жазушының сенері – тек өзі.
Прозамыз манди алмады дегенде, талантты шығармалардың аздығын, оның орнына ойына келгенді оңды-солды кітап қылып жазатындардың қарадай қаптап бара жатқанын, осылай бола берсе, әдебиетіміз халтурщиктердің қолжаулығына айналып кетері әбден мүмкін екенін еске салып отырмын.
Бүгінгі әдебиетіміз меніңше, көркем зерттеудің жаңа өрістеріне зәру. Омалып отырған орныңнан оқыс тұрғызып жібере алатындай…
– Қазіргі прозаға қарағанда поэзияның оты лаулап, жалындап жатқанын қалай түсінуге болады? Жалпы, бүгінгі жастардың шығармаларын оқып тұрасыз ба?
– Өлең – қазақтың табиғаты ғой. «Ауылдың алты ауызы» деген бекерге айтылмаған. Кенен атамның «…қара сөзден өлең оңай» деп жүргені де сол. Біздің бүгінгі жастарымыз ұйқасқа мәз өлең-сөлеңнің емес, мәртебелі поэзияның пәрменін түсінеді. Оқып тұрамын, ол аз десеңіз, «Жамбыл» журналына еліміздің төрт құбыласынан талантты жас ақындарды үзбей жариялап жүрмін.
Жалпы, талантты болып туғандарға керегі – таным. Пушкин заманының бір ақыны Дельвиг жас әдебиетшілер үшін клуб ашқан. Оған жас ақындармен бірге, ортаның озық ойлы адамдары да қатысып отырған. Әуелдегі өлеңдері сынға ұшырап жүрген жас Пушкин де осы жерден тәлім алады. Сол тәлім-танымның арқасында туа талантты А.Пушкин кемеңгер ақынға айналды, деп жазып қалдырған оның өз замандастары.
Жас ақындарға, араларында өнер иелері де бар, Шоқан Уәлиханов атындағы орталық кітапхана жанынан «Қайран жастық» клубын ашып бергем. Танымдық тағылым алсын деп.
– Сіз бір сұхбатыңызда әдебиеттің әуселесі әсерінде дегенді айтып едіңіз?..
– Біз әдебиеттегі жаңа үрдістер жайлы көп айтамыз. Небір «изм»-дер» бар. Бұрынырақта мифтік тәсілдерге көбірек көңіл бөлінсе, енді магиялық, мистикалық реализмдер қолданысқа енді. Мұның барлығы көркемдік шындықтың ұшар биігіне қарай ұмтылыс, соның қуатымен қоғамға, адамға әсер ету. Габриэль Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» сияқты. Тағы бір әсер етудің жолы – өмір шындығының шебер тұспалы. Гогольдың «Ревизорын» қара. Сондағы орыс қоғамының әбден азғындағанын бір кейіпкерінің «О, Құдай, бізге тексерушінің керегі не!» деген жалғыз ауыз сөзімен-ақ көрсетіп береді. Сыбайластыққа, парақорлыққа кеңірдегінен батқан қала билігіндегілер обал-сауап, ұят пен тәубаны ұмытқан еді. Оларға тексеруші түгілі, Құдайдан да қорқудың керегі болмай қалған. Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының сұмдық бір әсері Раскольниковтың болмысы арқылы әлемде тұңғыш рет фашизм құбылысын еске салғаны.
Осы шығармалар жазылған сәтінен бері қанша ұрпаққа әсер етіп келеді. Шығарманың әсерін ойламасаң, жазудың керегі не?
Әрқайсымызда әр қилы көзқарас тудыратын, алайда күллі әлем жаппай оқып жатқан жапондық Мураками кезекті бір сұхбатында: «Жазғандарыңды өзің өлгеннен соң 30 жылдан кейін қайта басып шығарса, классик сол» – депті. Ал енді көзің тіріде жазғандарыңды оқитын жан табылмаса не болғаны.
Ал, жалпы, қолыма қалам алғаннан көксегенім – көркем шындықтың жаңа өрісі. Соған жақындай алдым ба, жоқ па, оны білмеймін.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы